Еремия 1:1—19

  • Еремияның пайғамбар болып тағайындалуы (1—10)

  • Бадам ағашы туралы аян (11, 12)

  • Қайнап тұрған қазан туралы аян (13—16)

  • Еремияны тапсырмасын орындау үшін нығайту (17—19)

1  Бұл — Бениямин жеріндегі Анатот+ қаласындағы діни қызметкерлердің бірі Хелкияның ұлы Еремияның* сөздері.  Яһуда патшасы Амонның+ ұлы Жосияның+ билік құруының он үшінші жылында Ехоба* Құдай Еремияға сөзін арнады.  Сондай-ақ Құдай оған өз сөзін Яһуда патшасы Жосия ұлы Ехоякімнің+ күндерінде, Яһуда патшасы Жосия ұлы Седекияның+ билігінің соңына дейін (яғни он бірінші жылына дейін), Иерусалим тұрғындары бесінші айда жер аударылғанға дейін жеткізіп отырды+.  Ехоба маған былай деді:   “Ана құрсағында қалыптастырмай тұрып-ақ мен сені білгенмін*+,Құрсақтан шықпай тұрғаныңда-ақ сені қасиетті еткенмін*+. Халықтарға сені пайғамбар етіп қойғанмын”.   Бірақ мен: “О, Әлемнің Әміршісі Ехоба! Мен жұрт алдында сөйлей алмаймын+, әлі жаспын ғой+”,— дедім.   Сонда Ехоба маған былай деді: “Әлі жаспын деме,Кімге жіберсем, солардың бәріне барасың,Не бұйырсам, соның бәрін айтасың+.   Оларды көріп қорықпа+,Мен, Ехоба, саған жар болып, құтқарамын деймін+”.  Сөйтті де Ехоба қолын созып, аузыма тигізді+. Сосын Ехоба маған: “Міне, сөздерімді аузыңа салдым+. 10  Бүгін сені халықтар мен патшалықтардан үстем етемін. Сен оларды тамырымен жұласың және құлатасың, жоясың және құртасың, тұрғызасың және егесің+”,— деді. 11  Ехоба маған тағы да сөзін арнап: “Еремия, не көріп тұрсың?”— деді. Мен: “Бадам ағашының* бұтағын”,— деп жауап бердім. 12  Сонда Ехоба маған: “Дұрыс. Мен сөзімді жүзеге асыру үшін сергек* тұрмын”,— деді. 13  Бұдан кейін Ехоба маған екінші рет сөзін арнап былай деді: “Не көріп тұрсың?” Мен: “Қайнап тұрған үлкен қазанды көріп тұрмын. Оның аузы солтүстіктен бері қарай еңкейген екен”,— деп жауап бердім. 14  Сонда Ехоба маған былай деді: “Осы елдің барлық тұрғынынаСолтүстіктен апат келеді+. 15  Мен, Ехоба, былай деймін: —Солтүстіктегі патшалықтардың бар тайпасын шақырамын+. Олар келіп, Иерусалим қақпаларының кіреберісіне+ Әрқайсысы өз тағын орнатады. Қаланы қоршаған қабырғаларға,Яһуданың күллі қаласына шабуылдайды+. 16  Мен бар зұлымдығы үшін үкімімді жариялаймын,Себебі олар мені тастап кетті+,Өзге тәңірлерге арнап құрбандық түтінін шығарып+,Өз қолдарымен жасаған нәрселерге табынуда+. 17  Ал сен беліңді бекем бу,Тұрып, бұйырғандарымның бәрін оларға жеткіз. Олардан үрейленіп қорықпа+,Әйтпесе олардың алдында өзіңнің үрейіңді ұшырамын. 18  Бүгін мен сені бүкіл елге қарсы тұратын бекіністі қала,Темір бағана және мыс қабырға іспетті етемін+. Осылай Яһуданың патшалары мен басшыларына,Оның діни қызметкерлері мен халқына төтеп бересің+. 19  Олар сенімен күреседі, бірақ жеңе алмайды,Өйткені саған жар болып құтқарамын,— дейді Ехоба+”.

Сілтемелер

Мағынасы “Ехоба асқақтатады” болса керек.
Бұл — Құдайдың есімі. Түсіндірмені қараңыз.
Немесе “таңдағанмын”.
Немесе “бөліп алғанмын”.
Еврейше “шакед”. Мағынасы “оянған; сергек” дегенді білдіреді. Өйткені бадам — көктемде ерте гүлдейтін ағаштардың бірі.
Немесе “ояу”. Еврейше “шокед”. Бұл сөз 11-тармақтағы “шакед” сөзімен ұйқас.