Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді

Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді

Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді

МӘСІХШІЛЕРДІҢ отбасында тәрбие алған ер кісіні бала кезіндегі дініне қайта оралуға не талпындырды? Әкенің сүйіспеншілігін аңсап өскен бір ер адам қамқор әкені қалай тапты? Бұл кісілердің өздері жайлы не дейтініне назар аударайық.

“Мен Ехобаға қайта оралуды шештім”. ЕЛИ ХАЛИЛ

ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1976

ЕЛІ: КИПР

БҰРЫНДА: ЖАСӨСПІРІМ КЕЗІНДЕ ҮЙІНЕН КЕТІП ҚАЛДЫ

ӨМІРБАЯНЫМ: Мен Кипрде дүниеге келдім, бірақ балалық шағым Австралияда өтті. Ехоба куәгерлері болғандықтан ата-анам Ехобаға және оның Сөзі Киелі кітапқа деген сүйіспеншілігімді ояту үшін барларын салды. Алайда жасөспірім кезімде мен оларға қарсы шыға бастадым. Түнде үйден жасырын кетіп қалып, бұзық балаларға қосылып жүрдім. Біз біреулердің көлігін ұрлап, түрлі қиындықтарға тап болып жататынбыз.

Алғашында мен ата-анамның көңілін қалдырамын деп қорыққандықтан бәрін жасырын істейтінмін. Бірақ кейіннен бұлай етуден де қалдым. Содан, Ехобаны жақсы көрмейтін, өзімнен әлдеқайда үлкен адамдармен достасып, олардың жаман ықпалына беріліп кеттім. Ақырында, ата-анама бұдан былай олардың діни ұстанымдары бойынша өмір сүргім келмейтінімді айттым. Олар маған шыдамдылықпен көмектесуге тырысты, бірақ мен олардың ырқына көнбедім. Бұл ата-анама өте ауыр тиді.

Содан мен үйден кетіп қалып, азғын өмір сүре бастадым және түнгі клубтардан шықпайтынмын. Оның үстіне, есірткі қабылдайтын болдым. Тіпті өзім марихуана өсіріп, оны үлкен көлемде сатып жүрдім. Сондай-ақ мен тым ашушаң болып кеттім. Біреудің сөзі не ісі ұнамай қалса, айқайға басып, жұдырығымды ала жүгіретінмін. Қысқасын айтқанда, ата-анамның мәсіхші ретінде істеме деген нәрсесінің бәрін істейтінмін.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ: Мен бір нашақор жігітпен достасып кеттім. Ол кішкентай кезінде әкесінен айырылған болатын. Біз жиі түннің бір уағына дейін сөйлесетінбіз. Бір күні ол ішіндегісін ақтарып, әкесін қатты сағынып жүргенін айтты. Қайта тірілу туралы үмітті біліп өскен мен Иса туралы айта бастадым. Оның өлілерді қайта тірілткенін және болашақта жақындарымызды қайта тірілтуді уәде еткенін айтып бердім (Жохан 5:28, 29). Мен оған: “Әкеңмен қауышатын кезіңді елестетіп көрші. Барлығымыз жердегі жұмақта мәңгі өмір сүретін боламыз”,— дедім. Бұл сөздер оған қатты әсер етті.

Басқа бір жолы ол үштік ілімі мен соңғы күндер жайлы тақырыптарды қозғады. Мен оның Киелі кітабын алып, Ехоба Құдай, Иса Мәсіх және соңғы күндер туралы шындық жазылған тармақтарды көрсеттім (Жохан 14:28; Тімөтеге 2-хат 3:1—5). Досыма Ехоба жайлы көбірек айтқан сайын, өзім де ол жайлы жиі ойланатын болдым.

Ата-анамның маңдай терімен еккен шындық тұқымы жүрегімнің түбінде жатқан еді. Ол бірте-бірте өсіп, бой көрсете бастады. Мысалы, кейде достарыммен бірге есірткі қабылдап, көңіл көтеріп жүргенімде, кенеттен Ехобаны есіме алатынмын. Достарымның көбісі Құдайды жақсы көреміз деп ауыздарымен айтқанмен, істері мүлдем басқа нәрсені көрсететін. Мен оларға ұқсағым келмеді, сондықтан не істеуім керектігін анық білдім. Мен Ехобаға қайта оралуды шештім.

Көп өзгерістер жасауым керектігін түсінгенмен, олардың кейбірін істеу маған оңайға соқпады. Мысалы, қауым ақсақалымен Киелі кітапты зерттеу сабағын бастап, есірткі мен бұрынғы достарымды тастау мен үшін қиын емес еді. Алайда ашуымды жүгендеу үшін біраз күш салуыма тура келді. Ұстамды болуға қанша тырыссам да, ашуға бой алдырып, артынан өкініп жататынмын. Содан, салым суға кетіп, менімен Киелі кітапты зерттейтін ақсақалдан көмек сұрайтынмын. Ол шыдамдылық пен мейірімділік танытып, мені үнемі жігерлендіріп отыратын. Бірде ол маған “Күзет мұнарасы” журналындағы табандылықтың маңыздылығы жайлы мақаланы оқуға кеңес берді a. Екеуіміз отырып, ашуланған кездері не істеуіме болатынын қарастырдық. Мақаладағы кеңестерді есте ұстап, Ехобаға талмай дұға еткенімнің арқасында бірте-бірте ашуымды жүгендей бастадым. Сөйтіп, 2000 жылдың сәуір айында Ехоба куәгері ретінде шомылдыру рәсімінен өттім. Сонда ата-анам қалай қуанды десеңдерші!

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ: Тәнімді есірткі мен азғындықпен арамдамайтынымды білгендіктен қазір жаным тыныш, ар-ұжданым да таза. Жұмыс істегенде, қауым кездесуіне барғанда, көңіл көтергенде не басқа да нәрселерді істегенде, өзімді әлдеқайда бақытты сезінемін. Менің өмірге деген қызығушылығым артты.

Ата-анамның менен ешқашан үміт үзбегендері үшін Ехобаға мың да бір рақмет айтамын. Мен Иса пайғамбардың Жохан 6:44-гі: “Мені жіберген Әкем жақындатып тартса ғана, адам маған келе алады”,— деген сөздерін жиі еске аламын. Иә, Ехобаның мені өзіне қайта жақындатып тартқанының арқасында оған орала алдым. Осы жайында ойланғанда, бір масаттанып қаламын.

“Әкемнің болғанын аңсадым”. МАРКО АНТОНИО АЛЬВАРЕС СОТО

ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1977

ЕЛІ: ЧИЛИ

БҰРЫНДА: ХЭВИ-МЕТАЛ ТОБЫНЫҢ МҮШЕСІ БОЛҒАН

ӨМІРБАЯНЫМ: Мен оңтүстік Американың қиыр оңтүстігіндегі Магеллан бұғазында орналасқан Пунта-Аренас деген әсем қалада дүниеге келдім. Анам мені жалғыз өзі тәрбиелеп өсірді. Бес жасымда ата-анам ажырасып кеткендіктен, өзімді тастанды баладай сезініп, өмір бақи әкемнің болғанын аңсадым.

Анам Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттейтін және мені Патшалық сарайында өтетін қауым кездесулеріне алып баратын. Алайда мұндай кездесулерді суқаным сүймегендіктен, жиі бұлқан-талқаным шығып баратынмын. Ал 13-ке толғанда кездесулерге мүлдем бармай қойдым.

Сол уақыттары менің музыкаға деген құштарлығым оянып, өзімнің бұл салада дарыным бар екенін түсіндім. 15 жасымда жеке отырыстарда, барларда және мейрам күндері хэви-метал бағытындағы әндерді орындайтын болдым. Кейіннен дарынды музыканттармен араласып, классикалық музыкаға қызыға бастадым. Содан, өзім тұратын жердегі консерваторияға түстім. Ал 20-ға келгенде оқуымды жалғастыру үшін ел астанасы Сантьягоға көшіп бардым. Сол уақыттары хэви-метал топтарында әлі де ойнап жүрдім.

Маған өмірім қашанда мағынасыз болып көрінетін. Сондықтан көңіліме алданыш іздеп, отбасым деп санаған топтағы жігіттермен бірге мас болғанша ішетінмін және есірткі қабылдайтынмын. Бойымдағы бүлікшіл рух сырт келбетімнен анық көрінетін: үнемі қара түсті киім киіп, сақал қоятынмын, ал шашым беліме дейін түсіп тұратын.

Содан, төбелестен көз ашпай, тәртіп сақшыларының қолына жиі түсіп жүрдім. Бірде ішіп алған кезімде есірткі сататын бір топ адамға бізге тиіскендері үшін тап бердім. Олар мені соққыға жығып, жағымды сындырды.

Алайда маған ең ауыр тигені жақын адамдарымның сатқындығы еді. Бірде жүріп жүрген қызымның ең жақын досыммен көңілдес екенін біліп қойдым. Мұны достарымның бәрі білсе де, менен жасырып жүрген екен. Бұл маған төбеме жай түскендей әсер етті.

Содан, Пунта-Аренасқа қайта оралып, сол жерде ән-күй сабағынан дәріс беріп жүрдім әрі виолончельде ойнап жұмыс істедім. Бұған қоса, хэви-метал топтарымен бірге концерт беріп, студияда ән жазып жүрдік. Мен Сюзан деген бір сүйкімді қызбен таныстым, содан екеуіміз бірге тұра бастадық. Уақыт өте келе Сюзан анасының үштік құдайға сенетінін, ал менің оған сенбейтінімді байқады. Сонда ол: “Қайсыңдікі дұрыс?”— деп сұрады. Мен оған үштік ілімнің өтірік екенін, бірақ мұны Киелі кітап бойынша дәлелдеп бере алмайтынымды айттым. Алайда Ехоба куәгерлерінің Киелі кітаптағы шындықты көрсетіп бере алатындарын түсіндірдім. Сосын көп жылдар бойы істемеген нәрсені істедім: Құдайға дұға етіп, маған көмек беруін сұрадым.

Содан, бірер күннен кейін жүзі таныс бір ер кісіні кездестіріп қалдым. Оның Ехоба куәгері екенін білген соң, Патшалық сарайында өтетін қауым кездесулері жайлы сұрастыра бастадым. Ол менің сырт келбетімнен айтарлықтай сескеніп қалды, десе де сұрақтарыма ілтипатпен жауап берді. Құдайдың дұғама осылай жауап бергеніне сенімді болған мен Патшалық сарайына барып, ешкім байқамас үшін ең соңғы қатарға барып отырдым. Алайда көбісі мені бала кезімде көргендіктен, бірден танып қойды. Олар менімен амандасып, ыстық құшақтарына алғанда, жүрегім жылып, жаным жай тапқандай болды. Мен өзімді үйге оралғандай сезіндім. Содан кішкентай кезімде менімен Киелі кітапты зерттеген бауырластан зерттеу сабағын қайта бастауды өтіндім.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ: Бірде Нақыл сөздер 27:11-гі “Балам, парасатты бол — мені қуантасың” деген сөздерді оқыдым. Жұмыр басты пенденің ғаламның Жаратушысын қуанта алатыны мені қатты таңғалдырды. Сонда өмір бойы іздеген Әкемнің Ехоба Құдай екенін түсіндім!

Мен көктегі Әкемнің еркін орындап, көңілінен шыққым келді, алайда есірткі мен ішімдіктің құлдығынан босай алмай жүрдім. Бірде Исаның Матай 6:24-гі “Ешкім екі қожайынға бірдей құл бола алмайды” деген сөздері санама жетті. Осы кеңесті орындауға Қорынттықтарға 1-хат 15:33-гі “Жаман орта жақсы әдеттен айырады” деген принцип көп көмектесті. Мен бұрынғы ортада, бұрынғы достарыммен бірге уақыт өткізуді доғармасам, жаман әдеттерімнен арыла алмайтынымды түсіндім. Киелі кітаптағы кеңес мен үшін айдан анық еді: кедергі болатын нәрселерден арылу үшін батыл қадамдар жасауым керек-тін (Матай 5:30).

Музыкаға тым әуес болғандықтан хэви-металды тастау мен үшін қиынның қиыны болды. Алайда қауымдағы достарымның арқасында одан біржола бас тарттым. Сондай-ақ ішімдік пен есірткіні де тастадым, шашымды қиып, сақалымды алдым және қара киім киюді қойдым. Сюзанға шашымды қиғалы жатқанымды айтқанда, ол таңғалып: “Мен де Патшалық сарайына барып, онда не істейтіндеріңді көрейінші!”— деді. Содан, оған қауым кездесуі ұнап, көп ұзамай ол Киелі кітап зерттеу сабағын бастады. Сюзан екеуіміз заңды некеге тұрдық, ал 2008 жылы Ехоба куәгерлері ретінде шомылдыру рәсімінен өттік. Ехобаға анаммен бірге қызмет еткеніміз — біз үшін зор қуаныш.

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ: Мен осы дүниенің алдамшы қызығы мен доссымақтарынан құтылдым. Музыканы қазір де ұнатамын, алайда бұл ретте талғампаз болуға тырысамын. Басымнан талай нәрсені өткергендіктен жақындарыма және басқа да адамдарға, әсіресе қауым жастарына көп көмектесе аламын. Мен оларға осы дүниедегі нәрселер көз тартарлық болып көрінгенмен, ақыр соңында небәрі “қоқыс” болып шығатынын айтып түсіндіремін (Філіпіліктерге 3:8).

Мен сүйіспеншілік пен тыныштық орнаған қауымнан адал достар таптым. Ал ең бастысы — Ехоба Құдайға жақындап, өзім аңсаған Әкені таптым.

[Сілтеме]

a “Табандылық арқылы табысқа жету” (ор.) деп аталатын бұл мақала “Күзет мұнарасының” 2000 жылдың 1 ақпанындағы санының 4—6 беттерінде орналасқан.

[13-беттегі сөздер]

“Ехобаның мені өзіне қайта жақындатып тартқанының арқасында оған орала алдым”