Лұқа 5:1—39
5 Бірде Иса Генесәрет көлінің* жағасында+ Құдай сөзін үйретіп жатқанда, тыңдауға жиналған жұрт оны қыспақтай бастады.
2 Сонда ол жағада тұрған екі қайықты көрді, одан түскен балықшылар ау жуып отыр екен+.
3 Иса қайықтардың біріне мініп, оның иесі Шимоннан жағадан әрірек жүзуді өтінді. Сосын қайықта отырып халыққа тәлім бере бастады.
4 Сөзін бітіргеннен кейін, Шимонға: “Терең жерге жүзіп барып, суға ау салыңдар”,— деді.
5 Алайда ол: “Ұстаз, біз түні бойы еңбектеніп, түк ұстаған жоқпыз+. Бірақ сіз айтқан соң, салып көрейін”,— деп жауап берді.
6 Ау салғанда, олар өте көп балық ұстады. Балықтың көп болғаны сонша — ау жыртыла бастады+.
7 Сонда олар басқа қайықтағы серіктеріне белгі беріп, көмекке шақырды. Олар келгенде, екі қайық та балыққа толып, тіпті суға бата бастады.
8 Бұны көрген Шимон Петір Исаның аяғына жығылып: “Ием, қасыңызда болуға лайық емеспін, себебі мен күнәкар адаммын”,— деді.
9 Өйткені көп балық ұстағандарына өзі де, қасындағылар да қатты қайран қалған еді.
10 Шимонның серіктері Зебедей ұлдары Жақып пен Жохан+ да сондай күйде болды. Бірақ Иса Шимонға: “Қорықпа! Бұдан былай адамдарды аулайтын боласың”,— деді+.
11 Олар қайықтарды жағаға шығарып, бәрін тастап, Исаның соңынан ерді+.
12 Басқа бір жолы Иса қалалардың бірінде болғанда, үсті-басын алапес басқан біреуді кезіктірді. Ол Исаны көргенде, жерге жығылып: “Ием, қаласаңыз болғаны, мені айықтырып тазарта аласыз”,— деп жалбарынды+.
13 Иса қолын созып, оның денесіне тигізді де: “Қалаймын, тазар!”— деді. Сол сәтте ол алапесінен тазарды+.
14 Иса бұл жайлы ешкімге тіс жармауды бұйырды да, оған: “Бірақ барып, діни қызметкерге қарал да, тазарғаның үшін Мұса бұйырған сый-тартуды ұсын+. Бұл оларға куәлік болсын”,— деді+.
15 Алайда Иса жайлы хабар кеңінен тарап, жұрт оны тыңдау үшін және ауруларынан айығу үшін ағылып келіп жатты+.
16 Ал Иса дұға ету үшін жиі елсіз жерлерге кетіп қалып жүрді.
17 Бір күні ол тәлім беріп отырғанда, сол жерде Ғалилея мен Яһудеяның барлық ауылынан және Иерусалимнен келген парызшылдар* мен Мұса Заңының ұстаздары да отырды. Ехоба Исаға ауруларды сауықтыру үшін құдірет дарытқан еді+.
18 Сол кезде біреулер бір сал кісіні зембілмен көтеріп әкеліп, Исаның алдына апармақ болды+.
19 Халықтың көптігінен ішке кіре алмай, олар үйдің шатырына шығып, сол жерден сал кісіні зембілмен ортаға, Исаның алдында отырған жұрттың арасына, түсірді.
20 Олардың сенімін көргенде, Иса: “Достым, күнәларың кешірілді”,— деді+.
21 Ал дін мұғалімдері мен парызшылдар: “Құдайды қорлайтын бұл кім өзі? Күнәларды Құдайдан басқа кім кешіре алады?”+— деп ойлады.
22 Алайда олардың ойын білген Иса: “Не жайлы ойлап отырсыңдар?
23 Не деп айту оңай: “күнәларың кешірілді” деу ме, әлде “орныңнан тұр да, жүре бер” деу ме?
24 Бірақ Адам Ұлының* жер бетінде күнәларды кешіруге билігі бар екенін білулерің үшін...”— деп, сал кісіге: “Саған айтамын, орныңнан тұр да, зембіліңді алып, үйіңе бар!”— деді+.
25 Әлгі кісі олардың көз алдында орнынан тұрды да, зембілін алып, Құдайды мадақтап үйіне кетті.
26 Бұған бәрі қатты қайран қалып, Құдайды мадақтай бастады. Олар: “Біз мұндай кереметті ешқашан көрген емеспіз!”— деп таңғалысты.
27 Бұдан кейін Иса сыртқа шығып, салық кеңсесінде отырған Леуі есімді салықшыны көрді, сөйтіп, оған: “Менің ізбасарым бол!”— деді+.
28 Ол бәрін тастай сала, орнынан тұрып, Исаның соңынан ерді.
29 Кейін Леуі өз үйінде Исаға арнап үлкен қонақасы берді. Сол жерде дастарқан басында жантайған қонақтар арасында көптеген салықшылар болды+.
30 Сонда парызшылдар мен олардың арасындағы дін мұғалімдері оның шәкірттеріне: “Неге сендер салықшылармен және күнәкарлармен бірге ішіп-жейсіңдер?”— деп күңкілдей бастады+.
31 Ал Иса оларға: “Дәрігер денсаулығы жақсы адамдарға емес, ауруларға қажет+.
32 Мен әділдерді емес, күнәкарларды өкінуге шақыру үшін келдім”,— деді+.
33 Олар Исаға: “Жақияның шәкірттері жиі ораза ұстап, жалбарынып дұға етеді. Парызшылдардың шәкірттері де солай істейді, ал сіздің шәкірттеріңіз болса тамақ ішіп-жей береді”,— деді+.
34 Бұған Иса мынадай жауап қайырды: “Күйеужігіт қастарында болғанда, достарына ораза ұстата алмайсыңдар, солай емес пе?
35 Бірақ күйеужігітті+ қастарынан алып кететін кез келеді, сонда олар ораза ұстайтын болады+”.
36 Содан кейін Иса оларға мынадай мысал келтірді: “Ешкім жаңа киімнен мата алып, ескі киімге жамамайды, әйтпесе жаңа жамау жұлынып қалады. Жаңа киімнен алынған жамау ескі киімге сай келмейді+.
37 Сондай-ақ ешкім жаңа шарапты ескі меске құймайды, әйтпесе жаңа шарап месті жарып жібереді. Сонда шарап ағып кетеді, мес те бүлінеді.
38 Қайта, жаңа шарап жаңа меске құйылу керек.
39 Ескі шарапты ішкен адам “ескісі жақсы” деп, жаңасын ішкісі келмейді”.