Езекиел 7:1—27

  • Ақырғы күннің келіп жетуі (1—27)

    • Ғаламат апат (5)

    • Ақша көшелерге лақтырылады (19)

    • Ғибадатхана арамдалады (22)

7  Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді:  “Адам ұлы, Әлемнің Әміршісі Ехоба Исраил жеріне мынаны айтады: —Бітті, жердің төрт шетінің күндері бітті!  Сенің күндеріңнің соңы келіп жетті. Мен саған қаһарымды төгемін! Жүрген жолдарыңа қарай үкім шығарып, жеркенішті істеріңнің қарымтасын қайтарамын.  Сені еш аямаймын, жаным да ашымайды+. Қайта, жүрген жолдарың мен жеркенішті істеріңнің зардабын тартқызамын+. Сонда менің Ехоба екенімді білетін боласың+.  Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Міне, апат, ғаламат апат төніп келеді+!  Сенің ақырың келіп жетті! Бұл күн кенеттен туа қалады. Қарашы, ақырғы күнің келе жатыр.  Ей, жердің тұрғыны, сенің кезегің келді*! Уақытың таяды, күнің жақындап келеді+! Тау бастарындағы қуанышты дауыстардың үні өшіп, айнала аласапыран болып кетті.  Көп ұзамай ашуымның тиегін ағытып+, саған бар қаһарымды төгемін+. Жүрген жолдарыңа қарай үкім шығарып, жеркенішті істеріңді өз басыңа келтіремін.  Сені еш аямаймын, жаным да ашымайды+. Қайта, жүрген жолдарың мен жеркенішті істеріңнің зардабын тартқызамын. Сонда саған соққы беріп жатқан мен, Ехоба, екенімді білетін боласың+. 10  Қара, міне — сол күн! Сол күн келіп қалды+. Сенің кезегің келді*. Жазалайтын таяғым дайын тұр, жау да әбден менменсіді. 11  Зұлымдығың үшін таяқпен аяусыз жазаланасың+. Сонда сен өзіңді құтқара алмайсың, байлығың мен атақ-даңқың да аман алып қалмайды. 12  Уақытың жетіп, күнің келеді. Сатып алушы қуанбасын, ал сатушы қайғырмасын, өйткені менің қаһарым күллі жамағатқа төгіледі*+. 13  Сатқан адам аман қалса да, сатқан нәрсесіне оралмайды, себебі бұл аян осы жамағаттың бәріне арналған. Ешкім қайта оралмайды, заңсыздықтарының кесірінен* бірде-бірі өмірін сақтап қала алмайды. 14  Керней тартылып+, бәрі дайындалғанмен, ешкім шайқасқа бармайды. Өйткені менің қаһарым күллі жамағатқа лаулады+. 15  Қала сыртында семсер+, ішінде індет пен аштық. Даладағыларды семсер, ал қаладағыларды аштық пен індет жалмайды+. 16  Аман қалғандары аңғар кептеріндей, тау-тасқа барып тығылып, әрқайсысы өз зұлымдығы үшін аһылап-уһілейді+. 17  Қолдарынан қуат кетіп, қорыққандарынан бұттарына жіберіп қояды+. 18  Үстеріне азалы киім киеді+, зәрелері ұшып, қалтырап-дірілдейді. Бәрі де ұятқа қалады, тақыр бас болады*+. 19  Олар күмістерін көшеге лақтырып тастайды, алтындары да жеккөрінішті болып кетеді. Ехобаның қаһары лаулаған күні оларды алтындары да, күмістері де құтқармайды+. Алтын-күмістері өздеріне сүріндіретін тас болып, күнәға итергендіктен, тамақты тойғанша жей алмай, ашқұрсақ болып жүреді. 20  Олар әдемі әшекейлерін мақтан тұтып, солардан мүсіндер, жеркенішті пұттар жасап алды+. Сол үшін алтын-күмістерін өздеріне жиренішті етемін. 21  Осы алтын-күмістерін талан-тараж етсін деп шетелдіктерге, олжаласын деп зұлымдарға беремін. Олардың алтын-күмістерін солар арамдайтын болады. 22  Мен олардан теріс айналамын+, сонда жау менің жасырын жайымды* арамдайды. Сол жерге тонаушылар баса-көктеп кіріп, арамдап кетеді+. 23  Шынжырлар жасап дайында+, өйткені мына жер қанды үкімге+, ал қала зорлық-зомбылыққа толы+. 24  Мен халықтардың ең зұлымдарын әкеліп+, олардың үйлерін тартып алғызамын+, осылай мықтылардың өркөкіректігіне шек қоямын. Олардың қасиетті орындары арамдалады+. 25  Бастарына азап түскенде, олар тыныштық іздейді, бірақ тыныштық болмайды+. 26  Бір пәледен кейін екіншісіне ұшырайды, үсті-үстіне суық хабар келеді. Жұрт пайғамбарлардан босқа аян сұрайды+; діни қызметкерлер заңға негізделген тәлім, ал ақсақалдар ақыл-кеңес бермейтін болады+. 27  Патша қайғырып+, басшы аласұрып қорқады, халықтың зәресі ұшып, қолдары қалтырайды. Оларды істеріне қарай жазаға тартамын, өзгені қалай соттаған болса, өздерін де солай соттаймын. Сонда олар менің Ехоба екенімді білетін болады+”.

Сілтемелер

Мүмкін: “гүлдесте киетін кезің келді”.
Мүмкін: “гүлдесте киетін кезің келді”.
Яғни барша жұрт апатқа ұшырайтындықтан, өз иелігін сатқан адам да, сатып алған адам да одан еш пайда көрмейді.
Мүмкін: “аман қалу үшін заңсыздық жасаса да”.
Мұнда қайғының белгісі ретінде шаштарын қырып тастау жөнінде айтылып тұр.
Бұл Ехобаның ғибадатханасының түпкі бөлмесіне нұсқаса керек.