Лұқа 15:1—32
15 Көптеген салықшылар мен күнәкарлар Исаны тыңдау үшін қасына жиналып жатты+.
2 Бұған парызшылдар мен дін мұғалімдері: “Мынау күнәкарларды жылы қабылдап, солармен бірге тамақ жейді”,— деп күңкілдеді.
3 Сонда Иса оларға мынадай мысал келтірді:
4 “Араларыңда біреу жүз қойының біреуін жоғалтып алса, тоқсан тоғызын далада қалдырып, жоғалғанын тапқанша іздемей ме+?
5 Оны тауып алғанда, қуанып, иығына салып алады.
6 Үйіне келгенде, достары мен көршілерін шақырып: —Жоғалған қойымды тауып алдым, қуанышыма ортақ болыңдар+!— дейді.
7 Сендерге мынаны айтамын: сол сияқты, өкінуді қажет етпейтін тоқсан тоғыз әділ кісіден гөрі күнәсіна өкінген бір адам үшін көкте көбірек қуаныш болады+!
8 Сол сияқты, он күміс тиынының* біреуін жоғалтып алған әйел шам жағып, үйін сыпырып, оны тапқанша бар ынтасымен іздемей ме?
9 Тауып алғанда, достары мен көршілерін шақырып: —Жоғалтқан күміс тиынымды тауып алдым, қуанышыма ортақ болыңдар!— дейді.
10 Сендерге мынаны айтамын: сол сияқты, күнәсіна өкінген бір адам+ үшін Құдайдың періштелері осылай қуанады!”
11 Иса тағы былай деді: “Бір кісінің екі ұлы болыпты.
12 Кішісі әкесіне: —Әке, маған тиісті еншімді беріңіз,— дейді. Сонда ол екеуіне дүние-мүлкін бөліп береді.
13 Бірнеше күннен кейін кіші ұлы еншісін жинап алып, алыс бір елге аттанады. Сол жақта бейбастақ өмір кешіп, бүкіл дүниесін шашып-төгеді.
14 Бәрін жұмсап біткенде, сол елде қатты аштық болып, ол жоқшылыққа ұшырайды.
15 Содан елдің бір тұрғынына барып, жармасып жүріп, жалшысы болады. Әлгі кісі оған даладағы шошқасын+ баққызып қояды.
16 Ол шошқа жейтін азықты жеп тойсам екен деп аңсап жүреді, бірақ оған ешкім ештеңе бермейді.
17 Сонда ол ақылға келіп, іштей былай дейді: —Әкемнің қаншама жалшысы нанға тойып жүргенде, мен бұл жерде аштан өлетін болдым.
18 Жолға шығып, әкеме барайын да: “Әке, мен көктегі Құдай алдында да, сіздің алдыңызда да күнә жасадым.
19 Енді ұлыңызбын деп аталуға лайық емеспін. Мені жалшыларыңыздың бірі ете көріңіз”,— дейін.
20 Сонымен, жігіт әкесіне бармақ болып, жолға шығады. Ұлы алыста келе жатқанда-ақ, әкесі оны көріп, аяп кетеді. Сөйтіп, алдынан жүгіріп шығып, бауырына басып, елжірей сүйеді.
21 Ұлы оған: —Әке, мен көктегі Құдай алдында да, сіздің алдыңызда да күнә жасадым+. Енді ұлыңызбын деп аталуға лайық емеспін,— дейді.
22 Бірақ әкесі құлдарына: —Тезірек ең жақсы шапан әкеліп, балама кигізіңдер. Қолына жүзік тағып, аяғына сандал беріңдер.
23 Бордақыланған торпақ әкеліп, сойыңдар. Ішіп-жеп, көңіл көтерейік!
24 Өйткені мына ұлым өлген еді — тірілді+, жоғалған еді — табылды,— дейді. Сөйтіп, той бастап жібереді.
25 Бұл кезде үлкен ұлы егіндікте болатын. Ол қайтып келе жатып, үйге жақындағанда, әуен ойнап, би билеп жатқандардың даусын естиді.
26 Сонда ол қызметшілердің бірін шақырып алып, не болып жатқанын сұрайды.
27 Қызметші: —Ініңіз қайтып келді. Оның аман-есен оралғанына әкеңіз бордақыланған торпақ сойды,— деп жауап береді.
28 Ол бұған ашуланып, үйге кірмей қояды. Сонда әкесі шығып, ішке кіруін өтінеді.
29 Бірақ ол әкесіне: —Мен сізге қаншама жылдан бері тер төгіп еңбек етіп келемін, сөзіңізді екі еткен емеспін. Бірақ сіз маған достарымен көңіл көтерсін деп, тым болмаса, лақ та берген емессіз.
30 Ал дүние-мүлкіңізді жезөкшелермен жүріп шашып-төккен мына ұлыңыздың келгені сол-ақ екен, оған арнап бордақыланған торпақ сойып отырсыз,— деп айтады.
31 Сонда әкесі: —Балам, сен әрқашан қасымдасың ғой, менің бар дүнием — сенікі.
32 Ал мына інің болса өлген еді — тірілді, жоғалған еді — табылды. Сондықтан қуанып, көңіл көтеруіміз керек емес пе?!— дейді”.
Сілтемелер
^ Сөзбе-сөз “драхма”. Ә14 қосымшасын қараңыз.