Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | САРЫУАЙЫМҒА САЛЫНБАУ МҮМКІН БЕ?

Ақшаны уайымдау

Ақшаны уайымдау

Екі балаға әке болып отырған Пол былай дейді: “Елімізде ақшаның құнсыздануынан азық-түлік қымбат әрі тапшы болып кетті. Ұзын-сонар кезекте сағаттап тұрсақ та, жиі кезегіміз келгенше азық-түлік бітіп қалатын. Адамдар ашқұрсақ жүргеннен азып-тозып, кейбіреулері көшеде есінен танып, құлап қалатын. Ең қажетті деген заттардың бағасы миллион, тіпті миллиардқа дейін аспандап кеткен еді. Ақыр соңында жергілікті валюта құнын жоғалтты. Жеке шотымдағы, сақтандыру компаниясындағы және зейнетақы қорындағы ақшамның күлі көкке ұшты”.

Пол

Пол отбасын аман алып қалу үшін даналықпен әрекет ету керектігін түсінді (Нақыл сөздер 3:21). Ол былай дейді: “Мен электрлендіру саласында мердігер болып істейтінмін, бірақ жалақысы өте аз болса да, кез келген жұмысты істеуден тайынбайтынмын. Кейбіреулер төлем ретінде азық-түлік не үйге керек заттар беретін. Мысалы, төрт сабын берсе, екеуін үйге алып, екеуін сатып жіберетінмін. Сөйтіп алып-сатып жүріп, 40 балапанға ие болдым. Олар өскен соң сатып, тағы 300-ін алдым. Кейін 50 тауықты 50 килограмдық екі қап жүгері ұнына айырбастадым. Сол екі қап ұзақ уақыт бойы өз отбасымды және тағы бірнеше отбасын тамақтандыруға жетті”.

Пол әркімнің қолынан келетін әрі ең пайдалы іс — Құдайға сенім арту екенін білді. Құдайдың өсиеттерін орындайтын болсақ, ол бізді көмексіз қалдырмайды. Күнделікті тіршілік қамын күйттеуге қатысты Иса пайғамбар былай деген: “Сарыуайымға салынуды қойыңдар... Бұлардың сендерге қажет екенін Әкелерің біледі ғой” (Лұқа 12:29—31).

Өкінішке қарай, Құдайға қарсы шыққан Шайтан адамзаттың басым көпшілігін арбауына түсіріп, тәндік қажеттіліктерді өмірдің басты қамы етіп қойған. Адамдар шынымен керек не ойдан шығарылған қажеттіліктерін шектен тыс ойлайды және шын мәнінде қажетсіз заттарды алуға тырмысады. Көбісі қарызға батып, “Қарыздар жан қарыз берушінің құлы болар” деген нақыл сөздің растығын шекесіне тиіп қана түсініп жатады (Нақыл сөздер 22:7).

Ал кейбір адамдар бұрыс шешімнің кесірінен зардап шегіп жатады. Пол былай дейді: “Көршілерімнің көбісі отбасын, дос-жарандарын тастап, шетелге “жерұйық іздеп” кетті. Олардың кейбірі көші-қон құжаттарынсыз кетіп қалғандықтан, барған жерінде жұмыс таппаған. Сөйтіп, полиция қызметкерлерінен жасырынып, көшеде түнеп өмір сүрген. Олар Құдайдың өздеріне көмектесуіне жол бермеді. Бірақ біз қаржы жағынан туындаған қиындықтарды отбасы болып шешуге және Құдайдың көмегіне жүгінуге бел байладық”.

ИСА ПАЙҒАМБАРДЫҢ КЕҢЕСІ

Пол тағы былай деді: “Иса пайғамбардың: — Ешқашан ертеңгі күнді ойлап уайымдамаңдар, өйткені ертеңгі күннің өз уайымы бар. Әр күннің қиыншылығы өзіне жеткілікті,— деген сөздері бар. Сондықтан күн сайын Құдайға дұға еткенде, аман қалу үшін “бүгінгі күнге қажетті нанымызды бере көр” деп қана сұрайтынмын. Иса уәде еткендей-ақ, Құдай бұл өтінішімді жауапсыз қалдырмайтын. Әрине, біз әрқашан қалаған нәрсемізге қол жеткізе бермейтінбіз. Бірде мен қандай азық сатылып жатқанын білмесем де, кезекте тұрған едім. Кезегім жақындағанда қарасам, йогурт сатылып жатыр екен. Ал мен йогуртты ұнатпаймын. Бірақ ол да азық, сондықтан сол күні біз кешке йогурт жеп жаттық. Сол бір қиын кезеңде отбасымның ешқашан ашқұрсақ қалмағаны үшін Құдайға дән ризамын *.

Құдай былай деп уәде береді: “Мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын” (Еврейлерге 13:5)

Бүгінде қаржы жағынан жағдайымыз тәуірлене түсті. Алайда сол қиындықтарды бастан өткергенде, Құдайға сенім артудың уайым дертіне қарсы бірден-бір шипа екеніне көзіміз жетті. Ехоба * Құдайдың еркін орындауға тырыссақ, ол бізге әрдайым көмектеседі. Біз Зәбүр 34:8-дегі: “Дәмін татыңдар да, Ехобаның ізгілігіне көз жеткізіңдер. Одан пана тапқандар бақытты”,— деген сөздердің растығына куә болдық. Алда экономикалық қиындықтар тағы да кезігіп жатса, біз оларды шешуден қорықпаймыз”.

Құдай өзіне адал адамдарға “бүгінгі күнге қажетті” нанын табуға көмектеседі

Пол сөзін жалғап былай дейді: “Адамға өмір сүру үшін жұмыс та, ақша да емес, тек тамақ керек екенін түсіндік. Біз Құдайдың “Жер бетіне астық мол шығады” деген уәдесінің орындалуын асыға күтудеміз. Ал әзірге “ішер ас пен киер киім болса, соны қанағат” етудеміз. Киелі кітапта мынадай сөздер жазылған: “Ақшақұмар болмай өмір сүріп, қолда барды қанағат тұтыңдар. Өйткені Құдай: “Мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын”,— деген”. Бұл сөздер бізге қиындықтарда күш береді. Сондықтан біз жігерімізді жасытпай: “Ехоба — менің көмекшім. Мен ештеңеден қорықпаймын”,— дей аламыз” *.

Пол мен оның отбасы сияқты “Құдай жолымен жүру” үшін болаттай берік сенім керек (Мұсаның 1-жазбасы 6:9). Қаржы жағынан қиындықтарға қазір не болашақта кезіксек те, Полдың сенімінен және даналықпен әрекет еткенінен көп нәрсе түйіп аларымыз сөзсіз.

Ал егер отбасындағы қиындықтар бізді жантыныштығынан айырып жатса ше?

^ 10-абзац Ехоба — Киелі кітапта жазылған Құдайдың есімі.