Езекиел 11:1—25
11 Бұдан кейін рух мені көтеріп алып, Ехобаның киелі үйінің шығысқа қараған қақпасына апарды+. Мен қақпаның алдында тұрған 25 кісіні көрдім. Араларында Азур ұлы Язаниях пен Бенаях ұлы Пелатиях бекзадалар да бар екен+.
2 Сонда Құдай маған мынаны айтты: “Адам ұлы, мыналар зымиян жоспар құрып, қаладағыларға жаман кеңес беріп жатыр.
3 Олар: —Қазір нағыз үй салатын кез емес пе+?! Бұл қала — қазан+, ал біз етпіз,— дейді.
4 Сондықтан, адам ұлы, оларға қарсы пайғамбарлық сөз айт+”.
5 Сонда маған Ехобаның рухы қонды да+, Құдай мынаны айтуды бұйырды: “Ехоба былай дейді: —Дұрыс айтасың, ей, Исраил үйі! Ойыңда не бар екенін білемін.
6 Сенің кесіріңнен қалада көп адам қырылды. Сен көшелерді өлікке толтырдың+.
7 Сондықтан Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Сен қаланы толтырған өліктер — ет, ал қала — қазан+. Бірақ сен одан шығарылып тасталасың.
8 Әлемнің Әміршісі Ехоба тағы мынаны айтады: —Семсерден қорыққан едің+, сол семсерді басыңа үйіремін.
9 Сені қаладан шығарып тастаймын да, шетелдіктердің қолына беріп, үкімімді жүзеге асырамын+.
10 Сен семсерден қырыласың+. Мен бұл үкімімді Исраил шегарасында жүзеге асырамын+. Сонда менің Ехоба екенімді білетін боласың+.
11 Мына қала сен үшін қазан, ал сен оның ішіндегі ет болмайсың. Мен бұл үкімімді Исраил шегарасында жүзеге асырамын.
12 Сонда менің Ехоба екенімді білетін боласың. Өйткені сен менің жарлықтарым мен шешімдерімді емес+, айналаңдағы халықтардың шешімдерін ұстандың+”.
13 Осы пайғамбарлық сөздерді айтып болғаным сол-ақ екен, Бенаях ұлы Пелатиях мерт болды. Мұны көргенде, етпетімнен жығыла кетіп: “Уа, Әлемнің Әміршісі Ехоба! Исраилдің тамтығын түгел құртып жібермексің бе?”— деп айқайлап жібердім+.
14 Сол кезде Ехоба маған былай деді:
15 “Адам ұлы, Иерусалим тұрғындары сенің бауырларыңа, иелігіңді өтеп алуға құқылы туыстарың мен күллі Исраил үйіне: —Ехобаға жоламаңдар! Бұл жер біздікі, біздің иелігімізге берілген!— дейді.
16 Сондықтан оларға мынаны жеткіз: —Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Мен оларды алыстағы халықтардың арасына таратып, түрлі елдерге бытыратып жіберсем де+, сол барған жерлерінде аз уақытқа олар үшін өзім ғибадатхана боламын+.
17 Сондықтан оларға айт: —Әлемнің Әміршісі Ехоба былай дейді: —Сендерді халықтар мен өзім бытыратып жіберген елдердің арасынан жинап алып, Исраил жерін беремін+.
18 Олар еліне қайта оралады да, жеркенішті пұтқа табынушылықтан арылып, барлық жексұрын істерін қояды+.
19 Мен оларға біртұтас жүрек беріп+, жаңа рух дарытамын+. Тастай қатты жүректерінің+ орнына еттей жұмсақ жүрек* беремін+.
20 Сонда олар менің жарлықтарым мен шешімдерімді орындап, соларға мойынсұнады. Олар менің халқым, ал мен олардың Құдайы боламын.
21 Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Ал жеркенішті пұтқа табынушылықтан арылып, жексұрын істерін қоймайтындарға өз істерінің зардабын тартқызамын”.
22 Осыдан кейін керубтер қанаттарын жайды, жандарында дөңгелектер болды+, ал Исраил Құдайының салтанаты төбе жақтарында тұрды+.
23 Содан соң Ехобаның салтанаты+ қаладан көтеріліп, оның шығысындағы таудың басына барып тоқтады+.
24 Сонда Құдай рухы арқылы берілген аянда рух мені көтеріп алып, Халдей еліне жер аударылған халыққа әкелді. Ал көрген аяным ғайып болып кетті.
25 Мен Ехоба көрсеткеннің бәрін оларға баяндап бердім.
Сілтемелер
^ Яғни Құдайдың басшылығына мойынсұнуға дайын жүрек.