Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Енді сендер Құдайдың халқысыңдар

Енді сендер Құдайдың халқысыңдар

“Кезінде Құдайдың халқы емес едіңдер, ал енді оның халқысыңдар” (ПЕТ. 1-Х. 2:10).

1, 2. Б. з. 33 жылы қандай өзгеріс болды және Ехобаның жаңа халқының мүшелері кімдерден тұрды? (Осы беттегі суретті қара.)

БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ 33 жылының Елуінші күн мейрамында Ехобаның халқы үшін тарихи өзгеріс болды. Сол күні өзінің рухы арқылы Ехоба жаңа халық құрды. Осылайша рухани Исраил, яғни “Құдайдың Исраилі”, пайда болды (Ғал. 6:16). Сол кезден бастап Ыбырайымның заманынан бері Құдай халқын ерекшелендіретін белгі болып келген сүндеттеу рәсімі күшін жоғалтты. Пауыл айтқандай, енді жаңа халықтың әрбір мүшесі “рух арқылы жүрегін сүндеттеу” керек еді (Рим. 2:29).

2 Құдайдың жаңа халқы Иерусалимдегі жоғарғы бөлмеде бас қосқан елшілер мен жүзден аса шәкірттен тұрды (Ел. іс. 1:12—15). Сол жерде бәріне киелі рух қонып, олар Құдайдың киелі рухтан туған балалары болды (Рим. 8:15, 16; Қор. 2-х. 1:21). Бұл жаңа келісімнің — келістірушісі Мәсіх болған, әрі соның қанымен бекітілген келісімнің — күшіне енгенінің дәлелі еді (Лұқа 22:20; Еврейлерге 9:15 оқы). Осылайша сол шәкірттер Ехобаның жаңа халқының мүшелері болды. Киелі рух оларға өзге тілдерде сөйлеу қабілетін дарытты. Бұл керемет олар Рим империясының шартарабынан Елуінші күн мейрамын тойлауға Иерусалимге келген яһудилер мен яһуди дінін қабылдаған басқа ұлттарға уағыздай алуы үшін жасалды. Мейрамға келген жұрт киелі рухтан туған мәсіхшілердің уағыздаған “Құдайдың ғажайып істері” туралы хабарын өз тілдерінде естіп, мәнін түсінді (Ел. іс. 2:1—11).

ҚҰДАЙДЫҢ ЖАҢА ХАЛҚЫ

3—5. а) Елуінші күн мейрамында Петір яһудилерге не деді? ә) Бастапқы жылдары Ехобаның жаңа халқының саны қалай өсті?

3 Ехоба Петір арқылы яһудилер мен яһуди дінін қабылдағандарды өзінің жаңа халқының, мәсіхшілер қауымының, мүшесі болуға шақырды. Елуінші күн мейрамында Петір еш тайсалмай яһудилерге өздері “бағанаға іліп өлтірген” Исаны қабылдаулары тиіс екендерін айтты. Өйткені Құдай оны “Иелері әрі Мәсіх еткен” еді. Жұрт не істеулері керектігін сұрағанда, Петір: “Күнәларың кешірілу үшін өкініп, әрбірің Мәсіх Исаның атынан шомылдыру рәсімінен өтіңдер, сонда сый ретінде киелі рухты аласыңдар”,— деді (Ел. іс. 2:22, 23, 36—38). Сол күні рухани Исраил халқының қатарына 3000-дай адам қосылды (Ел. іс. 2:41). Елшілердің уағызға білек сыбанып кіріскені бұдан кейін де мол жеміс әкелді (Ел. іс. 6:7). Осылай жаңа халықтың саны арта берді.

4 Кейінірек уағыз ісі самариялықтар арасында да кең етек алды. Көп адам уағыздаушы Філіптің қолынан шомылдыру рәсімінен өтті, бірақ оларға киелі рух бірден қонған жоқ. Сонда Иерусалимдегі басқарушы кеңес елші Петір мен Жоханды сол жаққа жіберді. Екі елші мәсіхшілікті қабылдаған самариялықтардың “үстеріне қолдарын қойғанда, олар киелі рухқа ие бола бастады” (Ел. іс. 8:5, 6, 14—17). Осыдан кейін мәсіхші самариялықтар да рухани Исраилдің киелі рухпен майланған мүшелері болды.

Петір Корнел мен оның үй ішіне уағыздаған (5-абзацты қара)

5 Б. з. 36 жылы Ехоба тағы да Петір арқылы рухани Исраилдің мүшесі болуға басқаларға жол ашты. Петір Рим жүзбасы Корнелге және оның туыстары мен достарына уағыздағанда, бұл жол алғаш рет ашылған еді (Ел. іс. 10:22, 24, 34, 35). Киелі кітапта бұл жайлы былай делінген: “Петір осылар жайлы айтып жатқанда, бұл сөзге құлақ салып тұрғандардың барлығы [басқа ұлт адамдары] киелі рухқа кенелді. Петірмен бірге келген сүндеттелген бауырластар Құдай сыйы киелі рухтың басқа ұлт адамдарына төгілгенін көріп таңғалды” (Ел. іс. 10:44, 45). Осылайша сол кезден бастап сүндеттелмеген басқа ұлт адамдарына да рухани Исраилдің мүшесі болуға жол ашылды.

ЕХОБАНЫҢ “АТЫМЕН АТАЛАТЫН ХАЛЫҚ”

6, 7. Жаңа халықтың мүшелері Ехобаның “атымен аталатын халық” ретінде не істеулері керек еді және олардың уағызы қаншалықты ауқымды болды?

6 Б. з. 49 жылы бірінші ғасырдағы басқарушы кеңестің басқосуында шәкірт Жақып: “Құдай өз атымен аталатын халықты таңдап алу үшін басқа ұлт адамдарына алғаш рет назар аударғанын Шимеон [Петір] бізге егжей-тегжейлі айтып берді”,— деді (Ел. іс. 15:14). Ехобаның атымен аталатын жаңа халық яһуди және яһуди емес мәсіхшілерден тұрмақ еді (Рим. 11:25, 26а). Кейінірек Петір: “Кезінде Құдайдың халқы емес едіңдер, ал енді оның халқысыңдар”,— деп жазды. Ол жаңа халықтың мақсатын түсіндіріп, былай деді: “Сендер өздеріңді түнектен тамаша жарығына шақырғанның “керемет қасиеттерін барлық жерде жариялау үшін таңдалған нәсіл, патша әрі діни қызметкерлер, қасиетті халық және Құдайдың ерекше меншігісіңдер” (Пет. 1-х. 2:9, 10). Иә, олар өздері өкілі болып жүрген Ехобаның даңқын арттырып, оның есімін жариялаулары, сондай-ақ Әлемнің Әміршісінің батыл куәгерлері болу керек еді.

7 Кезінде Ехоба исраилдіктер жөнінде: “Өзім үшін жаратқан халқым Менің Ұлылығымды мақтап жариялайды”,— деген. Енді Ехоба үшін рухани Исраил сондай халық болмақ еді (Ишая 43:21). Ертедегі мәсіхшілер сол замандағы жалған тәңірлерді әшкерелеп, Ехобаның жалғыз шынайы Құдай екенін батыл жариялады (Сал. 1-х. 1:9). Олар “Иерусалимде, бүкіл Яһудеяда, Самарияда және жердің қиыр шетіне дейін” Ехоба мен Иса туралы куәлік етті (Ел. іс. 1:8; Қол. 1:23).

8. Бірінші ғасырдағы Құдай халқына елші Пауыл нені ескертті?

8 Бірінші ғасырда Ехобаның “атымен аталған халықтың” батыл мүшелерінің бірі елші Пауыл болған. Ол “дүниені және сондағының бәрін жаратқан Құдай, аспан мен жердің Иесі” Ехобаның билігін пұтқа табынатын пәлсапашылардың алдында тайсалмай қорғаған (Ел. іс. 17:18, 23—25). Үшінші миссионерлік сапарының соңына таман Пауыл Құдай халқына келесі жайтты ескертті: “Мен кеткен соң, араларыңа зұлым қасқырлар кіріп, отарды аямайтынын білемін. Сондай-ақ шәкірттерді өздерімен әкету үшін өз іштеріңнен де жалған ілімдерді үйрететіндер шықпақ” (Ел. іс. 20:29, 30). Бірінші ғасырдың соңында оның айтқаны келіп, жолдантаюшылық анық көріне бастады (Жох. 1-х. 2:18, 19).

9. Елшілер дүниеден өткен соң не болды?

9 Елшілер дүниеден өткен соң, жолдантаюшылық кең белең алып, мәсіхшілер әлемінің шіркеулері пайда болды. Олар Ехобаның “атымен аталатын халық” екендерін көрсетпек түгілі, өздері қолданатын біраз Киелі кітап аудармаларынан Құдай есімін алып тастады. Бұған қоса, пұтқа табынушылардың салт-жораларына еліктеді, Киелі кітапқа негізделмеген ілімдерімен, “қасиетті соғыстарымен” және өнегесіздіктерімен Құдайды қорлады. Сондықтан, жер бетіндегі бірен-саран адал қызметшілерді есепке алмағанда, ғасырлар бойы Ехобаның атымен аталатын ұйымдасқан халық болмады.

ҚҰДАЙ ХАЛҚЫНЫҢ ҚАЙТА ТУЫЛУЫ

10, 11. а) Бидай мен арамшөп жайлы астарлы әңгімесінде Иса қандай пайғамбарлық айтты? ә) 1914 жылдан кейін Исаның астарлы әңгімесі қалай орындалды және оның нәтижесі қандай болды?

10 Иса бидай мен арамшөп туралы астарлы әңгімесінде жолдантаюшылықтың кесірінен рухани түнек орнайтынын пайғамбарлық етті. Ол “жұрт ұйықтап жатқанда”, Адам ұлы бидай тұқымын еккен танапқа Ібіліс келіп, арамшөп тұқымын сеуіп кететінін айтты. Бидай да, арамшөп те “осы заманның ақырына” дейін бірге өсе бермек еді. Иса “жақсы тұқымның” Патшалықтың ұлдарын, ал “арамшөптің” Зұлымның ұлдарын бейнелейтінін түсіндірді. Ал заманның ақырында Адам ұлы “егін жинаушыларды”, періштелерді, жіберіп, бейнелі бидай мен арамшөпті ажыратып алмақ еді. Осылай Патшалықтың ұлдары жиналар еді (Мат. 13:24—30, 36—43). Бұл сөздер қалай жүзеге асты? Қалай осының арқасында жер бетінде қайтадан Ехобаның ұйымдасқан халқы пайда болды?

11 “Осы заманның ақыры” 1914 жылы басталды. Дәл сол жылы басталған соғыстың кезінде бірнеше мың майланған мәсіхші, “Патшалықтың ұлдары”, әлі де Ұлы Бабылдың рухани құлдығында еді. 1919 жылы Ехоба оларды босатып алды. Сонда “бидай” мен “арамшөптің” айырмашылығы анық көрінді. Ехоба “Патшалықтың ұлдарын” ұйымдасқан халық еткенде, Ишаяның мына пайғамбарлығы орындалды: “Бір күннің ішінде тұтастай бір ел туып, бүкіл халық пайда бола ала ма? Әрине, бола алмайды. Алайда Сион толғақ азабын шегер-шекпестен “балалы болып”, бір күнде-ақ тұрғындарға толатын болады” (Ишая 66:8). Мұнда Сион деп рухани жаратылыстардан тұратын Ехобаның ұйымы жайында айтылып тұр. Сол Сион “балалы болып”, дүниеге рухпен майланған ұлдар әкелді де, оларды халық етіп ұйымдастырды.

12. Бүгінде майланған мәсіхшілер Ехобаның “атымен аталатын халық” екенін қалай көрсетуде?

12 Ертедегі мәсіхшілер іспетті, Патшалықтың майланған ұлдары да Ехобаның куәгерлері болуы керек (Ишая 43:10 ЖД оқы). Олар үлгілі жүріс-тұрыстарымен, сондай-ақ “Патшалық туралы ізгі хабарды барлық ұлттарға” уағыздайтындарымен ерекшеленеді (Мат. 24:14; Філіп. 2:15). Осының арқасында миллиондаған адам Ехобаның әділ жолында жүр (Даниял 12:3 оқы).

“ӨЗІҢМЕН БІРГЕ БАРУҒА РҰҚСАТ ЕТЕ КӨРШІ”

13, 14. Рухани Исраилдің қатарына жатпайтындар Ехобаға ғибадат ету үшін не істеулері тиіс және бұл жайында Киелі кітапта қалай пайғамбарлық етілген?

13 Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, ежелдегі исраилдіктермен бірге жатжерліктердің де Ехобаға ғибадат етулеріне болатын. Бұл үшін олардан Ехобаның келісім жасасқан халқымен тығыз байланыста болу талап етілді (Пат. 3-ж. 8:41—43). Бүгінгі таңда да рухани Исраилдің қатарына жатпайтындар Ехобаның халқымен, “Патшалықтың ұлдарымен”, яғни Ехобаның майланған мәсіхшілерімен, тығыз байланыста болу керек.

14 Соңғы күндері Ехобаның халқымен бірге көптеген халықтардың ғибадат ететінін ертедегі екі пайғамбар алдын ала айтқан. Солардың бірі Ишая былай деді: “Енді жүріңдер, Жаратқан Иенің, Жақыптың халқы сиынған Құдайдың, Сион тауындағы киелі үйіне Өрлеп барайық барлығымыз, кәне! Сол жерде Жасаған Иеміз бізге Ақ жолын нұсқайды, сонымен жүрейік, Оның әділ еркін орындай берейік!” Деп, көп ұлттар жолға шығады бірігіп. Сөзін таратады тәлімін үйретіп Жаратқан Ие Иерусалимнен, Сиондағы өз киелі үйінен” (Ишая 2:2, 3). Зәкәрия пайғамбар да “көптеген халықтар мен күшті ұлттардың Әлемнің Әміршісі Жаратқан Иеге сиынып рақым етуін өтіну үшін Иерусалимге келетінін” алдын ала айтқан. Пайғамбар оларды “Құдайдың сендерге жар болып, сендермен бірге екенін естігенбіз. Өзіңмен бірге баруға рұқсат ете көрші” деп, бейнелеп айтқанда, рухани Исраилдің киіміне жармасқан әртүрлі тілдер мен ұлттардан шыққан он адамға теңеген (Зәк. 8:20—23).

15. “Басқа қойлар” рухани Исраилмен бірге қандай іске қатысуда?

15 “Басқа қойлар” рухани Исраилмен бірге Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздау ісіне атсалысып жүр (Мар. 13:10). Олар Құдай халқының мүшесі болып, “бір бағушы” — Иса Мәсіхтің қол астындағы “біртұтас отарды” құрайды (Жохан 10:14—16 оқы).

ЕХОБАНЫҢ ХАЛҚЫМЕН БІРГЕ ПАНА ТАП

16. Қалай Ехоба “зор алапаттың” шарықтау шегіне бастама береді?

16 Ұлы Бабыл құлағаннан кейін, Ехобаның халқына анталай шабуыл жасалады. Сол кезде біз оның қызметшілеріне арналған панада болуымыз керек. Бұл шабуыл “зор алапаттың” шарықтау шегі Армагеддонның басталуына түрткі болатындықтан, Ехоба белгілеген уақытында жердегі оқиғалардың барысын өзі өрбітеді (Мат. 24:21; Езек. 38:2—4). Сол кезде Гог “бөтен елдерден... жиналған халыққа”, яғни Ехобаның халқына, шабуыл жасайды (Езек. 38:10—12). Ал шабуыл жасалғанда, Ехоба Гог пен оған ерген тобырға шығарған үкімін жүзеге асырады. Осылай өзінің билігін асқақтатып, есімін қастерлі етеді, себебі ол: “Көптеген ұлттардың көзінше... өзімнің кім екенімді танытамын. Сонда олар менің Ехоба екенімді білетін болады”,— деген еді (Езек. 38:18—22, 23 ЖД).

Зор алапат кезінде біз жергілікті қауыммен тығыз байланыста қала беруіміз керек (16—18 абзацтарды қара)

17, 18. а) Гог шабуылдағанда, Ехобаның халқы қандай нұсқаулар алады? ә) Ехобаның панасында болғымыз келсе, біз не істеуге тиіспіз?

17 Гог шабуылдауды бастағанда, Ехоба өзінің қызметшілеріне: “Халқым, барып, ішкі бөлмелеріңе кіріңдер де, Есіктеріңді жауып алыңдар. Құдайдың қаһары басылғанша, Азғана уақыт жасырына тұрыңдар”,— дейді (Ишая 26:20 ЖД). Сол қиын-қыстау кезде Ехоба бізге аман қалуға көмектесетін нұсқаулар береді. Ал “ішкі бөлмелер” жергілікті қауымдармен байланысты қандай да бір шаралар болуы мүмкін.

18 Сондықтан зор алапат кезінде Ехобаның панасында болғымыз келсе, жер бетінде Ехобаның халқы бар екенін әрі олардың қауым-қауым болып ұйымдастырылғанын мойындауымыз керек. Иә, біз Ехобаның халқының жағында болып, жергілікті қауыммен тығыз байланыста болуға тиіспіз. Бәріміз де забур жыршысының: “Уа, Жаратқан, Құтқарушымыз Сенсің, Батаңды төге гөр халқыңа Өзіңнің”,— деген сөздеріне бар жүрегімізбен қосылайық (Заб. 3:9).