НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ТІЛ АЛУАНДЫҒЫ ЕНДІ КЕДЕРГІ ЕМЕС!
Ескі белестен сүрінбей өткендер
ӘЛЕМ тілдерінің қисапсыз саны мен алуан түрлілігі (қазіргі таңда 7000-ға жуық тіл бар) саяхаттау, сауда-саттық жасау, білім алу мен үкімет істерін басқаруда қай заманнан бері қиындық тудырып келеді. Тарихтан бір мысалды алайық. Шамамен б. з. б. 475 жылы парсы патшасы Ахашверош (I Ксеркс болса керек) бір жарлық шығарды. Парсылар патша жарлығын империяға қарасты аумақтың түкпір-түкпіріне, “Үндістан мен Эфиопияға дейінгі жерді алып жатқан 127 аймаққа... әрбір аймаққа өз қарпінде, әрбір халыққа өз тілінде”, жеткізген *.
Бүгінде ұйымдардың көбісі, тіпті үкіметтер де, мұндай ауқымды аударма ісін, сірә, қолға ала қоймас. Алайда бұған білек сыбана кіріскен бір ұйым бар. Ехоба куәгерлері Киелі кітапты қоса алғанда, журналдарды, көптеген кітаптарды, аудиожазбалар мен бейне материалдарды 750-ден аса тілде шығарады. Бұған 80 шақты ым тілі де кіреді. Сондай-ақ олар зағип адамдар үшін Брайль қарпінің түрлі нұсқасын да басып шығарады.
Бір ерекшелігі, Ехоба куәгерлері қаржылай пайда көздемейді. Аудармашылар да, ұйымның басқа мүшелері де өз еңбектері үшін ақы алмайды. Бұл ұйым әдебиеттерді көп тілге аударуға неге соншама көп күш салады? Аударма ісі қалай атқарылады?