Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Не нәрсеге сенетініңіз маңызды ма?

Не нәрсеге сенетініңіз маңызды ма?

Не нәрсеге сенетініңіз маңызды ма?

“Шындықты біле түсесіңдер, ал шындық сендерді азат етеді” (ЖОХАН 8:32).

КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ шындық Иса жайлы шатастыратын, бұрмаланған ілімдерден арылта алады. Десе де Исаны кім деп танитынымыз маңызды ма? Иә, маңызды. Мұның Ехоба Құдай, Иса Мәсіх және өзіміз үшін де зор мәні бар.

Ехоба Құдай үшін қандай маңызы бар? “Құдай — сүйіспеншілік” болғандықтан, ол біздің мәңгі бақытты өмір сүргенімізді қалайды (Жоханның 1-хаты 4:8). Иса былай деген: “Құдай дүниені сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын берді. Ол мұны Ұлына сенген әркім... мәңгілік өмірге ие болсын деп істеді” (Жохан 3:16). Ехоба Құдай адамзатты күнәдан құтқарып, о бастағы ниетіне сай, жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүруге мүмкіндік беру үшін Ұлын құрбандыққа берген (Жаратылыс 1:28). Ұлы жайлы шындықты біліп, соған сай өмір сүргісі келетіндердің бәріне ол мәңгілік өмір сыйын дайындап қойды (Римдіктерге 6:23).

Иса үшін қандай маңызы бар? Иса да адамзатты жақсы көреді. Ол жанқияр сүйіспеншілік танытып, өз өмірін біз үшін құрбан етті (Жохан 15:13). Иса адамзатты құтқарудың жалғыз жолы осы екенін түсінетін (Жохан 14:6). Оның мүмкіндігінше көп адамның төлем құрбандығына сенім білдіргенін қалайтыны шүбәсіз. Сол себептен де ол шынайы шәкірттеріне күллі халықтарға барып, Құдайдың еркі мен ниеті жайлы жариялауды тапсырған (Матай 24:14; 28:19, 20).

Біз үшін қандай маңызы бар? Бір сәтке тоқтап, өзіңіз үшін маңызды нәрселер — денсаулығыңыз бен отбасыңыз — жайлы ойланып көріңізші. Өзіңіздің де, жақсы көретін адамдарыңыздың да денсаулықтары мықты болып, бақытты өмір кешкендерін қалайсыз ба? Ехоба Құдай Исаның төлем құрбандығының арқасында өзіңізге және отбасыңызға ауру мен қайғы-қасірет болмайтын жаңа дүниеде мәңгі өмір сүру мүмкіндігін ұсынып отыр (Забур 36:11, 29; Аян 21:3, 4). Сіз осындай жерде өмір сүруді қалайсыз ба? Қаласаңыз, бұл үшін бір нәрсе істеуіңіз қажет.

Тақырыптың астында келтірілген тармаққа тағы да назар аударыңызшы: “Шындықты біле түсесіңдер, ал шындық сендерді азат етеді”. Исаның Құдай ниетіндегі рөлі жайлы шындық бізді ең жаман құлдықтан, күнә мен өлімнің құлдығынан, құтқара алады. Алайда бұл үшін сіз шындықты біле түсуіңіз керек. Жақындарыңызбен бірге оның қандай пайдасын көре алатыныңыз жайлы неге көбірек білмеске? Бұл орайда Ехоба куәгерлері сізге қуана-қуана көмектеседі.