Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Киелі кітап. Сұрақтар мен жауаптар

Киелі кітап. Сұрақтар мен жауаптар

Неге Құдайға дұға етуіміз керек?

Ехоба Құдай бізді уайымдататын жайттар жайлы өзіне үнемі әрі еш қысылмай айтқанымызды қалайды (Лұқа 18:1—7). Ол біздің қамымызды ойлайтындықтан, дұғаларымызды тыңдайды. Егер көктегі Әкеміздің өзі бізді дұға етуге мейірімділікпен шақырып жатса, неге оның шақыруын қабыл алмасқа? (Філіпіліктерге 4:6 оқыңыз).

Дұға ету Құдайдан көмек сұрауды ғана білдірмейді. Дұға бізге Құдайға жақындай түсуге көмектеседі (Забур 8:4, 5). Егер ішіміздегіні жүйелі түрде Құдайға ақтарып айтатын болсақ, онымен жақын достық қарым-қатынас дамыта аламыз (Жақып 4:8 оқыңыз).

Қалай дұға етуіміз керек?

Дұға еткенде Құдай біздің көркем сөздерді қолданғанымызды не жаттанды сөздерді қайталай бергенімізді қаламайды. Сондай-ақ ол дұға айтқанда денені белгілі бір қалыпта ұстауды да талап етпейді. Керісінше, Ехоба бізді шын жүректен дұға етуге шақырады (Матай 6:7). Мысалы, ежелгі исраилдіктердің арасында өмір сүрген Ханна есімді әйел отбасындағы қиындықты шешуге қатысты көмек сұрап, дұға еткен. Кейіннен оның қайғысы қуанышқа ұласқанда, Ханна шын жүректен дұға айтып, Құдайға ризашылығын білдірген (Патшалықтар 1-жазба 1:10, 12, 13, 26, 27; 2:1 оқыңыз).

Дұға ету — бізге берілген керемет мәртебе. Өйткені біз Жаратушымызға өз уайымымыз жайлы айта аламыз. Бұған қоса, оны мадақтап, істеп жатқан жақсылықтары үшін ризашылығымызды білдіре аламыз. Осындай бағалы мәртебеге немкетті қарап кетпегеніміз қаншалықты маңызды десеңізші! (Забур 144:14—16 оқыңыз).