Мәңгілік Патша Ехобаға ғибадат ет
“Мәңгілік Патша... мәңгі бақи құрметтеліп, дәріптеле берсін!” (ТІМ. 1-Х. 1:17).
1, 2. а) Киелі кітапта кім “Мәңгілік Патша” деп аталады және неге мұны лайықты лауазым деуге болады? (Осы беттегі суретті қара.) ә) Неге Ехобаның билігі бізді оған жақындай түсуге талпындырады?
СВАЗИЛЕНД ЕЛІНДЕ шамамен 61 жыл бойы билік еткен II Собуза патша біздің күнімізде ұзақ уақыт билік еткен монарх ретінде белгілі болды. Оның ұзаққа созылған билігі бізді таңғалдыратын шығар. Алайда қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешетін адам баласынан әлдеқайда ұзақ билік ететін бір патша бар. Киелі кітапта ол “Мәңгілік Патша” деп аталған (Тім. 1-х. 1:17). Бір забур жыршысы: “Ехоба — мәңгілік Патша”,— деп, бұл билеушінің есімін айтқан (Заб. 10:16 ЖД).
2 Құдай билігінің ұзақтығы оны жердегі патшалардан ерекше ететіні рас. Алайда оның қалай билік ететінін білгеніміз әсіресе маңызды, өйткені бізді оған жақындататын да осы. Ежелде Исраил елінде 40 жыл билік еткен бір патша Құдайды мынадай сөздермен мадақтаған: “Ехоба мейірімді де жанашыр, Ашулануға асықпайды, айнымас сүйіспеншілігі мол. Ехоба көкте өз тағын берік орнатты, Ол бәрінің үстінен патшалық құрады” (Заб. 103:8, 19 ЖД). Ехоба — тек Патшамыз ғана емес. Ол — біздің сүюші Әкеміз де. Осы орайда екі сұрақ туындайды: Ехоба Әке ретінде қалай әрекет етіп келді? Едем бағында бүлік шыққаннан кейін, Ехоба өз билігін қалай жүзеге асырды? Осы сұрақтардың жауабын білгеніміз бізді Ехобаға жақындай түсуге және оған шын жүректен қызмет етуге талпындырады.
МӘҢГІЛІК ПАТШАНЫҢ БҮКІЛӘЛЕМДІК ОТБАСЫ
3. Ехобаның бүкіләлемдік отбасының алғашқы мүшесі кім болды және жаратылыстардың ішінде тағы кімдер Құдайдың “ұлдары” деп аталды?
3 Ехоба өзінің тұңғыш Ұлын жаратқанда, қандай қуанышқа кенелді десеңші! Құдай оған дәрежесі төмен жаратылыс ретінде қараған жоқ. Керісінше, әкелік сүйіспеншілігін көрсетіп, оны өзімен бірге басқа да кемелді жаратылыстарға бастау беру мәртебесіне бөледі (Қол. 1:15—17). Жаратылыстардың арасында сансыз көп періштелер де болды. Киелі кітапта олар “Иеміздің еркін орындайтын... қызметшілер” деп аталған. Періштелер Құдайға қуанышпен қызмет етеді. Ал Ехоба оларды “ұлдарым” деп атау арқылы құрметке бөлейді (Заб. 102:20—22; Әйүп 38:7 сілт.).
4. Құдай өзінің бүкіләлемдік отбасын қалай ұлғайтты?
4 Аспан мен жерді жаратқан соң, Ехоба өзінің бүкіләлемдік отбасын ұлғайтты. Ол жерді әдемі әрі өз-өзін қамтамасыз ете алатындай етіп жаратты. Содан кейін ол алғашқы адамды өзіне ұқсас етіп жаратып, оны Адам деп атады (Жар. 1:26—28). Жаратушысы болғандықтан Ехоба Адамның өзіне мойынсұнғанын қалады. Көктегі Әке ретінде Ехоба сүйіспеншілікпен әрі мейіріммен нұсқаулар берді. Бұл нұсқаулар Адамның еркіндігін аса шектемейтін (Жаратылыс 2:15—17 оқы).
5. Ехоба бүкіл жер бетін адамдарға толтыру үшін не істеді?
5 Ехоба монарх сияқты бүкіл билікті өз қолына алған жоқ. Ол өзінің саналы жаратылыстарына отбасы мүшелеріндей қарады әрі оларға сенім артып, әртүрлі жауапкершіліктер жүктеді. Мысалы, ол Адамға басқа тірі жаратылыстарына иелік етуді тапсырып, тіпті жануарларға ат қою мүмкіндігін берді. Бұл неткен қызықты әрі жауапты тапсырма болды десеңші! (Жар. 1:26; 2:19, 20). Құдай жер бетін толтыру үшін бірден көптеген кемелді адамды жаратқан жоқ. Ол Адамға жақсы көмекші болатын әйелді, Хауаны, жаратып берді (Жар. 2:21, 22). Ехоба бұл жұпқа жер бетін өз үрім-бұтақтарымен толтыруға мүмкіндік берді. Күнә жасамағанда, Адам мен Хауа Едемнің шегарасын кеңейтіп, ақырында бүкіл жер бетін жұмаққа айналдырар еді. Олар көктегі періштелермен бірге бір отбасының мүшелері ретінде Ехобаға мәңгілік бойы ғибадат етер еді. Бұл Ехобаның әкелік сүйіспеншілігінің керемет көрінісі емес пе?!
БҮЛІКШІЛ ҰЛДАР ҚҰДАЙДЫҢ БИЛІГІНЕН БАС ТАРТТЫ
6. а) Құдайдың отбасында бүлік қалай шықты? ә) Бүліктің шығуы Ехобаның жағдайды қадағалай алмағанын білдірді ме?
6 Өкінішке қарай, Адам мен Хауа Ехобаға Билеушілері ретінде мойынсұнғылары келмеді. Олар Құдайға қарсы шыққан Шайтанға еруді жөн көрді (Жар. 3:1—6). Нәтижесінде олардың өздері де, ұрпақтары да қайғы-қасірет пен өлімге душар болды (Жар. 3:16—19; Рим. 5:12). Сол уақытта жер бетінде Құдайға бағынатын адам қалмады. Алайда бұл Құдайдың жағдайды қадағалай алмағанын және жер бетіне бүкіләлемдік билігін жүргізуден бас тартқанын білдірді ме? Әрине, жоқ! Ол Адам мен Хауаны Едем бағынан қуып шығарды және олар сол жерге қайтып кіре алмаулары үшін керубтерді бақтың алдына күзетші етіп қойды (Жар. 3:23, 24). Сондай-ақ ол Шайтанды құртып, Адамның жасаған күнәсінің зардабын жоятын ұрпақ келетінін уәде етті. Осылайша адал періштелер мен адамдардан тұратын бүкіләлемдік отбасына қатысты ниетін міндетті түрде жүзеге асыратынын көрсетіп, өзінің әкелік сүйіспеншілігін танытты (Жаратылыс 3:15 оқы).
7, 8. а) Нұхтың заманында жер бетіндегі жағдай қалай ушығып кетті? ә) Ехоба жер бетін зұлымдықтан тазартып, адал адамдарды аман алып қалу үшін не істеді?
7 Содан кейінгі ғасырларда Ехобаға адалдық танытқан адамдар болған. Олардың арасында Әбіл мен Енох бар еді. Алайда адамдардың көпшілігі Ехобаны Әкелері және Патшалары ретінде мойындағылары келмеді. Ал Нұхтың заманында жер беті тіптен “зұлымдыққа толып” кетті (Жар. 6:11). Сонда Ехобаның жер бетіндегі жағдайды қадағалай алмағаны ма? Киелі кітапта бұл жайында не делінгенін көрейік.
8 Нұхты отбасымен бірге аман алып қалу үшін Ехоба оған үлкен кеме соғуды бұйырып, соған қатысты егжей-тегжейлі нұсқаулар берді. Сондай-ақ Ехоба оған “әділдіктің уағыздаушысы” болуды тапсыру арқылы бүкіл адамзатқа зор сүйіспеншілігін көрсетті (Пет. 2-х. 2:5). Нұх өз замандастарын күнәларына өкінуге шақырып, оларды алдағы апаттан сақтандыруға тырысқаны шүбәсіз. Алайда адамдар оның айтқандарын құлақтарына да ілмеді. Нұх пен оның отбасы зұлым, азғындыққа белшесінен батқан адамдардың арасында тұрды. Алайда Ехоба қамқор Әке ретінде бұл сегіз адал жанға қорғаныш болып, батасын берді. Ол топан су жіберу арқылы жер бетін бүлікшіл адамдар мен зұлым періштелерден тазартты. Иә, Ехобаның жағдайды толығымен қадағалағаны сөзсіз (Жар. 7:17—24).
ЕХОБАНЫҢ ТОПАН СУДАН КЕЙІНГІ БИЛІГІ
9. Топан судан кейін адамдарда қандай мүмкіндік туды?
9 Нұх пен оның отбасы зұлымдықтан тазарған жерге алғаш аяқ басып, таза ауамен кең тыныс алғанда, Ехобаның қамқорлығы мен қорғанышына шексіз риза болғандары анық. Нұх бірден құрбандық орнын соғып, Ехобаға арнап құрбандыққа мал шалды. Құдай Нұх пен оның отбасына: “Өсіп-өніп, ұрпақтарың көбейіп, жерді толтырыңдар”,— деп батасын берді (Жар. 8:20—9:1). Осылайша адамдарда Ехоба Құдайға бірлесе ғибадат етіп, жер бетін толтыруға тағы бір мүмкіндік туды.
10. а) Топан судан кейін адамдар қай жерде және қалай Ехобаға қарсы шықты? ә) Ниетін жүзеге асыру үшін Ехоба не істеді?
10 Алайда Топан су мұра етілген кемелсіздікті шайып кеткен жоқ және адамдар әлі де Шайтан мен оған ерген бүлікшіл періштелердің ықпалында еді. Көп ұзамай адамдар Ехобаның сүйіспеншілікпен жүргізген билігіне тағы да қарсы шықты. Бүлікшілердің қатарында Нұхтың Нымрод есімді шөбересі де болды. Ол Бабыл сияқты үлкен қалалар соғып, өзін “Шинар жерінің” патшасы етіп тағайындады (Жар. 10:8—12). Мәңгіліктің Патшасы “жерді толтыруға” қатысты ниетіне қарсы шыққан бұл бүлікшіл патшаға қатысты қандай шара қолданды? Құдай адамдардың тілін шатастырып жіберді, осылайша Нымродтың соңынан ергендер “жер бетіне бытырап” кетті. Содан, олар барған жерлерінде жалған ғибадаттары мен адамның билік ету үлгісін таратты (Жар. 11:1—9).
11. Ехоба досы Ыбырайымға адал екенін қалай көрсетті?
11 Топан судан кейін көп адам жалған құдайларға табынып кеткенмен, Ехобаға ғибадат еткен адал адамдар да болды. Солардың бірі Ыбырайым еді. Ол Ехобаның айтқанына мойынсұнып, Ур жеріндегі жайлы үйін тастап шықты, содан жылдар бойы шатырларда тұрды (Жар. 11:31; Евр. 11:8, 9). Ол көшіп-қонып жүрген уағында көбіне қабырғалармен қоршалған қалаларда тұратын патшалармен көршілес тұрды. Алайда Ехоба Ыбырайым мен оның отбасын әрдайым қорғап жүрді. Ехобаның әкелік қамқорлығына қатысты забур жыршысы: “Құдай ешкімге соларды жәбірлетпеді, Олар жайлы патшаларға қатаң ескертті”,— деп жырлады (Заб. 104:13, 14). Досы Ыбырайымға адал болған Ехоба: “Сенен патшалар да шығатын болады”,— деп уәде етті (Жар. 17:6; Жақ. 2:23).
12. Ехоба Мысыр елінде бүкіләлемдік билігін қалай паш етті және нәтижесінде оның таңдаулы халқымен не болды?
12 Ехоба Ыбырайымның баласы Ысқаққа да, немересі Жақыпқа да мол батасын төгіп, ұрпақтарынан патшалар шығатынын уәде етті (Жар. 26:3—5; 35:11). Алайда уақыт өте келе, Жақыптың ұрпағы Мысыр жерінде құлдарға айналды. Бұл Ехоба өз уәдесін орындамайтын болды не өзінің бүкіләлемдік билігін жер бетіне жүргізуден бас тартты дегенді білдірді ме? Тіпті де олай емес! Уақыты келгенде, Ехоба зор құдіретін паш етіп, өзінің қыңыр перғауыннан әлдеқайда үстем екенін көрсетті. Құлдықта жүрген исраилдіктер Ехобаға сенім артты, ал Ехоба оларды Қызыл теңізден өткізу арқылы керемет жолмен азат етті. Осылайша Ехобаның әлі де Әлемнің Әміршісі екені және қамқор Әке ретінде зор құдіретін қолданып, өз халқын қорғағаны анық көрінді (Мысырдан шығу 14:13, 14 оқы).
ЕХОБА ИСРАИЛДІҢ ПАТШАСЫ БОЛДЫ
13, 14. а) Исраилдіктер мадақ әндерінде Ехоба туралы не айтты? ә) Құдай Дәуітке патшалыққа қатысты қандай уәде берді?
13 Мысырдан ғажап түрде азат етілген исраилдіктер бірден жеңіс әнін айтып, Ехобаны мадақтады. Олар: “Мәңгі болады билігі Жаратқан Иенің!”— деп жар салды (Мыс. ш. 15:18). Иә, Ехоба жаңа халықтың патшасы болды (Заң. қ. 33:5). Бірақ исраилдіктер Ехобаның көзге көрінбейтін билігін қанағат тұтпады. Мысырдан шыққаннан кейін шамамен 400 жыл өткен соң, олар пұтқа табынатын көрші халықтарда сияқты патшалары болғанын қалап, Құдайдан адамдардың арасынан патша тағайындап беруін сұрады (Пат. 1-ж. 8:5). Алайда Дәуіт патшаның тұсында Ехобаның әлі де билік етіп жатқаны анық көрінді.
14 Дәуіт киелі келісім сандығын Иерусалимге әкеп қойды. Осы айтулы оқиға кезінде леуіліктер Ехобаға арнап мадақ әндерін айтты. Шежірелер 1-жазба 16:31-де (ЖД) олардың былай деп әндеткені жазылған: “Халықтар арасында: “Ехоба патша болды!”— деп жариялансын”. Бәлкім, әлдебіреу: “Жазбаларда Ехобаның Мәңгілік Патша екені айтылған ғой, ендеше Дәуіттің заманында ол патша болды дегенді қалай түсінуге болады?”— дейтін шығар. Ехоба өзінің билігін жүзеге асырғанда не қандай да бір уақыт пен жағдайға байланысты біреуді өзінің өкілі етіп тағайындағанда патша болады. Ехобаның билігінің осы қырын түсінгеніміз өте маңызды. Дәуіт қайтыс болмас бұрын, Ехоба оған патшалығының мәңгіге жалғасатынына қатысты мынадай уәде берген: “Мен артыңнан бір ұрпағыңды: өз ұлдарыңның біреуін тағайындап, оның патшалық билігін нығайтамын” (Пат. 2-ж. 7:12, 13). Осы уәде 1000 жылдан аса уақыт өткен соң, Дәуіттің “ұрпағы” дүниеге келгенде орындалды. Бұл ұрпақ кім болып шықты және ол қашан Патша болды?
ЕХОБАНЫҢ ЖАҢА ПАТШАНЫ ТАҒАЙЫНДАУЫ
15, 16. Иса болашақ Патша болып қашан тағайындалды және жерде болған кезінде Иса Патшалыққа қатысты қандай шаралар жасады?
15 Б. з. 29 жылы шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия: “Көк патшалығы таяп қалды!”— деп жариялай бастады (Мат. 3:2). Ол Исаны шомылдыру рәсімінен өткізгенде, Ехоба Исаны уәде етілген Мәсіх және Құдай Патшалығының болашақ Патшасы етіп тағайындады. Сол кезде Ехоба: “Бұл — менің сүйікті Ұлым. Мен оған разымын!”— деп, оған деген әкелік сүйіспеншілігін көрсетті (Мат. 3:17).
16 Жердегі қызметі кезінде Иса Әкесін даңқтаған (Жох. 17:4). Ол мұны Құдай Патшалығын уағыздау арқылы істеді (Лұқа 4:43). Ол тіпті шәкірттерін сол Патшалықтың келуін сұрап дұға етуге шақырған (Мат. 6:10). Болашақ Патша ретінде Иса өзінің қарсыластарына: “Құдай патшалығы сендердің араларыңда”,— деп айта алған (Лұқа 17:21). Өлімінің алдындағы кеште Иса елшілерімен патшалыққа қатысты келісім жасасты. Осылайша ол кейбір адал ізбасарларына Құдай Патшалығында өзімен бірге билік ету мүмкіндігін берді (Лұқа 22:28—30 оқы).
17. Иса патшалық билігін бірінші ғасырда қалай жүргізе бастады және ол нені күту керек еді?
17 Иса Патша ретінде қашан билік ете бастады? Бірден емес. Ол шәкірттерімен келісім жасасқаннан кейін ертесіне бағанаға шегеленді, ал шәкірттері оны тастап қашып кетті (Жох. 16:32). Алайда Ехоба жағдайды бұрынғыдай толық қадағалап отырған еді. Ол үшінші күні Ұлын қайта тірілтті. Ал б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында Иса майланғандардан тұратын мәсіхшілер қауымының үстінен билік ететін рухани патшалығын құрды (Қол. 1:13). Бірақ Иса уәде етілген “ұрпақ” ретінде жер бетіне толық билік жүргізетін кезін әлі де күту керек еді. Ехоба Ұлына: “Мен жауларыңды табаныңның астына Салып бергенімше отыр оң жағымда”,— деген (Заб. 109:1).
МӘҢГІЛІК ПАТШАҒА ҒИБАДАТ ЕТІҢДЕР
18, 19. а) Ехобаны Патша әрі сүйіспеншілігі мол Әке ретінде танығанымыз бізді не нәрсеге талпындырады? ә) Келесі мақалада нені қарастырамыз?
18 Ғасырлар бойы көкте де, жерде де Ехобаның билігіне қарсы шыққандар болған. Алайда Ехоба әрдайым бәрін қадағалап отырды және ол өзінің бүкіләлемдік билігінен ешқашан бас тартқан емес. Сүйіспеншілігі мол Әке ретінде ол Нұх, Ыбырайым, Дәуіт сияқты адал қызметшілерін қамқорлап, қорғап отырған. Бұл бізді Патшамыз Ехобаға мойынсұнып, оған жақындай түсуге талпындырады емес пе?
19 Бәлкім, сенде келесідей сұрақтар туындайтын шығар: “Ехоба біздің күнімізде қалай Патша болды? Ехобаның адал қызметшілері екенімізді қалай көрсете аламыз және оның бүкіләлемдік отбасының кемелді ұлдары болу үшін не істеуіміз керек? Үлгілі дұғадағы “Сенің Патшалығың келсін!” деген сөздер нені білдіреді?” Бұл сұрақтарды келесі мақалада қарастырамыз.