Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ұлылыққа бөленген Патшамыз Мәсіхті мадақтайық!

Ұлылыққа бөленген Патшамыз Мәсіхті мадақтайық!

“Осы салтанатыңмен жеңіске аттан” (ЗАБ. 44:5).

1, 2. Забурдың 44-тарауы неліктен ден қоюға тұрарлық?

ҰЛЫЛЫҚҚА бөленген салт атты патша ақиқат пен әділдік үшін аттанып, жауларын жойып келеді. Соңғы жеңіске жеткен соң, ол сүйікті қалыңдығына үйленеді. Келер ұрпақтың бәрі осы патшаны мәңгілікке естерінде сақтап, мадақтайтын болады. Бұл — Забурдың 44-тарауында өрбитін басты тақырып.

2 Алайда Забурдың бұл тарауы жақсылықпен аяқталатын жай ғана көңіл толқытарлық әңгіме емес. Онда сипатталған оқиғалардың біз үшін мәні зор. Олардың біздің қазіргі және болашақ өмірімізге тікелей қатысы бар. Олай болса, осы тарауды өте мұқият зерттеп көрейік.

“ЖҮРЕГІМНЕН ІЗГІ СӨЗ ҚҰЙЫЛУДА”

3, 4. а) “Ізгі сөз” деген не және ол жүрегімізге қалай әсер етеді? ә) Қалай біз әнімізді Патшаға арнап айтамыз және тіліміз қалайша “хатшының жүйрік қаламындай” болады?

3 Забур 44:2 оқы. Забур жыршысының жүрегінің қылын шертіп, “құйылуына” түрткі болған “ізгі сөз” патша туралы хабар еді. “Құйылу” деп аударылған еврей сөзі “тасу” немесе “қайнау” дегенді білдіреді. Патша жайлы хабарды естіген забур жыршысының жүрегі бейнелі мағынада қуаныштан тасып, тілі “хатшының жүйрік қаламындай” болды.

 4 Бұл хабардың біз үшін қандай мәні бар? Мәсіхтің Патшалығы жайлы ізгі хабар — біздің жүрегіміздің қылын шертетін ізгі сөз. Бұл хабар 1914 жылы одан сайын “ізгі” бола түсті. Не себепті? Өйткені сол жылдан бастап бұл хабар Патшалықтың болашақта орнайтыны жайлы емес, қайта, сол уақыттан бастап оның көкте орнап қойғаны туралы еді. “Патшалық жайлы осы ізгі хабар барлық ұлттарға куәлік етілу үшін” бүкіл жер бетінде уағыздалып жатыр (Мат. 24:14). Біздің жүрегімізден Патшалық туралы ізгі хабар “құйыла ма”? Оны құлшыныспен уағыздап жүрміз бе? Забур жыршысы сияқты біз де әнімізді “патшаға арнап” айтамыз: біз Иса Мәсіхтің таққа отырған көктегі Патша екенін жариялаймыз. Сондай-ақ біз бәрін, тіпті осы дүниенің басшыларын Мәсіхтің Патшалығына бағынуға шақырамыз (Заб. 2:1, 2, 4, 12). Ал уағызда Киелі кітапты көп қолданғанда, тіліміз “хатшының жүйрік қаламындай” болады.

Біз қуанышпен Патшамыз Иса Мәсіх жайлы ізгі хабарды жариялаймыз

“МЕЙІРІМДІ СӨЗ АҒЫЛАДЫ АУЗЫҢНАН”

5. а) Қай жағынан Иса “әсем” болған? ә) Қалайша Патшаның аузынан “мейірімді сөз ағылатын” және біз оның үлгісіне қалай еліктей аламыз?

5 Забур 44:3 оқы. Жазбаларда Исаның түр-әлпетіне қатысы көп мәлімет берілмеген. Ол кемелді адам болғандықтан, “әсем” болғаны даусыз. Бірақ оны әсем еткен Ехобаға деген адалдығы мен айнымас мінсіздігі. Бұған қоса, ол Патшалық жайлы хабарды уағыздағанда, “ұнамды” сөздермен адамдардың жүректеріне жол табатын (Лұқа 4:22; Жох. 7:46). Біз уағыздағанда Исаға барынша еліктеуге тырысамыз ба? (Қол. 4:6).

6. Ехоба Исаны қалай “мәңгілікке жарылқады”?

6 Иса көктегі Әкесіне бар жүрегімен бағышталғандықтан, Ехоба жердегі қызметіне батасын төгіп, өмірін құрбандыққа бергеннен кейін де оны жарылқаған. Елші Пауыл былай деп жазған: “Ал [Иса] адам болып өмір сүргенде, өзін төмен тұтып, өле-өлгенше, тіпті азап бағанасында өлгенше, мойынсұнғыш болды. Сондықтан Құдай оны одан да жоғарылатып, барлық есімнен жоғары есімді сыйлады. Исаның есімінің алдында көктегі, жердегі және жер астындағылардың бәрі тізе бүгу үшін және тіл атаулы Иса Мәсіхті Иеміз деп ашық мойындап, Құдай Әкені мадақтау үшін осылай болды” (Філіп. 2:8—11). Ехоба Исаны қайта тірілтіп, оған өлмес өмір сыйлау арқылы “мәңгілікке жарылқады” (Рим. 6:9).

ПАТШАНЫҢ “БАСҚА ПАТШАЛАРДАН” ЖОҒАРЫЛАТЫЛУЫ

7. Қай мағынада Құдай Исаны “басқа патшаларға қарағанда” көбірек майлады?

7 Забур 44:7, 8 оқы *. Иса әділдікті қатты жақсы көріп, ал көктегі Әкесін масқаралайтын кез келген нәрсені жек көретіндіктен, Ехоба оны Патшалықтың Патшасы ретінде тағайындады. Иса “басқа патшаларға”, яғни Дәуіт әулетінен шыққан Яһуданың патшаларына қарағанда, “қуаныш майымен көбірек майланған”. Қай мағынада?  Біріншіден, Исаны Ехобаның өзі тағайындады. Екіншіден, Ехоба оны Патша әрі Бас діни қызметкер ретінде майлады (Заб. 2:2; Евр. 5:5, 6). Үшіншіден, Иса кәдімгі маймен емес, киелі рухпен майланған және оның Патшалығы жерде емес, көкте орналасқан.

8. “Құдайдың өзі Исаның тағы” болады деген нені білдіреді және оның билігі әділ болатынына неліктен сенімдіміз?

8 Ехоба өзінің Ұлын көкте Патша етіп 1914 жылы тағайындады. Оның “Патшалығының асатаяғы — әділдіктің асатаяғы”, сондықтан оның билігі әділ де тура болатыны шүбәсіз. Оның билігі заңды, өйткені “Құдайдың өзі [Исаның] тағы болады”. Бұл дегеніміз — Ехобаның өзі Мәсіх Патшалығының іргетасы. Бұған қоса, Исаның билігі “мәңгі бақи” болмақ. Сен осындай құдіретті Патшаның қол астында Ехобаға қызмет етуді мақтан тұтасың, солай емес пе?!

ПАТШАНЫҢ “СЕМСЕРДІ АСЫНЫП АЛУЫ”

9, 10. а) Мәсіх семсерін қашан асынды және оны бірден қалай қолданды? ә) Болашақта Мәсіх семсерін қалай қолданатын болады?

9 Забур 44:4 оқы. Ехоба тағайындаған Патшасына “семсерін асынып алуға” нұсқау береді, осылайша Исаға Құдайдың бүкіләлемдік билігіне мойынсұнбағандардың барлығына қарсы соғыс жүргізіп, Ехобаның сотын жүзеге асыруға билік беріледі (Заб. 109:2). Мәсіх ешкім жеңе алмайтын Жауынгер Патша болғандықтан, ол “батыр” деп аталған. Ол семсерін 1914 жылы асынды. Сол кезде Шайтан мен оның жын-перілерін жеңіп, оларды көктен жерге лақтырды (Аян 12:7—9).

10 Бұл Патшаның жеңіс үшін аттануының тек бастамасы еді. Ол әлі “толық жеңіске жету” керек (Аян 6:2). Ехобаның үкімі бойынша, Шайтанның дүниесі құрып, оның өзі мен жын-перілері әрекетсіз күйге ұшырауы қажет. Ең алдымен, дүниежүзілік жалған діндер империясы — Ұлы Бабыл жойылады. Осы зұлым “жезөкшені” Ехоба саясат басшылары арқылы құртады (Аян 17:16, 17). Одан кейін Жауынгер Патша Шайтанның саяси жүйесін талқандайтын болады. Содан соң “Тұңғиықтың періштесі” деп аталған Мәсіх Шайтан мен оның жын-перілерін тұңғиыққа тастап, толық жеңіске жетеді (Аян 9:1, 11; 20:1—3). Осы көңілді елең еткізетін оқиғалардың Забурдың 44-тарауында қалай пайғамбарлық етілгенін көрейік.

ПАТШАНЫҢ АҚИҚАТ ҮШІН АТТАНУЫ

11. Мәсіх қалай “ақиқат” үшін аттанады?

11 Забур 44:5 оқы. Жауынгер Патшаның соғысты жүргізудегі мақсаты жерлерді жаулап, адамдарды құлдыққа алу емес. Ол әділ соғысты игі мақсатпен жүргізетін болады. Ол “ақиқат, кішіпейілділік, әділдік үшін” аттанады. Бүкіл әлемге билік жүргізуге тек Ехоба ғана құқылы. Бұл қорғалуға тиіс ең негізгі “ақиқат” болып табылады. Шайтан Ехобаға қарсы бүлік шығарғанда, оның билік ету құқығын дауға салған болатын. Содан бері жын-перілер мен адамдар осы негізгі ақиқатқа күмән келтіруде. Ал енді Құдайдың тағайындаған Патшасына шайқасқа шығып, бүкіл әлемге билік жүргізуге тек Ехоба құқылы екенін дәлелдейтін уақыт келіп жетті.

12. Патша қалай “кішіпейілділік” үшін аттанады?

12 Патша “кішіпейілділік” үшін де аттанады. Ол Құдайдың жалғыз Ұлы ретінде Әкесінің бүкіләлемдік билігіне адалдықпен мойынсұнудың және кішіпейіл болудың керемет үлгісін көрсетті (Ишая 50:4, 5; Жох. 5:19). Патшаның адал қызметшілерінің  барлығы оның үлгісіне еліктеп, барлық жағдайда Ехобаның билігіне кішіпейілділікпен мойынсұнулары керек. Осылай істейтіндер ғана Құдайдың уәде еткен жаңа дүниесінде өмір сүре алады (Зәк. 14:16, 17).

13. Қалай Мәсіх “әділдік” үшін аттанады?

13 Сондай-ақ Мәсіх “әділдік” үшін де аттанады. Патша қорғайтын әділдік — Ехоба “әділ” деп есептейтін нәрселері, яғни оның дұрыс пен бұрысқа қатысты нормалары (Рим. 3:21; Заң. қ. 32:4). Иса Мәсіх жайлы Ишая мынадай пайғамбарлық сөздерді жазған: “Патша әділдікпен билік құрады” (Ишая 32:1). Исаның билігі кезінде уәде етілген “жаңа аспан мен жаңа жер” орнап, әділдік салтанат құрады (Пет. 2-х. 3:13). Демек, жаңа дүниеде әрбір жан Ехобаның дұрыс пен бұрысқа қатысты нормаларын ұстануға тиіс болады (Ишая 11:1—5).

ПАТША “ҒАЖАП ІСТЕРДІ” АТҚАРАДЫ

14. Мәсіх оң қолымен “ғажап істерді” қалай жүзеге асырады? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

14 Забур жыршысы Патшаның беліне семсерін асынып, шауып келе жатқанын айтады (Заб. 44:3). Сосын ол семсерін оң қолына алып, оны қолдана бастайды. Забур жыршысы: “Оң қолың ғажап істер істейді”,— деп пайғамбарлық етті (Заб. 44:5). Иса Мәсіх Армагеддонда Ехобаның үкімдерін жүзеге асыру үшін аттанған кезде, жауларына қарсы “ғажап істерді” істейтін болады. Патша Шайтанның дүниесін қалай жоятынын біз нақты білмейміз. Бірақ бір білетініміз — Патшаның билігіне мойынсұнуға қатысты Құдайдың ескертуіне құлақ аспағандар жан ұшыра қорқатын болады (Забур 2:11, 12 оқы). Иса осы зұлым дүниенің соңына қатысты пайғамбарлығында “адамдардың жер бетінде не болар екен деп күтіп және бойларын үрей билеп есеңгіреп қалатынын” айтқан. Ол былай деп қосты: “Содан кейін олар Адам Ұлының құдіретпен және салтанатты ұлылықпен бұлтта келе жатқанын көреді” (Лұқа 21:26, 27).

15, 16. Мәсіхпен бірге соғысқа аттанатын әскер кімдерден тұратын болады?

15 Ехобаның үкімін жүзеге асыру үшін Патшаның “құдіретпен және салтанатты ұлылықпен” келе жатқаны жайлы Аян кітабында былай жазылған: “Бұдан кейін көктің ашылғанын және ақ боз атты көрдім. Оның үстінде отырған “Адал да Шынайы” деп аталады. Ол әділ соттап, әділ соғыс жүргізуде. Оның соңынан аппақ, таза әрі жақсы зығырдан киім киіп, ақ боз аттарға мінген көктегі әскерлер еріп келе жатты. Халықтарды шауып тастау үшін оның аузынан өткір ұзын семсер шығып тұрды, ол оларға темір асатаяқпен билік етеді. Сондай-ақ құдіретті Құдайдың қаһарлы ашуын білдіретін шырын сығатын орында жүзім таптайды” (Аян 19:11, 14, 15).

16 Мәсіхпен бірге соғысқа еріп келе жатқан көктегі әскер кімдерден тұратын болады? Иса ең алғаш рет семсерін асынып, Шайтан мен оның жын-перілерін көктен лақтырған кезде, онымен бірге “періштелері” болған (Аян 12:7—9). Сондықтан Армагеддон соғысында Мәсіхтің әскеріне қасиетті періштелер кіреді деп тұжырымдағанымыз ақылға қонымды. Алайда Мәсіхтің әскерінде тағы басқалар бола ма? Иса майланған бауырларына былай деп уәде берген: “Менің істерімді ақырына дейін орындап шыққан жеңімпазға халықтардың үстінен билік беремін. Әкемнің маған билік бергеніндей, мен де оған халықтарға темір асатаяқпен әмір етуге билік беремін. Сонда олардың қыш ыдыстай тас-талқаны шығады” (Аян 2:26, 27). Демек, Мәсіхтің әскеріне көктегі сыйларын  алып қойған майланған бауырлары да кіретін болады. Осы майланған патшалар Иса темір асатаяғымен әмір етіп, “ғажап істер” істеп жатқанда, оның қасында болады.

ПАТШАНЫҢ ТОЛЫҚ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТУІ

17. а) Мәсіх мінген ақ боз ат нені бейнелейді? ә) Семсер мен тәж нені білдіреді?

17 Забур 44:6 оқы. Патша мінген ақ боз ат Ехобаның көзінде таза да әділ соғысты білдіреді (Аян 6:2; 19:11). Сондай-ақ оған семсермен қатар тәж берілген. Біз былай деп оқимыз: “Мен қарадым да, ақ боз атты көрдім. Атта отырғанның қолында садағы бар екен және оған тәж берілді. Жауларын жеңіп келе жатқан ол толық жеңіске жету үшін аттанды”. Семсер мен тәж Мәсіхтің өз жауларына шығарылған үкімді жүзеге асыру үшін қолданатын тәсілдерін білдіреді.

Құстар жерді тазартуға шақырылады (18-абзацты қара)

18. Мәсіхтің “жебелері” қалайша “үшкір” болады?

18 Забур жыршысы көркем тілмен пайғамбарлық еткендей, Патша үшкір жебелерін “жауларының жүрегіне дәл қадайды” және “барлық ұлттар оның аяғына жығылады”. Бұл қантөгіс бүкіл жержүзі бойынша болады. Еремия бұны былай сипаттаған: “Сол кезде Жаратқан Иенің қолынан мерт болғандар жердің бір шетінен екінші шетіне дейін барлық жерде жатады” (Ерм. 25:33). Осы оқиға жайлы басқа пайғамбарлықта былай делінген: “Мен күннің ішінде тұрған періштені де көрдім. Ол қатты айғайлады да, әуеде ұшып жүрген барлық құстарға: “Келіңдер, Құдайдың ұлы қонақасына жиналыңдар! Патшалардың, жүзбасылар мен күштілердің, аттар мен олардың үстіндегілердің, сондай-ақ барлық еріктілер мен құлдардың, кішіктер мен ұлықтардың тәнін жеңдер!”— деді” (Аян 19:17, 18).

19. Қалай Мәсіх толық жеңіске жетеді?

19 Шайтанның жердегі зұлым дүниесін жойған соң, Мәсіх Патша салтанатпен “жеңіске аттанады” (Заб. 44:5). Ол Шайтан мен жын-перілерді тұңғиыққа тастағанда, толық жеңіске жетеді. Олар мың жыл бойы сонда болмақ (Аян 20:2, 3). Тұңғиыққа тасталған Шайтан мен жын-перілер өлі сияқты әрекетсіз күйде болады, сондықтан олар еш зиян келтіре алмайды. Сол кезде Шайтанның кері ықпалынан азат болған барша жұрт еш кедергісіз Патшаға толық бағына алады. Ал бүкіл жер беті жұмаққа айналмас бұрын, адамдардың Патша және 144 000 майланғанмен бірге қуануына тағы бір себеп болады. Бұл қуанышты оқиға жайлы келесі мақаладан білетін боламыз.

^ абзац 7 Забур 45:6, 7 (ЖД): “Құдайдың өзі мәңгі бақи тағың болады; Патшалығыңның асатаяғы — әділдіктің асатаяғы. Сен әділдікті сүйіп, зұлымдықты жек көрдің, Сондықтан да Құдай, сенің Құдайың, басқа патшаларға қарағанда сені қуаныш майымен көбірек майлады”.