Езекиел 22:1—31
22 Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді:
2 “Адам ұлы, қанішер қалаға+ шығарылған үкімді жариялап, жеркенішті істерін+ аян етуге дайынсың ба?
3 Оған хабарымды жеткіз! Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Ей, қала, тұрғындарының қанын төгетін+, жазаланатын уақыты келген+, жасап алған жеркенішті пұттарымен өзін арамдайтын қала+!
4 Сені қанішерлігің айыпты етті+, жеркенішті пұттарың арамдады+. Сен өз ғұмырыңды қысқарттың, жазаланатын уақытыңды жақындаттың. Сондықтан сені басқа ұлттардың алдында масқара етемін, барша елдердің мазағына айналдырамын+.
5 Әбден жаманатты болған, дүрбелеңге түскен сені іргеңдегілер мен шалғайдағы елдер келеке етеді+.
6 Қарашы, сендегі Исраил басшылары қолдарындағы билігін қан төгуге қолданады+.
7 Халқың ата-анасын сыйламайды+, жатжерлік кісіні алдайды, жетім-жесірге жәбір көрсетеді+.
8 Сен менің қасиетті орнымды қорлайсың, Демалыс күнімді арамдайсың+.
9 Сенде қан төгуді көксейтін жалақорлар бар+. Олар төбелерде пұттарға шалынған құрбандықтардан жейді, сорақы қылықтар жасайды+.
10 Әкесінің жар төсегін былғайды+, етеккірі келіп жүрген таза емес әйелді зорлайды+.
11 Араңда өзгенің әйелімен жеркенішті қылықпен айналысатын+, сорақы әрекетімен келінін арамдайтын+, өз әкесінен туған қарындасын зорлайтындар да бар+.
12 Олар қан төгу үшін пара алады+. Сен үстеме аласың+, пайдакүнемдікпен қарыз бересің, өзгені бопсалап, ақшасын тартып аласың+. Сен мені мүлдем ұмыттың! Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба.
13 Арам пайда көргенің мен қанішерлігің бойымда жиреніш тудырады.
14 Сені жазалайтын күндерім келгенде, жүрегің шайлықпай, қолың қалтырамай тұра аласың ба+? Мұны айтқан да, жүзеге асыратын да мен — Ехоба.
15 Мен сені халықтардың арасына таратып, ел-елге бытыратып жіберемін+. Осылай сенің арам істеріңді тыямын+.
16 Сені басқа ұлттар алдында масқара етемін, сонда менің Ехоба екенімді білетін боласың+”.
17 Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді:
18 “Адам ұлы, Исраил үйі пеште қалған түкке тұрғысыз қожға ұқсайды. Олардың бәрі пеште қалып қойған мыс, қалайы, темір, қорғасын сияқты. Олар күмістің қожына ұқсайды+.
19 Сондықтан Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Бәрің де түкке тұрғысыз қожға айналғандықтан+, мен сендерді Иерусалимге жинаймын.
20 Күміс, мыс, темір, қорғасын мен қалайыны балқыту үшін пешке салып, от жағады. Дәл солай мен де сендерді қаһарыма мініп, ашумен жинап аламын да, от үрлеп балқытамын+.
21 Барлығыңды жинап алып, сендерге қаһарымның отын үрлеймін де+, Иерусалимде балқытамын+.
22 Күмістің пеште балқитынындай, сендер де Иерусалимде балқитын боласыңдар. Сонда сендерге қаһарын төккен мен, Ехоба, екенімді білесіңдер”.
23 Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді:
24 “Адам ұлы, оған мынаны айт: —Мен ашуымды төккен күні сен тазартылмайтын, жаңбыр жаумайтын жер боласың.
25 Пайғамбарларың қастандық ойластырады+, ақырған арыстандай жемтігін паршалап+, халықты жалмайды. Қазыналары мен бағалы заттарын иемденеді. Араңда жесір әйелдердің санын көбейтеді.
26 Діни қызметкерлерің заңымды аяқасты етеді+, қасиетті орнымды арамдайды+. Олар қасиетті мен жай нәрселердің ара-жігін айырып жатпайды+, арам мен адал нәрсенің айырмашылығын көрсетпейді+, Демалыс күніне қатысты заңымды орындамайды. Осылайша мені қорлайды.
27 Бекзадаларың жемтігін паршалайтын қасқырлар сияқты, арам жолмен пайда табу үшін қан төгіп, кісі өлтіреді+.
28 Ал пайғамбарларың осы қылықтардың үстін әктеп қояды. Ехоба ештеңе айтпаса да, жалған аяндар көріп, өтірік бал ашып+, “Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтты” дейді.
29 Бұл елдің халқы алаяқтық жасайды, жұртты тонайды+, мүсәпір мен жарлы-жақыбайды жәбірлейді, жатжерлікті алдайды, оған әділ үкім шығармайды.
30 Мен осы ел құрып кетпеу үшін тас қабырғаны жөндейтін не елдің игілігі үшін, менің алдымда қабырғаның жарығын өз денесімен жауып тұратын адам іздедім+, бірақ мұндай адам таппадым.
31 Сондықтан мен оларға ашуымды төгіп, қаһарымның отымен жойып жіберемін. Осылай істерінің зардабын тартқызамын. Мұны айтып отырған — Әлемнің Әміршісі Ехоба”.