Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

А3

Киелі кітап бүгінгі күнге дейін қалай сақталды?

Киелі жазбалардың Авторы оның бүгінгі күнге дейін сақталуына қам жасаған. Келесі сөздерді жаздырған да оның өзі:

“Құдайымыздың сөзі мәңгі қалады” (Ишая 40:8).

Киелі кітаптың еврей, арамей a және грек тіліндегі қолжазбаларының түпнұсқасы біздің күнімізге дейін сақталмаса да, жоғарыдағы сөздер шындық болып қала береді. Олай болса, қазіргі Киелі кітаптың мәтіні Құдай рухының жетелеуімен жазылған түпнұсқаның мазмұнын тура жеткізетініне сенімді болуға қандай негіз бар?

ҚҰДАЙ СӨЗІН САҚТАҒАН КӨШІРМЕШІЛЕР

Еврей жазбалары жайында айтар болсақ, жоғарыдағы сұрақтың жауабын қандай да бір шамада Құдайдың өзі орнатқан көне дәстүрден табуға болады. Жаратушымыз Жазбалардың көшірмесі жасалуы керектігіне қатысты нұсқау берген b. Мысалы, Ехоба Исраил патшаларына өздері үшін Мұса Заңының көшірмесін жасап алуды тапсырған (Мұсаның 5-жазбасы 17:18). Бұған қоса, Құдай леуіліктерге Заңды сақтау және оны халыққа үйрету жауапкершілігін жүктеген (Мұсаның 5-жазбасы 31:26; Нехемия 8:7). Яһудилер Бабыл тұтқындығынан оралғаннан кейін елде көшірмешілер тобы (соферимдер) пайда болды (Езра 7:6). Уақыт өте келе олар Еврей жазбаларының 39 кітабының көптеген көшірмесін жасады.

Ғасырлар бойы көшірмешілер Жазбаларды өте мұқият көшіріп отырған. Орта ғасырларда масореттер деген атпен танымал болған яһуди көшірмешілер тобы осы дәстүрді жалғастырды. Масорет қолжазбасының ең көне әрі толық нұсқасы Ленинград кодексі болып табылады. Бұл кодекс б. з. 1008—1009 жылдары жазылған деп есептеледі. Ал ХХ ғасырдың орта шенінде табылған Өлі теңіз шиыршықтарының арасында Киелі кітаптың 220-ға жуық қолжазбасы не оның кейбір үзінділері бар екені анықталды. Бұл қолжазбалар Ленинград кодексіне қарағанда 1000-нан аса жылға көне болып шықты. Бұл екі жазбаны салыстыра келе, мынадай маңызды тұжырым жасалды: Өлі теңіз шиыршықтарында кейбір сөздерде өзгешеліктер болғанымен, бұдан мәтіннің мағынасы өзгермеген.

Ал 27 кітаптан тұратын Грек жазбалары жайлы не деуге болады? Оларды Иса Мәсіхтің кейбір елшілері мен алғашқы шәкірттері жазған. Яһуди көшірмешілерінің дәстүріне сай, ертедегі мәсіхшілер олардың көшірмесін жасап отырған (Қолостықтарға 4:16). Рим императоры Диоклетиан, сондай-ақ өзгелер де ертедегі мәсіхшілердің қолжазбаларын жойып жіберуге тырысқан. Әйтсе де ежелгі қолжазбалар мен оның мыңдаған үзінділері қазіргі уақытқа дейін сақталған.

Сондай-ақ Грек жазбалары басқа тілдерге де аударылған. Киелі кітаптың ертедегі аудармаларына көне армян, копт, эфиоп, грузин, латын және сирия тілдеріндегі аудармалар жатады.

АУДАРМАҒА НЕГІЗ БОЛҒАН ЕВРЕЙ ЖӘНЕ ГРЕК ТІЛІНДЕГІ ҚОЛЖАЗБАЛАР

Көне қолжазбалардың барлық көшірмелері тұп-тура бірдей емес. Олай болса, түпнұсқада не жазылғанын қалай анықтай аламыз?

Мұны келесі жағдаймен салыстыруға болады: мұғалім 100 оқушыға кітаптың бір тарауының көшірмесін жасатты делік. Кітаптың сол тарауы кейіннен жоғалып кетсе де, 100 көшірмені салыстыру арқылы о баста мәтіннің қандай болғанын анықтауға болады. Өйткені әр оқушы қандай да бір қате жіберген күнде де, барлығының бірдей қате жіберуі екіталай. Сол сияқты ғалымдар да Киелі кітаптың қолда бар көне көшірмелері мен оның мыңдаған үзінділерін бір-бірімен салыстыру арқылы көшірмешілердің қатесін тауып, түпнұсқаның қандай болғанын анықтай алады.

“Ежелгі еңбектердің ешқайсысы мұншалықты тура күйінде жетпеген деп сенімді түрде айтуға болады”

Киелі кітаптың түпнұсқасындағы ойлар қазіргі уақытқа дейін тура жеткеніне қалай сенімді бола аламыз? Уильям Грин есімді ғалым Еврей жазбаларының мәтініне қатысты: “Ежелгі еңбектердің ешқайсысы мұншалықты тура күйінде жетпеген деп сенімді түрде айтуға болады”,— деген. Жаңа өсиет деп те аталатын Грек жазбаларының мәтініне қатысты ғалым Ф. Брюс былай деген: “Көне классикалық туындылардың көбісінің туралығына күмән келтіру ешкімнің ойына да келмейді. Ал олардың туралығын дәлелдейтін айғақтарға қарағанда, Жаңа өсиеттің туралығын дәлелдейтін айғақтар әлдеқайда көп... Егер Жаңа өсиет әдеби кітаптардың бірі болғанда, ондағы мәтіннің тура жеткеніне күмәндану ешкімнің ойына кіріп-шықпас еді”.

Өлі теңіз шиыршықтарындағы Ишая кітабының 40-тарауы (б. з. б. 125—100 ж.)

Мың жыл кейін жазылған Еврей қолжазбаларымен салыстырғанда, болмашы ғана өзгешеліктердің бар екені әрі олардың көбісі орфографиялық (дұрыс жазылуы) екені анықталды

Алеппо кодексіндегі Ишая кітабының 40-тарауы. Бұл — шамамен б. з. 930 жылынан қалған еврей масореттердің маңызды қолжазбасы

Еврей мәтіні. 1953—1960 жылдары жарық көрген ағылшын тіліндегі “Еврей жазбаларының Жаңа дүние аудармасы” Рудольф Киттелдің “Библия Хебраика” (“Biblia Hebraica”) басылымына негізделген болатын. Сол уақыттан бері еврей мәтінінің өңделген басылымдары, яғни “Библия Хебраика Штутгартензия” (“Biblia Hebraica Stuttgartensia”) және “Библия Хебраика Куинта” (“Biblia Hebraica Quinta”) жарық көрді. Бұл еңбектерде Өлі теңіз шиыршықтары мен басқа да көне қолжазбаларға негізделген соңғы зерттеу жұмыстары есепке алынды. Сол екі еңбектің негізгі мәтіні ретінде Ленинград кодексі алынып, салыстыру үшін келесі басылымдардан сілтемелер берілді: Самариялық бес кітап, Өлі теңіз шиыршықтары, Грек Септуагинті, Арамей таргумдары, Латын Вульгатасы, Сирия Пешиттасы. 2013 жылы жарық көрген ағылшын тіліндегі “Жаңа дүние аудармасын” дайындау барысында аталмыш екі еңбек (“Biblia Hebraica Stuttgartensia”, “Biblia Hebraica Quinta”) ескерілді.

Грек мәтіні. ХІХ ғасырдың аяғында Б. Ф. Весткотт пен Ф. Дж. А. Хорт есімді ғалымдар қолда бар Киелі кітап қолжазбалары мен үзінділерін салыстыра отырып, Грек жазбаларының түпнұсқаға ең жақын деген мәтінін жасады. ХХ ғасырдың ортасында “Киелі кітаптың Жаңа дүние аудармасы” комитеті негізгі мәтін ретінде соны қолданды. Олар өз аудармасында б. з. ІІ—ІІІ ғасырында жазылды деп есептелетін көне папирус шиыршықтарды да қолданған еді. Содан бері басқа да көне папирустар табылды. Соңғы ғылыми зерттеулердің нәтижесіне сай, Нестле мен Аландтың және Біріккен Киелі кітап қоғамдары (“United Bible Societies”) жасаған грек мәтіндері өңделді. Осы зерттеулерде анық болған кейбір жайттар осы басылымда да ескерілді.

Аталмыш мәтіндерге негізделер болсақ, Грек жазбаларының ескі аудармаларындағы кейбір тармақтарды көшірмешілердің қосқаны әрі олар ешқашан Құдай рухының жетелеуімен жазылған Жазбаларға кірмегені анық. Олар мыналар: Матай 17:21; 18:11; 23:14; Марқа 7:16; 9:44, 46; 11:26; 15:28; Лұқа 17:36; 23:17; Жохан 5:4; Елшілердің істері 8:37; 15:34; 24:7; 28:29; Римдіктерге 16:24. Осы басылымда аталмыш тармақтардың орнына алынып тасталғаны жайлы сілтемелер берілді.

Марқа кітабының 16-тарауындағы ұзын қорытынды (9—20 тармақтар) мен қысқа қорытынды, сондай-ақ Жохан 7:53—8:11 сөздердің түпнұсқа қолжазбаларда болмағаны анық. Сол себепті кейін қосылған бұл үзінділер осы басылымға енбеді.

Ғалымдар түпнұсқадағы ойларды тура жеткізеді деп есептеген кейбір тармақтар да өзгертілді. Мысалы, кей қолжазбаларға сай Матай 7:13-те келесі сөздер жазылған: “Тар қақпа арқылы кіріңдер, себебі жойылуға апаратын қақпа кең, жол да даңғыл”. Осындағы көлбеу қаріппен берілген “қақпа” сөзі бұрынырақта шыққан “Мәсіхшілердің грек жазбалары. Жаңа дүние аудармасында” жазылмаған еді. Бірақ көне қолжазбаларды қосымша зерттей келе, “қақпа” сөзі түпнұсқада болған деген тұжырым жасалды. Сондықтан осы басылымда бұл сөз тиісті орнына жазылды. Сондай-ақ осы сынды тағы біраз өзгерістер жасалды. Алайда мұндай болмашы өзгерістердің ешқайсысы Құдай Сөзінің негізгі хабарын бұрмаламайды.

Шамамен б. з. 200 жылы жазылған папирус; Қорынттықтарға 2-хат 4:13—5:4

a Әрі қарай Еврей жазбалары деп қолданылды.

b Мұндай нұсқау берілуінің бір себебі — түпнұсқа мәтін тез бүлінетін материалдарға жазылған болатын.