Иса Мәсіх шын мәнінде кім?
Иса Мәсіх шын мәнінде кім?
“Жұрт мені кім деп жүр?” (ЛҰҚА 9:18).
АДАМДАРДЫҢ өзі жайлы түрлі пікірде екенін білгендіктен, Иса шәкірттерінен осылай деп сұраған. Алайда ел арасында ол жайлы жаңсақ пікірдің қалыптасуына еш негіз жоқ еді. Иса жұрт көзінен таса жүріп, жасырын әрекет етпеген. Қайта, ауылдар мен қалаларды аралап, халықтың арасында жүрген. Адамдардың өзі жайлы шындықты білгенін қалағандықтан, ол ел алдында уағыз айтып, тәлім берген (Лұқа 8:1).
Иса жайлы шындықты оның сөздері мен істері аян етеді. Бұл туралы Інжілге кіретін төрт жазбада — Матай, Марқа, Лұқа мен Жоханда — баяндалған. Аталмыш жазбалар Құдай рухының жетелеуімен жазылғандықтан, Иса жайлы сұрақтарымызға толыққанды жауап бере алады (Жохан 17:17).
СҰРАҚ: Иса тарихта болған адам ба?
ЖАУАП: Иә. Бірінші ғасырда өмір сүрген Иосиф Флавий мен Корнелий Тацит сияқты тарихшылар Исаны өз жазбаларында атап өткен. Бірақ бұдан да маңыздысы — Исаның ойдан шығарылған тұлға емес, тарихта болған адам екені Інжілдің өзінен анық көрінеді. Мысалы, онда оқиғалардың орын алған жері мен уақыты нақты әрі егжей-тегжейлі баяндалады. Айталық, Інжіл жазушыларының бірі Лұқа Исаның өз қызметін қай жылы бастағанын көрсету үшін сол кезде билік еткен жеті басшыны атап өткен. Ал бұл адамдардың тарихта болғанын басқа тарихшылардың еңбектері растайды (Лұқа 3:1, 2, 23).
Исаның тарихта болғандығының бұлтартпас дәлелдері жетіп артылады. “Исаның тарихи тұлға екенінің айғақтары” деген кітапта былай делінген: “Көптеген зерттеуші ғалымдардың назареттік Иса ретінде танымал болған адамның бірінші ғасырда өмір сүргенімен келісері сөзсіз”.
СҰРАҚ: Иса Құдай ма?
ЖАУАП: Жоқ. Иса ешқашан да өз дәрежесін Құдайдікімен тең санамаған. Керісінше, ол өзінің Ехоба a Құдайға бағынышты екенін жиі айтып отыратын. Мысалы, оның Ехобаға қатысты “Құдайым”, “жалғыз шынайы Құдай” деген сөздеріне назар аударайықшы (Матай 27:46; Жохан 17:3). Бұндай сөздерді біреуге бағынышты адам ғана айтады. Мұны жұмысшының жұмыс берушісін “бастығым” не “мекеменің меңгерушісі” деп атап, өз дәрежесінің төменірек екенін мойындауымен салыстыруға болады.
Сондай-ақ Исаның сөздерінен Құдай екеуінің бір тұлға емес екендігін де аңғаруға болады. Бірде ол өзіне күмән келтірген қарсыластарына былай деген: “Өздерің ұстанатын Мұса заңында “Екі адам куәлік етсе, істің шынайы болғаны” деп жазылған. Мен өзім туралы куәлік етемін, мені жіберген Әкем де мен туралы куәлік етеді” (Жохан 8:17, 18). Бұл сөздерден Иса мен Ехобаның екі бөлек тұлға екені анық көрінеді. Бұлай болмағанда, олар екі куәгер болып саналмас еді.
СҰРАҚ: Иса жай ғана жақсы адам болған ба?
ЖАУАП: Жоқ, ол ерекше тұлға болған. Құдай еркінің орындалуында Иса келесідей маңызды рөл атқарған:
● “Құдайдың жалғыз Ұлы” (Жохан 3:18). Иса өзінің шығу тегін жақсы білетін. Ол: “Мен көктен... келдім”,— деп түсіндірді (Жохан 6:38). Иә, оның өмірі жерге келерден ұзақ уақыт бұрын басталған. Иса Құдайдың ең алғашқы жаратылысы болған, ал қалған нәрселерді олар екеуі бірге жаратқан. Құдай тек Исаны ғана жалғыз өзі жаратқандықтан, ол “Құдайдың жалғыз Ұлы” деп аталуға құқылы еді (Жохан 1:3, 14; Қолостықтарға 1:15, 16).
● “Адам Ұлы” (Матай 8:20). Иса жиі өзін “Адам Ұлы” деп атайтын. Інжілде шамамен 80 рет кездесетін бұл тіркес Исаның адам кейпіндегі Құдай емес, кәдімгі адам болғанын көрсетеді. Құдайдың жалғыз Ұлы жер бетіне қалайша адам болып келді? Ехоба Ұлының өмірін киелі рухы арқылы яһудилік пәк қыз Мәриямның құрсағына салып, бойына бала бітірді. Осылайша Иса еш күнәсіз, кемелді адам болып дүниеге келді (Матай 1:18; Лұқа 1:35; Жохан 8:46).
● “Ұстаз” (Жохан 13:13). Иса Құдай “Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздау” мен тәлім беру ісінің Құдайдың өзіне жүктеген тапсырмасы екенін анық көрсеткен (Матай 4:23; Лұқа 4:43). Ол Құдай Патшалығының не екенін және оның Құдай еркін қалай орындайтынын анық та қарапайым етіп түсіндірген (Матай 6:9, 10).
● “Сөз” (Жохан 1:1). Иса Құдайдың өкілі ретінде қызмет етіп, адамдарға оның хабары мен басшылығын жеткізген (Жохан 7:16, 17).
СҰРАҚ: Иса уәде етілген Мәсіх пе?
ЖАУАП: Иә. Киелі кітапта Мәсіхтің келетіні алдын ала айтылған болатын. Мәсіх деген сөз “май жағу рәсімі жасалған” дегенді білдіреді. Осы уәде етілген Мәсіх Ехоба Құдайдың еркін орындауда басты рөл атқару керек-тін. Бірде самариялық әйел Исаға: “Мәсіх деп аталатын құтқарушының келетінін білемін”,— деген болатын. Сонда Иса оған: “Сенімен сөйлесіп тұрған мен — соның өзімін”,— деп ашық айтқан (Жохан 4:25, 26).
Алайда Исаның Мәсіх екенін растайтын қандай да бір айғақтар бар ма? Төменде келтірілген айғақтар үш топқа топтастырылған. Саусақтың іздері бір ғана адамға нұсқайтыны сияқты, бұлар да Мәсіхтің кім екенін тайға таңба басқандай анық көрсетеді. Ал Исаның өмірі осы “саусақ іздеріне” сай келе ме? Қарастырып көрейік.
● Шығу тегі. Киелі кітапта алдын ала айтылғандай, Мәсіх Ыбырайымның ұрпағы болып табылатын Дәуіттің әулетінен шығу керек еді (Жаратылыс 22:18; Забур 131:11, 12). Бұл расында да солай болып шықты (Матай 1:1—16; Лұқа 3:23—38).
● Орындалған пайғамбарлықтар. Еврей жазбаларында Мәсіхтің туылуы мен өлімін қоса алғанда, жалпы оның өміріне қатысты ондаған пайғамбарлықтар жазылған. Олардың барлығы Исада орындалды. Бұған оның Бетлехемде туылғаны (Миха 5:2; Лұқа 2:4—11), Мысырдан шақырып алынғаны (Ошия 11:1; Матай 2:15) және жазаланғанда ешбір сүйегі сындырылмағаны кірді (Забур 33:21; Жохан 19:33, 36). Мәсіхке қатысты осы және басқа да пайғамбарлықтар орындалу үшін Иса өз өмірін соларға сәйкестендіре салды деп айта алмайтынымыз анық b.
● Құдайдың өз куәлігі. Иса туылғанда, Құдай қойшыларға періштелерін жіберіп, Мәсіхтің дүниеге келгенін хабарлады (Лұқа 2:8—16). Ал Исаның қызметі барысында бірнеше рет көктен сөйлеп, оған риза екенін білдірді (Матай 3:16, 17; 17:1—5). Сондай-ақ Ехоба Құдай Исаға кереметтер жасау қабілетін беріп, оның Мәсіх екендігін тағы да көрсетті (Елшілердің істері 10:38).
СҰРАҚ: Иса не үшін азап шегіп, өлу керек болды?
ЖАУАП: Исаның ешбір күнәсі болған жоқ, сондықтан оның қылмыскер ретінде бағанаға шегеленіп, қорлықпен өлтірілуі нағыз әділетсіздік еді. Десе де ол солай болу керектігін білетін, сондықтан осындай азапқа дайын болды (Матай 20:17—19; Петірдің 1-хаты 2:21—23).
Пайғамбарлықтарға сай, Мәсіх адамзаттың күнәсін өтеу үшін азап шегіп, өлу керек еді (Ишая 53:5; Даниял 9:24, 26). Исаның өзі де “көптеген адамдар үшін жанын төлем ретінде беруге келгенін” айтты (Матай 20:28). Оның төлем құрбандығына сенгендер күнә мен өлімнің құлдығынан босап, жерде орнайтын жұмақта мәңгі өмір сүру мүмкіндігіне ие болады c (Жохан 3:16; Жоханның 1-хаты 4:9, 10).
СҰРАҚ: Иса шынымен де қайта тірілді ме?
ЖАУАП: Иә. Иса өзінің қайта тірілетініне сенімді болған (Матай 16:21). Алайда бір айта кетерлік жайт, Исаның өзі де, пайғамбарлықтарды жазған адамдар да Мәсіхтің өздігінен тірілетінін айтпаған. Иә, бұл ақылға қонбайтын жайт болар еді. Киелі кітапта: “[Құдай] оны тірілтіп, өлімнің құрсауынан босатты”,— делінген (Елшілердің істері 2:24). Құдайдың бар екеніне және оның күллі тіршілікті жаратқанына сенсек, өзінің рухани Ұлын тірілте алатынына да еш күмәніміз болмайды (Еврейлерге 3:4).
Исаның қайта тірілгендігінің қандай салмақты дәлелдері бар? Келесідей жайттарға назар аударыңызшы:
● Бұған көп адам куә болған. Исаның өлімінен кейін шамамен 22 жыл өткен соң, елші Пауыл оның қайта тірілуіне 500-ден аса адамның куә болғанын айтқан. Бір айта кетерлік жайт, Пауыл осы сөздерді жазғанда, әлгі куәгерлердің көбісі әлі дүниеден өтпеген еді (Қорынттықтарға 1-хат 15:6). Бір-екі куәгерді елемей кетуге болатын шығар, алайда 500 адамның куәлігін кім жоққа шығара алады?
● Сенімді куәгерлер. Мәселенің анық-қанығын Исаның алғашқы шәкірттерінен артық ешкім білмесе керек. Сол себепті де олар Исаның қайта тірілгенін батыл жариялаған (Елшілердің істері 2:29—32; 3:13—15). Иә, олар Исаның қайта тірілгеніне деген сенімдерін мәсіхшілік жолдың ажырамас бөлігі деп қарастырған (Қорынттықтарға 1-хат 15:12—19). Әлгі шәкірттер Исаға деген сенімдері үшін тіпті өлуге дайын болған (Елшілердің істері 7:51—60; 12:1, 2). Ойлап көріңізші, жалған нәрселер үшін олар өлімге бас тігер ме еді?
Біз Исаға қатысты алты маңызды сұрақтың Киелі кітапқа негізделген жауаптарын қарастырдық. Бұл жауаптар Исаның шын мәнінде кім екенін анық көрсетеді. Алайда мұның сіз үшін қандай мәні бар? Басқаша айтқанда, Исаны кім деп танитыныңыз қаншалықты маңызды?
[Сілтемелер]
a Киелі кітапта Құдайдың есімі Ехоба екені айтылған.
b Исаның өмірінде орындалған кейбір пайғамбарлықтарды “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” басылымының 200-бетінен қараңыз.
c Исаның төлем құрбандығының құндылығы жайлы көбірек мәліметті “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” басылымының 5-тарауынан қараңыз.