Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Электронды техниканың некеге әсері

Электронды техниканың некеге әсері

Ұялы телефон сияқты электронды техниканы дұрыс пайдаланса, бұл ерлі-зайыптылардың арасын жақындатады. Мысалы, екеуі екі жақта жүрсе де, олар бір-бірімен байланыста бола алады.

Бірақ дұрыс пайдаланбаса, техника жұбайлардың арасын алыстатуы мүмкін. Өйткені:

  • бірге өткізетін алтын уақыттарын ұрлайды;

  • жұмыстан тыс уақытта да, жұмыс істеткізеді;

  • бір-бірін алдап, тіпті көзіне шөп салады.

БІЛГЕН ЖӨН

БІРГЕ БОЛУ

Мақсат * былай дейді: “Кейде әйелім қасымда болғанымен, өзі телефон тұңғиығынан шыға алмай отырады. Ол: “Қазір тұра тұршы, қарап алайыншы”,— дейді де отырады”. Мұндай жағдайлар жайлы Жомарт дейтін отағасы: “Күйеуінің көңілі — жарында, жарының көңілі — соткада деген осы шығар”,— дейді.

ОЙТАРАЗЫ: Жарыңызбен бірге отырғанда қоңыраулар, хабарламалар сізге кедергі жасай бере ме? (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 5:33).

ЖҰМЫС

Кейбіреулердің жұмысы күндіз-түні байланыста болуды талап етеді. Ал басқалардың жұмысы ондай емес. Бірақ олар жұмыстан қайтып келсе де, үйде істей береді. Али деген кісі: “Әйеліме көңіл бөлмейді емес, бөлемін. Бірақ тура сол кезде жұмыстан қоңырау шалса не хабарламалар келіп қалса, жауап бергім келіп тұрады”,— деп мойындайды. Ал Жадыра деген әйел былай дейді: “Мен өзім үйден жұмыс істейтіндіктен, жұмысым әрдайым көз алдымда. Өз-өзімді тоқтатпасам, күйеуім жайына қалады”.

ОЙТАРАЗЫ: Жарыңыз сізге сөйлеп жатқанда, оны бар зейінмен, алаңдамай тыңдайсыз ба? (ЛҰҚА 8:18).

АДАЛДЫҚ

Бір сауалнамаға сай, некеде болатын ұрыс-керістің көбі әлеуметтік желінің кесірінен екен. Өйткені олар “сен менен жасырып бірдеңе салып жүрсің” деп, бір-бірінен күдіктенеді. Шынымен де, сауалнамаға қатысқандардың 10 пайызы жұбайларынан жасырып, әлеуметтік желіге суреттер я видеолар салғанын мойындаған.

Әлеуметтік желілерді “жарылғалы тұрған бомба алаңы” деп тегін айтпаса керек. Оны тіпті “ойнастық ұсынатын қызмет” деп те атайды. Неке ісімен айналысатын заңгерлер ажырасуға көбінесе әлеуметтік желілер себеп болатынын айтады.

ОЙТАРАЗЫ: Басқа еркекпен не әйелмен жазысып жүрсеңіз, жарыңыздан жасырасыз ба? (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 4:23).

НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ?

НЕНІҢ МАҢЫЗДЫ ЕКЕНІН АНЫҚТАҢЫЗ

Адам дұрыс тамақтанбаса, денсаулығына зиян келеді. Сол сияқты ерлі-зайыптылар бір-біріне дұрыстап көңіл бөлмесе, некелеріне зиян келеді (Ефестіктерге 5:28, 29).

КИЕЛІ КІТАП ҚАҒИДАСЫ: “Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіңіздер” (ФІЛІПІЛІКТЕРГЕ 1:10).

Төмендегі қай кеңесті орындағыларыңыз келетінін белгілеңіздер я өз ұсыныстарыңызды жазыңыздар.

  • Күніне бір рет болса да, бірге тамақтану.

  • Гаджеттерді қандай да бір уақытқа өшіріп қою.

  • Бірге уақыт өткізуді жоспарлау.

  • Гаджеттерді түнде ұйықтайтын жерден алыс қою.

  • Гаджетке алаңдамай, жақсылап әңгімелесу үшін күніне 15 минут бөлу.

  • Күнде белгілі бір уақытта интернетті өшіру.

^ 9-абзац Кейбір есімдер өзгертілген.