ҚҰДАЙ СӨЗІНЕ ҮҢІЛЕЙІК
Кешікпеу
Жиі кешігіп жүретін адамдардың өздері кешікпеген дұрыс деп есептейді. Киелі жазбаларда осы мәселеге қатысты не айтылғанын көрейік.
Кешікпеудің қандай пайдасы бар?
МАҢЫЗЫ
Кейбіреулер байқағандай, келіскен жерге сәл ертерек келсек, босқа әбігерге түспейміз әрі жақсатқа ие боламыз. Қалайша?
Кешікпеу — біліктіліктің белгісі. Діттеген жеріне уақтылы баруға тырысатын адам өз өміріне өзі ие екенін көрсетеді. Ол орайлас келген жағдайларға көне салып, қалаған нәрсесін істей алмайтын адам сияқты емес.
Кешікпеу — сенім артуға болатын адамға тән қасиет. Берілген уәде орындалмай, жасалған келісім жиі бұзылатын бүгінгі қоғамда өз сөзінде тұратын адамдар алтындай бағаланады. Сенімді адамдар достары мен отбасының құрметіне ие. Жұмыс берушілер жұмысына кешікпей келіп, тапсырылған істі уақтылы істейтін адамдарды бағалайды. Бастықтар ондай жұмысшылардың жалақысын көтеріп, оларға көбірек сенім артады.
КИЕЛІ КІТАП НАҚЫЛЫ
Киелі жазбаларда кешікпеуге қатысты тамаша нақыл сөздер бар. Мысалы, онда: “Тек бәрінде әдеп пен тәртіп сақталсын!”— деп жазылған (Қорынттықтарға 1-хат 14:40, “Жаңа өмір” баспасының аудармасы). Уақыты мен жерін келісіп алған екі жақтың кездесуге кешікпей барғандары әдептілікке жатады. Сондай-ақ Киелі кітапта: “Әр нәрсенің өз уақыты бар, аспан астындағы әрбір істің өз уақыты бар”,— делінген (Уағыздаушы 3:1). Содан кейін “егетін уақыт, егілгенді жұлатын уақыт” та бар екені айтылады (Уағыздаушы 3:2). Диқаншы мол өнім алу үшін тұқымды өз уақытында себуі қажет. Оның кешіктірмей әрекет еткені жақсы нәтиже әкеледі.
Киелі кітапта кешікпеудің анағұрлым маңызды себебі жазылған. Кешікпей жүрсек, өзгелерді және олардың уақытын бағалайтынымызды көрсетеміз (Філіпіліктерге 2:3, 4). Ал басқаларды күттіріп қойсақ, олардың уақытын ұрлағандай боламыз.
“Тек өз мүдделеріңді емес, басқалардың да мүддесін ойлаңдар” (Філіпіліктерге 2:4).
Кешікпеуді қалай үйренуге болады?
КИЕЛІ КІТАП НАҚЫЛЫ
Киелі кітап бізді істерімізді жоспарлауға шақырады (Нақыл сөздер 21:5). Келісілген жерге үнемі кешігіп барудың бір себебі көп нәрсені үсті-үстіне жоспарлауда болар. Бәлкім, уақытты алатын қажетсіз істерден бас тарту керек болар. Бірнеше кездесудің уақытын белгілегенде, арасында жеткілікті үзіліс болуын қадағалаңыз. Сонда көлік кептелісі не жауын-шашын сияқты күтпеген кедергілерге қарамай, келісілген жерге уақытында жетесіз.
Сонымен қатар Киелі кітап қарапайым болуға кеңес береді (Нақыл сөздер 11:2). Бұған өз шамамызды білу жатады. Кездесудің уақытын я қандай да бір істі аяқтау мерзімін келіспес бұрын, өз жоспарыңызды ескеріңіз. Ал бәрі қабаттасып кетсе, өзіңіз де, өзгелер де босқа абыржуы мүмкін.
Бұған қоса, Киелі кітап уақытты барынша тиімді қолдануға шақырады (Ефестіктерге 5:15, 16). Ең маңызды деген істерді бірінші кезекте істеңіз (Філіпіліктерге 1:10). Мысалы, автобуста отырғанда не біреуді күтіп тұрғанда, уақытты бос жібермей, бір нәрсені оқи тұрсаңыз не алдағы күніңізді жоспарласаңыз болады.
“Ынталының жоспарлары табысқа жетелер” (Нақыл сөздер 21:5).