Отбасы бақытының сыры
Балалы болудың бейнеті мен зейнеті
Чарлз *: “Мэри екеуіміз қызымыз дүниеге келгенде қатты қуандық. Бірақ ол туылған соң алғашқы бірнеше ай бойы ұйқы көрмедім. Біз оны қалай бағып-қағатынымызды майда-шүйдесіне дейін жоспарлаған едік, алайда жоспарымыздың күлі көкке ұшты”.
Мэри: “Сәбилі болған соң, өз өміріме өзім ие бола алмай қалдым. Бар уақытым оны тамақтандырумен, жұбатумен және жаялық ауыстырумен өтетін. Осылайша өмірімізге үлкен өзгеріс енді. Чарлз екеуіміздің қарым-қатынасымыз қайта қалпына келгенше айлар өтті”.
БАЛА СҮЮ өмірдегі ең қуанышты жайттардың бірі екенімен көп адам келіседі. Киелі кітап балаларды Құдайдың “сыйы” деп атайды (Забур 126:3). Чарлз бен Мэри сияқты алғаш рет ата-ана болғандар бала дүниеге келгенде отбасында күтпеген өзгерістер болатынын да біледі. Мысалы, баласына емешегі езілген жас ананы баласының болар-болмас қажеттіліктеріне қаншалықты сезімтал болып кеткені таңғалдыруы мүмкін. Жас әке болса, әйелі мен сәбидің арасындағы ерекше байланысқа таңғалуы мүмкін, бірақ ол бір сәтте әйеліне керек болмай қалғанына қынжылуы да ықтимал.
Тұңғыш баланың дүниеге келуі ерлі-зайыптылардың арасына тіпті сызат түсіруі мүмкін. Өйткені ата-ана болған соң адамдардың эмоциялық тұрақтылығы сыналып, қарым-қатынастарындағы қиыншылықтар ушыға түседі.
Ата-ана сәбилері көп уақытты талап ететін алғашқы айлардағы жағдайға қалай бейімделе алады? Тығыз қарым-қатынастарын сақтау үшін ерлі-зайыптылардың не істеулеріне болады? Балаға қарауға қатысты келіспеушіліктерді шешудің қандай жолы бар? Киелі кітаптағы ақыл-кеңестер осы қиыншылықтарды жеңуге қалай көмектесетінін қарастырайық.
1-ҚИЫНШЫЛЫҚ: Айналшықтап баланың қасынан шыға алмай қаласың.
Анасының бар ойы нәрестеде болып, оны айналшықтап шыға алмай қалады. Ол күні
бойы баламен болып, бар эмоциялық қажеттіліктерін сонымен қанағаттандырады. Ал күйеуі өзін әйеліне керексіз сезінуі мүмкін. Бразилияда тұратын Мануел былай дейді: “Маған ең ауыр тигені — әйелімнің бар көңілі нәрестеге ауып кеткені. Бұрын әйелімнің бар ойы менде еді, бірақ кенеттен мені мүлде ұмытқандай болды”. Мұндай жағдайда не істеген дұрыс?Қиыншылықты шешудің жолы: Шыдамды бол.
Киелі кітапта: “Сүйіспеншілік шыдамды да мейірімді”,— делінген. Сүйіспеншілік “өзімшіл де, ашушаң да емес” (Қорынттықтарға 1-хат 13:4, 5). Дүниеге бала келгенде ерлі-зайыптылар бұл кеңесті қалай қолдана алады?
Дана күйеу бала туу әйелдің тәндік және эмоциялық күйіне қалай әсер ететінін зерттеп-білетін болса, әйелінің көңіл-күйі неге тез өзгеретінін түсінетін болады *. Осылайша оны сүйетінін көрсетеді. Он бір айлық қызы бар Эдам (Франция) былай дейді: “Кейде әйелімнің көңіл-күйінің әп-сәтте өзгере қалғанын көтеру маған қиынға соғады. Бірақ оның мұны әдейі істемейтінін, қайта жаңадан пайда болған қиыншылықтарға бола осындай күйге түсетінін ескеруге тырысамын”.
Кейде әйеліңіз сіз көмектескелі жатқанда бетіңізді қайтарып тастай ма? Ондайда ренжуге асықпаңыз (Екклесиаст 7:9). Одан да сабыр сақтап, бірінші кезекте әйеліңіздің қажеттіліктерін ойлаңыз, сонда көңіліңіз түспейтін болады (Нақыл сөздер 14:29).
Парасатты әйел болса, әке болуға үйреніп жатқан күйеуін жігерлендіруге тырысады. Ол күйеуіне, алғашында ебейдейсіз қимылдаса да, баланың жаялығын ауыстыруды не тамақтандыруды шыдамдылықпен үйретеді.
Элен есімді 26 жасар анаға күйеуіне деген көзқарасын өзгерту керек болды. “Маған қызымыз тек менікі деген ойдан арылу қажет еді,— дейді ол.— Сондай-ақ күйеуім балаға қарауға қатысты кеңестерімді орындауға тырысып жатқанда оған тым қатал болмау үшін, ұстамдылық таныту керек болды”.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Күйеуіңіздің балаға қарағаны көңіліңізден шықпаса, оны сынап-мінеуден не бәрін қайта істеуден аулақ болыңыз. Оның дұрыс істеген нәрсесін байқап, мақтайтын болсаңыз, күйеуіңіздің сенімділігі артып, қажет болғанда сізге көмектесуге ықыласты болады. Ал күйеу қажетсіз істермен айналысуды азайтса, әсіресе бала дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы айларда, әйеліне көмектесуге уақыты әлдеқайда көп болады.
2-ҚИЫНШЫЛЫҚ: Екеуіңіздің қарым-қатынастарыңыздың суып кетуі.
Түн ұйқысы төрт бөлінгендіктен және күтпеген қиындықтардың салдарынан кейбір ата-аналарға қарым-қатынастарын сақтау қиынға соғып жатады. Францияда тұратын екі сәбидің анасы Вивианна былай деп мойындайды: “Алғашында ана ретіндегі міндетімді атқарамын деп, ерлі-зайыптылық міндетімді ұмыта жаздадым”.
Ал күйеу жүктілік кезінде әйелдің тәндік және эмоциялық жағынан әлсіз болатынын ескермеуі мүмкін. Бұрын ерлі-зайыптылар ретінде бір-бірінің қажеттіліктерін қанағаттандыруға бөлген уақыттарын енді сәби алып қоятын шығар. Екеуінің көзайымы болған сәбилері араларына жік салмауы үшін, олар не істей алады?
Қиыншылықты шешудің жолы: Үнемі бір-біріңізге сезімдеріңізді білдіріп тұрыңыздар.
Киелі кітапта некелік қарым-қатынас былай деп сипатталған: “Еркек әке-шешесін тастап, әйеліне жабысады, сөйтіп * (Жаратылыс 2:24, сілтеме). Ехоба Құдайдың ниеті бойынша балалар ертелі-кеш ата-анасынан бөлінеді. Ал неке құрған еркек пен әйел өмір-бақи біртұтас болуға тиіс (Матай 19:3—9). Осыны түсінгендері балалы болған ерлі-зайыптыларға бір-біріне жеткілікті түрде көңіл бөлуге қалай көмектеседі?
екеуі біртұтас болады”Жоғарыда аты аталған Вивианна былай дейді: “Жаратылыс 2:24-тегі сөздердің үстінен ой жүгірткенім маған баламмен емес, күйеуіммен “біртұтас” болғанымды есіме түсірді. Сонда мен некемізді нығайтуға тырысуым керек екенін түсіндім”. Екі жасар қызы бар Тереза былай дейді: “Егер күйеуімнен алшақтап бара жатқанымды сезсем, күніне тіпті аз уақыт болса да, бар көңілімді соған аударуға тырысамын”.
Егер күйеу болсаңыз, некені нығайту үшін не істей аласыз? Әйеліңізге оны сүйетініңізді айтып тұрыңыз. Сөзіңізді іс-әрекетпен дәлелдеңіз. Әйеліңіз өзін барлық жағынан қауіпсіз сезінуіне жағдай жасаңыз. Сара есімді 30 жастағы ана былай дейді: “Жүктілік кезінде әйелдің денесі өзгергенімен, ол күйеуінің көзінде әлі де қымбатты да сүйікті жан екенін сезінгісі келеді”. Алан (Германия) есімді екі ұлы бар әке әйелінің көңіліне медеу болудың маңызды екенін түсінеді. Ол былай дейді: “Мен әйеліме көңілі түскен шақтарда сүйеніш болуға тырысамын”.
Дүниеге баланың келуі ерлі-зайыптылардың жыныстық қарым-қатынасына әсер ететіні түсінікті. Сондықтан олар қажеттіліктері жөнінде ашық пікір алысуы қажет. Киелі кітапта ерлі-зайыптылардың жыныстық қатынастарына қатысты өзгерістерді “өзара келісіп” жасаулары керек екені айтылған (Қорынттықтарға 1-хат 7:1—5). Бұл үшін ашық әңгімелесу қажет. Мәдениетіңізге не өскен ортаңызға қарай бұл тақырыпқа әңгіме қозғаудан қымсынатын шығарсыз. Алайда ата-ана болған кезде бұл сұрақтың басын ашып алудың маңызы зор. Бір-біріңізбен жанашыр, шыдамды және шыншыл болыңыздар (Қорынттықтарға 1-хат 10:24). Осылайша түсініспеушіліктердің алдын алып, өзара сүйіспеншіліктеріңізді нығайта аласыздар (Петірдің 1-хаты 3:7, 8).
Махабаттарын шыңдай түсу үшін ерлі-зайыптылардың бір-бірін бағалайтындарын көрсетулері керек. Дана күйеу әйелінің ана ретіндегі ерен еңбегінің көзге көріне бермейтінін түсінеді. Вивианна мұны былай деп түсіндіреді: “Күні бойы шыр айналып балаға қараумен болсам да, кешқұрым дым бітірмегендей сезімде боламын”. Тірлігі көп болғанына қарамастан парасатты әйел күйеуінің отбасы үшін атқарып жатқан еңбегін елеусіз қалдырмайды (Нақыл сөздер 17:17).
БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Аналар, балаларыңыз ұйықтап жатқан кезде көз іліп алыңыздар. Осылайша бойларыңызда күш пайда болып, күйеулеріңізге жеткілікті мөлшерде көңіл бөле аласыздар. Әкелер, мүмкін болған
кездің бәрінде, түнгі ұйқыларыңызды бөліп, баланы тамақтандырыңыздар не жөргегін ауыстырыңыздар, осылайша әйелдеріңіздің тынығып алуына мүмкіндік жасайсыздар. Қағазға жазып, СМС арқылы немесе телефон шалып, әйелдеріңізге сүйетіндеріңізді жүйелі түрде білдіріп тұрыңыздар. Оңаша отырып әңгімелесуге уақыт бөліңіз. Бала ғана емес, өздеріңіз туралы да әңгімелесіңіздер. Достық қарым-қатынастарыңызды нығайта беріңіздер, сонда бала өсіруге қатысты міндеттеріңізді атқару оңайырақ болады.3-ҚИЫНШЫЛЫҚ: Бала тәрбиесіне қатысты келіспеушіліктер.
Өскен орталары әртүрлі болғандықтан, күйеуі мен әйелі сөзге келіп қала беруі мүмкін. Жапондық ерлі-зайыптылар Катсуро мен Асами осындай қиындыққа тап болған еді. Асами былай дейді: “Катсуро қызымызды тым қатты еркелетеді деп ойлайтынмын, ал ол маған тым қаталсың дейтін”. Мұндай кезде бір-біріңізге қарсы әрекет етуден қалай аулақ бола аласыздар?
Қиыншылықты шешудің жолы: Бір-біріңізбен пікір алысып, қолдау көрсетіңіздер.
Дана патша Сүлеймен былай деп жазған: “Менмендік дау-жанжал туғызар, Даналық ақылдасқандарда болар” (Нақыл сөздер 13:10). Жұбайыңыздың бала тәрбиелеуге қатысты көзқарасын қаншалықты жақсы білесіз? Бала туылғанға дейін оның тәрбиесіне қатысты мәселенің басын ашып алмасаңыздар, ол туылған соң бірлесе әрекет етудің орнына дауласа беретін боласыздар.
Мысалы, келесі сұрақтарға қатысты ойларыңыз бір жерден шыға ма: “Баланың бойында дұрыс тамақтану мен уақтылы ұйықтауға қатысты жақсы әдеттерді қалай қалыптастырасыздар? Ұйықыдан оянып кетіп, жылаған кезінің бәрінде оны қолдарыңызға аласыздар ма?” Әрине сіздердің қабылдаған шешімдеріңіз басқа ата-аналардікінен өзгеше болады. Бір қыз, бір ұлы бар Етан былай дейді: “Келіспеушіліктер туындамау үшін әр нәрсені алдын ала талқылап алу керек. Сонда бірлесе отырып балаларыңызға жақсы тәрбие бере аласыздар”.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Әрқайсыңыз ата-анаңыздың сізді қалай тәрбиелегені туралы ойланып көріңіз. Өз балаңызды тәрбиелегенде олардың қай тәсілдерін қолданып, қайсысын қолданбайтыныңыз туралы ойланыңыз. Бұл туралы жұбайыңызбен пікірлесіңіз.
Бала некенің сәнін келтіре алады
Мұзда сырғанауды жаңадан үйреніп жүргендерге тепе-теңдік сақтауды үйрену үшін көп уақыт пен төзімділік қажет. Сол сияқты балалы болған жұп ата-ана ретіндегі рөлдерін жақсы атқаруды үйренгенше көп уақыт өтуі мүмкін. Десе де ертелі-кеш олар еңбектерінің жемісін көреді.
Бала өсіру неке антына деген адалдығыңызды сынайды және өзара қарым-қатынастарыңызға қатты әсер етеді. Дегенмен бұл құнды қасиеттер дамытуға да мүмкіндік береді. Киелі кітаптың ақыл-кеңестеріне құлақ салсаңыз, Кеннет есімді әке сияқты сіз де мұның игілігін көре аласыз. Ол былай дейді: “Бала өсіру әйелім екеумізге жақсы әсер етті. Қазір біз өзгелердің мүддесін көбірек ойлап, бір-бірімізді жақсырақ түсінетін болдық, махаббатымыз да арта түсті”. Ал мұндай өзгерістер отбасын ұйыған айрандай ететіні шүбәсіз.
^ 3-абзац Бұл мақаладағы есімдер өзгертілген.
^ 11-абзац Көп әйел бала туғаннан кейінгі біраз апта бойы күйзеліске түседі. Ал кейбірі оның күрделі түріне — босанғаннан кейінгі жан күйзелісіне — ұшырайды. Бұл күйді қалай анықтауға және онымен қалай күресуге болатынын білу үшін “Ояныңдар!” (ор.) журналындағы келесі мақалаларды қараңыз: “Мен босанғаннан кейінгі жан күйзелісін жеңдім” (22.07.02) және “Босанғаннан кейінгі жан күйзелісін анықтау” (8.06.03). Сондай-ақ бұл мақалаларды www.watchtower.org сайтынан да оқуға болады.
^ 19-абзац Бір ғылыми еңбекке сай Жаратылыс 2:24-те “жабысу” деп аударылған еврей сөзі “біреуге сүйіспеншілік пен адалдық тынытып, оған етене жақын болуды” білдіреді.
ӨЗІҢІЗДЕН БЫЛАЙ ДЕП СҰРАҢЫЗ:
-
Жұбайымның отбасы үшін атқарып жатқан еңбегін бағалайтынымды соңғы аптаның ішінде қалай көрсеттім?
-
Жұбайыммен баламыздан өзге тақырыпқа соңғы рет қашан шүйіркелесіп әңгімелестім?