Ехоба — жақын Досымыз
“[Ыбырайым] “Ехобаның досы” деп аталды” (ЖАҚ. 2:23).
1. Құдайға ұқсас етіп жаратылғандықтан, адамдардың қандай қабілеттері бар?
“ӘКЕСІНЕ тартқан екен”. Бұл сөздерді балалары ата-анасына қатты ұқсаған жағдайда айтып жатады. Ол түсінікті де, өйткені балаларға ата-анасынан тұқым арқылы мінез-құлығының қандай да бір ерекшеліктері беріледі. Ехоба — бәрімізге өмір сыйлаған көктегі Әкеміз (Заб. 35:10). Оның жердегі балалары болғандықтан, біз оған кейбір жағынан ұқсаймыз. Бізде ойлану, шешім қабылдау және өзгелермен дос болу сияқты қабілеттер бар (Жар. 1:26).
2. Ехобамен достығымыз не нәрсеге негізделеді?
2 Ехоба біз үшін жақын Дос бола алады. Мұндай достық Құдайдың бізге деген сүйіспеншілігіне және Ехоба мен Ұлына деген сенімімізге негізделеді. Иса былай деген: “Құдай дүниені сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын берді. Ол мұны Ұлына сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие болсын деп істеді” (Жох. 3:16). Киелі кітапта Ехобамен жақын дос болған адамдардың мысалдары жазылған. Солардың екеуін қарастырайық.
“ДОСЫМ ЫБЫРАЙЫМ”
3, 4. Ыбырайымның Ехобамен достығы қандай болды? Ал оның ұрпақтарының достығы ше?
3 Ехоба Исраил халқының рубасы және арғы атасы болған Ыбырайымды досым деп атаған (Ишая 41:8 сілт.). Шежірелердің 2-жазбасы 20-тарау 7-тармақта да оның Құдайдың досы болғаны жазылған. Осы адал кісінің Жаратушымен дос болуына негіз болған не? Бұл — оның сенімі (Жар. 15:6; Жақып 2:21—23 оқы).
4 Ыбырайымның ұрпағынан ежелгі Исраил халқы пайда болды. Алғашында Ехоба олар үшін де Әке әрі Дос болған. Бірақ, өкінішке қарай, олардың Құдаймен достық қарым-қатынастары үзіліп қалды. Неге? Өйткені олар Ехобаның уәделеріне деген сенімдерін жоғалтып алды.
5, 6. а) Сен Ехобамен қалай дос болдың? ә) Қандай сұрақтар зейін қоюға тұрарлық?
5 Ехоба жайлы көбірек білім алған сайын, оған деген сеніміміз бен сүйіспеншілігіміз арта түседі. Мәселен, бір кездері біз Құдаймен жақын қарым-қатынас дамытуға болатынын және оның шынайы Тұлға екенін түсіндік. Сондай-ақ Адам атаның тілазарлығының кесірінен бәріміз күнәкар болып туылғанымызды білдік және күллі адамзат Құдайдан алшақтап кеткенін де түсіндік (Қол. 1:21). Содан кейін біз көктегі сүюші Әкеміз қамымызды ойламайтын бір алыс Тұлға емес екенін білдік. Ал Исаның төлем құрбандығы туралы біліп, Ехоба берген осы шараға сенгенде, біз онымен достық қарым-қатынас дамыта бастадық.
6 Осы жайттарды еске түсіріп, өзімізден былай деп сұрағанымыз жақсы: “Мен Құдаймен достығымды нығайтып жүрмін бе? Сүйікті Досым Ехобаға үлкен сенім артамын ба? Оған деген сүйіспеншілігім күн сайын артып жатыр ма?” Ал енді Ехобамен жақын дос болған Гедеонның үлгісін қарастырып, үйренуге болатын тұстарын санамызға тоқып алайық.
“ЕХОБА — ТАТУЛЫҚ”
7—9. а) Гедеон қандай ерекше жағдайды бастан өткерді және оның нәтижесі қандай болды? (Мақаланың басындағы суретті қара.) ә) Біз Ехобамен достығымызды қалай нығайта аламыз?
7 Гедеон Ехобаға би ретінде қызмет еткен уақытта Уәде етілген жерге кірген исраилдіктер қиын күндерді бастан кешіріп жатқан: көрші мадияндықтар оларды қатты қыспаққа алып жатты. Сондықтан да Гедеон сол кезде тапшы болған бидайдың дәндерін жазық далада емес, тез жасыруға болатын жүзім сығатын орында бастырып жатқан еді. Билер кітабының 6-тарауында жазылғандай, Ехобаның періштесі Офрада Гедеонға көрінді. Гедеон періштенің келгеніне және оны “мықты батыр” деп атағанына таңғалды. Ехоба кезінде Исраил халқын Мысырдан құтқарса да, Гедеон Құдайдың оларға көмектесетініне күмәнданды. Бірақ Жаратушының атынан сөйлеген періште Гедеонды Ехобаның оларға шынымен де көмектесетініне сендірді.
8 Гедеонға “Исраилді мадияндықтардың қолынан құтқарып алу” мүмкін еместей көрінді. Бірақ Ехобаның жауабы тасқа басылған таңбадай анық болды: “Мен, сөзсіз, сенімен бірге жүріп, жар боламын! Сонда сен жалғыз бір-ақ адамды соққандай, мадияндықтардың барлығына да күйрете соққы бересің” (Би. 6:11—16). Осы сөздерге әлі де күмәнданған Гедеон Құдайдан белгі беруін сұрады. Байқасақ, Гедеон Ехобамен сөйлескенде, сөзіне күмәнданса да, оның шынайы Тұлға екеніне еш күмәнданған жоқ.
9 Содан кейін орын алған жайт Гедеонның сенімін нығайтып, оны Құдайға жақындата түсті. Гедеон ас дайындап, оны періштеге ұсынды. Періште таяғының ұшын тигізіп, әзірленген тамақты керемет түрде өртеп жібергенде, Гедеон періштенің артында тұрған Ехоба екенін түсінді. Қорқыныштан ол: “О, Әлемнің Әміршісі Ехоба, мен қасіретке қалдым! Өйткені, Ехоба, мен сенің періштеңмен жүздестім”,— деді (Би. 6:17—22 ЖД). Бірақ осы жайт Гедеонның Құдаймен достығына кері әсерін тигізді ме? Әрине, жоқ! Керісінше, Гедеон Құдаймен татулықта екенін сезді. Бұны біз оның құрбандық ұсынатын орынды “Яһуә — шалом” деп атағанынан білеміз. Бұл “Ехоба — татулық” дегенді білдіреді (Билер 6:23, 24 оқы; сілт.). Ехобаның біз үшін күн сайын не істеп жатқаны туралы ой жүгірткенде, оның нағыз Досымыз екеніне көзіміз жетеді. Жүйелі түрде дұға етсек, Құдаймен татулығымыз артып, достығымыз да нығаяды.
“СЕНІҢ ТҰРАҒЫҢДА КІМ ТҰРА АЛАДЫ?”
10. Забур 14:3, 5-ке сай, өзімен дос болу үшін Ехоба бізден не талап етеді?
10 Ехобаның досы болу үшін біз белгілі бір талаптарға сай болуымыз керек. Забурдың 14-тарауында Дәуіт Ехобаның тұрағында тұру үшін, яғни оның досы болу үшін не талап етілетінін жазып кеткен (Заб. 14:1). Осы талаптардың екеуіне тоқталайық. Олар — жала жабудан аулақ болу және барлық істе шыншыл болу. Ехоба дос деп қарастыратын адам қандай болу керектігі жайлы Дәуіт былай деген: “Ешкімді уытты тілмен өсектемейді [“жала жаппайды” ЖД]... Пара алып жазықсыз жанды қараламайды (Заб. 14:3, 5).
11. Неге біз өзгелерге жала жабудан аулақ болуымыз керек?
11 Өзге бір жырында Дәуіт: “Жаман сөз ауыздарыңнан шығармаңдар”,— деп ескерткен (Заб. 33:14). Рухтың жетелеуімен жазылған осы сөздерді елемегеніміз көктегі әділ Әкемізбен қарым-қатынасымызға сызат түсіреді. Негізінде, жала жабу — Ехобаның қас жауы Шайтанның болмысына тән әрекет. “Ібіліс” деген сөз гректің “жала жабушы” деген сөзінен шыққан. Әңгіме-дүкен құрғанда, басқалар жайлы не айтатынымызға мұқият болсақ, Ехобаға жақын болып қала береміз. Әсіресе қауымдағы тағайындалған ер бауырластарға келгенде сөздерімізге абай болуымыз керек (Еврейлерге 13:17; Яһуда 8 оқы).
12, 13. а) Неге біз барлық жағдайда шыншыл болуымыз керек? ә) Шыншыл болғанымыз басқаларға қандай әсер қалдырады?
12 Шыншылдық — Ехобаның қызметшілерін ерекшелендіретін қасиет. Елші Пауыл былай деген: “Біз үшін дұға ете беріңдер, өйткені барлық жағдайда адал жүріп-тұрғымыз келетіндіктен, ар-ұжданымыз таза екеніне сенімдіміз” (Евр. 13:18). Барлық жағдайда шыншыл болуды шешкендіктен, бауырластарымызды пайдаланып қалу ойымызда да жоқ. Мысалы, біз жұмыс беруші болсақ, бауырластарға әділ қарап, келіскен ақының төленуін қадағалауымыз керек. Мәсіхші болғандықтан, біз жұмысшыларымызбен және өзгелермен шыншылмыз. Ал егер жұмыс берушіміз бауырлас болса, ол бізге ерекше қарайды деп күтпеуіміз керек.
13 Ехоба куәгерлерімен жұмыс істейтін адамдар жиі оларды мақтап жатады. Мысалы, бір үлкен құрылыс компаниясының бастығы Ехоба куәгерлерінің сөздерінде тұратынын байқаған. Ол: “Сендер әрдайым келіскендеріңе сай әрекет етесіңдер”,— деді (Заб. 14:4). Біздің шыншыл болғанымыз Ехобамен достығымызды сақтап қалуға көмектеседі. Сондай-ақ жақсы көретін көктегі Әкемізге мадақ әкеледі.
БАСҚАЛАРҒА ЕХОБАНЫҢ ДОСЫ БОЛУҒА КӨМЕКТЕС
14, 15. Қызметте адамдарға Ехобаның досы болуға қалай көмектесе аламыз?
14 Қызметте кездестіретін көп адам Құдайдың бар екеніне сенгенмен, оны жақын дос ретінде қабылдамайды. Оларға қалай көмектесуге болады? Иса 70 шәкіртін уағызға екі-екіден жібергенде, мынадай нұсқау берді: “Бір үйге кіргенде әуелі: — Осы үйде татулық болсын!— деңдер. Егер сол жерде татулықты сүйетін адам бар болса, оған тілегендерің орындалсын, ал жоқ болса, өздеріңе қайтсын” (Лұқа 10:5, 6). Достық пейіл танытуымызбен адамдардың шындыққа келуіне үлес қосамыз. Сондай-ақ осылай етуімізбен қарсылық білдірген адамның ашуын тарқатып, басқа жолы жылы қарсы алуына жағдай жасаймыз.
15 Қызметте өте діндар немесе жалған діннің салт-жораларын ұстанатын адамдарға да достық пейіл танытып, олармен тату болуға тырысамыз. Бүгінгі қоғамнан көңілі қалған адамдар біз ғибадат ететін Құдай жайлы білу үшін кездесулерге келгенде, оларды жылы қарсы аламыз. Осыған қатысты “Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді” айдарында көптеген керемет оқиғалар жазылған.
ЖАҚЫН ДОСЫМЫЗБЕН ҚЫЗМЕТТЕСЕЙІК
16. Біз қай мағынада Ехобаның досы әрі қызметтесі бола аламыз?
16 Әдетте бірге жұмыс істейтін адамдар жақын дос болып кетеді. Ехобаға бағышталғандардың барлығы онымен дос болу әрі қызметтес болу мәртебесіне ие (Қорынттықтарға 1-хат 3:9 оқы). Оның үстіне, уағыз ісі мен шәкірт дайындау ісіне атсалысқанда, біз көктегі Әкеміздің таңғалдырарлық қасиеттерін біле түсеміз. Сондай-ақ оның киелі рухы ізгі хабарды жариялау тапсырмасын атқаруға қалай көмектесіп жатқанын көреміз.
17. Конгрестердегі рухани ас-су Ехоба біздің досымыз екенін қалай көрсетеді?
17 Уағыз ісіне неғұрлым көбірек атсалыссақ, соғұрлым Ехобаға жақын боламыз. Осы істі тоқтатуды көздейтіндердің іс-әрекеттеріне Ехобаның қалай тосқауыл қойып жатқанын көреміз. Сондай-ақ Ехобаның қауым кездесулер мен әдебиеттер арқылы нақты басшылық пен тәлім беріп жатқаны бізді қуанышқа бөлейді. Конгрестердің бағдарламасы сүюші Әкеміз біздің қажеттіліктеріміз бен қиындықтарымызды түсінетінін көрсетеді. Конгресс үшін алғыстарын білдірген бір отбасы былай деп жазды: “Бағдарлама шынымен де жүрегімізге жетті. Ехоба әрқайсысымызды қаншалықты жақсы көретінін және жетістікке жеткенімізді қалайтынын сездік”. Ал Ирландиядағы арнайы конгреске Германиядан барған бір ерлі-зайыпты қарсы алған бауырластардың көрсеткен қамқорлықтарына ризашылық білдірген соң былай деп қосты: “Бірақ ең алдымен біз Ехоба мен ол тағайындаған Патша Иса Мәсіхке ризашылығымызды білдіреміз. Олар бізді бірлігі жарасқан халықтың бір мүшесі болуға шақырды. Біз бірлік жайлы айтып қана қоймай, оны күн сайын сезініп жүрміз. Дублинде өткен арнайы конгреске барғанда көргеніміз бен сезінгеніміз сендермен бірге ұлы Құдайымызға қызмет ету мәртебесіне ие екенімізді әрдайым есте ұстауға көмектеседі”.
ДОСТАРДЫҢ АРАЛАСУЫ
18. Ехобамен сөйлесуге қатысты өзімізге қандай сұрақ қойсақ болады?
18 Достар өзара жақсы пікір алысып отырса, қарым-қатынастары нығая түседі. Ғаламтор билеп тұрған заманда әлеуметтік желілер мен хабарламалар кеңінен танымал. Достар бір-бірімен араласу үшін оларды жиі қолданады. Ал біз жақын Досымыз Ехобамен сөйлесуіміз жайлы не дей аламыз? Ол біздің дұғаларымызды тыңдайды (Заб. 64:3). Бірақ онымен сөйлесуге біз қаншалықты жиі уақыт бөлеміз?
19. Көктегі Әкемізге жүректегі сезімдерді ашып айту қиын болса, бізге не көмектесе алады?
19 Құдайдың кейбір қызметшілеріне ішкі жан дүниесіндегі сезімдерін ашып айту оңай бола бермейді. Дегенмен дұға айтқан кезде Ехоба сезімдерімізді ашық айтқанымызды қалайды (Заб. 118:145; Ерм. ж. 3:41). Тіпті іштегіні сөзбен айтып жеткізу қиын болса да, бізде көмек жоқ емес. Пауыл Римдегі мәсіхшілерге былай деп жазған: “Дұға ету керек болып, бірақ сөз таппай қиналғанда, сөзбен жеткізе алмайтын күрсіністерімізді біз үшін киелі рух жеткізеді. Ал жүректегіні көретін Құдай рухтың не жайлы айтып тұрғанын біледі, өйткені рух қасиеттілер үшін Құдайдың еркіне сай өтініш етеді” (Рим. 8:26, 27). Киелі жазбалардағы Әйүп, Забур және Нақыл сөздер сияқты кітаптарды оқып, ой жүгірткеніміз іште жатқан сезімдерімізді Ехобаға айтуға көмектеседі.
20, 21. Філіпіліктерге 4:6, 7-де жұбаныш беретін қандай сөздер жазылған?
20 Мұңға батыратын жағдайларға тап болғанда, Пауылдың філіпіліктерге айтқан кеңесіне құлақ асайық: “Еш нәрсені уайымдамаңдар, барлық өтініштеріңді дұға етіп, жалбарынып, ризашылықпен Құдайға білдіріңдер”. Жақын Досымызбен осылай ашық сөйлесетін болсақ, жанымыз жай тауып, жұбаныш аламыз. Пауыл сөзін жалғап: “Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Иса арқылы сақтайды”,— деген (Філіп. 4:6, 7). Жүрегіміз бен ой-санамызды сақтайтын теңдесі жоқ “Құдайдың тыныштығына” әрдайым ризалық білдірейік.
21 Дұға Ехобамен достығымызды дамытуға көмектеседі. Сол себепті “ұдайы дұға етейік” (Сал. 1-х. 5:17). Бүгінгі зерттеу Құдаймен қарым-қатынасымызды нығайтып, оның әділ талаптарын орындай беруге көмектессе екен дейміз. Ендеше, Ехоба беріп жатқан баталарымыз жайлы ой жүгіртейік, өйткені ол — біздің Әкеміз, Құдайымыз және Досымыз.