Езекиел 5:1—17

  • Иерусалимнің күйреуін сипаттау (1—17)

    • Пайғамбардың шашын қырып, үш бөлікке бөлуі (1—4)

    • Иерусалим айналасындағы халықтардан да бұзық (7—9)

    • Бүлікшілерге үш түрлі жаза қолданылады (12)

5  Ал сен, адам ұлы, қолыңа ұстараның орнына өткір семсер ал да, шашың мен сақалыңды қырып таста. Сосын шашың мен сақалыңды таразыға салып өлше де, үш бөлікке бөл. 2  Бір бөлігін қаланы қоршауда ұстайтын күндерің аяқталарда қаланың ішінде өртеп жібер+. Ал екінші бөлігін қаланың айналасына семсермен шауып-шауып таста+. Соңғы бөлігін желге ұшырып жібер, ал мен семсерімді қынабынан суырып, солардың артынан жіберемін+. 3  Бірақ одан азғана алып қалып, киіміңнің етегіне түйіп қой. 4  Ал біразын отқа тастап, өртеп жібер. Бұл от бүкіл Исраил үйін жайлайтын болады+. 5  Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Бұл Иерусалимді білдіреді. Мен оны халықтардың ортасына, елдердің арасына орналастырған едім. 6  Алайда ол айналасындағы халықтар мен елдерден бетер зұлымдық жасап, шешімдерім мен жарлықтарыма қарсы шықты+. Оның тұрғындары шешімдерімнен бас тартып, жарлықтарымды орындамады. 7  Сондықтан Әлемнің Әміршісі Ехоба былай дейді: —Сен айналаңдағы халықтардан да бұзық болып, менің жарлықтарым мен шешімдерімнен бас тартып, солардың шешімдерін ұстанып кеттің+. 8  Сол үшін Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Мен сенің қарсыласың боламын, ей, қала+! Саған шығарған үкімімді басқа халықтардың көзінше жүзеге асырамын+. 9  Күллі жеркенішті істерің үшін мен саған бұрын-соңды істемеген әрі енді қайтып істемейтін нәрсені істеймін+. 10  Әкелері өз балаларын+, ал балалары өз әкелерін жейтін болады. Мен саған шығарған үкімімді жүзеге асырып, қалған тамтығыңды шартарапқа бытыратып жіберемін+. 11  Өзімнің тірі екенімдей хақ сөзім мынау,— дейді Әлемнің Әміршісі Ехоба,— ғибадатханамды жиренішті пұттарыңмен, жеркенішті істеріңмен арамдағаның үшін+, мен сенен бас тартамын. Сені еш аямаймын, жаным да ашымайды+. 12  Тұрғындарыңның үштен бір бөлігі қала ішінде індеттен не аштықтан қырылады. Тағы бір бөлігі семсерден қаза болады+. Ал қалғандарын шартарапқа бытыратамын да, семсерімді қынабынан суырып, арттарынан жіберемін+. 13  Осыдан кейін ашуымды басып, қаһарымды қайтарамын да, жаным жай табады+. Қаһарымды төгіп біткенде, олар менің, яғни Ехобаның, мұны қалтқысыз берілгендікті талап еткендіктен+ айтқанымды білетін болады. 14  Мен сені қаңыраған бос жерге айналдырып, айналаңдағы халықтар мен қасыңнан өткен әркімнің көз алдында масқара қыламын+. 15  Саған шығарған үкімімді ашумен, қаһарлана жүзеге асырып, қатты жазалағанымда, айналаңдағы халықтарға масқара болып, келеке-мазағына қаласың+. Басыңа түскен жағдай олар үшін сабақ болып, үрейлері ұшады. Мұны айтып отырған — мен, Ехоба. 16  Мен тұрғындарыңды аштыққа ұшыратып, жебемен атқылағандай қырамын. Осылай менің атқан жебелерімнен құрып жоқ боласыңдар+. Азық-түлікті тапшы етіп, аштықты үдете түсемін+. 17  Аштықпен қоса, жыртқыш аңдарды жіберіп+, олар балаларыңнан айырады. Сендер елді жайлаған індет пен қантөгістен және семсерден өлесіңдер+. Мұны айтып отырған — мен, Ехоба”.

Сілтемелер