Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | САРЫУАЙЫМҒА САЛЫНБАУ МҮМКІН БЕ?

Отбасын уайымдау

Отбасын уайымдау

Жанет есімді әйел былай дейді: “Әкем көз жұмғаннан кейін көп ұзамай, күйеуім басқа әйелмен жүретінін айтты. Сосын ол ләм-мим деместен киімдерін жинады да, мені және екі баламызды тастап кетті”. Жанет жұмыс тапқанымен, жалақысы үйдің төлемақысын өтеуге жетпеді. Бірақ оның қиыншылығы бұл ғана емес еді. Ол былай деп есіне алады: “Иығыма түскен жаңа жауапкершіліктерді жалғыз көтеру тым ауыр болды. Балаларымды басқа ата-аналар қатарлы толықтай қамтамасыз ете алмағаныма кінәлі сезіндім. Қазірдің өзінде басқалар мен жайлы және балаларым жайлы не ойлайды екен деп уайымдаймын. Олар мені отбасын сақтап қалуға қолдан келгеннің бәрін істемеді деп ойлайтын шығар”.

Жанет

Жанетке жағымсыз сезімдерге берілмеуге және Құдаймен қарым-қатынасын нығайтуға дұға ету көмектеседі. Ол былай дейді: “Әсіресе түнде, бәрі жым-жырт болғанда, санамда уайымға толы ойлар жаңғырып кетеді. Құдайға дұға еткенім және Киелі жазбаларды оқығаным тыныш ұйықтауға көмектеседі. Маған әсіресе Філіпіліктерге 4:6, 7-де жазылған сөздер ұнайды: “Еш нәрсені уайымдамаңдар, барлық өтініштеріңді дұға етіп, жалбарынып, ризашылықпен Құдайға білдіріңдер. Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүректерің мен ой-саналарыңды... сақтайды”. Мен талай түндерді дұға етіп өткіздім және Ехоба Құдайдың маған жантыныштығын беріп, жұбатқанын сездім”.

Иса пайғамбар Таудағы уағызында дұға туралы: “Әкелерің өздерің сұрамай тұрып-ақ, сендерге не керек екенін біледі”,— деген (Матай 6:8). Бұл сөздер қандай қиындыққа кезіксек те, Ехобаның барлық уайымымызды білетінін көрсетеді. Әйтсе де біз оған уайымымызды айтып дұға етуіміз керек. Өйткені дұға — “Құдайға жақындаудың” ең басты жолы. Ал оған жақындасақ, ол да “бізге жақындайды” (Жақып 4:8).

Дұға ету уайымымызды айтып, жеңілдеп қалуға ғана көмектеспейді. Өйткені Ехоба Құдай “дұғаларды тыңдап” қана қоймай, өзін сеніммен іздегендердің игілігі үшін әрекет етеді (Зәбүр 65:2). Сол себепті Иса ізбасарларына “үнемі дұға ету және табанды болу керектігін” үйреткен (Лұқа 18:1). Сенім танытқанымызға батасын беретініне сенімді болып, біз Құдайдың басшылығы мен көмегін сұрауымыз қажет. Оның көмектесуге деген ықыласына және құдіретіне ешқашан күмән келтірмейік! Осылай “ұдайы дұға ету” арқылы шынайы сенімімізді көрсетеміз (Салоникалықтарға 1-хат 5:17).

СЕНІМІМІЗ ҚАЛАЙ КӨРІНЕДІ?

Сенім дегеніміз не? Сенімге Құдайды тұлға ретінде “танып-білу” жатады (Жохан 17:3). Бұл үшін алдымен Киелі кітапты мұқият оқу керек. Сонда Құдайдың көзқарасымен танысып, оның әрқайсысымызды назарынан шет қалдырмай, көмектескісі келетінін білеміз. Алайда шынайы сенім үшін Құдайды біліп қана қою жеткіліксіз. Біз Құдаймен қастерлі достық қарым-қатынаста болуымыз керек. Біреумен әп-сәтте дос болып кете алмайтынымыздай, Құдаймен де достық қарым-қатынасты бір дегенде орнату мүмкін емес. Себебі Құдайға деген сеніміміз уақыт өте нығая түседі. Ол үшін Құдай жайлы білім алуымыз, “оған ұнайтынды істеуіміз” және оның құдіретті қолын өмірімізде көруіміз қажет (Қорынттықтарға 2-хат 10:15; Жохан 8:29).

Сенімін осындай жолдармен нығайтқаны Жанетке уайымға берілмеуге көмектеседі. Ол былай дейді: “Ехобаның әр кезде көмектесіп отырғанын көргенде, сенімім нығая түсті. Біз көтере алмайтындай көрінген көптеген әділетсіздікке кезіктік. Сондай кездері Құдайға талмай дұға айтқанымда, ол қиындықтарды тіпті мен ойламаған жолмен шешіп беретін. Құдайға алғыс білдіргенде, оның маған жасаған бар жақсылығын есіме аламын. Ол бізді ешқашан көмексіз қалдырмайтын, жиі дәл керек сәтте қол ұшын беретін. Сондай-ақ Құдай өзінің адал қызметшілерінің арасынан шынайы достар тауып берді. Олар көмектесуге әрдайым дайын тұрады әрі балаларыма жақсы үлгі көрсетеді *.

Малахи 2:16-да Ехобаның “ерлі-зайыптының ажырасқанын жек көремін” деп не үшін айтқанын жақсы түсінемін. Өйткені кінәсіз жұбайы үшін бұл ең сорақы сатқындық. Күйеуім мені тастап кеткеніне біраз жыл өтсе де, өзімді жалғыз әрі түкке тұрғысыз сезінетін кездер болады. Сонда мен басқаларға қол ұшын беруге тырысамын, бұл маған да үлкен көмек болып табылады”. Жанет Киелі кітаптағы басқалардан бөлектенбеуге қатысты кеңеске құлақ асқанының арқасында сарыуайымға берілмейді * (Нақыл сөздер 18:1).

Құдай — “жетімдердің әкесі, жесірлердің қорғаушысы” (Зәбүр 68:5)

“Жетімдердің әкесі, жесірлердің қорғаушысы — Құдай” екенін білу маған зор жұбаныш береді. Күйеуім бізді тастап кетсе де, Құдай ешқашан олай етпейді”,— дейді Жанет (Зәбүр 68:5). Ол Құдайдың “ешкімді жамандықпен сынамайтынын” біледі. Қайта, Құдай бізге уайыммен күресуге көмектесу үшін даналықты және “адам күшінен асқан күшті” жомарттықпен береді (Жақып 1:5, 13; Қорынттықтарға 2-хат 4:7).

Ал өмірімізге қауіп төнгендіктен уайымға салынсақ ше?

^ 10-абзац Уайым шекпеуге көмек болатын қосымша тиімді кеңестерді 2015 жылдың шілде айындағы “Ояныңдар” (ор.) журналының кіріспе мақалаларынан таба аласыз. Бұл журналды www.jw.org сайтынан онлайн оқуға болады.