Жохан 20:1—31

  • Қабірдің бос қалуы (1—10)

  • Исаның мағдалалық Мәриямға көрінуі (11—18)

  • Исаның шәкірттеріне көрінуі (19—23)

  • Томаның Исаның тірілгеніне сенбеуі, кейіннен сенуі (24—29)

  • Осы шиыршықтың мақсаты (30, 31)

20  Аптаның бірінші күні* ертемен, әлі де қараңғы болып тұрғанда, мағдалалық Мәриям қабірге келіп+, аузындағы тастың алынып тасталғанын көрді+. 2  Ол Шимон Петір мен Иса жақсы көретін шәкіртке+ жүгіріп барып: “Иемізді қабірден алып кетіпті+. Оны қайда қойғанын білмейміз”,— деді. 3  Петір мен әлгі шәкірт қабірге қарай бет алды. 4  Екеуі де жүгіре жөнелді. Алайда сол шәкірт Петірден жылдамырақ жүгіріп, онда алдымен жетті. 5  Ол қабірдің ішіне еңкейіп қарағанда, зығыр матаның жатқанын көрді+, бірақ ішке кірмеді. 6  Артынша жеткен Шимон Петір болса қабірге кіріп, зығыр матаның жатқанын ол да көрді. 7  Ал Исаның басында болған мата оралған күйі басқа маталардан бөлек жатыр екен. 8  Сосын бірінші болып жеткен шәкірт те қабірге кірді. Ол да мұны көріп, өздеріне айтылған сөзге сенді. 9  Десе де олар Иса қайта тірілуге тиіс екені айтылған жазба орнын әлі түсінген жоқ еді+. 10  Содан шәкірттер үйлеріне қайтып кетті. 11  Ал Мәриям қабірдің қасында жылап тұрды. Ол жылаған күйі қабірдің ішіне еңкейіп қарады да, 12  ақ киім киген екі періштені көрді+. Біреуі Исаның сүйегі қойылған жердің бас жағында, екіншісі аяқ жағында отыр екен. 13  Олар Мәриямға: “Неге жылап тұрсың?”— деп тіл қатты. Ол: “Иемді алып кетіпті, оны қай жерге қойғанын білмеймін”,— деді. 14  Осыны айтқан соң, артына бұрылып, Исаның тұрғанын көрді, бірақ танымады+. 15  Иса: “Неге жылап тұрсың? Кімді іздеп жүрсің?”— деп сұрады. Мәриям оны бағбан екен деп ойлап: “Мырза, оны алып кеткен сіз болсаңыз, қай жерге қойғаныңызды айтыңызшы, мен алып кетейін”,— деді. 16  Сонда Иса: “Мәриям!”— деп үн қатты. Ол Исаға бұрылып, еврейше: “Раввуни!”— деді (бұл сөз “Ұстаз” деп аударылады). 17  Иса оған: “Маған жармасуды қой. Өйткені мен әлі Әкеме көтерілген жоқпын. Бауырластарыма барып+, мынаны айт: —Мен өзімнің және сендердің Әкелеріңе+, өзімнің және сендердің Құдайларыңа+ көтерілемін”,— деді. 18  Мағдалалық Мәриям шәкірттерге барып: “Мен Иемізді көрдім!”— деп хабарлады. Оның айтқандарының бәрін жеткізді+. 19  Сол күні, яғни аптаның бірінші күні, кешке шәкірттер бірге жиналды, бірақ яһуди дінбасыларынан қорыққандықтан, есіктерді бекітіп алды. Кенет орталарында Иса пайда болып: “Сендерге тыныштық болсын!”— деді+. 20  Сосын қолдары мен бүйірін көрсетті+. Шәкірттер Иелерін көріп, қуанып кетті+. 21  Иса тағы да: “Сендерге тыныштық болсын+! Әкемнің мені осы дүниеге жібергеніндей+, мен де сендерді осы дүниеге жіберіп отырмын+”,— деді. 22  Осылай деген соң, оларға қарай үрледі де, мынаны айтты: “Киелі рухты қабылдаңдар+. 23  Кімнің күнәларын кешірсеңдер, солар кешіріледі, ал кімдікін кешірмесеңдер, солар кешірілмейді”. 24  Он екі елшінің бірі Тома+ (ол Егіз деп те аталатын) Иса келгенде, араларында жоқ еді. 25  Басқа шәкірттер оған: “Біз Иемізді көрдік”,— дегенде, Тома: “Қолдарынан шегелердің орнын көрмейінше, саусағыммен шегелердің орнын сипап, бүйірін қолыммен ұстамайынша+, еш сенбеймін”,— деп жауап берді. 26  Сегіз күннен соң шәкірттер тағы да үйге жиналғанда, араларында Тома да бар еді. Есіктер бекітулі болса да, орталарында Иса пайда болып: “Сендерге тыныштық болсын!”— деді+. 27  Сөйтті де Томаға: “Қолдарыма саусағыңды тигіз де, қара, қолыңды бүйіріме қой. Бұдан былай күмәнданбай, сенетін бол!”— деді. 28  Сонда ол: “Ием менің, Құдайым* менің!”— деп айтты. 29  Иса: “Мені көргендіктен сендің бе? Көрмесе де, сенетіндер бақытты!”— деді. 30  Әрине, Иса шәкірттерінің көз алдында осы шиыршыққа жазылмаған басқа да көптеген кереметтер жасады+. 31  Ал бұлар Исаның Мәсіх, Құдайдың Ұлы, екеніне сенулерің үшін және сене отырып, оның есімінің арқасында мәңгілік өмірге ие болуларың үшін жазылды+.

Сілтемелер

Бұл — қазіргі жексенбі күні. Яһудилер үшін жексенбі аптаның бірінші күні болған.
Ехобаның өкілі мағынасында айтылған.