Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

“Уақыт қолайлы не қиын болсын”, Ехобаның батасынан айырмады

“Уақыт қолайлы не қиын болсын”, Ехобаның батасынан айырмады

МЕН 1930 жылдың наурызында дүниенің есігін аштым. Туған жерім — бүгінде Малави деп аталатын елдің Лилонгве деген қаласының маңындағы Намкумба ауылы. Отбасым Ехобаның адал қызметшілері еді. 1942 жылы мен өмірімді Құдайға бағыштап, ауылымыздағы әсем өзендердің бірінде шомылдыру рәсімінен өттім. Содан 70-тен аса жыл бойы “Құдай сөзін уағызда, уақыт қолайлы не қиын болсын, мұны кейінге қалдырмай атқар” деген Пауылдың сөздеріне сай өмір сүруге тырысып келемін (Тім. 2-х. 4:2).

1948 жылдың басында Малавиге Нейтан Норр мен Милтон Хеншельдің келуі Ехобаға толық уақыт қызмет етуге деген ықыласымды жандандыра түсті. Ехоба куәгерлерінің Бруклиндегі (Нью-Йорк) дүниежүзілік бас басқармасынан келген сол жауапты бауырластардың бойыңа жігер құятын сөздері әлі есімде. Миы шығып жатқан танапта тұрған 6000-ға жуық адам Норр бауырластың “Күллі ұлттардың мәңгі билеушісі” деген әсерлі баяндамасын ұйып тыңдады.

Кейінірек мен өзім сияқты Куәгерлер отбасында өскен Лидейси деген тартымды бауырласты кезіктірдім. Оның да мақсаты толық уақыт қызмет ету екен. Біз 1950 жылы отау тіктік, ал 1953 жылы бір ұл, бір қызымыз болды. Енді маған солардың қамын жасау керек болғанмен, біз менің жалпы ізашар болуға мүмкіндігім бар деп шештік. Ал екі жылдан кейін мен арнайы ізашар болып тағайындалдым.

Көп ұзамай маған аудандық бақылаушы ретінде қауымдарды жігерлендіру ісі тапсырылды. Лидейсидің қолдағанының арқасында мен отбасымды асырау мен рухани жағынан қамын жасау міндетін осы қызметіммен қатар атқардым *. Бірақ әйелім екеуміздің арманымыз оның да толық уақыт қызмет етуі еді. Содан жақсы жоспар мен бала-шағамыздың қолдауының арқасында 1960 жылы Лидейси де толық уақыт қызмет етуді бастады.

Конгрестер бізді алдағы қиындықтарға дайындады

Біз сол бір қолайлы уақытта әртүрлі қауымдардағы бауырластарға қызмет етіп жүрдік. Біздің аумағымыз оңтүстіктегі Мландже тауының әсем қыраттарынан басталып елдің бүкіл шығысын бойлап жатқан Малави көлінің мамыражай жағалауларына ұласатын. Біз аумағымыздағы жариялаушылар мен қауымдардың зор өсімінің куәсі болдық.

1962 жылы елде “Құдайдың батыл қызметшілері” деген облыстық конгресс өтті. Малавидегі Куәгерлерге мұндай рухани жиындар қажет-ақ еді. Өйткені бізді алда қиын қыстау күндер күтіп тұрды. Келесі жылы өткен бір күндік конгреске тағы да Хеншель бауырлас келді. Блантайр қаласының сыртында өткен сол жиынға 10 000-дай адам келді. Бұл конгресс бізді алдағы қиындықтарға дайындады.

ТАР ЖОЛ ТАЙҒАҚ КЕШУ

Ісімізге тыйым салынғанда, үкімет филиалды тәркіледі

Саясатқа араласпағандары үшін 1964 жылы Куәгерлердің басына ауыр күндер туды. Қуғын-сүргін кезінде Куәгерлердің 100-ден аса Патшалық сарайы, 1000-нан аса үйі қиратылды. Әйтсе де Малави үкіметі 1967 жылы ісімізге тыйым салғанға дейін, біз аудандық қызметтен қол үзбедік. Сол жылы Блантайрдағы филиал тәркіленді, миссионерлер елдеріне жөнелтілді. Ал Лидейси екеумізді қоса алғанда, жергілікті Куәгерлер түрмеге тасталды. Бірақ түрмеден босаған соң, біз абайлап аудандық қызметімізді жалғастырдық.

1972 жылдың қазан айының бір күні “Малави жастарының лигасы” деген атпен белгілі саяси қозғалыстың жүзге жуық мүшесі біздің үйімізге қарай бет алды. Бірақ біреуі олардан бұрын біздің үйге жүгіріп келді де, қозғалыс мүшелерінің мені өлтірмек ойымен келе жатқанын айтты. Мен әйелім мен балаларыма жақын маңдағы банан ағаштарының арасына жасырынуды тапсырдым. Ал өзім бір алып манго ағашына шығып алдым. Сол жерде отырып, үйіміз бен бар дүниеміздің тып-типыл болғанын көрдім.

Саясатқа араласпағандары үшін бауырластардың үйлері өртелді

Қуғын күшейе түскендіктен, мыңдаған бауырластар елден қашып шықты. Біз 1974 жылдың маусымына дейін отбасымызбен Мозамбиктегі босқындар қосында болдық. Сол кезде бауырластар Лидейси екеумізден Мозамбиктің Малави шегарасындағы Домуа қаласында арнайы ізашар болып қызмет етуді өтінді. Бұл қызметте біз 1975 жылы Мозамбик Португалиядан тәуелсіздік алғанға дейін болдық. Сосын басқа да Кәугерлермен бірге әлі де қуғын-сүргін басылмай тұрған Малавиге жөнелтілдік.

Елге оралған соң, мен бас қала Лилонгведегі қауымдарды аралауға тағайындалдым. Қуғын мен қиындықтарға қарамай, біз қызмет еткен аумақтардағы қауымдар өсе берді.

ЕХОБАНЫҢ КӨМЕГІ

Бірде біз бір ауылға келсек, онда саяси жиналыс өтіп жатыр екен. Партияны жақтаушылардың кейбірі біздің Ехоба куәгері екенімізді біліп қойып, “Малави жас пионерлері” деген атпен белгілі саяси қозғалыстың мүшелерінің қасына отырғызып қойды. Жанымыз қысылған сол бір жағдайда біз көмек пен басшылық сұрап, Ехобаға дұға етумен болдық. Жиналыс біткен соң, олар бізді соққының астына алды. Сонда бір егде әйел жүгіріп келіп: “Оларға тиіспеңдерші! Мынау менің бауырымның баласы. Жібере салыңдаршы!”— деп шыр-шыр етті. Сол кезде басшыларының бірі: “Жіберіңдер, бара берсін!”— деді. Әлгі әйелдің неге олай істегенін білмедік, өйткені ол ешқайсысымыздың туысымыз емес еді. Ехоба дұғаларымызды естісе керек.

Саяси партия билеті

1981 жылы біз тағы да “Малави жас пионерлерінің” мүшелеріне тап болдық. Олар велосипедтеріміз бен жүгімізді, кітаптарымыз бен ауданның құжаттарын тартып алды. Ал өзіміз қашып кетіп, бір ақсақалдың үйін паналадық. Бұл жағдайда да отыра қалып дұға еттік. Біз олардың қолына түскен мәліметті ойлап, жанымызды қоярға жер таппадық. Ал “Жас пионерлер” құжаттарды ақтарып жатқанда, Малавидің бұрыш-бұрышынан менің атыма келген хаттарды көріп, қорқып кетіпті. Сөйтсем, олар мені билік басындағы біреу деп ойлап қалған екен. Содан лезде жергілікті ақсақалдарды тауып алып, тартып алған заттардың бәрін қайтарып берді.

Тағы бірде біз өзеннің арғы бетіне өтпек болып, қайыққа отырдық. Қайықтың иесі сол аймақтың саяси басшысы еді. Сондықтан жолаушылардың партия билеттерін тексере бастады. Бізге жақындап қалғанда, ол іздеуде жүрген бір ұрыны танып қойды. Осылай абыр-сабыр болып жатқанда, партия билетін тексеру жайына қалды. Ехоба бізге тағы да көмектесті.

ТҰТҚЫНДАЛУ МЕН ТҮРМЕГЕ ЖАБЫЛУ

1984 жылы ақпан айында Замбия филиалына есеп беріп жіберу үшін Лилонгвеге бара жатқанымда, мені полиция қызметкері тоқтатып, сөмкемді тінтіді. Менде бірнеше әдебиет бар еді, сондықтан ол мені полиция бөліміне апарып, соққыға алды. Сосын арқанмен байлап, ұры-қарылар отырған бөлмеге тастады.

Келесі күні полиция бастығы мені басқа бір бөлмеге әкелді де, бір қағазды ұстатты. Онда “Мен, Трофим Нсомба, бұдан былай Ехоба куәгері емеспін, сондықтан бостандыққа шықтым” деп жазылған екен. Мен оған: “Мен арқанмен байлануға ғана емес, өлуге де дайынмын. Мен Ехоба куәгері болудан баса тартпаймын”,— деп, қағазға қол қоймадым. Сонда ашуға булыққан ол үстелді жұдырығымен қойып қалды! Оның қатты ұрғаны соншалық — көрші бөлмедегі полицей жүгіріп келді. Бастық оған: “Мынау уағыздауды доғарудан бас тартып тұр. Онда Ехоба куәгерімін деп қол қойсын, Лилонгведегі түрмеге жөнелтейік, сол жерде байланып жатсын”,— деді. Осы уақыттың бәрінде, әйелім байғұс не болып жатқанын білген де жоқ. Ол төрт күннен кейін ғана бауырластардан мен туралы хабар алыпты.

Лилонгвенің полиция бөліміндегі қызметкерлер маған қатаң болмады. Полиция бастығы маған: “Мына күрішті жеп ал, сен Құдай Сөзін айтқаның үшін бұғауландың ғой. Ал мұндағылар ұрлық жасағандықтан отыр”,— деді. Сосын мен Качере түрмесіне жөнелтіліп, сол жерде бес ай отырдым.

Ондағы түрме бастығы мені көргенде, қуанып кетті. Ол мені түрменің “пасторы” еткісі келді. Бастық бұрынғы пасторға: “Сен шіркеудің ақшасын жымқырғандықтан түрмеге жабылдың, сондықтан бұдан былай Құдай Сөзін үйретпейсің!”— деп, орнынан алып тастады. Осылай маған түрмеде апта сайын өтетін жиналыстарда Киелі кітаптан дәріс беру міндеті жүктелді.

Кейінірек, басым тағы да пәлеге қалды. Малавиде қанша Куәгер бар екенін білу үшін, түрме басшылары мені тергеуге алды. Көңілдерінен шығатын жауап алмағандықтан, олар мені есімнен танғанша ұрды. Тағы бірде олар бас басқармамыздың қайда, басшысы кім екенін білгісі келді. Мен: “Сұрақтарыңыз қиын емес екен, жауап берейін”,— дедім. Олар қуанып кетіп, магнитофондарын қосты. Мен бұл жайлы Киелі кітапта жазылғанын айттым. Олар таңғалып: “Қай жерінде?”— деп сұрады.

Мен: “Ишая 43:12-де”,— деп жауап бердім. Сонда олар сол жерді ашып, мұқият оқи бастады: “Сендер менің куәгерлерімсіңдер,— дейді Ехоба,— ал мен Құдаймын”. Бұл сөздерді олар үш рет оқыды, сосын: “Қалайша Ехоба куәгерлерінің бас басқармасы Америкада емес, Киелі кітапта болуы мүмкін?”— деп сұрады. Мен: “Америкадағы Ехоба куәгерлері де бас басқармаларының қайда әрі басшысы кім екені осы тармақта жазылған деп біледі”,— дедім. Өздері күткен жауапты ала алмағандықтан, олар мені Лилонгвенің солтүстігіндегі аты шулы Дзалека түрмесіне жөнелтті.

ҚИЫН ШАҚТАҒЫ ЕХОБАНЫҢ БАТАСЫ

1984 жылдың шілдесінде мен Дзалека түрмесіндегі 81 Куәгерге барып қосылдым. 300 адам бір жерге қамалғандықтан ұйықтағанда, еденге қаз-қатар сығылысып жататын. Уақыт өте келе ондағы Куәгерлер аз-аздан бас қосып, күнде біреуі бір тармақты ұсынып, соны талқылайтын болды. Бұл бізді қатты жігерлендіретін.

Бірақ кейін түрме бастығы бізді бөліп тастады. Күзетшілердің бірі бізге жасырын былай деді: “Үкімет басындағылар сендерді жек көрмейді. Сендерді түрмеге жабуларының екі себебі бар: олар сендерді “Жас пионерлер” қырып тастайды деп қорқады; екіншіден, сендер болашақ соғыс туралы уағыздайтындықтан, әскеріміз сол соғыста бытырап кетеді деп қорқады”.

Істері сотта қаралғаннан кейін, бауырластар түрмеге әкетіліп жатыр

1984 жылы түрмеде отырған Куәгерлердің бәрінің ісі қаралып, бәрі екі жылға бас бостандығынан айырылды. Бізді тағы да Куәгер емес қылмыскерлермен бірге отырғызды. Бірақ түрме бастығы былай деп хабарлады: “Ехоба куәгерлері шылым шекпейді. Сондықтан, күзетшілер, олардан шылым сұрамаңдар, шылым тұтататын шоқ әкелуге де жұмсаушы болмаңдар. Олар Құдайдың адамдары! Ехоба куәгерлері мұнда қылмыс жасағаны үшін емес, Киелі кітапқа сенгені үшін отыр, сондықтан олардың бәріне екі мезгіл тамақ берілсін”.

Біз үлгілі жүріс-тұрысымыздың басқа да игіліктерін көрдік. Қараңғы түскенде, жаңбырлы күндері күзетшілер түрмедегілерді сыртқа шығармайтын. Бірақ біз қалаған уақытымызда кіріп-шыға беретінбіз. Өйткені олар біздің қашып кетпейтінімізді білетін. Бірде далада жұмыс істеп жүрген біздерді қадағалап жүрген күзетші ауырып, мазасызданды. Біз оны түрмеге алып келдік. Түрме басшылары бізге сенім артуға болатынын білетін. Осылай жақсы жүріс-тұрысымыз үшін түрме күзетшілерінің Ехобаның есімін мадақтағаны оның бізге берген батасы болды * (Пет. 1-х. 2:12).

ТАҒЫ ДА ҚОЛАЙЛЫ УАҚЫТ ТУДЫ

Дзалека түрмесінен мен 1985 жылы 11 мамырда шықтым. Отбасымен қайта қауышу неткен қуаныш десеңші! Қиын шақтарда мінсіздігімізді сақтауға көмектескені үшін, Ехобаға алғысымызды айттық. Сол қиын қыстау күндері біз мына сөздерді жазғандағы Пауылдың кебін кигендей болдық: “Бауырластар, сендерді... басымызға түскен қиындықтан бейхабар қалдырғымыз келмейді. Басымызға түскен қиындықтың ерекше ауыр... болғаны сонша — тірі қаламыз деп үміттенбедік те. Өзімізді өлімге кесілгендей сезіндік. Бұл өзімізге емес, өлгендерді тірілтетін Құдайға сенім артуымыз үшін осылай болды. Ол бізді басымызға төнген ажалдан құтқарды, тағы да құтқарады, әрі бұдан былай да құтқара беретініне сенімдіміз” (Қор. 2-х. 1:8—10).

Нсомба бауырлас әйелі Лидейсимен Патшалық сарайының алдында тұр, 2004 жыл

Иә, талай рет аман қалмайтындай көрінген кездер болды. Бірақ біз ұлы есімін даңқтай алуымыз үшін Ехобадан батылдық, даналық пен кішіпейілділік сұраудан талмадық.

Қызмет етуге қолайлы кезде де, қолайсыз кезде де Ехоба бізді батасынан айырмады. Бүгінде Лилонгведе 2000 жылы салынып біткен филиал, ал Малавидің шартарабында 1000-нан аса Патшалық сарайы бар. Осының бәрін өз көзіңмен көру неткен ғанибет! Лидейси екеуміз үшін Ехобаның баталарының керемет болғаны сонша — мұның бәрі түс сияқты! *

^ 7-абзац Бүгінде жас балалары бар бауырластар аудандық бақылаушы қызметіне тағайындалмайды.

^ 30-абзац Малавидегі түрмелер туралы қосымша мәліметті Ехоба куәгерлерінің 1999 жылғы жылнамасының (ор.) 171—223 беттерінен қара.

^ 34-абзац Мақала дайындалып жатқанда, Нсомба бауырлас 83 жасында көз жұмды.