Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Тән саулығы

Тән саулығы

Киелі кітап медициналық кітап болмаса да, салауатты өмір салтын ұстануға үндейді. Төменде денсаулығымызды жақсартуға көмектесетін Киелі кітаптың ақыл-кеңестері жазылған.

ДЕНСАУЛЫҚТЫ КҮТІҢІЗ

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ КЕҢЕСІ: “Ешкім де өз тәнін жек көрмейді, қайта, оған нәр беріп, аялап күтеді” (Ефестіктерге 5:29).

БҰЛ СӨЗДЕРДІҢ МӘНІ: Киелі кітаптағы бұл кеңес тәніміздің саулығын ойлауға шақырады. Бір зерттеуге сай, көптеген сырқаттар дұрыс өмір салтын ұстанбағаннан пайда болады екен. Демек, жақсы денсаулықтың негізі — салауатты өмір салтын таңдау.

НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ?

  • Дұрыс тамақтаныңыз. Не ішіп-жейтініңізді қадағалап, денсаулыққа пайдалы тағамдарды таңдаңыз. Жеткілікті мөлшерде су ішіңіз.

  • Денені шынықтырыңыз. Жасыңыз қаншада болса да, физикалық белсенділік денсаулыққа оң әсерін тигізеді. Тіпті мүмкіндігіңіз шектеулі не созылмалы ауруыңыз болса да, бұның пайдасын көре аласыз. Жақындарыңыз бен денсаулық сақтау мамандары сізге ақыл-кеңесін беріп, қолдау көрсеткенімен, олар сіз үшін жаттығу жасай алмайды. Бұл сіздің ғана қолыңызда!

  • Ұйқыны қандырыңыз. Адам ұзақ уақыт бойы жеткілікті мөлшерде ұйықтамай жүретін болса, ауыр дертке шалдығуы мүмкін. Көбісі ұйықтайтын уақытта басқа істермен айналысатындықтан, ұйқылары қанбай жүреді. Бірақ мынаны ұмытпайық: жақсы ұйқы — сапалы өмірдің кепілі.

ЖАМАН ӘДЕТТЕН ЖИРЕНІҢІЗ

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ КЕҢЕСІ: “Тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрседен өзімізді тазартайық” (Қорынттықтарға 2-хат 7:1).

БҰЛ СӨЗДЕРДІҢ МӘНІ: Темекі өнімдері сияқты түрлі зиянды заттармен ағзамызды уламасақ, денсаулықты сақтаймыз. Түрлі індет пен өлім-жітім көп жағдайда осы темекінің кесірінен болады.

НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ? Темекіні тастау үшін күнтізбеге нақты бір күнді белгілеп қойыңыз. Дәл сол күннің алдында темекіні, күлсалғышты, тұтатқыш пен осы зиянды әдетке қатысы бар кез келген затты лақтырып тастаңыз. Адамдар осы секілді зиянды әдеттермен айналысатын жерлерден алшақ жүріңіз. Жаман әдеттен арылуға бекінгеніңізді жаныңызда жүрген достарыңыз бен туыстарыңызға айтып қойсаңыз, олар да өз тарапынан сізге қолдау көрсете алады.

КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ ҚОСЫМША КЕҢЕСТЕР

Баспа түріндегі Киелі кітапты алу үшін сіздің аймақта тұратын Ехоба куәгерлеріне хабарлассаңыз болады

ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫН ҰСТАНЫҢЫЗ

“Егер жаңа үй соқсаң, онда үйдің төбесіне қоршау жаса. Әйтпесе үйіңнің төбесінен әлдебіреу құлап кетіп, оның қаны үй ішіңе жүктеледі” (МҰСАНЫҢ 5-ЖАЗБАСЫ 22:8).

АШУДЫ АУЫЗДЫҚТАҢЫЗ

“Ашуға баяу әр нәрсенің парқын айырады, Шыдамсыз ақымақтығын паш етеді” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 14:29).

МЕШКЕЙЛІККЕ САЛЫНБАҢЫЗ

“Етке тойымсыздардың қатарына қосылма” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 23:20).