Ехоба — адамзатпен тілдесетін Құдай
“Сен тыңдашы, мен сөйлейін” (ӘЙҮП 42:4).
ӘНДЕР: 37, 23
1—3. а) Неге Құдайдың ойлары мен қолданатын тілі адамдардікінен асқақ деуге болады? ә) Бұл мақалада нені қарастырамыз?
ӨМІРДІҢ қайнар көзі әрі бақытты Құдай Ехоба өзгелерге де өмір мен бақыт сыйлағысы келді, сондықтан періштелерді, кейінірек адамдарды жаратты (Зәб. 36:9; Тім. 1-х. 1:11). Елші Жохан айтқандай, Құдай алғашқы жаратылысын “Сөз” деп атаған (Жох. 1:1; Аян 3:14). Ехоба сол тұңғыш Ұлымен тілдесіп, өзінің ой-сезімдерімен бөліскен (Жох. 1:14, 17; Қол. 1:15). Елші Пауылдың айтуынша, періштелер де өзара тілдеседі. Бұл үшін олар адамдардікінен мүлдем өзгеше тілді қолданады (Қор. 1-х. 13:1).
2 Ехоба өзі жаратқан миллиардтаған періштелер мен адамдар туралы бәрін біледі. Ол бір мезетте сансыз көп адамның әртүрлі тілде айтқан дұғаларын тыңдай алады. Ехоба сол дұғаларды тыңдап қана қоймай, періштелермен де тілдесіп, оларға нұсқаулар беріп отырады. Мұның бәрін істеу үшін оның ойлары мен қолданатын тілі адам баласынікінен әлдеқайда асқақ болу керек (Ишая 55:8, 9 оқы). Сондықтан адамдар түсіне алу үшін Ехоба өз ойын қарапайым етіп жеткізеді.
3 Осы мақалада Ехоба өз халқына тіл қату үшін тарих бойы не істегенін қарастырамыз. Сондай-ақ жағдайға қарай өзінің сөйлесу жолын қалай өзгертіп отырғанын көреміз.
ҚҰДАЙДЫҢ АДАМДАРҒА ТІЛ ҚАТУЫ
4. а) Ехоба Мұсаға, Самуил мен Дәуітке қай тілде сөйлеген? ә) Киелі кітапта қандай мәлімет жазылған?
4 Ехоба Едем бағында Адам атаға тіл қатқанда, көне еврей тілін қолданса керек. Кейінірек ол еврей тілінде сөйлеген Мұса, Самуил, Дәуіт сияқты қызметшілеріне де тіл қатқан. Ал олар Ехобаның ойларын Жазбаларға өз сөздерімен, өз мәнерімен жазып қалдырған. Олар Ехобаның тікелей айтқан сөздерін ғана емес, оның өз халқымен қарым-қатынасы туралы да баяндаған. Мысалы, исраилдіктердің Құдайға деген сенімі мен сүйіспеншілігі жайлы, сондай-ақ қателіктері мен адалдық танытпаған кездері туралы жазған. Бүгінде осы мәліметтің бәрі біздер үшін аса бағалы (Рим. 15:4).
5. Ехоба өз халқына тек еврей тілінде ғана тіл қатқан ба? Түсіндір.
5 Жағдайдың өзгеруіне қарай, Ехоба адамдармен еврей тілінде ғана емес, басқа тілдерде де сөйлескен. Мысалы, Бабыл құлдығынан оралған соң, кейбір исраилдіктер күнделікті өмірде арамей тілінде сөйлеген. Осындай жағдайдың орын алатынын Ехоба білгенге ұқсайды. Өйткені ол Даниял мен Еремия пайғамбарға және діни қызметкер Езраға өз жазбаларының кей бөліктерін арамей тілінде жаздырған (Езра 4:8; 7:12; Еремия 10:11; Даниял 2:4; сілтемелерін қара).
6. Неліктен Еврей жазбалары грек тіліне аударылды?
6 Ескендір Зұлқарнайын ежелгі дүниенің көп жерін жаулап алғаннан кейін, койне, яғни жалпыхалықтық грек тілі көптеген елде негізгі тілге айналды. Яһудилердің көбісі де сол тілде сөйлей бастады. Уақыт өте келе Еврей жазбалары грек тіліне аударылды. Бұл аударма “Септуагинт” деп аталды. Оны 72 адам тәржімелеген деген пікір бар. “Септуагинт” ең алғашқы Киелі кітап аудармасы еді. Сондай-ақ ол ең маңызды аудармалардың бірі болды *. Тәржімелеуге көп адам қатысқандықтан, аударма әртүрлі мәнерде жасалды: аудармашылардың бірі сөзбе-сөз, өзге бірі еркінсіп аударды. Соған қарамастан грекше сөйлейтін яһудилер де, ал кейінірек мәсіхшілер де “Септуагинтті” Құдай Сөзі деп есептеген.
7. Иса шәкірттеріне қай тілде тәлім бергенге ұқсайды?
7 Құдайдың тұңғыш Ұлы жерде болған кезінде еврей тілінде сөйлеп, еврей тілінде тәлім бергенге ұқсайды (Жох. 19:20; 20:16; Ел. іс. 26:14). Бірінші ғасырдағы еврей тіліне арамей тілі ықпал еткендіктен, Иса кейбір арамей сөздерін де қолданған болуы мүмкін. Ол сондай-ақ Мұса мен өзге де пайғамбарлар сөйлеген көне еврей тілін де білген. Өйткені олардың жазбалары сол уақыттары апта сайын мәжілісханаларда оқылып тұратын (Лұқа 4:17—19; 24:44, 45; Ел. іс. 15:21). Исаның заманында грек және латын тілі де кең тараған еді. Оның бұл тілдерді білген-білмегені жайлы Жазбаларда ештеңе айтылмаған.
8, 9. Неге мәсіхшілердің көбісі грек тілінде сөйлеген және бұдан Ехоба жайлы не білеміз?
8 Исаның алғашқы шәкірттері еврейше сөйлеген. Ал оның өлімінен кейін, басқа тілдерде сөйлейтіндер де мәсіхшілікті қабылдады (Елшілердің істері 6:1 оқы). Ізгі хабар кең тараған сайын, мәсіхшілер еврей тіліне қарағанда грек тілін көбірек қолданған. Грек тілі жалпыхалықтық тілге айналғандықтан, Исаның тәлімі мен істері туралы жазған Матай, Марқа, Лұқа, Жоханның ізгі хабарлары грек тілінде тарады *. Елші Пауылдың хаттары мен Киелі кітаптың басқа да кітаптары грек тілінде жазылды.
9 Бір ескеретін жайт — Грек жазбаларын жазғандар Еврей жазбаларынан үзінді келтіргенде, жиі “Септуагинтке” жүгінген. Мұндай үзінділерде ойды жеткізу жолы кейде тура еврей тіліндегідей болмайтын. Әйтсе де бүгінде біз оларды киелі рухтың жетелеуімен жазылған Киелі кітаптың бөлігі деп білеміз. Осылай кемелсіз аудармашылардың сол еңбегі Құдай Сөзінің бір бөлігіне айналды. Бұдан Ехобаның бір мәдениетті не тілді өзгесінен жоғары қоймайтынын байқаймыз (Елшілердің істері 10:34 оқы).
10. Ехобаның өз Сөзін адамдарға қолжетімді еткенінен қандай қорытынды жасауға болады?
10 Сонымен, біз Ехоба адамдарға тіл қатқанда, олардың жағдайын ескеретінін қысқаша қарастырдық. Ол бізден өзі жайлы және ниеті жайлы білу үшін белгілі бір тілді үйренуді талап етпейді (Зәкәрия 8:23; Аян 7:9, 10 оқы). Сондай-ақ Ехоба Киелі кітапты жазушыларға киелі рухымен қозғау салғанын және өзінің ойларын оларға өз сөздерімен жеткізуге жол бергенін білдік.
ҚҰДАЙ ӨЗ ХАБАРЫН САҚТАП ҚАЛДЫ
11. Адамдардың әртүрлі тілде сөйлейтіні неліктен Ехоба үшін қиындық тудырмайды?
11 Адамдардың әртүрлі тілде сөйлегені және аудармада ұсақ-түйек өзгешеліктердің болғаны Ехоба үшін қиындық тудырды ма? Жоқ. Мысалы, біз Исаның түпнұсқа тілде айтқан сөздерінің бірен-саранын ғана білеміз (Мат. 27:46; Мар. 5:41; 7:34; 14:36). Бірақ Ехоба оның тәлімдерінің грек тілінде жазылуына, кейін басқа тілдерге аударылуына қам жасады. Оның үстіне, яһудилер мен мәсіхшілер Киелі кітаптың қолжазбаларын қайта-қайта көшіріп отырды. Осының арқасында Киелі жазбалар сақталып қалды. Бұл көшірмелер кейін көптеген тілдерге аударылды. Б. з. IV—V ғасырында өмір сүрген Иоанн Хризостомның (Златоуст) айтуынша, сол кезде Исаның тәлімдері Сирия, Мысыр, Үнді, Парсы, Эфиопия және басқа да көптеген елдердің тіліне аударылды.
12. Киелі кітаптың таралуына қандай кедергілер болды?
12 Рим императоры Диоклетиан б. з. 303 жылы Жазбалардың барлық көшірмелерін жою туралы жарлық шығарды. Бірақ Жазбалардың көптеген тілдерге аударылғанының арқасында мұндай адамдардың ниеті жүзеге аспады. Құдай Сөзін және оны аударғандар мен таратқандардың көзін құртуға мың-сан рет әрекет жасалған. Мысалы, XVI ғасырда Уильям Тиндал Киелі кітапты еврей және грек тілдерінен ағылшын тіліне аударуға кірісті. Ол бір білікті адамға: “Құдай маған ұзақ ғұмыр сыйласа, тіпті ауылдың баласы Жазбаларды сізден артық білуі үшін бәрін Тімөтеге 2-хат 2:9 оқы).
жасаймын”,— деген. Қатты қудалау көргендіктен, Тиндал Киелі кітапты аударып, басып шығару үшін Англиядан Еуропаға қашуға мәжбүр болды. Дінбасылар қолдарына түскен Киелі кітаптың барлық көшірмесін жұрттың көзінше жаппай өртеп жатса да, Тиндалдың аудармасы көп адамның қолына тиді. Өкінішке орай, оған сатқындық жасалып, жаулары қылғындырып өлтірді де, денесін бөренеде өртеп жіберді. Әйтсе де оның өзі өлгенмен, Киелі кітабы өлмеді. Тиндалдың аудармасы кең таралған “Король Яковтың аудармасын” жасауға қолданылды (13. Көне қолжазбаларды зерттегеннің арқасында не анықталды?
13 Рас, Киелі кітаптың сақталып қалған көне нұсқаларының кейбірінде аз-маз қателер мен айырмашылықтар бар. Алайда ғалымдар мыңдаған қолжазбалар мен үзінділерді және көне аудармаларды салыстырып, жіті зерттеді. Оларды салыстыра келе Киелі кітаптың басым бөлігі тура екені анықталды. Ал бірен-саран тармақтағы кішігірім айырмашылықтар ондағы хабардың жалпы мағынасына әсер етпеген. Көне қолжазбалардың зерттелгенінің арқасында ақжүрек адамдар бүгінде қолымызда бар Киелі кітаптың о бастағы күйінде сақталғанына сенімді * (Ишая 40:8).
14. Киелі кітап қаншалықты кең тараған?
14 Аударылуы мен таралуына қанша қарсылық жасалғанмен, Құдай Сөзі тарихтағы ең көп тілге аударылған кітап болып қала береді. Бұған Ехобаның өзі ықпал еткен. Тіпті көптеген адам Құдайға онша сенбейтін не мүлдем сенбейтін бүгінгі заманда да Киелі кітап үлкен сұранысқа ие. Оны қазір 2800-ден астам тілде оқуға болады. Таралымы мен қолжетімділігі жағынан оған ешбір еңбек тең келмейді. Киелі кітаптың кей аудармалары онша анық не тура емес шығар. Әйткенмен аудармалардың бәрінен дерлік болашаққа қатысты үміт пен құтқарылу жайлы хабарды білуге болады.
ЖАҢА АУДАРМАҒА ДЕГЕН ҚАЖЕТТІЛІК
15. а) Тілге қатысты қиындықты жеңу үшін не істелді? ә) Рухани ас-судың үлестірілуінде ағылшын тілінің алар орны қандай?
15 Өткен ғасырдың басында Киелі кітапты зор ықыласпен зерттейтін шағын топ “адал да ақылды құл” ретінде тағайындалды. Олар “басқа құлдарға” рухани ас-су беру үшін негізінен ағылшын тілін қолданды (Мат. 24:45). Бірақ рухани ас-су мүмкіндігінше көбірек тілде болу үшін “ақылды құл” барын салуда. Бүгінде біздің әдебиеттеріміз 700-ден аса тілде шығарылады. Қазіргі таңда ағылшын тілі сауда-саттық пен білім беру саласында кеңінен қолданылатындықтан, кезіндегі грек тілі іспетті халықаралық тілге айналып отыр. Сондықтан біздің әдебиеттеріміз алдымен ағылшын тілінде жазылып, сосын басқа тілдерге аударылады.
16, 17. а) Құдай халқы нені қажет етті? ә) Бұл қажеттілік қалай қанағаттандырылды? б) “Жаңа дүние аудармасына” қандай үміт артылды?
16 Біздің рухани ас-суымыз Киелі кітапқа негізделеді. ХХ ғасырдың орта шенінде ағылшын тіліндегі ең кең тараған Киелі кітап 1611 жылы жарық көрген “Король Яковтың аудармасы” болатын. Алайда бұл аударманың тілі көне әрі түсінуге қиын еді. Көңіл қоярлық тағы бір жайт — Құдайдың есімі көне қолжазбаларда мыңдаған рет жазылғанмен, аталмыш аудармада өте аз кездесетін. Оның үстіне, онда қателер мен сенім артуға тұратын көне қолжазбаларда жоқ тармақтарды да кездестіруге болатын. Мұндай кемшіліктер Киелі кітаптың ағылшын тіліндегі басқа да аудармаларын айналып өтпеді.
17 Сол себепті түпнұсқаның мағынасын заманауи тілде дәл жеткізетін аударма қажет болды. Содан “Киелі кітаптың Жаңа дүние аудармасы” комитеті құрылып, он жыл ішінде алты томдық аударма жасалды. Бұл жұмыс 1950—1960 жылдар аралығында атқарылды. 1950 жылдың 2 тамызында бірінші том жарық көргенде, Норр бауырлас конгрестегі тыңдармандарға былай деді: “Біз заманауи тілде жазылған, ашылған шындыққа сай келетін, әрі түпнұсқаның мағынасын айны қатесіз жеткізіп, шындықты одан әрі түсінуге көмектесетін, сондай-ақ кезінде Мәсіхтің шәкірттерінің жазбалары қарапайым қара халыққа қалай түсінікті болса, қазіргі оқырманға да дәл солай түсінікті болатын аударма қажет екенін күннен-күнге көбірек сезінудеміз”. Осылай ол аталмыш аударманың миллиондаған адамның шындықты білуіне көмектесетініне деген үмітін білдірді.
18. Киелі кітап аудармасын тездету үшін қандай шара қолданылды?
18 1963 жылы бұл үміт ақтала бастады. Сол жылы “Мәсіхшілердің грек жазбалары. Жаңа дүние аудармасы” тағы алты тілге аударылды. Бұл испан, итальян, неміс, нидерланд, португал, француз тілдері еді. Ал 1989 жылы Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі бас басқармада Киелі кітап аудармасына қолғабыс ететін бөлім құрды. 2005 жылдан бастап “Күзет мұнарасы” журналы шығатын тілдерге Киелі кітапты аудару ісі басты орынға қойылатын болды. Бүгінде “Жаңа дүние аудармасының” толықтай не кей бөліктері 130-дан астам тілде қолжетімді.
19. 2013 жылы қандай тарихи оқиға болды және келесі мақалада не талқыланады?
19 Уақыт өте келе ағылшын тіліндегі “Жаңа дүние аудармасын” заманауи тілдің талабына сай өңдеу керек екені байқалды. 2013 жылдың 5, 6-қазанында “Күзет мұнарасы, Киелі кітап және трактаттар қоғамының (Пенсильвания)” 129-ыншы жылдық жиыны өтті. Бағдарламаны 31 елден тікелей не трансляция арқылы 1 413 676 адам тыңдады. Басқарушы кеңестің бір мүшесі “Жаңа дүние аудармасының” ағылшын тілінде өңделген нұсқасы жарық көргенін хабарлағанда, бәрі шат-шадыман болды. Ал Киелі кітап үлестірілгенде, көбісі көз жасын жасыра алмады. Өңделген Киелі кітаптан тармақтар оқылғанда, жұрт Құдай Сөзінің ағылшын тілінде бұрын-соңды мұншалықты анық болмағанын байқады. Келесі мақалада өңделген Киелі кітаптың ерекшеліктері, сондай-ақ оны басқа тілдерге аудару ісі жөнінде сөз қозғалады.
^ 6-абзац “Септуагинт” сөзі “жетпіс” дегенді білдіреді. Аударма жұмысы б.з.б. ІІІ ғасырда Мысырда басталып, б.з.б. 150 жылы аяқталған болса керек. Оның әлі күнге дейін құны жоғалған жоқ, өйткені ол ғалымдарға еврей тіліндегі қиын сөздерді, тіпті бүкіл тармақты түсінуге көмектеседі.
^ 8-абзац Кейбіреулердің пайымдауынша, Матай өз кітабын еврейше жазып, кейін грек тіліне аударған.
^ 13-абзац “Жаңа дүние аудармасының” А3 қосымшасын және “Баршаға арналған кітап” басылымының 7—9 беттеріндегі “Бұл кітап қалай сақталып қалды?” деген мақаланы қара.