Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Адамдарға қалай жауап беруіміз керек?

Адамдарға қалай жауап беруіміз керек?

“Сөздерің әрқашан жағымды... болсын. Сонда әркімге қалай жауап беру керектігін білесіңдер” (ҚОЛ. 4:6).

1, 2. а) Жақсы ойластырылған сұрақтардың маңыздылығын көрсететін оқиғаны айтып бер. (Осы беттегі суретті қара.) ә) Күрделі тақырыптарды қозғаудан неліктен қорықпау керек?

БІР әйел бауырласымыз сенуші емес күйеуімен Киелі кітап жайлы сөйлесіп отырған еді. Бұрында шіркеуге барған күйеуі әңгіме барысында Үштікке сенетінін айтады. Үштік ілімін толық түсінбейтінін байқаған әйелі ілтипаттылықпен былай деп сұрайды: “Құдай — үшеу емес, жалғыз. Бірақ соған қарамастан Құдай да Құдай, Иса да Құдай және киелі рух та Құдай дегенге сенесің бе?” Бұған таңғалған күйеуі: “Жоқ, сенбеймін!”— дейді. Осындай пікір алысудың арты жақсы әңгімеге ұласады: олар Құдайдың шын мәнінде кім екені жайлы сөйлеседі.

2 Осы оқиғадан сұрақты ілтипатпен әрі жақсы ойластырып қоюдың қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Сондай-ақ мына бір маңызды жайтты да түсінеміз: Жаратушының бар екені, Үштік немесе тозақ оты сияқты күрделі тақырыптарды қозғаудан қорықпау керек. Егер Ехобаға арқа сүйеп, оның беріп жатқан тәліміне жүгінетін болсақ, тыңдаушыларымыздың жүрегіне жететіндей жауап бере аламыз (Қол. 4:6). Аталған тақырыптар қозғалған кезде жариялаушылар не істей алады? Осы мақала барысында  1) адамның ойын сарқып алуға көмектесетін сұрақтарды қалай қою керектігін, 2) Жазбалардың көмегімен қалай ой түзуге болатынын және 3) түсінікті болу үшін мысалдарды қалай қолдана алатынымызды қарастыратын боламыз.

АДАМНЫҢ ОЙЫН САРҚЫП АЛАТЫН СҰРАҚТАР ҚОЙ

3, 4. Адамның не нәрсеге сенетінін анықтау үшін неліктен сұрақтар қою керек? Мысал келтір.

3 Сұрақтардың көмегімен адамның не нәрсеге сенетінін анықтауға болады. Мұны анықтау неліктен маңызды? Нақыл сөздер 18:13-те: “Тыңдамай жатып жауап қайтарған, Ақылсыз, масқара болатын жан”,— делінген. Қандай да бір мәселеге қатысты Киелі кітаптың көзқарасын талқыламас бұрын, адамның шынымен не нәрсеге сенетінін анықтап алғанымыз жақсы болар еді. Әйтпесе ол мүлдем сенбейтін нәрселерді дәлелдеп, уақытты бекерге кетіруіміз әбден мүмкін (Қор. 1-х. 9:26).

4 Мәселен, біреумен тозақ оты жайлы сөйлесіп жатырмыз делік. Кейбіреулер тозақ деген зұлым адамдар отпен азапталатын орын деп ойласа, өзгелері бұл жайлы басқа ойда. Былай деп сұрақ қоюға болады: “Адамдардың тозаққа қатысты түсініктері әртүрлі. Сондықтан, айып етпесеңіз, осыған қатысты сіздің ойыңызды білсем деп едім”. Егер адамның не ойлайтынын біліп алсақ, оған Киелі кітаптың көзқарасын қалай түсіндіру керектігін білетін боламыз.

5. Сұрақтар адамның қандай да бір ілімге неліктен сенетінін анықтауға қалай көмектеседі?

5 Ілтипаттылықпен қойылған сұрақтардың көмегімен адамның қандай да бір ілімге неліктен сенетінін түсінуге болады. Мысал үшін қызметте Құдайға сенбейтін адамды кездестірдік делік. Адамның осындай көзқарасына эволюция теориясы сияқты кең таралған пікірлер әсер еткен деп ойлауымыз мүмкін (Заб. 9:25). Алайда кейбір адамдар Құдайға деген сенімін өмірде қатты қиналғандықтан, я болмаса өзгелердің жапа шеккенін көргендіктен жоғалтқан. Сондықтан оларға қайғы-қасіреттің болып жатқаны мен сүюші Жаратушы бар деген ой үш қайнаса да сорпасы қосылмайтындай болып көрінеді. Ондай адамдардан былай деп сұрасаң болады: “Сіз әрқашан осындай пікірде болғансыз ба?” Егер ол “жоқ” деп жауап қатса, онда Құдайдың бар екеніне күмәндануға қандай да бір жағдай себеп болды ма, жоқ па — соны сұрасаң болады. Берген жауабына қарай оған рухани жағынан қалай көмектесе алатынымызды анықтай аламыз (Нақыл сөздер 20:5 оқы).

6. Сұрақ қойғаннан кейін не істегеніміз дұрыс?

6 Сұрақ қойғаннан кейін адамның жауабын мұқият тыңдап, сезімдерін түсінуге тырысу керек. Мысалы, әлдекім басынан қайғылы оқиғаны кешіргендіктен, сүюші Жаратушының бар екеніне күмәнданатынын айтуы мүмкін. Адамға Құдайдың бар екеніне дәлелдер келтірмес бұрын, оған жанашырлық таныт. “Неге мен осындай қайғылы жағдайға душар болдым?”— деп ойлау кәдімгі жайт екенін айтсақ болады (Абб. 1:2, 3). Біздің танытқан шыдамдылығымыз бен сүйіспеншілігіміз адамды көбірек мәлімет алуға талпындыруы мүмкін *.

ЖАЗБАЛАРДЫҢ КӨМЕГІМЕН ҚИСЫНДЫ ОЙ ТҮЗУ

Қызметте жақсы нәтижелерге қол жеткізуге не көмектеседі? (7-абзацты қара)

7. Қызметтегі жетістігіміз не нәрсеге байланысты?

7 Ал енді Жазбалардың көмегімен қалай ой түзуге болатынын қарастырып көрейік. Сөз жоқ, Киелі кітап  қызметіміздегі ең негізгі құрал болып табылады. Ол бізге “кез келген игі іске толықтай даяр болуға” көмектеседі (Тім. 2-х. 3:16, 17). Қызметтегі жетістігіміз қанша тармақ оқып бергенге емес, оны қалай түсіндіріп, қалай ой түзгенімізге байланысты (Елшілердің істері 17:2, 3 оқы). Мұны қалай істеуге болатынын түсіну үшін 3 жағдайды қарастырып көрейік.

8, 9. а) Исаның дәрежесі Құдаймен тең дегенге сенетін адаммен қалай ой түзуге болады? ә) Адамдарға аталмыш тақырыпта ой түзуге көмектесетін басқа қандай жолдарды білесің?

8 1-жағдай: Қызметте Исаның дәрежесі Құдаймен тең дегенге сенетін адамды кездестіргенде. Осындай жағдайға тап болсақ, қандай жазба орнын қолданамыз? Бәлкім, адамға Жохан 6:38-ді оқып берерміз. Ол жерде Иса: “Мен көктен өзімнің емес, мені жібергеннің еркін орындауға келдім”,— деген. Осы тармақты оқып болған соң, былай деп сұрасақ болады: “Егер Иса Құдай болса, оны көктен кім жіберді? Исаға қарағанда мәртебесі биік біреу болу керек емес пе? Негізінде, жіберушінің дәрежесі жіберілген тұлғаға қарағанда жоғарырақ болады ғой”.

9 Сол сияқты Філіпіліктерге 2:9-дағы елші Пауылдың сөздерін оқысақ болады. Ол жерде Иса қайтыс болғаннан кейін және қайта тірілгеннен кейін, Құдайдың не істегені баяндалады: “Құдай оны [Исаны] одан да жоғарылатып, барлық есімнен жоғары есімді сыйлады”. Адамға Жазбалардың көмегімен ой түзуге көмектесу үшін былай сұрасақ болады: “Егер Иса қайтыс болғанға дейін Құдаймен тең дәрежеде болса және Құдай оны жоғарылатқан болса, онда Иса Құдайдан жоғары болып кетпей ме? Бірақ әлдекімнің Құдайдан жоғары болуы мүмкін емес қой?!” Осылай ой түзгеніміз Құдай Сөзін құрметтейтін ақжүректі адамның бұл тақырыпты біле түсуіне қозғау салуы мүмкін (Ел. іс. 17:11).

10. а) Тозаққа сенетін адаммен қалай ой түзуге болады? ә) Тозақ жайлы сөйлескенде, тағы қандай ойлар қисынды болады деп ойлайсың?

10 2-жағдай: Діншіл адамның зұлымдардың тозақта мәңгі азапталмайтынына сенуі қиын болғанда. Адамның тозақ отына сенуіне зұлымдар өз істері үшін жазасын алғанын қалайтыны себеп болуы мүмкін. Мұндай адаммен қалай ой түзуге болады? Біріншіден, зұлымдар міндетті түрде жазаланатынына сендірсек болады (Сал. 2-х. 1:9). Сосын күнәнің жазасы өлім екенін көрсететін Жаратылыс 2:16, 17-тармақты оқып бергеніміз де орынды болар еді. Содан кейін Құдай тозақта жазалайтыны жайлы ештеңе айтпағанына назар аударып кет те, былай  деп сұрап көр: “Адам ата мен Хауа ана тозақта мәңгі азапталатын болғанда, бұл жайлы Құдай алдын ала ескертетін еді ғой, солай емес пе?” Сосын Жаратылыс 3:19-дағы Құдайдың оларға шығарған үкімін оқып бер. Сол тармақта Құдайдың Адам атаға тозаққа барасың деп емес, топыраққа айналасың деп айтқаны жазылған. Сондықтан осы жағдайда мынандай сұрақ қойғанымыз орынды болады: “Адам атаның баратын жері тозақ болғанда, Құдайдың топыраққа айналасың деп айтқаны әділетті болар ма еді?” Бұл сұрақ ой-өрісі кең адамды осы тақырып жөнінде тереңірек ойлануға талпындыруы мүмкін.

11. а) Барлық жақсы адам көкке барады деп сенетін адаммен қалай ой түзуге болады? ә) Адамдарға осы тақырыпта ой түзуге көмектесетін басқа қандай жолдарды білесің?

11 3-жағдай: Барлық жақсы адам көкке барады деп сенетін біреуді кездестіргенде. Осындай ілім адамның Киелі кітапты қалай түсінетініне әсер етеді. Айталық, біз адамға Аян 21:4 оқып бердік (оқы). Адам бұл тармақта сипатталған баталар көкте болады деп ойлауы мүмкін. Бұл жағдайда онымен қалай ой түзуге болады? Қосымша тармақ оқығанның орнына, Аян 21:4-тегі сөздерге назар аударғанымыз жақсы. Мысалы, тармақта “енді қайтып өлім болмайды” деген сөздер бар. Сол адамнан былай деп сұрап көр: “Бір кездері болған жайт қана енді қайтып болмайды дегенмен келісесіз бе?” Бұнымен адам келіседі деп күтуге болады. Сосын көкте ешқашан өлім болмағанын, адамдар тек жерде ғана қайтыс болатынын айтсақ болады. Демек, Аян 21:4-тегі баталар жерде орын алады деп тұжырымдау қисынды (Заб. 36:29).

ТҮСІНІКТІ БОЛУ ҮШІН МЫСАЛДАР ҚОЛДАН

12. Неліктен Иса мысалдар айтқан?

12 Иса уағыздағанда сұрақ қоюмен қатар мысалдар да айтқан (Матай 13:34, 35 оқы). Оның мысалдары адамдардың ниетін айқын етуге көмектескен (Мат. 13:10—15). Сондай-ақ Исаның мысалдары оның тәлімін тартымды да есте қаларлықтай болуына септігін тигізген. Біз тәлім бергенде, мысалдарды қалай қолдансақ болады?

13. Құдайдың Исадан жоғары екенін қандай мысалмен көрсетуге болады?

13 Көп жағдайда қарапайым мысалдардың әсері көбірек болып жатады. Құдайдың дәрежесі Исанікінен жоғары екенін түсіндіргенде, келесі мысалды қолдануға болады. Құдай да, Иса да өздерінің қарым-қатынастары жайлы айтқанда, отбасы құрылымын негізге алғанын айтып кет. Құдай Исаны Ұлым деп, ал Иса Құдайды Әке деп атайтын (Лұқа 3:21, 22; Жох. 14:28). Сосын адамға былай деп сұрақ қойсаң болады: “Екі адамның дәрежесі бірдей екенін маған түсіндіріп беру үшін, отбасының қай мүшелерін мысалға келтірер едіңіз?” Бәлкім, сол адам туған ағайындыларды, тіпті егіздерді айтатын шығар. Солай жауап беретін болса, осы салыстырудың ақылға қонымды екенін айтып өт. Содан кейін былай деп сұрап көр: “Біздің ойымызға бірден осы салыстыру келген болса, онда неге Ұлы Ұстаз болған Иса да осы салыстыруды айтпаған? Қайта, ол Құдайды Әке деп атаған. Осылайша ол Құдайдың өзінен жоғары екенін әрі билігі өзінен үстем екенін көрсеткісі келді”.

14. Құдай Шайтанға зұлымдарды тозақ отында азаптауды тапсырмағаны қандай мысалдан көрінеді?

14 Ал енді басқа бір мысалды талқылап көрейік. Кейбір жерлерде Құдай зұлымдарды тозақ отында азаптауды Шайтанға тапсырып қойған дегенге сенеді. Ата-аналарға келесідей мысалды келтіргеніміз мұның қисынсыз екенін түсінуге көмектеседі. Былай айтып көрсек болады: “Сіздің балаңыз өте бұзық, көп жаман қылық істейді делік. Сіз  бұған қалай қарар едіңіз?” Көп ата-ана баламды түзетемін деп жауап беретін шығар. Баласына жаман істерін қойдырту үшін қайта-қайта тырысатынын да айтатын шығар (Нақ. с. 22:15). Бірақ баласы тәрбиеге көнбей, алған бетінен қайтпаса, ата-анасы не істер еді деп сұрап көр. Ата-ананың көбісі баласын жазалаудан басқа амалы қалмайтынын айтуы мүмкін. Сонда былай деп сұрақ қойсақ болады: “Балаңыздың бұзық болып кетуіне бір зұлым адамның ықпал етіп жатқанын біліп қойсаңыз не сезінер едіңіз?” Кез келген ата-ананың мұндай адамға ашуланатыны айтпаса да түсінікті. Мысалдың мақсатын айқын ету үшін ата-анадан былай деп сұрап көр: “Зұлым адамның ықпал етіп жатқанын біле тұра, сол адамнан балаңызды жазалауын өтінер ме едіңіз?” Әрине, бұл сұраққа ата-аналар “жоқ” деп жауап береді. Демек, Құдай да адамзатқа жаман жағынан ықпал етіп жатқан Шайтанға адамдарды жазалатып қоймайды.

ДҰРЫС КӨЗҚАРАС ҰСТАН

15, 16. а) Патшалық хабарын бәрі бірдей қабыл алады деп неге күтпеуіміз керек? ә) Қызметте жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін ерекше дарынды болуымыз керек пе? Түсіндір. (“ Жауап беруге көмектесетін айдар” деген қоршаудыда қара.)

15 Біз адамдардың бәрі бірдей Патшалық хабарын қабыл алмайтынын түсінеміз (Мат. 10:11—14). Тіпті ойластырылған сұрақтар қойсақ та, қисынды ой түзіп, жақсы мысалдар қолдансақ та адамдар құлақ аспауы мүмкін. Біле білсек, ең керемет Ұстаз болған Исаның өзіне құлақ асқандар көп болмаған (Жох. 6:66; 7:45—48).

16 Алайда ерекше дарынды болмасақ та, қызметте жақсы нәтижелерге қол жеткізе аламыз (Елшілердің істері 4:13 оқы). Құдай Сөзі “мәңгі өмірге ыңғай танытқандардың барлығы” ізгі хабарды қабыл алатындарына сенімділік береді (Ел. іс. 13:48). Сондықтан өзімізге әрі қызметтегі адамдарға дұрыс көзқарас танытайық. Ехобадан алып жатқан тәлімді бүгіп қалмай, оны толығымен қолданайық. Сонда өзіміз де, қызметтегі адамдар да оның игілігін көретін болады (Тім. 1-х. 4:16). Ехоба әр адамға дұрыс жауап беруге көмектесе алады. Ал келесі мақаладан “алтын ереженің” қызметте жетістікке жетуімізге қалай көмектесетінін білетін боламыз.

^ абзац 6 “Күзет мұнарасындағы” (ор.) “Атеист Құдайға сене бастауы мүмкін бе?” деген мақаланы қара (2009 жыл, 1 қазан).