Билер 4:1—24

  • Исраил қанахандық Ябин патшаның езгісінде (1—3)

  • Дебора пайғамбар мен Барақ би (4—16)

  • Жаелдің қолбасшы Сисараны өлтіруі (17—24)

4  Ехуд дүниеден өткен соң, исраилдіктер қайтадан Ехобаға ұнамсыз істер жасай бастады+.  Сондықтан Ехоба оларды Хасорда билік құрып отырған Қанахан патшасы Ябиннің қолына берді+. Оның қолбасшысы Харошет-Ғойымда тұратын Сисара еді+.  Ябиннің 900 орақты соғыс арбасы болғандықтан+, исраилдіктер Ехобаға жалбарына бастады+. Оның үстіне, олар 20 жылдан бері Ябиннің езгісінде еді+.  Сол заманда Исраил елінің биі+ Лапидоттың әйелі Дебора пайғамбар болатын.  Ол Ефрем таулы өңірінде орналасқан Рамақ+ пен Бетелдің+ арасындағы Дебора пальмасының астында отыратын. Исраилдіктер Құдайдың төрелігінен хабардар болу үшін сонда көтерілетін.  Дебора Кедеш-Нафталимнен+ Әбинағұм ұлы Барақты+ шақыртып алып, былай деді: “Исраилдің Құдайы Ехоба мынаны бұйырды: —Нафталим мен забулон руларынан 10 000 адам жинап, Табор тауына орналастыр.  Мен Ябин әскерінің қолбасшысы Сисараны соғыс арбалары және қалың қолымен қоса, Қишон суына*+ әкеліп, аяғыңа жығып беремін+”.  Барақ болса: “Сіз менімен бірге барсаңыз ғана, барамын”,— деді.  Сонда Дебора: “Сенімен бірге міндетті түрде барамын. Бірақ бұл жорықта даңққа сен ие болмайсың, өйткені Ехоба Сисараны әйелдің қолына береді”+,— деді де, тұрып, онымен бірге Кедешке+ жол тартты. 10  Барақ забулон мен нафталим руының+ адамдарын Кедешке шақыртқанда, оған 10 000 адам ерді. Дебора да онымен бірге жүрді. 11  Кендік Хебер кендіктерден+, яғни Мұсаның қайын атасы+ Хобабтың ұрпақтарынан бөлініп, Кедешке жақын Сағананимдегі үлкен ағаштың тұсына шатыр тігіп, сонда тұрып жатқан болатын. 12  Сисараға Әбинағұм ұлы Барақтың Табор тауына+ көтерілгені жайлы хабар жетті. 13  Сонда ол іле-шала бүкіл арбаларын, 900 орақты соғыс арбасын, қасындағы бар әскерін Харошет-Ғойымнан Қишон суының бойына жинады+. 14  Дебора Бараққа: “Орныңнан тұр, өйткені Ехоба Сисараны бүгін аяғыңа жығып береді. Ехобаның өзі алдыңда келе жатыр емес пе?”— деді. Сөйтіп, Барақ 10 000 адамымен Табор тауынан түсті. 15  Сонда Ехоба Сисараны, оның арбалары мен бүкіл әскерін әбігерге түсірді де+, Барақ оларды семсермен қыра бастады. Сисара болса арбасынан түсіп, жаяу қаша жөнелді. 16  Барақ Сисараның соғыс арбалары мен әскерін Харошет-Ғойымға дейін өкшелей қуып, семсермен қырып, тас-талқан етті. Бірде-біреуін аман қалдырмады+. 17  Ал Сисара кендік Хебердің+ әйелі Жаелдің+ шатырына қашып келді. Себебі Хасор патшасы Ябин+ мен кендік Хебердің үйі тату болатын. 18  Сонда Жаел Сисараның алдынан шығып: “Мұнда келіңіз, мырза. Былай қарай жүріңіз, қорықпаңыз”,— деді. Сисара оның шатырына кірді де, Жаел оның үстіне көрпе жапты. 19  Біраздан кейін Сисара: “Шөлдедім, маған азғана су берші”,— деді. Жаел местің аузын ашып, оған сүт құйып берді де+, қайтадан үстін жауып қойды. 20  Сисара оған былай деді: “Шатырдың алдына барып тұр. Егер әлдекім “Үйде біреу бар ма?” деп сұраса, “Жоқ!” деп жауап бер”. 21  Хебердің әйелі Жаел қолына шатырдың бір қазығы мен балға алып, шаршап қатты ұйықтап жатқан Сисараның қасына ақырын барды да, қазықты самайына қағып жіберіп, жерге қадап қойды. Ол болса жатқан жерінде тіл тартпай кетті+. 22  Сисараның соңына түскен Барақ келіп жеткенде, Жаел оның алдынан шығып: “Кіріңіз, мен сізге іздеп жүрген адамыңызды көрсетейін”,— деді. Ол кіргенде, самайына қазық қағылған күйі өліп жатқан Сисараны көрді. 23  Сол күні Құдай Қанахан патшасы Ябинді исраилдіктерге бағынышты етті+. 24  Исраилдіктер Қанахан+ патшасы Ябиннен күшейе беріп, ақырында оның көзін құртты+.

Сілтемелер

Немесе “сайына”.