Жақып 3:1—18

  • Тілді бағындыру (1—12)

    • Бәрі бірдей ұстаз болмасын (1)

  • Көктен келген даналық (13—18)

3  Бауырластарым, бізге қатаңырақ төрелік айтылатынын білесіңдер, сондықтан бәрің бірдей ұстаз болмаңдар+. 2  Бәріміз де көп сүрінеміз+. Кімде-кім сөзден сүрінбесе, ол — бүкіл денесін ауыздықтай алатын кемелді адам. 3  Өз ырқымызға көндіру үшін жылқыға ауыздық салсақ, бүкіл денесін басқарамыз. 4  Кеме де солай: қаншама үлкен болып, күшті желдің айдауымен жүрсе де, кішкентай меңгерікпен басқарылып, оны ұстап тұрған кісінің қалаған жағына жүзеді. 5  Сол іспетті, тіл де дененің кішкентай ғана мүшесі бола тұра, тым көп мақтанады. Қалың орманды өртеу үшін кішкене оттың өзі де жетеді! 6  Тіл де — от+. Ол — дененің әділетсіздікке толы мүшесі. Өйткені ол бүкіл денені былғайды+, өзі жаһаннамнан* тұтанып, адамның өмір жолын өртке орайды. 7  Адам жабайы аңдардың, құстардың, бауырымен жорғалаушылар мен теңіз жануарларының қай-қайсысын да бағындыра алады, бағындырып та жүр. 8  Бірақ ешбір адам өз тілін бағындыра алмайды. Тіл бағындыруға келмейді, әрі жамандық пен кісі өлтіретін уға толы+. 9  Біз тілімізбен Ехоба Әкені мадақтаймыз, сөйте тұра сол тілімізбен “Құдайға ұқсас етіп” жаратылған адамдарды+ қарғаймыз. 10  Осылай мадақ та, қарғыс та бір ауыздан шығады. Бұл дұрыс емес, бауырластарым, бұлай жалғаса бермеу керек+. 11  Бір бұлақтан тұщы да, ащы да су шығушы ма еді? 12  Бауырластарым, інжір ағашы зәйтүн жемісін яки жүзім бұтасы інжір жемісін бере алушы ма еді+? Сол секілді, ащы су шығатын бұлақтан тұщы су шықпайды. 13  Араларыңдағы қайсысың дана әрі саналысың? Ол мұнысын жақсы жүріс-тұрысымен және даналыққа тән жұмсақтықпен атқарған істерімен көрсетсін. 14  Ал егер жүректерің удай қызғанышқа толы+, жанжалқұмар болсаңдар*+, мақтанбаңдар+. Бұлай етсеңдер, шындықты бұрмалайсыңдар. 15  Бұл — көктен келген даналық емес, осы дүниеге+, тәннің жетегінде жүретіндерге, жындарға тән даналық. 16  Өйткені қызғаныш пен жанжалқұмарлық* бар жерде тәртіпсіздік пен жамандық атаулының бәрі де болады+. 17  Ал көктен келген даналық ең алдымен таза+, сосын тату+, иліккіш+, мойынсұнуға дайын, мейірім мен игі істерге бай+ әрі ешкімді алаламайды+, екіжүзді де емес+. 18  Оның үстіне, әділдіктің жемісін әкелетін тұқым татуластырушылар+ үшін татулық орнаған жерде себіледі*+.

Сілтемелер

Мүмкін: “тек қара бастарыңның абыройын ойлайтын болсаңдар”.
Мүмкін: “тек қара бастың абыройын ойлау”.
Мүмкін: “әділдіктің жемісін әкелетін тұқымды татуластырушылар татулық орнаған жерде себеді”.