Лұқа 1:1—80

  • Теофилге арналған сөздер (1—4)

  • Жәбірейілдің Жақияның туылатынын алдын ала айтуы (5—25)

  • Жәбірейілдің Исаның туылатынын алдын ала айтуы (26—38)

  • Мәриямның Елізабетке баруы (39—45)

  • Мәриямның Ехобаны мадақтауы (46—56)

  • Жақияның туылуы және оған ат қойылуы (57—66)

  • Зәкәрияның айтқан пайғамбарлығы (67—80)

1  Көп адам өзіміз кәміл сенетін жайттар туралы жаза бастады+.  Бұл оқиғаларды бізге басынан бастап өз көзімен көргендер+ әрі ізгі хабарды жариялап жүргендер де айтып берді+.  Сондықтан, аса қадірлі Теофил, мен де бәрін басынан бастап мұқият зерттеп, сізге рет-ретімен жазып жіберуді шештім+.  Осылайша ауызша алған біліміңіздің растығына толығымен көз жеткізе аласыз+.  Яһудея патшасы Иродтың* заманында+ діни қызметкерлердің Әбиях+ тобында Зәкәрия деген кісі болатын. Оның әйелі Елізабет Харон әулетінен еді.  Екеуі де Ехоба* Құдайдың барлық өсиеттері мен заңдарын қалтқысыз орындап, Құдайдың алдында әділ өмір сүріп жатты.  Бірақ балалары жоқ еді, өйткені Елізабет бедеу болатын. Ал олардың жастары ұлғайып қалған еді.  Бірде Зәкәрия өз тобының кезегі келіп, Құдай алдында діни қызметкерлік міндетін+ атқарып жүргенде,  діни қызметкерлердің тәртібі бойынша, оған Ехобаның ғибадатханасына кіріп, хош иісті заттар түтету кезегі келді+. 10  Хош иісті заттар түтетіліп жатқанда, барлық жұрт сыртта дұға етіп тұрды. 11  Кенет түтету үстелінің оң жағында Ехобаның періштесі пайда болды. Зәкәрия оны көргенде, 12  қатты абыржып, қорқып кетті. 13  Бірақ періште былай деді: “Қорықпа, Зәкәрия, Құдай тілегіңді естіді. Әйелің Елізабет ұл тауып, оның атын Жақия деп қоясың+. 14  Сен қуана шаттанасың, көпшілік те оның туылғанына қуанады+. 15  Ол Ехобаның көз алдында ұлы болады+. Бірақ шарап пен ішімдік атаулыны аузына алмауы керек+. Ана құрсағында жатқанда-ақ ол Құдайдың киелі рухына кенеледі+. 16  Көптеген Исраил ұлдарын өздерінің Құдайы Ехобаға қайтарады+. 17  Сондай-ақ ол Ілиясқа дарыған рух пен күшке бөленіп+, Құдайдың алдында жүріп отырады. Осылай Ехобаға даярланған халықты алып келу үшін+, әкелердің жүрегін балалардікіндей етеді+, ал тілазарларға әділдердің даналығын дарытады”. 18  Сонда Зәкәрия періштеге: “Бұған қалай сене аламын? Өйткені өзім де қартайдым, әйелімнің де жасы келіп қалған”,— деді. 19  Періште былай деп жауап қатты: “Мен Құдай алдында қызмет етуші+ Жәбірейілмін+. Мен сенімен сөйлесіп, осы ізгі хабарды жеткізуге жіберілдім. 20  Бірақ белгіленген уақытта орындалатын менің сөздеріме сенбегенің үшін, бұлар жүзеге асатын күнге дейін сөйлей алмай, мылқау болып қаласың”. 21  Осы уақытта Зәкәрияны күтіп тұрған жұрт оның ғибадатханада кідіріп жатқанына таңғалды. 22  Ол сыртқа шыққанда, оларға сөйлей алмады. Сонда жұрт оның ғибадатханада ерекше бірдеңе* көргенін ұқты. Зәкәрия олармен ымдап сөйлесіп, тілсіз күйінде қала берді. 23  Ал қызмет күндері аяқталған соң, үйіне қайтты. 24  Сол күндерден кейін әйелі Елізабет құрсақ көтеріп, бес ай бойы үйінен шықпай жүрді. 25  Ол: “Бүгінде Ехоба маған назар аударып, жұрт алдындағы масқара күйімнен* арылту үшін осылай етті”+,— деді. 26  Оның бала көтергеніне алты ай болғанда, Құдай Жәбірейіл періштені+ Ғалилеядағы Назарет қаласына, 27  Мәриям есімді қызға+ жіберді. Ол Дәуіттің әулетінен шыққан Жүсіп деген жігітке айттырылған еді+. 28  Жәбірейіл оған келіп: “Амансың ба, Құдай жарылқаған қыз! Ехоба саған жар!”— деді. 29  Мұны естіген ол қатты абыржып, бұл қандай сәлемдесу болды екен деп, ойланып қалды. 30  Сонда періште оған былай деді: “Қорықпа, Мәриям, Құдай саған рақымын түсірді. 31  Сенің бойыңа бала бітіп, ұл табасың+, оның атын Иса* деп қоясың+. 32  Ол аса ұлы болады+, әрі Құдай Тағаланың Ұлы* деп аталады+. Ехоба оған арғы атасы Дәуіттің тағын сыйлайды+. 33  Ол Жақыптың әулетіне мәңгілік бойы Патша ретінде билік етеді. Оның Патшалығының шегі болмайды+”. 34  Ал Мәриям періштеден: “Мен еркекпен жақындасқан емеспін ғой, бұл қалай болады?”+— деп сұрады. 35  Періште оған жауап қатып: “Сенің үстіңе киелі рух қонып+, Құдай Тағала саған құдіретінің көлеңкесін түсіреді. Сондықтан сен табатын бала киелі+ әрі Құдайдың Ұлы+ деп аталатын болады. 36  Әне, бұрын бедеу деп аталған туысың Елізабет те жасы келіп қалғанымен, ұлды болады. Алты айдан бері оның аяғы ауыр. 37  Өйткені Құдай үшін мүмкін емес нәрсе жоқ*+”,— деді. 38  Сонда Мәриям: “Мен Ехоба Құдайдың құлымын! Барлығы сіз айтқандай болсын!”— деді. Осыдан кейін періште ғайып болды. 39  Сол күндері Мәриям жолға жиналып, Яһуда руының таулы өңіріндегі бір қалаға асығыс жүріп кетті. 40  Ол Зәкәрияның үйіне келіп, Елізабетпен сәлемдесті. 41  Мәриямның сәлемін естігенде, Елізабеттің ішіндегі бала тыпырлап кетті. Сонда Елізабет киелі рухқа кенеліп, 42  былай деп дауыстады: “Әйелдердің арасында сен жарылқанғансың, құрсағыңдағы бала да жарылқанған! 43  Иемнің анасы маған келетіндей мен кіммін сонша?! 44  Сәлемің құлағыма жеткенде, ішімдегі баланың қатты қуанып, тыпырлап кеткенін қарашы. 45  Айтылғанға сенген сен бақыттысың, өйткені Ехобаның саған айтқан сөздері толық орындалады!” 46  Сонда Мәриям былай деді: “Жаным Ехобаны мадақтайды+, 47  Құтқарушы Құдайым деп жүрегім шаттыққа толады+. 48  Өйткені ол өз құлының қарапайым күйіне назар аударды+. Бұдан былай күллі ұрпақ мені бақытты деп айтатын болады+. 49  Себебі Құдіретті Құдай мен үшін ұлы істер жасады. Оның есімі киелі+. 50  Ол өзінен қорқатындарға ұрпақтан ұрпаққа мейірімділік көрсетіп келеді+. 51  Өз қолымен құдіретті істер жасап, жүрегі тәкаппарларды бытыратып жіберді+; 52  билік иелерін тағынан құлатып+, қарапайымдарды жоғарылатты+; 53  ашыққандарды игілікке молынан кенелтіп+, ал байларды құралақан қайтарып жіберді; 54  мәңгі бақи мейірімділік танытамын деген уәдесін ұмытпағанын көрсетіп, қызметшісі Исраилге көмекке келді+. 55  Бұл уәдені ол ата-бабаларымызға, Ыбырайым мен оның ұрпақтарына, берген еді+”. 56  Мәриям Елізабетпен үш айдай бірге болып, содан кейін үйіне қайтты. 57  Елізабеттің босанатын уақыты жетіп, ұл тапты. 58  Көршілері мен туыстары Ехобаның оған зор мейірімділік танытқанын естіп, қуанышына ортақтасты+. 59  Сегізінші күні олар баланы сүндеттеуге келіп+, оған Зәкәрия деп әкесінің атын қоймақ болды. 60  Бірақ анасы бұған: “Жоқ, оның атын Жақия қоямыз”,— деді. 61  Ал олар: “Туыстарыңның арасында мұндай есім ешкімде жоқ қой”,— десіп, 62  балаға қандай ат қойғысы келетінін әкесінен ымдап сұрады. 63  Ол жазу тақтайшасын сұрап, “оның есімі Жақия болады” деп жазды+. Бұған жұрттың бәрі таңғалды. 64  Сол сәтте оған қайта тіл бітіп+, Құдайды мадақтай бастады. 65  Сонда төңіректе тұратындардың бәрін үрей биледі. Сондай-ақ бұл оқиға Яһудеяның бүкіл таулы өңіріне тарай бастады. 66  Естігендердің бәрі мұны көңілдеріне түйіп: “Бұл бала кім болар екен?”— десті. Өйткені Ехоба оған жар болып жүрді. 67  Баланың әкесі Зәкәрия киелі рухқа кенеліп, былай деп пайғамбарлық етті: 68  “Исраилдің Құдайы Ехоба мадақталсын+! Ол халқына назар аударып, оны құтқарды+. 69  Қызметшісі Дәуіттің әулетінен+ бізге мықты құтқарушы* шығарды+. 70  Мұны ол ежелдегі қасиетті пайғамбарлары арқылы айтып+, 71  жауларымыздан және бізді жек көретіндердің қолынан құтқаратынын білдірді+. 72  Осылайша ол ата-бабамызға уәде еткен мейірімділігін көрсетті және қасиетті келісімін+, 73  яғни арғы атамыз Ыбырайымға берген антын, есіне алды+. 74  Осы антқа сай, жауларымыздың қолынан құтқарған соң, өзіне батылдықпен қасиетті қызмет ету мәртебесін сыйлап, 75  оны бар ғұмырымызда адал да әділ атқаруға мүмкіндік берді. 76  Ал сен, балам, Құдай Тағаланың пайғамбары деп аталасың, өйткені Ехобаның алдында жүріп, оған жол дайындайсың+ 77  және оның халқына Құдайымыз зор жанашырлығымен күнәларын кешіру арқылы оларды құтқаратынын жариялайсың+. 78  Осы жанашырлықтың арқасында біз көктен келген таң шапағындай нұрды көреміз. 79  Ол қара түнекте және өлім көлеңкесінде отырғандарға сәулесін төгеді+ және қадамымызды тыныштық жолына бағыттап, сол жолда батасын береді”. 80  Бала есейіп, рухы да нығая түсті. Исраил халқына көрінетін күні жеткенше, ол шөл далада* тұрып жатты.

Сілтемелер

Яғни Ұлы Ирод. Түсіндірмені қараңыз.
Бұл — Құдайдың есімі. Түсіндірмені қараңыз.
Немесе “аян”.
Яғни баласыз жүрген күйінен.
Еврейше Ешуа. Мағынасы “Ехоба — Құтқарушы”.
Түсіндірмедегі “Құдай Ұлы” сөзіне қараңыз.
Немесе “Құдайдың ешбір сөзі орындалмай қоймайды”.
Сөзбе-сөз “құтқарушы мүйіз”. Түсіндірмедегі “Мүйіз” сөзін қараңыз.