Киелі кітап. Сұрақтар мен жауаптар
Иса пайғамбар шынымен де адамдарды тірілткен бе?
Киелі жазбаларда Иса пайғамбардың қайтыс болып кеткен адамдарды қайта тірілткені жайлы жазылған. Бұл оқиғалар аңыз емес, өйткені олар белгілі бір жерде және уақытта орын алған. Мысалы, б. з. 31 жылы Исаға көп халық еріп, Қапарнаумнан Наин қаласына келе жатты. Қалаға жете бергенде олар жерлеу рәсіміне бара жатқан басқа бір топ адамды кездестірді. Сол кезде Иса қайтыс болған адамды өлімнен қайта тірілтті. Сіз бұл оқиғаның болғанына толықтай сенімді бола аласыз. Өйткені ол Құдай Сөзі Киелі кітапта жазылған, әрі бұл оқиғаның болғанына көптеген адам куә болған (Лұқа 7:11—15 оқыңыз).
Сондай-ақ Иса пайғамбар қайтыс болғанына төрт күн өткен Елазар есімді досын тірілткен. Бұл оқиғаның да шынымен орын алғанына сенімді болсаңыз болады. Себебі көптеген адам бұл кереметті көрген (Жохан 11:39—45 оқыңыз).
Неге Иса пайғамбар адамдарды қайта тірілткен?
Адамдарды қайта тірілтуге Исаны жанашырлық талпындырған. Сонымен қатар ол қайта тірілту арқылы өмірге бастау берген Құдайдың өзіне өлімнің үстінен билік бергенін де көрсеткен (Жохан 5:21, 28, 29 оқыңыз).
Исаның ертеректе адамдарды қайта тірілткені болашаққа қатысты айтқан уәделерінің орындалатынына деген сенімділік береді. Ол сансыз көп адамды, олардың арасында әділетсіздерді де, яғни шынайы Құдай жайлы білмей өмірден өткен адамдарды да, қайта тірілтеді. Мұндай адамдарға Ехоба Құдай жайлы білуге және оған деген сүйіспеншілік дамытуға мүмкіндік берілетін болады (Елшілердің істері 24:15 оқыңыз).