НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ЖЕМҚОРЛЫҚТАН АЗАТ ҮКІМЕТ
Құдай Патшалығы — жемқорлықтан азат үкімет
“Қанша дегенмен, мемлекеттік қызметкерлер де біз сияқты қоғамның кәдімгі азаматтары”. Бұл — Никарагуа бас аудиторының мемлекет ішіндегі жемқорлықты неліктен ауыздықтау мүмкін еместігін түсіндірген кезінде айтқан сөзі.
Адамзат қоғамында жемқорлық жайласа, сол қоғамның ажырамас бөлігі болып табылатын үкімет жемқорлықтан азат болады деп күту қисынсыз, солай емес пе? Ендеше жемқорлықтан азат үкімет адамзат қоғамынан тыс жерде болу керек. Киелі кітапта дәл сондай үкіметтің бар екені айтылған. Ол Құдай Патшалығы деп аталады. Кезінде Иса пайғамбар ізбасарларына сол үкімет жайлы дұға етуді үйреткен (Матай 6:9, 10).
Құдай Патшалығы — көктен билік ететін шынымен бар үкімет. Болашақта ол барлық адамзат үкіметтерінің орнын басады (Зәбүр 2:8, 9; Аян 16:14; 19:19—21). Оның адамзатқа төгетін баталарының бірі — сыбайлас жемқорлықты түптамырымен жоятыны. Төменде бұған кепілдік беретін Патшалықтың алты ерекшелігі келтірілген.
1. БИЛІК КӨЗІ
МӘСЕЛЕ: Адамзат үкіметтерін азаматтары қаржыландырып отырады. Олар мемлекетке алым-салық пен міндетті төлемдер төлейді. Кейбір лауазымды қызметкерлер лек-легімен түсіп жатқан осындай қаржыға қол сұғуға азғырылып жатады. Басқа біреулері мемлекетке тиесілі салық пен төлемнің мөлшерін азайтқысы келген азаматтардың берген парасын алады. Осыдан келесідей тұйық шеңбер қалыптасады: кеткен шығынның орнын толтыру үшін үкімет салықтың мөлшерін көтереді, ал бұл жемқорлықтың көбеюіне сеп болады. Сөйтіп, екі ортада адал да шыншыл адамдар жапа шегіп жатады.
ШЕШІМІ: Құдай Патшалығындағы билік Құдіреті шексіз Құдай Ехобадан * келеді (Аян 11:15). Бұл үкімет билік құруы үшін алым-салықты қажет етпейді. Қайта, Құдайдың “ғаламат зор күші” мен риясыз жомарттығының арқасында аталмыш үкімет өз азаматтарының мұқтажын молынан қанағаттандыратын болады (Ишая 40:26; Зәбүр 145:16).
2. БИЛЕУШІ
МӘСЕЛЕ: Алдыңғы мақалада сөзі келтірілген Сьюзан Роуз-Акерман жемқорлықпен күресуді “жоғары жақтан бастау керектігін” айтады. Адамзат үкіметтері полиция мен кеден қызметкерлерінің арасындағы жемқорлықты тұсаулауға тырысып, бірақ жоғары лауазымды тұлғалар арасындағы парақорлыққа көз жұматын болса, халықтың сенімінен құралақан қалмақ. Ең адал деген басшының өзі пендешілікке бой алдырады. Киелі кітапта айтылғандай, “жер бетінде әрдайым жақсылық жасайтын әділ адам жоқ” (Уағыздаушы 7:20).
Иса пайғамбар дүниедегі ең қомақты парадан бас тартқан
ШЕШІМІ: Құдай өз Патшалығының Билеушісі етіп Иса Мәсіхті тағайындаған. Иса пайғамбар күнәкар пенделер сияқты емес, ол ешқашан бұрыс нәрсені істемейді. Мысалы, бірде оған Шайтан дүниедегі ең қомақты параны, атап айтсақ, “әлемнің барлық патшалықтары мен олардың сән-салтанатын” ұсынған болатын. Осындай пара беру арқылы ол Иса пайғамбарды өзіне бір рет табындырмақ болды. Бірақ аққа жақ Иса пайғамбар бұдан бас тартты (Матай 4:8—10; Жохан 14:30). Қиналып өлейін деп жатқан шағында да ол мінсіз болуға бел байлаған. Сондықтан ауырсынуын басатын, бірақ ақыл-естен айыратын сұйықтықты ішуден бас тартты (Матай 27:34). Құдайдың Иса пайғамбарды көктегі өмірге тірілткені оның Патшалықтың билеушісі болуға әбден лайық екенін дәлелдейді (Філіпіліктерге 2:8—11).
3. ТҰРАҚТЫЛЫҚ
МӘСЕЛЕ: Көптеген елде сайлау өткізіліп тұрады. Осылай халық дауыс беру арқылы парақор шенеуніктердің орнына адал адамдарды таңдағылары келеді. Бірақ, шындығына келгенде, сайлау науқандары мен сайлаудың өзі, тіпті дамыған елдерде де, жемқорлықтың өршуіне мұрындық болып жатады. Науқанға қаржылай және басқалай да қолдау көрсету арқылы қалталы адамдар қазіргі және болашақ шенеуніктердің сайлануына жанама түрде ықпал етуі мүмкін.
АҚШ-тың Жоғарғы Сотының судьясы Джон Пол Стивенс мұндай ықпалдың “Үкіметтің заңдылығы мен сапасына ғана емес, азаматтардың үкіметке деген сеніміне де” кері әсер ететінін айтады. Олай болса, дүниежүзі бойынша көптеген адамның неліктен саяси партияларды барлық мемлекеттік институттардың ішіндегі ең парақоры деп ойлайтыны түсінікті.
ШЕШІМІ: Құдайдың Патшалығы, яғни үкіметі, тұрақты әрі мәңгілік болғандықтан, сайлау науқанымен немесе сайлаумен байланысы бар алаяқтықтың көзін құртады (Даниял 7:13, 14). Патшалықтың Билеушісін Құдайдың өзі тағайындаған. Сондықтан бұл үкімет адамдардың дауыс бергенін қажет етпейді, әрі оны ешкім орнынан ығыстыра алмайды. Құдай үкіметінің тұрақты болғаны оның жасаған іс-шаралары әрдайым азаматтарына ұзақ игіліктер әкелетініне кепілдік береді.
4. ЗАҢДАР
МӘСЕЛЕ: Бір қарағанда, мемлекет жаңа заңдар қабылдаса, жағдай жақсаруы мүмкіндей көрінер. Алайда, мамандардың айтуынша, жаңа заңдар көбейген сайын, жемқорлықтың белең алуына жол ашыла түседі. Оның үстіне, жемқорлықты азайтуға бағытталған заң енгізудің өзі жиі қымбатқа түседі, ал пайдасы шамалы болып жатады.
ШЕШІМІ: Құдай Патшалығының заңдары адамзат үкіметтерінің заңдарынан әлдеқайда артық. Мәселен, Иса пайғамбар “болады, болмайды” деген ұзын сонар ережелер бермей, олардың бәрін “алтын ереже” деп аталатын бір ғана ережеге сыйдырған. Ол былай деген: “Барлық істе басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер” (Матай 7:12). Көңіл қоятын бір жайт — Құдай Патшалығы орнатқан заңдарда адамның ниетіне де, іс-әрекетіне де үлкен мән беріледі. Мысалы, Иса пайғамбар: “Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй”,— деген (Матай 22:39). Әрине, адамның жүрегін көре алатын Құдай осындай заңдарды орындауға өзі жәрдем береді (Самуилдің 1-жазбасы 16:7).
5. НИЕТ
МӘСЕЛЕ: Жемқорлыққа итермелейтін нәрсе — ашкөздік пен өзімшілдік. Әдетте мемлекет қызметкерлері мен азаматтары осындай жағымсыз қасиеттерге бой алдырып жатады. Алдыңғы мақалада сөз етілген Сеул қаласындағы қираған әмбебап дүкенін еске түсірер болсақ, мемлекет қызметкерлері мердігерлер ұсынған параны алған. Осылай мердігерлер құрылыс талабына сай келмейтін материалдар мен әдіс-тәсілдерді қолданып, көп шығыннан қашқысы келген.
Ендеше, жемқорлықтың тамырына балта шабу үшін, адамдар ниеттерін түзетіп, бойларына сіңген ашкөздік пен өзімшілдік сияқты қасиеттерден арылуды үйрену қажет. Алайда адам ниетін түзетуге бағытталған ағарту ісін
жүргізуге адамзат үкіметтерінің қалауы да, қабілеті де шамалы.ШЕШІМІ: Құдай Патшалығы адамдарға бұрыс пиғылдарын түзетуді үйрету арқылы жемқорлықты түптамырымен жоя алады *. Мұндай білім оларға “ой-саналарын әрекетке талпындыратын күшті жаңартуға” көмектеседі (Ефестіктерге 4:23). Олар ашкөздік пен өзімшілдікті қанағат пен өзгелердің қамын ойлау сияқты қасиеттерге жеңдіруді үйренеді (Філіпіліктерге 2:4; Тімөтеге 1-хат 6:6).
6. АЗАМАТТАР
МӘСЕЛЕ: Тіпті жақсы ортада тұрып, құлықтылық жағынан жақсы білім алса да, кейбіреулер арам және парақор болуды жөн көреді. Мамандардың айтуынша, адамзат үкіметтерінің жемқорлықты жоюына кедергі жасайтын да — осы. Адамдар ең болмағанда жемқорлықтың көлемі мен залалын азайтамыз деп үміттенеді.
ШЕШІМІ: Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының мәлімдеуінше, жемқорлықпен күресу үшін үкіметтер “шыншылдық, адалдық және жауапкершілік” сияқты қасиеттерді танытуға түрткі салу керек. Әрине, бұл — игі мақсат. Алайда Құдай Патшалығы бұл қасиеттерді танытуға түрткі салып қана қоймай, азаматтарынан оларды танытуды талап етеді. Киелі кітапта ашкөздер мен өтірікшілердің Құдай Патшалығының азаматы болуға лайық емес екені айтылған (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11; Аян 21:8).
Ертедегі Құдай қызметшілерінің мысалынан адамдар жоғары құлықтылық қасиеттерді ұстануды үйрене алатынын көруге болады. Бірде Шимон есімді кісі Иса пайғамбардың ізбасарларынан Құдайдың мейір-шапағатын сатып алмақ болады. Бірақ олар пара алудан бас тартып, оған: “Осы жаман ісіңе өкін”,— дейді. Сонда пиғылының бұрыс та қауіпті екенін түсінген Шимон ізбасарлардан өзі үшін Құдайға сиынып, бұрыс пиғылынан арылуға көмектесуді сұрайды (Елшілердің істері 8:18—24).
ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫНЫҢ АЗАМАТЫ БОЛУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Кез келген ұлттың өкілі Құдай Патшалығының азаматы бола алады (Елшілердің істері 10:34, 35). Бұл үшін не істеуге болатынын Құдай үкіметі дүниежүзі бойынша жүргізіп жатқан ағарту ісінен біле аласыз. Ехоба куәгерлері үй жағдайында Киелі кітапты қалай зерттеуге болатынын қуана-қуана көрсетеді. Бұл үшін аптасына 10 минут уақыт бөлсеңіз жеткілікті. Зерттеу барысында “Құдай Патшалығы туралы ізгі хабар” жайлы және осы үкіметтің жемқорлықты қалай түптамырымен жоятыны жөнінде де көбірек біле аласыз (Лұқа 4:43). Сізді жақын маңда тұратын Ехоба куәгерлерімен байланысуға немесе jw.org сайтына кіруге шақырамыз.
^ 8-абзац Ехоба — Киелі кітапта жазылған Құдайдың есімі.
^ 22-абзац Мысалы, “Жемқорлық жайлаған дүниеде адал болу мүмкін бе?” деген мақаланы оқып көріңіз. (“Күзет мұнарасы” (ор.), 2012 жыл, 1 қазан).