НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ИСА ПАЙҒАМБАР АДАМЗАТТЫ НЕДЕН ҚҰТҚАРАДЫ?
Иса пайғамбардың өлімі мен қайта тірілуі. Мұның сіз үшін қандай мәні бар?
“Иеміз Исаға сен. Сонда өзің де, үй ішің де құтқарылады” (Елшілердің істері 16:31).
Бұл сөздерді Иса пайғамбардың Пауыл мен Сыйлас есімді ізбасарлары бір түрме бастығына айтқан болатын. Мұнымен олар не дегісі келді? Иса пайғамбарға деген сенім өлімнен қалай құтқарады? Мұны түсіну үшін, алдымен, Киелі кітапқа үңіліп, адамдардың неге өлетіні жайлы сөз қозғайық.
Адамдар өлу үшін жаратылмаған
“Ехоба Құдай адамды Едем бағын өңдеп, күтіп-бағу үшін сонда орналастырды. Сөйтіп, Ехоба Құдай оған бұйырып: “Бақтағы жеміс ағаштарының бәрінен тойғанша жеуіңе болады. Бірақ жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жеме! Өйткені одан жеген күні өлесің”,— деді” (Мұсаның 1-жазбасы 2:15—17).
Құдай алғашқы адамды жер бетіндегі Едем деп аталған пейіш бағына қоныстандырды. Бұл бақ сан-алуан тіршілік иелері мен көздің жауын алатын әдемі өсімдіктерге толы еді. Ол жерде Адам ата түрлі ағаштардың жемісін еркін алып жей алатын. Алайда Ехоба Құдай оған бір ғана ағаштың жемісін жеуге рұқсат етпеді. Одан жеген жағдайда Адамды өлім күтіп тұрды.
Бұл ескертуді Адам ата түсінген бе? Иә, әлбетте. Құдай оны ажалды етіп жаратпаған. Бірақ жануарлардың өлімін талай бақылаған ол өлімнің не екенін жақсы білген. Сондықтан да бұйрыққа бағынып, жемісті жемесе, өлмей, мәңгі өмір сүре беретінін түсінген. Расында да, Құдай Адамды түбінде өлетіндей етіп жаратса, өлім жайлы ескерту айтып жатудың қажеті де болмас еді.
Кейбіреулер аталмыш жеміс жыныстық қатынастың бейнесі болған деп ойлайды. Бірақ Құдайдың бұған тыйым салуы мүмкін емес еді. Өйткені ол Адам ата мен Хауа ананың балалы болғанын қалап, оларға “Өсіп-өніп көбейіңдер, ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар” деген тапсырма берген (Мұсаның 1-жазбасы 1:28). Бұдан шығатыны — Құдайдың салған тыйымы кәдімгі жеміс ағашына қатысты болған. Ехоба оны “жақсылық пен жамандықты танытатын ағаш” деп атады, өйткені бұл ағаш адамдар үшін ненің жақсы, ненің жаман екенін шешуге Құдай құқылы екенін білдірген. Сол ағаштың жемісін жемеу арқылы Адам ата Құдайға тек мойынсұнатынын ғана емес, сондай-ақ өзін жаратып, молынан жарылқаған Жаратушысына деген ризашылығын да көрсетер еді.
Адам ата Құдайға мойынсұнбағандықтан өлді
“Адамға болса Құдай былай деді: “Жеуге тыйым салынған ағаштың жемісін жегенің үшін... өзің жаратылған жердің қойнына қайтып кіргенше, жейтін наныңды маңдай теріңді төгіп табатын боласың. Сен топырақтан жаратылдың, қайтадан топыраққа айналасың” (Мұсаның 1-жазбасы 3:17, 19).
Адам ата тыйым салынған ағаштың жемісін жеді. Мұндай тілазарлыққа Құдай көз жұмып қарай алмады. Адам ата Ехоба Құдайдың жасаған бар жақсылығын аяққа таптап, оған қарсы шыққан еді. Сол жемісті жеуімен ол Ехобадан бас тартып, одан тәуелсіз өмір сүргісі келетінін көрсетті. Алайда оның бұл таңдауы құрдымға алып келді.
Ехоба алдын ала ескерткендей, Адам ата ақыр аяғында өлді. Құдай оны “жердің топырағынан” жаратқан және тілазарлығы үшін “жердің қойнына қайтіп кіретінін” айтты. Демек, Адам ата басқа жерде не басқа кейіпте өмір сүрген жоқ. Тіршілік етуін тоқтатқан ол жансыз топырақтай әрекетсіз болды (Мұсаның 1-жазбасы 2:7; Уағыздаушы 9:5, 10).
Бәріміз Адам атадан тарағандықтан ажалдымыз
“Бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді, осылайша адамдардың бәрі өлетін болды, себебі бәрі күнә жасады” (Римдіктерге 5:12).
Адам ата жасаған күнәнің зардабы орасан зор болды. Күнә жасауымен ол адам жасайтын 70—80 жылды ғана емес, мәңгі өмір сүру мүмкіндігін жоғалтты. Бұған қоса, тілазарлық танытқан Адам кемелділіктен айырылып, бүкіл ұрпақтарын да одан құр алақан қалдырды.
Біз барлығымыз да Адам атадан тарадық. Сондықтан кемелсіздікті еріксіз мұра еткен тәніміз күнә мен өлімге кіріптар болды. Пауыл есімді Құдай қызметшісінің сөзінен біздің халіміз қаншалықты мүшкіл екені көрінеді. Ол: “Мен күнәнің құлы болуға сатылған пендемін. Сорлы басым-ай! Өлімге жетелейтін осы тәнімнен мені кім құтқарады?”— деп қатты күңіренген. Сосын өз сұрағына өзі жауап беріп: “Иеміз Иса Мәсіх арқылы мені құтқарып алатын Құдайға рақмет!”— деген (Римдіктерге 7:14, 24, 25).
Біз мәңгі өмір сүру үшін Иса пайғамбар өмірін құрбан етті
“Әке өз Ұлын Құтқарушы ретінде дүниеге жіберді” (Жоханның 1-хаты 4:14).
Ехоба Құдай бізді күнәнің зардабы мен мәңгілік ажалдың құрсауынан босату үшін қам жасады. Ол өзінің сүйікті Ұлы Иса Мәсіхті көктен жер бетіне жіберді. Ол Адам ата сияқты кемелді болып туылды. Бірақ одан ерекшелігі — Иса пайғамбар өмірінде “ешбір күнә жасаған емес” (Петірдің 1-хаты 2:22). Ол кемелді, кінәратсыз адам болғандықтан, оған өлімнің әмірі жүрмеді. Сол себепті ол мәңгі өмір сүре алар еді.
Алайда Ехоба Құдай Иса пайғамбардың жауларының қолынан қаза табуына жол берді. Ал үш күннен кейін Құдай оны періште ретінде қайта тірілтті. Осылайша ол көп ұзамай қайтадан көкке орала алды. Ол жерде Иса Мәсіх Құдайдың алдына барып, Адам ата жоғалтқанды қайтару үшін соның төлемі ретінде өзінің кемелді өмірінің құнын ұсынды. Ехоба Құдай оның құрбандығын қабыл алып, Иса пайғамбарға сенгендерге мәңгі өмір сүруге жол ашты (Римдіктерге 3:23, 24; Жоханның 1-хаты 2:2).
Адам ата жоғалтқанды Иса пайғамбар, былайша айтқанда, ақысын төлеп, қайтарып алды. Біз мәңгі өмір сүре алуымыз үшін ол өлімге бас тікті. Киелі кітапта осы жайлы: “Құдайдың рақымының арқасында ол күллі адамдар үшін өлді”,— деп жазылған (Еврейлерге 2:9).
Мұндай шара Ехоба жайлы көп нәрсені аян етеді. Ол орнатқан әділдіктің жоғары талаптарына сай, кемелсіз адамдар өздерін күнәнің құлдығынан құтқаруға дәрменсіз еді. Сондықтан өзіне қаншалықты қиынға соқса да, Құдайдың адамзатқа деген сүйіспеншілігі мен мейірімділігі өз талабын орындауға талпындырды. Ол өзінің сүйікті рухани Ұлын төлем ретінде беріп, Адам ата жоғалтқан кемелді өмірдің құнын өтеді (Римдіктерге 5:6—8).
Иса пайғамбар қайта тірілді, басқалар да тіріледі
“Мәсіх өлім ұйқысындағылардың алғашқысы болып тірілді. Өлім адам арқылы келді, қайта тірілу де адам арқылы болады. Адам атамен байланыстағылардың бәрі өлетініндей, Мәсіхпен байланыстағылардың бәрі тіріледі” (Қорынттықтарға 1-хат 15:20—22).
Иса пайғамбардың өмір сүргенінде және өлгенінде еш күмән жоқ. Алайда оның қайта тірілгенін көрсететін қандай дәлелдер бар? Бұлтартпас дәлелдердің біріне қайта тірілген Исаны көп адамның көргенін жатқызуға болады. Бұл әртүрлі кезде және әртүрлі жерде орын алған. Бірде ол 500-ден аса адамға көрінді. Пауыл Қорынт қаласындағы бір сенімдегі бауырластарына арнаған хатында осы жайлы жазып, куә болғандардың кейбірі араларында жүргендерін айтқан. Мұнысымен ол сол бауырластардың көріп-естігендері жайлы куәлік бере алатындарына меңзеген (Қорынттықтарға 1-хат 15:3—8).
Бір көңіл қоярлық жайт — Пауыл Иса Мәсіхтің өлім ұйқысынан “алғашқы” болып тірілгенін айтқанда, кейіннен басқалардың да тірілетінін сөз еткен. Исаның өзі де “қабірдегілердің бәрі” шығатын кез келетінін айтқан (Жохан 5:28, 29).
Мәңгі өмір сүру үшін Иса пайғамбарға сенуіміз керек
“Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын құрбан етті. Енді оған сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие бола алады” (Жохан 3:16).
Киелі кітаптың алғашқы беттерінде өлімнің қалай бастау алғаны және Адам мен Хауаның қалай пейіш бағынан айырылып қалғаны баяндалады. Ал соңғы беттерінде өлімнің ауыздықталып, Құдайдың жер бетін қайтадан жұмаққа айналдыратыны сөз етіледі. Сол кезде адамдар мәңгілік бойы бақытты да мағыналы өмір кешеді (Аян 21:4). Бұған еш күмәнданбасақ болады, өйткені Киелі кітапта: “Бұл сөздер сенуге тұрарлық әрі шынайы”,— делінген. Иә, Ехоба Құдайдың уәде еткен нәрселерін орындауға құдіреті әбден жетеді.
Сіз “бұл сөздердің сенуге тұрарлық әрі шынайы” екеніне сенесіз бе? Олай болса, Иса пайғамбар жайлы көбірек білім алып, оған сенгеніңіз абзал. Осылай істесеңіз, Ехоба Құдайдың ықыласына ие боласыз. Сіз бүгінгі таңда оның көл-көсір баталарына ие болумен қатар, “өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайтын” жердегі жұмақта мәңгі өмір сүру үмітіне ие боласыз.