Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Мұны шынымен Иосиф Флавий жазған ба?

Мұны шынымен Иосиф Флавий жазған ба?

Бірінші ғасырда өмір сүрген Иосиф Флавий есімді тарихшы өзінің “Ежелгі Иудея” деп аталатын еңбегінде “Мәсіх деп аталған Исаның ағасы Жақыптың” өлімі жайлы айтады (20-кітап). Көп ғалымдар бұл сөздердің Иосифтің қаламынан шыққанына шек келтірмейді. Алайда кейбір ғалымдар сол еңбектегі Иса жайлы басқа үзіндіні дауға салады. Аталмыш үзінді “Тестимониум Флавианум” деген атпен белгілі. Онда былай делінген:

“Ол кезде Иса деген дана адам өмір сүрген еді, оны адам деп атауға болса, әрине. Ол керемет істер жасады, оның тәлімі кімді болса да баурап алатын. Яһудилер де, өзге ұлт адамдары да оған еретін. Ол Мәсіх болған. Пилат арамыздағы билігі бар адамдардың сөзіне құлақ асып, оны айқышқа шегелеуді бұйырғанда, оны о баста сүйгендер тастап кеткен жоқ. Иса үшінші күні оларға тірідей көрінді. Құдайдың пайғамбарлары осыны және оған қатысты басқа да он мыңдаған керемет жайттарды алдын ала айтып кеткен еді. Оның атымен аталған мәсіхшілер осы күнге дейін бар” (Иосиф Флавий, “Ежелгі Иудея”, 18-кітап, 3-тар., 3-абз.).

XVI ғасырдың аяғында бұл мәтінді Иосифтің төл туындысы ретінде мойындайтындар мен мұны дауға салатындардың арасында қызу пікірталас басталды. Француз тарихшысы әрі классикалық әдебиет саласының маманы Серж Бардей төрт ғасыр бойы әбден шиеленіскен бұл мәселенің түйінін шешуге тырысты. Ол өзінің зерттеулерін “Тестимониум Флавианум. Тарихи түсінікке негізделген тарихи зерттеулер” деген кітапта басып шығарды (“Le Testimonium Flavianum—Examen historique considérations historiographiques”).

Иосифтің өзі мәсіхші болмаған. Ол яһуди дінін ұстанатын тарихшы еді, сондықтан мәселе оның Исаны Мәсіх деп атауында болып отыр. Алайда Бардей осы мәселеге талдау жасай отырып, Иосифтің грек тілінде жазғанын және Мәсіх сөзінің грек тіліндегі есімдерді жазу ережелеріне толығымен сай келетінін айтады. Сондай-ақ ол иудаизм мен мәсіхшіліктің тұрғысынан қарағанда, “Иосифтің Мәсіх деген сөзді қолдануы ғажап нәрсе емес екенін”, тіпті бұл Исаның тарихи тұлға екенін дәлелдейтінін, ал “сыншылар бұл жайтты бекерге ескермей жүргендерін” айтады.

Алайда бір айлакер Иосифтің жазу мәнеріне еліктеп, аталмыш мәтінге өз ойын қосты деу қисынды ма? Бардей мәтіннің өзіне және тарихи дәлелдерге негізделе отырып, өзіне ғана тән стилі бар Иосифке еліктеу мүмкін емес деген тұжырымға келді. Иосифтің жазу мәнері ежелгі жазушылардың ешқайсысына ұқсамайтын.

Ендеше осы мәтінге қатысты дау-дамай неге басылар емес? Бардей мәселенің түйіні неде екенін анық көрсетіп берді. Оның айтуынша, көп ғалымдар Исаның Мәсіх екеніне сенгілері келмегендіктен басқа ежелгі мәтіндерге қарағанда осыған көбірек шүйлігеді. Аталмыш мәтінге қатысты баяғыдан айтылып келе жатқан көзқарастар көбіне оның төлтума екенін дәлелдейтін дедуктивті талдауға емес, жүректегі “жасырын пиғылға” негізделген.

Бардейдің талдауы ғалымдардың “Тестимониум Флавианум” мәтініне қатысты пікірін өзгерте ме, жоқ па, мұны уақыт көрсетеді. Десе де бұл алғашқы мәсіхшілердің тарихы мен эллиндік иудаизмді зерттейтін көрнекті ғалым Пьер Жолтрейннің көзін жеткізген. Ол ұзақ уақыт бойы “Тестимониумді” өзгертілген деп есептеп, тіпті оның төлтума екеніне сенетіндерді мазақ ететін. Алайда ол өз ойын өзгертті. Бұған Бардейдің еңбегі себеп болған еді. Жолтрейн “Тестимониум Флавианумды” дауға салуға ендігәрі ешкімнің дәті бармау керектігін айтады.

Әрине, Ехоба куәгерлері Исаның Мәсіх екенін растайтын бұдан әлдеқайда салмақты айғақтар бар екенін біледі. Бұл айғақтар Киелі кітаптың өзінде жазылған (Тім. 2-х. 3:16).