Қарт бауырластарға қалай қамқорлық көрсетуге болады?
“Сүйікті балалар, бір-бірімізді сөз жүзінде не ауызбен ғана емес, іс жүзінде әрі шын жүректен сүйейік” (ЖОХ. 1-Х. 3:18).
1, 2. а) Көп отбасы қандай қиындықтарға кезігеді және осыған қатысты қандай сұрақ туындайды? ә) Қарт ата-аналар мен олардың балалары алдағы қиындықтарға қалай дайындала алады?
КЕЗІНДЕ өз беттерінше өмір сүрген әрі күш-жігерлері тасып тұрған ата-анаңның дәрменсіз күйге түскенін көргенде, жүрегің ауыратын шығар. Қарт анаң не әкең құлап қалып, жанбасын сындырып алуы не қандай да бір қауіпті дертке шалдығуы мүмкін. Я болмаса зейіні алаң әрі ұмытшақ бола бастағандықтан, келе жатқан бағытынан адасып кететін шығар. Бұған қоса, сырқаты сыр беріп, қауқары кеткен қарт кісіге енді басқаға тәуелді болатынын мойындау оңай болмас (Әйүп 14:1). Біз осы аяулы жандарға қалай қамқорлық көрсете аламыз?
2 Бір мақалада жасы келген адамға қалай күтім жасау керектігіне қатысты мынадай кеңес берілген еді: “Қарттықпен байланысты жайттарды талқылау оңай болмаса да, отбасы мүшелерінің жағдайды жан-жақты қарастырып, алдын ала жоспар құрғандары жақсы. Осының арқасында олар алда туындайтын кез келген қиындықты анағұрлым дұрыс жолмен шеше алады”. Бұған қоса, қарттықпен байланысты қиындықтардан қашып құтыла алмайтынымызды түсінуіміз керек. Сол себепті отбасы мүшелерінің бір-біріне сүйіспеншілік таныта отырып, осы кезге бірге дайындалғандары маңызды. Қазір мұны қалай істеуге болатынын қарастырайық.
“АЗАПТЫ КҮНДЕРГЕ” ДАЙЫН БОЛУ
3. Қарт ата-аналары көмекке аса мұқтаж болғанда балалары не істеулері қажет? (Мақаланың басындағы суретті қара.)
3 Көп қарт кісілердің өз беттерінше өмір сүре алмай, көмекке мұқтаж болатын кездері келеді (Уағыздаушы 12:1—7 оқы). Мұндайда ата-аналар мен олардың есейген балалары бас қосып, келесі жайттарды талқылаулары қажет: “Ата-ананың қандай қажеттіліктері бар? Олар үшін ең жақсы күтім қандай болмақ және отбасының шама-шарқы не нәрсеге жетеді? Қалай бірлесе әрекет етуге болады?” Барлығының, әсіресе ата-аналардың, шындыққа тура қарап, өз ойларын ашық айтқандары жақсы. Талқылау барысында қарт ата-аналары әрі қарай да өздері жалғыз тұра ала ма, жоқ па, соны анықтауға болады *. Сондай-ақ барлық бауырлардың күтім жасауға өз үлестерін қалай қоса алатындарын қарастырған жақсы (Нақ. с. 24:6). Мысалы, олардың кейбірі ата-аналарына күн сайын қарай алатын шығар. Ал басқалары көбіне қаржы жағынан көмектесе алар. Отбасы мүшелерінің әрқайсысы өз міндетін жақсы білуі қажет. Десе де олар бұл міндеттерінің уақыт өте келе өзгеруі не ауысуы мүмкін екенін де түсінулері керек.
4. Отбасы мүшелерінің көмекті қайдан алуларына болады?
4 Анаңа не әкеңе күтім жасай бастаған кезіңде оның қандай ауруға шалдыққаны жайлы мүмкіндігінше көп мәлімет білуге тырыс. Ол барған сайын асқына беретін ауруға шалдыққан болса, алда не күтуге болатынын анықтаған дұрыс (Нақ. с. 1:5). Қарттарға көмек көрсететін мемлекеттік орындармен байланыс. Сондай-ақ міндетіңді жақсырақ атқаруға не оны жеңілдетуге көмектесетін қандай да бір қоғамдық қызмет түрлері бар болса, соны анықтап ал. Алда болатын қиындықтар жайлы ойлағанда еңсең түсіп, шарасыз күй кешетін шығарсың. Мұндайда өзіңді мазалаған ойларды сенім артатын досыңа айтып, шеріңді тарқатқаның жақсы. Ал, ең бастысы, ішіңдегіңді Ехобаға ақтарып айт. Сонда ол саған кез келген қиындықты көтеруге көмектесетін тыныштық береді (Заб. 54:23; Нақ. с. 24:10; Філіп. 4:6, 7).
5. Неге отбасының қарт ата-анаға күтім жасауға қатысты мәселелерді алдын ала ойластырғаны дұрыс?
5 Қарт кісілер мен олардың балаларының күтім жасауға қатысты мәселелерді алдын ала ойластырғандары жақсы. Бәлкім, ата-ананың балаларымен бірге тұрғаны дұрыс болатын шығар. Я болмаса қандай да бір басқа көмекке жүгіну керек болар. Осындай мәселелерді шешіп алғанның арқасында олар “бейнет-азапты” алдын ала көріп, соған дайын болады (Заб. 89:10). Жиі алдын ала жоспар құрмаған отбасыларына дәл қиындық туындаған уақытта асығыс шешім қабылдауға тура келіп жатады. Алайда, бір сарапшының айтуынша, “бұл шешім қабылдауға ең тиімсіз уақыт болып табылады”. Мұндай қысылтаяң уақытта отбасы мүшелері қатты абыржып жүргендіктен бір-бірімен келіспей қалуы мүмкін. Ал егер олар барлығын алдын ала ойластырып алса, жаңа жағдайға бейімделу әлдеқайда оңай болады (Нақ. с. 20:18).
6. Қарт ата-ананың тұратын жеріне қатысты мәселені бүкіл отбасы болып талқылаудың қандай пайдасы бар?
6 Бәлкім, ата-анаңмен олардың қайда тұратыны не үйлерінде қандай да бір өзгерістер жасау жайлы сөйлесуге қысылатын шығарсың. Бірақ көп адам ашық әңгіменің біраз қиындықтың алдын алуға көмектесетінін байқаған. Өйткені қиын мәселелерді проблемалар туындамай тұрып талқылаған жеңіл. Мұндай жайбарақат уақытта отбасы мүшелері өз қалауларын мейіріммен әрі ашық білдіре алады және бір-бірін құрметпен тыңдайды. Нәтижесінде қиындық туындаған кезде барлығы келісетін шешім қабылдау оңай болады. Жасы келген ата-аналар мүмкіндігінше ұзақ уақыт өздері жалғыз тұрып, өз қамдарын өздері жасағылары келуі мүмкін. Тіпті осындай жағдайда да олардың қажеттілік туындағанда қандай көмекті қалайтындарын балаларымен алдын ала талқылағандары жақсы.
7, 8. Отбасының нені талқылағаны дұрыс және неге?
7 Ата-аналар, осындай талқылау кезінде нені қалайтындарыңды әрі қаржы жағынан қандай мүмкіндіктерің бар екенін айтыңдар. Осының арқасында өздерің шешім қабылдай алмай қалған жағдайда балаларың көңілдеріңнен шығатын шешім қабылдай алатын болады. Балаларың сендердің қалауларыңды ескергілері келеді әрі мүмкіндігінше тәуелсіз өмір сүрулерің үшін жағдай жасауға тырысады (Ефес. 6:2—4). Бәлкім, сендер балаларыңның қолында тұруды не басқа нәрсені қалайтын шығарсыңдар. Шындыққа тура қарап, бәрінің ойы бір жерден шықпауы мүмкін екенін және сендерге де, балаларыңа да өз көзқарастарын өзгерту үшін уақыт қажет болатынын түсінгендерің жақсы.
8 Бүкіл отбасы жоспар құру мен талқылаудың арқасында көп қиындықтың алдын алуға болатынын есте ұстаулары керек (Нақ. с. 15:22). Ата-аналар, балаларыңмен қандай ем-шара түрлеріне жүгінуге болатынын және өздерің солардың қайсысын қалайтындарың жайлы сөйлесіңдер. Сондай-ақ Ехоба куәгерлері қолданып жүрген “Өз еркін білдіру әрі сенімхат” деп аталатын құжаттағы жайттарды да талқылаған өте маңызды. Әр адамның ұсынылған ем-шара түрлері жайлы хабардар болуға, оларды қабылдауға не олардан бас тартуға құқы бар. Сенімді адамдарды медициналық көмек көрсету жөніндегі өкілдерің етіп таңдасаңдар, олар керек кезде сендердің орындарыңа қажетті шешім қабылдайтын болады. Қарт ата-ана, олардың балалары мен өкілдері аталмыш құжаттың бір данасын қажет болғанда қолдану үшін өздерінде сақтап қоюлары қажет. Кейбір қарт кісілер оны басқа да маңызды құжаттармен бірге, мысалы өсиет хат, сақтандыру мен қаржы жөніндегі құжаттармен бірге, сақтап қоюды жөн көреді.
ӨЗГЕРГЕН ЖАҒДАЙЛАРҒА БЕЙІМДЕЛУ
9, 10. Ата-анаға қай кезде көбірек көмек көрсету қажет болады?
9 Көп қарт кісілер шамалары жеткенше өзгелерден тәуелсіз өмір сүруді қалайды. Олар тамақ дайындау, үй жинау, дәрі-дәрмек қабылдау сияқты істерді өз күштерімен атқарып, өзгелермен де еркін сөйлесе алатын шығар. Осыған қарап балалары олардың күнделікті тұрмысына үнемі араласа берудің қажеті жоқ деп табар. Алайда уақыт өте келе ата-аналардың жүріп-тұруы қиындауы, мысалы дүкенге бара алмауы не тым ұмытшақ бола бастауы мүмкін. Балалардың мұны елеусіз қалдырмағандары жөн.
10 Көңілдің жабырқауы, зейіннің алаң болуы, дәретпен байланысты қиындықтардың тууы, құлақтың естімеуі және көздің нашар көруі — барлығы да қарттықпен келетін қиындықтарға жатады. Осындай қиындықтар енді пайда болған кезде бірден медициналық көмекке жүгінген дұрыс. Бұл орайда балалардың тізгінді өз қолдарына алғандары жақсы. Сондай-ақ оларға ата-аналарының басқа да жеке істеріне араласу қажет болатын шығар. Ата-аналарына барынша қамқорлық көрсету үшін балалары олардың атынан сөйлейтін қорғаушылары, хатшылары не жүргізушілері ретінде әрекет ететін болар (Нақ. с. 3:27).
11. Ата-анаңа өзгерістерге бейімделу оңай болу үшін не істеуге болады?
11 Туындаған қиындықты шешу мүмкін болмаса, ата-ананың күнделікті тұрмыстары мен оларға күтім жасауға қатысты біраз өзгерістер жасау қажет болатын шығар. Өзгерістер неғұрлым кішкентай болса, оларға бейімделу соғұрлым оңай болады. Ата-анаңнан алыста тұрсаң, жергілікті бауырластардың не көршілердің оларға жүйелі түрде барып, саған я бауырларыңның біріне олардың қал-жағдайлары жайлы хабар беріп тұрғаны жеткілікті болар ма еді? Оларға тек тамақ дайындау мен үй жинауға ғана көмектесу қажет пе? Жүріп-тұру, жуыну және тағы басқа нәрселерді істеу оңайырақ болу үшін үйдің ішінде кішігірім өзгерістер жасауға болар ма еді? Бәлкім, қарт ата-анаң қандай да бір шамада өз беттерінше өмір сүргілері келсе, оларға күтушінің көмегі жеткілікті болар. Алайда олардың жалғыз тұрғаны қауіпті болса, оларға әрдайым күтім жасау қажет болуы мүмкін. Қалай болған күнде де, сол аумақта қарт адамдарға арналған қандай қызмет түрлері бар екенін анықтағандарың жақсы * (Нақыл сөздер 21:5 оқы).
КЕЙБІРЕУЛЕР ҚИЫНДЫҚТАРДЫ ҚАЛАЙ ШЕШТІ?
12, 13. Есейген балалары ата-аналарынан алыста тұрса да, оларды құрметтейтіндерін әрі қамдарын ойлайтындарын қалай көрсете алады?
12 Балалары ата-аналарын жақсы көргендіктен олардың қамын ойлайды. Олар ата-аналарының жағдайы жақсы екенін білсе, көңілдері тыныш болады. Алайда басқа да міндеттері бар болғандықтан көптеген есейген балалар ата-аналарынан алыста тұрады. Бұндай жағдайда кейбіреулер еңбек демалысы кезінде ата-аналарына барып, олардың шамасы жетпеген үй шаруасын істеп береді. Балалары қарт ата-аналарына үнемі, тіпті мүмкін болса күн сайын, телефон шалу әрі хат жазу арқылы оларды жақсы көретіндерін көрсете алады (Нақ. с. 23:24, 25).
13 Ата-анаңнан алыста тұрсаң да, оларға күн сайын қандай күтім жасау керектігін анықтап, соның қамын жасағаның дұрыс. Олар да Ехоба куәгерлері болса, солардың қауымындағы ақсақалдарға хабарласып, кеңес сұрауыңа болады. Ал ең бастысы, олар жайлы дұға еткенің жақсы (Нақыл сөздер 11:14 оқы). Тіпті олар шындықта болмаса да, “ата-анаңды сыйла” деген өсиетті орындағаның жөн (Мыс. ш. 20:12; Нақ. с. 23:22). Әрине, барлық отбасылардың бірдей шешімдер қабылдауы мүмкін емес. Кейбіреулер ата-аналарын өз үйлеріне не үйлеріне жақынырақ жерге көшіріп әкелуді шешетін шығар. Алайда бұлай ету әрдайым мүмкін бола бермейді. Кейбір ата-аналар балаларының отбасымен бірге тұрмауды жөн көреді. Олар біреуге тәуелді болуды әрі балаларына салмақ салуды қаламайтын шығар. Қаражаттары бар кейбір қарт кісілер өз үйлерінде тұрып, күтушіні жалдайды (Уағ. 7:12).
14. Негізгі күтім жасаушы қандай қиындықтарға кезігуі мүмкін?
14 Жиі ата-анаға күтім жасау міндетінің басым бөлігін оларға ең жақын тұратын ұлы не қызы атқарып жатады. Алайда әркімнің уақыты мен күші шектеулі болады. Сондықтан негізгі күтім жасаушының байсалдылық танытып, өз отбасындағы міндеттерін де ұмытпағаны жөн. Сондай-ақ күтім жасап жүрген адамның жағдайы өзгеруі мүмкін. Сонда міндеттерді қайта қарастыру қажет болатын шығар. Отбасында бір адамның мойнына тым көп жауапкершілік жүктелген жоқ па? Оның басқа да бауырлары кезектесіп күтім жасау арқылы көбірек көмек көрсете алар ма еді?
15. Негізгі күтім жасаушы қажып кетпеу үшін басқа бауырлары не істей алады?
15 Негізгі күтім жасаушы жасы келген адамға үздіксіз қарайтын болса, бұл оны әбден қажытуы мүмкін (Мар. 6:31). Әрине, ата-анасын жақсы көргендіктен балалары қолдан келгеннің бәрін жасағысы келеді, алайда қарт кісілердің үздіксіз қажеттіліктері олардың барлық күш-жігерін сарқып алуы мүмкін. Мұндайда негізгі күтім жасаушының байсалдылық пен парасаттылық танытып, өзгелерден көмек сұрағаны дұрыс. Оның жүгін жеңілдету үшін басқа бауырлардың ара-тұра жәрдемдесіп тұрғаны жақсы.
16, 17. Қарт ата-аналарына күтім жасап жүргендер қандай қиындықтарға кезігулері мүмкін және сол қиындықтарды қалай шешуге болады? (Сондай-ақ “Қамқорлық көрсете алатыныма қуаныштымын” деген қоршауды қара.)
16 Аяулы ата-анамыздың қарттықпен байланысты қиындықтарын көргенде, жанымыз ауыратын шығар. Көп адамдар мұндайда мұңаяды, уайымдайды, шарасыздықтан қатты қынжылады, өздерін кінәлі сезінеді, тіпті ызаланады. Кейде қарт ата-ана жақындарына жағымсыз сөздер айтуы не ризашылық білдірмеуі мүмкін. Бұндай жағдай сенің де басыңнан өтіп жатса, ренжуге асықпа. Бір психолог маман мынадай кеңес береді: “Жағымсыз сезімдермен күресудің бірден бір жолы — оларды мойындау. Өз-өзімізді алдағанымыз не сондай сезімдер пайда болғаны үшін өзімізді кінәлағанымыз дұрыс емес”. Не сезініп жүргеніңді жұбайыңа, бауырларыңа не жақын досыңа айтқаның жақсы. Мұндай әңгімелер көңіліңді орнықтырады.
17 Кей жағдайларда отбасының сүйікті ата-анасына қарауға қаржысы да, білім-білігі де болмауы мүмкін. Сондықтан олар ата-анасын арнайы сауықтыру орындарына жатқызуды қажет деп табатын шығар. Осындай жерде жатқан анасына күн сайын дерлік барып тұрған бір әйел бауырлас былай дейді: “Анамызға 24 сағаттық күтім жасау қажет болды, алайда біздің мұндай мүмкіндігіміз жоқ еді. Шыны керек, оны арнайы көмек көрсетілетін жерге жатқызу оңай болған жоқ. Бірақ өмірінің сол соңғы айларында ауыр халде болған анам үшін бұл ең дұрыс шешім болған еді әрі оның өзі де бұдан бас тартпады”.
18. Ата-аналарына күтім жасап жүргендер не нәрсеге сенімді бола алады?
18 Ата-анаңның жасы келген сайын, оларға күтім жасау да қиындай түседі әрі бұны эмоциялық жағынан көтеру де оңай болмауы мүмкін. Әрине, оларға қалай қарау керектігіне қатысты нақты ережелер тізімі жоқ. Десе де ақылмен жоспар құрып, бүкіл отбасыңмен бірлесе әрекет етсең және ең бастысы, Ехобаға шын жүректен дұға етсең, сүйікті ата-анаңды құрметтеп, олардың алдындағы борышыңды атқару оңайырақ болады. Оларға қажетті көмек беріп жатқаныңды әрі көңіл бөліп жүргеніңді білгенің сені қанағат сезіміне бөлейтіні шүбәсіз (Қорынттықтарға 1-хат 13:4—8 оқы). Ал, ең бастысы, Ехобаның ата-анасын құрметтейтіндерге адам ақылынан асқан тыныштығын беретініне сенімді болсаң болады (Філіп. 4:7).
^ абзац 3 Қарт ата-аналар мен олардың балаларының осыған қатысты қандай шешім қабылдайтындарына мәдениеттері әсер етуі мүмкін. Мысалы, кейбір елдерде ата-аналары көбіне есейген балаларының қолында тұрады. Ал басқа жерлерде қарт кісілер өздері жалғыз өмір сүруді не егде адамдарға арналған сауықтыру орындарында тұруды жөн көреді.
^ абзац 11 Ата-анаң өз үйлерінде жалғыз тұрып жатса, сенімді адамдарға үйдің кілтін беріп қойған дұрыс. Сонда олар күтпеген жерден қиындық туындаған жағдайда көмек көрсете алатын болады.