Патшалықтың мүддесі үшін құрбандықтарға барасың ба?
“Құдай қуанышпен беретіндерді жақсы көреді” (ҚОР. 2-Х. 9:7).
1. Көп адам қандай құрбандықтарға барады және неге?
ӨЗДЕРІ үшін маңызды нәрселерге келгенде адамдар құрбандықтарға баруға дайын. Мысалы, ата-аналар балалары үшін уақыттарын, ақшалары мен күштерін аямайды. Өздері қатарлы балалар ойнап-күліп жүргенде, жас спортшылар күн сайын сағаттап жаттығып, олимпиада ойындарына дайындалады. Иса да маңызды деп санаған нәрселер үшін құрбандықтарға барған. Ол байлық қуған жоқ, балалы болуды да мақсат етпеді. Оның бар назары Патшалық ісін атқаруда болды (Мат. 4:17; Лұқа 9:58). Исаның ізбасарлары үшін де Патшалықтың мүддесі басты орында тұрды, сондықтан да олар бұл үшін көптеген құрбандықтарға барды (Мат. 4:18—22; 19:27). Біз де өзімізден: “Мен үшін не нәрсе маңызды?”— деп сұрағанымыз жөн.
2. а) Барлық шынайы мәсіхшілердің қандай құрбандықтарға барғаны аса маңызды? ә) Кейбіреулер қандай қосымша құрбандықтар жасайды?
2 Ехобамен тығыз қарым-қатынас дамытып, оны сақтап қалу үшін барлық шынайы мәсіхшілердің кейбір құрбандықтарға барғаны аса маңызды. Бұған дұға ету, Киелі кітапты оқу, отбасылық ғибадат өткізу, кездесулерге бару және уағыздау қызметіне қатысу сияқты істерге уақытымыз бен күшімізді жұмсау жатады * (Ешуа 1:8; Мат. 28:19, 20; Евр. 10:24, 25). Біздің күш салуымыздың және Ехобаның жарылқауының арқасында уағыз ісі жылдам алға басып, көп адам “Жаратқан Иенің Киелі үйі тұрған Сион тауына” қарай ағылуда (Ишая 2:2). Бүгінде көп бауырластар Патшалық ісіне қолдау көрсету үшін басқа да құрбандықтарға барып жатады. Мысалы, олар Бетелде қызмет ету, Патшалық сарайлары мен Конгресс сарайларын соғу, конгрестерді ұйымдастыру және табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсету сияқты істерге атсалысады. Әрине, мәңгі өмірге ие болу үшін бұларды істеу шарт емес, десе де мұндай қосымша құрбандықтар Патшалық ісін алға жылжыту үшін аса қажет.
3. а) Патшалықтың мүддесі үшін құрбандықтарға барудың қандай пайдасы бар? ә) Қандай сұрақтарды қарастырғанымыз жөн?
3 Бүгінде Патшалық ісіне барынша қолдау көрсету әсіресе маңызды. Көп бауырластың Ехобаның еркін орындау үшін құрбандықтарға барып жатқанын көру бір ғанибет емес пе? (Забур 53:8 оқы). Біз де Құдай Патшалығын күте жүріп, осылай жомарттық танытсақ, зор қуанышқа кенелеміз (Заң. қ. 16:15; Ел. іс. 20:35). Әрқайсысымыз келесі сұрақтардың көмегімен өзімізді жақсылап тексеріп көргеніміз жөн: “Патшалықтың мүддесі үшін қандай қосымша құрбандықтарға бара аламын? Уақытымды, қаражатымды, күшім мен қабілеттерімді қалай қолданып жүрмін? Құрбандыққа баруға келгенде, неден абай болуым керек?” Қазір Құдайдың ежелгі халқының ерікті құрбандықтарды қалай әкелгенін қарастырайық. Бұл біз үшін керемет үлгі болып табылады әрі қуанышымызды арттыруға көмектеседі.
ЕЖЕЛГІ ИСРАИЛДІКТЕРДІҢ ӘКЕЛГЕН ҚҰРБАНДЫҚТАРЫ
4. Исраилдіктер құрбандықтарды не үшін әкелген?
4 Ежелде исраилдіктер құрбандықтарды кешірімге ие болу үшін әкелетін. Құрбандық әкелудің арқасында олар Ехобаның ықыласына бөлене алатын. Құрбандықтардың кейбірі міндетті, ал кейбірі ерікті саналатын (Леу. 23:37, 38). Мысалы, түгелдей өртелетін құрбандықтарды ерікті түрде әкеліп, Ехобаға арналған сый-тарту ретінде ұсынуға болатын. Ғибадатхананың салтанатты бағышталуы кезінде Сүлейменнің ұсынған сый-тартулары Ехобаға құрбандық әкелудің жақсы мысалы болып табылады (Шеж. 2-ж. 7:4—6).
5. Кедей исраилдіктер үшін Ехоба қандай шара қарастырды?
5 Сүйіспеншілігі мол Ехоба қандай құрбандық әкелу керектігіне қатысты бәріне бірдей талап қоймаған. Ол әркімге шама-шарқына қарай құрбандық әкелуге мүмкіндік берді. Мұса заңы бойынша, әкелінген малдың қанын төгу керек еді. Бұл Иса Мәсіх арқылы келетін болашақ баталардың көлеңкесі болу керек-тін (Евр. 10:1—4). Алайда Ехоба қандай мал шалыну керектігіне қатысты қатаң талаптар қойған жоқ. Мысалы, мал әкелуге жағдайы келмеген исраилдікке орман кептерін ұсынуға рұқсат етілетін. Осылайша тіпті кедейлер де Ехобаға қуанышпен құрбандық әкеле алатын (Леу. 1:3, 10, 14; 5:7). Ехоба құрбандықтың әр түрін қабыл алғанмен, ерікті құрбандық ұсынатын адам негізінен екі талапты орындау керек еді.
6. Құрбандық ұсынатын адамға қандай талаптар қойылатын және оларды орындау қаншалықты маңызды еді?
6 Біріншіден, адам өзіндегі бардың ең жақсысын беру керек еді. Егер малдың қандай да бір кемістігі болса, Ехоба ондай құрбандықты қабыл алмайтын (Леу. 22:18, 20). Екіншіден, құрбандықты ұсынатын адам таза әрі арамданбаған болу керек-тін. Егер ол таза болмаса, алдымен күнәсін не айыбын өтейтін құрбандық ұсынып, Ехобаның ықыласына ие болуы қажет еді. Сосын ғана ол ерікті құрбандық ұсына алатын (Леу. 5:5, 6, 15). Бұл жеңіл-желпі қарайтын нәрсе болмаған. Мұса заңы бойынша, таза емес адам ерікті сый-тартулар да кіретін татулық құрбандығынан дәм татса, Құдай халқының арасынан оның “көзін құрту” керек еді (Леу. 7:20, 21 ЖД). Ал егер адам Ехобаға ұнамды болса және құрбандығының еш кемістігі болмаса, ол қуанышпен әрі қанағат сезімімен құрбандық әкеле алатын (Шежірелер 1-жазба 29:9 оқы).
БҮГІНДЕ ҰСЫНЫЛАТЫН ҚҰРБАНДЫҚТАР
7, 8. а) Патшалықтың мүддесі үшін құрбандыққа барғандар қалайша зор қуанышқа бөленеді? ә) Біздің қолымызда қандай нәрселер бар?
7 Бүгінде көп бауырластар Ехобаға көбірек қызмет етудің мүмкіндіктерін іздейді. Ал бұл Ехобаға ұнайды. Бауырластардың игілігі үшін еңбек ету көп бата әкеледі. Патшалық сарайларын соғуға қатысатын және табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек көрсететін бір ер бауырлас өз қызметінің қандай қанағат әкелетінін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес екенін айтты. Ол тағы былай деп қосты: “Жергілікті бауырластар жаңа Патшалық сарайларына кіргенде я табиғи апаттан зардап шеккендер көмекті қабыл алғанда, жүздері жайнап, ризашылықтарын білдіріп жатады. Сондай кездері босқа күш салмағаныңды түсінесің”.
8 Ехобаның ұйымы әрдайым Патшалық ісін алға жылжытудың мүмкіндіктерін іздейді. 1904 жылы Расселл бауырлас былай деп жазған еді: “Иеміз бізді уақытымыз, ықпалымыз бен қаражатымыздың иесі етіп қойды. Әрбіріміз осыны түсіне отырып, қолда бар мүмкіндіктерімізді Қожайынымызды мадақтау үшін барынша пайдалануымыз керек”. Патшалық үшін қандай да бір нәрселерді құрбан етсек, нәтижесінде мол батаға кенелетініміз шүбәсіз (Пат. 2-ж. 24:21—24). Ендеше қолда бар игіліктерді қалай барынша тиімді пайдалансақ болады?
9. Лұқа 10:2—4 тармақтардағы қандай принцип уақытымызды тиімді пайдалануға көмектеседі?
9 Уақытымыз. Әдебиеттерімізді аударып, басып шығаруға, ғибадат орындарын соғуға, конгрестерді ұйымдастыруға, апаттан зардап шеккендерге көмек көрсетуге және тағы басқа маңызды істерге көп күш пен уақыт кетеді. Бізде күніне небәрі 24 қана сағат бар. Ендеше уақытымызды қалай тиімді пайдалансақ болады? Бұл орайда Иса өте жақсы кеңес берген. Ол шәкірттерін уағызға жіберіп жатып: “Жол-жөнекей біреуге сәлем беріп кідіріп қалмаңдар”,— деген (Лұқа 10:2—4). Иса не үшін мұндай нұсқау берді? Сол заманда адамдар бір-бірімен амандасқанда жай бастарын иіп не қол алысып қана қоймайтын. Олар бірнеше рет төс қағысып, тіпті жерге дейін иілетін. Ал мұның бәріне көп уақыт кететін. Әрине, Иса шәкірттеріне әдепсіз не дөрекі болуды үйреткісі келген жоқ. Ол шәкірттеріне уақыттары шектеулі екенін және оның көп бөлігін маңыздырақ істерге жұмсаулары қажет екенін түсінуге көмектесті (Ефес. 5:16). Біз де осы принципті қолданып, Патшалық ісіне көбірек уақыт арнай аламыз ба?
10, 11. а) Біздің дүниежүзілік іске берген садақаларымыз қайда жұмсалып жатыр? ә) Қорынттықтарға 1-хат 16:1, 2-де бізге көмек болатын қандай принцип жазылған?
10 Қаражатымыз. Дүниежүзілік Патшалық ісін алға жылжыту үшін көп қаражат қажет. Аралаушы бақылаушылардың, арнайы ізашарлар мен миссионерлердің шығындарын жабуға жыл сайын ондаған миллион доллар кетеді. 1999 жылдан бері ресурстары шектеулі елдерде 24 500-ден аса Патшалық сарайы соғылды. Алайда әлі де 6400-ге жуық Патшалық сарайы қажет. Ай сайын “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналының 100 миллионға жуық данасы басып шығарылады. Осының барлығы сендердің ерікті садақаларыңның демеуімен атқарылып жатыр.
11 Елші Пауыл киелі рухтың жетелеуімен садақа беруге қатысты керемет кеңес айтқан (Қорынттықтарға 1-хат 16:1, 2 оқы). Ол Қорынттағы бауырластарды аптаның соңында қалған ақшаларынан беруден гөрі, аптаның басындағы қолда бар қаражаттарынан ақша бөліп отыруға талпындырды. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер сияқты біздің күніміздегі бауырластар да садақа беруді алдын ала жоспарлап, шамалары жеткенше жомарттық танытады (Лұқа 21:1—4; Ел. іс. 4:32—35). Ехоба біздің осындай жомарттығымызды қатты бағалайды.
12, 13. Неге кейбіреулер күштері мен қабілеттерін Патшалық ісіне жұмсаудан тартынады және Ехоба оларға қалай көмектеседі?
12 Күшіміз бен қабілеттеріміз. Ехоба бізге Патшалықтың мүддесі үшін күшіміз бен қабілеттерімізді қолдануға көмектеседі. Ол бізге шаршаған кезімізде тіреніш болуды уәде етеді (Ишая 40:29—31). Кейде сен: “Менде Патшалық ісіне қолдау көрсетуге қажетті қабілеттер жоқ. Бұл істі менен әлдеқайда жақсы істей алатындар бар ғой”,— деп ойлайсың ба? Беселиел мен Аһолияптың жағдайындағыдай, Ехоба кез келген адамның бойында бар қабілеттерді шыңдай алады (Мыс. ш. 31:1—6) (Мақаланың басындағы суретті қара).
13 Ехоба бізді қолымыздағы барды бүгіп қалмай, бар жақсымызды беруге талпындырады (Нақ. с. 3:27). Ғибадатхананы қалпына келтіру жұмыстары кезінде Ехоба Иерусалимдегі яһудилерді осы құрылыс жайлы ойлануға шақырған (Хақ. 1:2—5). Халық бар назарларын басқа нәрселерге аударып, бұл істі екінші орынға ысырып қойған еді. Осыдан сабақ алып, мына жайлы ойланып көрсек болады: “Мен Ехобаның еркін бірінші орынға қойып жүрмін бе? “Іс-әрекетіме ден қойып”, осы соңғы күндері Патшалық ісіне қалай көбірек қолдау көрсете алатыным туралы ойланамын ба?”
ШАМАМЫЗҒА ҚАРАЙ ҚҰРБАНДЫҚТАР ӘКЕЛЕЙІК
14, 15. а) Тұрмыс жағдайлары нашар бауырластардың мысалы бізді қалай жігерлендіреді? ә) Біз нені қалауымыз керек?
14 Көп адам өмір сүру қиынға соғатын әрі тұрмыс деңгейі төмен жерлерде тұрады. Біздің ұйымымыз осындай елдерде тұратын бауырластардың “қажеттіліктерін қамтамасыз етуге” тырысады (Қор. 2-х. 8:14). Алайда тіпті жағдайлары нашар бауырластардың өздері басқаларға беру мәртебесін қатты бағалайды. Олардың қолда барларын қуанышпен бергені Ехобаға қатты ұнайды (Қор. 2-х. 9:7).
15 Африканың бір өте кедей елінде тұратын бауырластар бақшаларының кішкене жерін бөліп алып, сонда өскен өнімнен түсетін ақшаны Патшалық ісіне береді екен. Сол елде Патшалық сарайын соғу жоспарланғанда, жергілікті бауырластар бұған атсалысқылары келді. Алайда құрылыс ісі егін егетін мерзіммен тұспа-тұс келіп қалған еді. Алған беттерінен қайтпауға бел буған бауырластар күні бойы құрылысқа қатысып, ал кешке танаптарында жұмыс істеді. Қандай жанқиярлық десеңші! Олар бірінші ғасырдағы Македонияда тұрған мәсіхшілерді еске салады. Өздерінің “тақыр кедей” болғандарына қарамастан, Македониядағы мәсіхшілер Пауылдан өз көмектерін ұсынуға мүмкіндік беруін жалынып сұраған болатын (Қор. 2-х. 8:1—4). Біз де “Құдай Иеміздің өзімізді жарылқағанына сәйкес” сый-тартуымызды ұсына берейік (Заңды қайталау 16:17 оқы).
16. Әкелген құрбандықтарымыздың Ехобаға ұнамды екеніне қалай көз жеткізе аламыз?
16 Алайда ежелгі исраилдіктер сияқты біз де ерікті құрбандықтарымыздың Құдайға ұнамды екеніне көз жеткізіп отыруымыз қажет. Ехобаға қандай құрбандықтар ұнамайды? Біз отбасымыздың қамын жасау мен Патшалықпен байланысты істерді атқаруда таразы басын тең ұстауымыз керек. Бар уақытымыз бен қаражатымызды өзгелердің қамы үшін жұмсап, өз отбасымыздың рухани не материалдық қажеттіліктеріне немкетті қарап кеткеніміз дұрыс болмас еді. Мұндайда біз Ехобаға “қолда жоқ” нәрсемізден ұсынғандай боламыз (Қорынттықтарға 2-хат 8:12 оқы). Бұған қоса, біз өзіміздің де рухани күйімізді нығайтып отыруымыз керек (Қор. 1-х. 9:26, 27). Киелі кітап принциптері бойынша өмір сүрсек, әкелген құрбандықтарымыздың өзімізге қуаныш пен қанағат әкелетіні және Ехобаға әсіресе ұнамды болатыны даусыз.
БІЗДІҢ ҚҰРБАНДЫҚТАРЫМЫЗ ӨТЕ БАҒАЛЫ
17, 18. Патшалықтың мүддесі үшін құрбандықтарға баратын бауырластардың барлығы не нәрсеге лайық және бәріміз не жайлы ойлануымыз керек?
17 Көп бауырластар “құрбандықтың үстіне құйылатын тарту сияқты төгіліп”, Патшалықпен байланысты істерге барынша қолдау көрсетуге тырысады (Філіп. 2:17). Жанқиярлық танытып жүрген осындай бауырластарға біз шын жүректен ризамыз. Патшалық ісінде жетекшілік ететін бауырластардың әйелдері мен балалары да жомарттық пен жанқиярлық танытып жүргендері үшін мақтауға әбден лайық.
18 Патшалықтың мүддесі үшін әлі көп тер төгуіміз қажет. Сондықтан да әрқайсысымыз дұға ете отырып, бұған қалай барынша үлес қоса алатынымыз жайлы ойланайық. Солай етсек, қазірдің өзінде мол батаға кенелеміз, ал “келер заманда” одан да зор баталарға ие болатынымыз шүбәсіз (Мар. 10:28—30).
^ абзац 2 “Күзет мұнарасы” журналындағы “Ехобаға құрбандықтарды жан-тәнімізбен ұсынайық” деген мақаланы қара (2012 жыл, 15 қаңтар, 21—25 беттер).