Аян 4:1—11
4 Осыдан кейін қарадым да, көкте ашылған есікті көрдім және керней үніне ұқсайтын бірінші дауысты естідім. Ол маған: “Мұнда көтеріл, саған бұдан кейін не болуға тиіс екенін көрсетемін”,— деді.
2 Сол сәтте маған киелі рух әсер етіп, көкте тұрған тақты және оның үстінде отырған біреуді көрдім+.
3 Тақта отырғанның сырт көрінісі яшмаға+ және қызыл түсті асыл тасқа ұқсайды екен. Ал тақты зүбәржат іспетті кемпірқосақ қоршап тұрды+.
4 Сол тақты айналдыра тағы 24 тақ тұр екен, оларда ақ киім, алтын тәж киген 24 ақсақал отырды+.
5 Тақтан найзағай жарқылдап+, дауыстар шығып, күннің күркірі естілді+. Ал тақ алдында жеті шам жалындап жанып тұрды, олар Құдайдың жеті рухын білдіреді+.
6 Тақ алдында мөп-мөлдір* шыны теңізге ұқсас+ нәрсе де бар екен.
Тақ тұрған ортада және тақты айналдыра денелерінің алды-арты көзге толы төрт тіршілік иесі тұрды+.
7 Олардың біріншісі арыстанға+, екіншісі жас бұқаға+, үшіншісінің+ беті адамдікіне, ал төртіншісі+ ұшып бара жатқан бүркітке ұқсас екен+.
8 Төрт тіршілік иесінің әрқайсысының алты қанаты бар, ал қанаттарының асты көзге толы еді+. Олар күні-түні тынбай: “Бұрын болған, қазір де бар әрі болашақта келетін+ Құдіреті шексіз Ехоба Құдай киелі, киелі, киелі+!”— деп жатты.
9 Төрт тіршілік иесі Тақта отырғанды — Мәңгі жасайтынды+ — даңқтап, оған құрмет көрсетіп, ризашылық білдірген сайын,
10 әлгі 24 ақсақал+ Тақта отырғанның — Мәңгі жасайтынның — алдында тізерлеп тағзым етіп, тәждерін тақ алдына тастап, былай деумен болды:
11 “Құдайымыз Ехоба, сен даңққа+, құрмет+ пен күш-құдіретке+ ие болуға лайықсың! Өйткені бәрін жаратқан — өзіңсің+, бәрі де сенің еркіңмен бар болды әрі жаратылды”.
Сілтемелер
^ Немесе “хрусталь іспетті”.