Даниял 7:1—28

  • Төрт аң туралы аян (1—8)

    • Паңданған кішкентай мүйіздің шығуы (8)

  • Ежелден бар Тәңір Иенің сот ісін бастауы (9—14)

    • Адам ұлының патша болуы (13, 14)

  • Даниялға аянның мәні түсіндірілді (15—28)

    • Төрт аң — төрт патша (17)

    • Қасиеттілер патшалыққа ие болады (18)

    • Он мүйіздің, яғни патшалардың, шығуы (24)

7  Бабыл патшасы Белшазардың+ билік құруының бірінші жылы Даниял төсегінде жатып, түс көрді+. Сонда ол түсіндегі көріністерді жазып+, болған жайттарды түгел баяндады. 2  Даниял былай деді: “Түнде осы көріністерді көріп жатып, қарасам, аспанның төрт желі ұлан-ғайыр теңіздің астан-кестенін шығарып жатыр екен+. 3  Сосын теңізден бір-біріне ұқсамайтын үлкен-үлкен төрт аң+ шықты. 4  Біріншісі арыстанға+ ұқсайды екен, оның бүркіттікіндей+ қанаттары бар. Қарап тұрғанымда, оның қанаттары жұлынып тасталды. Сосын аң жерден көтеріліп, артқы екі аяғына адам сияқты тұрғызылды. Сондай-ақ оған адамның жүрегі берілді. 5  Сосын басқа бір аңды көрдім, осы екінші аң аюға+ ұқсайды екен. Оның бір аяғы көтеріліп тұрды, аузында тістеген үш қабырға бар екен. Оған: “Орныңнан тұр да, көп ет же”,— делінді+. 6  Одан әрі қарап тұрғанымда, қабыланға+ ұқсаған тағы бір аң көрінді. Аңның арқасында құстікіндей төрт қанаты бар екен, сондай-ақ оның төрт басы болды+. Оған билік берілді. 7  Түнгі көрініске әлі де қарап тұрғанымда, төртінші аң көрінді. Ол өте қорқынышты, жан түршіктіретін, ерекше күшті еді. Оның үлкен темір тістері болды. Аң бәрін жалмап, қиратып, қалғанын аяқтарымен таптап жаншыды+. Ол өзіне дейінгі аңдардың ешқайсысына ұқсамады. Оның басында он мүйізі бар еді. 8  Осы мүйіздерге назар салып тұрғанымда, арасынан бір кішкентай мүйіз шықты+, оның алдында әлгі мүйіздердің үшеуі жұлынып тасталды. Бұл мүйіздің адамдікіне ұқсаған көздері және паңдана* сөйлеп тұрған аузы бар екен+. 9  Әлі де қарап тұрдым, сонда тақтар қойылып, Ежелден бар Тәңір Ие+ өз тағына отырды+. Оның киімі аппақ қардай+, шашы аппақ* жүндей екен. Отырған тағы лаулаған жалындай, ал тақтың дөңгелектері жанып тұрған оттай еді+. 10  Тағының алдынан отты өзен шығып, ағып жатты+. Оған миллиондаған періште қызмет етіп, жүз миллиондағаны алдында тұрды+. Сот+ өз ісін бастап, кітаптар ашылды. 11  Мен мүйіздің паңдана сөйлеп жатқанын+ естіп, қарап тұра бердім. Содан әлгі аң өлтіріліп, денесі отқа тасталып, жойылды. 12  Ал қалған аңдардан+ билік алынып қойылды. Әйтсе де өмірлері белгілі бір уақытқа, мерзімге дейін ұзартылды. 13  Сол түнгі көрініске қарап тұрғанымда, адам ұлына+ ұқсаған біреудің бұлттармен келе жатқанын көрдім. Оған Ежелден бар Тәңір Иенің+ алдына баруға рұқсат етілді, ол соның алдына апарылды. 14  Оған халықтар, ұлттар мен әртүрлі тілдің адамдары қызмет ету үшін, қолына билік+, даңқ+ пен патшалық берілді+. Оның билігі — еш бітпейтін мәңгілік билік, патшалығы ешқашан жойылмайды+. 15  Сонда мен, Даниял, көрген көріністерімнен қорқып, қатты абыржыдым+. 16  Осы жайттардың шынайы мәнін сұрау үшін, сол жерде тұрғандардың біріне бардым. Ол маған тіл қатып, бұлардың мәнін түсіндіріп берді: 17  “Үлкен-үлкен төрт аң+ жер бетінен шығатын төрт патшаны білдіреді+. 18  Бірақ Алла Тағаланың қасиеттілері+ патшалыққа ие болады+. Олар патшалықты ұзақ уақыт, тіпті мәңгілік бойы иемденеді+”. 19  Кейін мен басқаларына ұқсамайтын төртінші аң жайлы көбірек білгім келді. Бұл темір тістері мен мыс тырнақтары бар өте қорқынышты аң еді. Ол бәрін жалмап, қиратып, қалғанын аяқтарымен таптап жаншып жатты+. 20  Мен оның басындағы он мүйіз жайлы+, сондай-ақ кейін шыққан мүйіз жайлы да білгім келді. Осы мүйіздің алдында үш мүйіз түсіп қалған еді+, оның көздері және паңдана сөйлеп жатқан аузы болды. Ол басқа мүйіздерге қарағанда үлкенірек еді. 21  Мен қарап тұрғанда, осы мүйіз қасиеттілерге қарсы соғысып, олардан басым түсіп отырды+. 22  Сосын Ежелден бар Тәңір Иеге+ келіп, Алла Тағаланың қасиеттілерінің мүддесін қорғап үкім шығарды+. Сөйтіп, қасиеттілер патшалықты иемденетін алдын ала белгіленген уақыт келіп жетті+. 23  Ол былай деді: “Төртінші аң жер бетінде пайда болатын төртінші патшалықты білдіреді. Бұл патшалық басқа патшалықтардан өзгеше болады. Ол бүкіл жерді жалмап, таптап, талқандайды+. 24  Ал он мүйіз осы патшалықтан шығатын он патшаны білдіреді. Солардан кейін тағы бір патша шығады. Ол алдыңғыларға ұқсамайды, үш патшаны өзіне бағындырады+. 25  Ол Алла Тағалаға қарсы сөйлейтін болады+ және Алла Тағаланың қасиеттілерінің тынбай мазасын алады. Ол уақыттар мен заңды өзгертпек болады және оның қолына қасиеттілер бір уақыт, екі уақыт және жарты уақытқа* беріледі+. 26  Алайда Сот өз ісін бастап, оны жойып, көзін біржолата құрту үшін, одан билікті алып қойды+. 27  Аспан астындағы патшалықтардың патшалығы, билігі мен сән-салтанаты Алла Тағаланың қасиетті халқына берілді+. Олардың патшалығы — мәңгілік патшалық+, барлық үкімет оларға қызмет етіп, мойынсұнатын болады”. 28  Осымен менің көріп-естіген жайттарым аяқталды. Мен, Даниял, өз ойымнан қатты шошып, өңім құп-қу болып кетті. Сонда да бәрін көңіліме түйіп алдым”.

Сілтемелер

Немесе “мақтана”.
Сөзбе-сөз “тап-таза”.
Сөзбе-сөз “уақыт, уақыттар және жарты уақыт”.