Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Балаңызға қандай із салудасыз?

АТА-АНАЛАР ҮШІН

8. Үлгі-өнеге

8. Үлгі-өнеге

НЕНІ БІЛДІРЕДІ?

Баласына үлгі-өнеге болғысы келетін ата-ана үйреткендеріне сай өмір сүреді. Мысалы, ата-анасы есікті қағып тұрған адаммен сөйлескісі келмесе, балаға “мені жоқ дей салшы” деуі мүмкін. Бірақ осындайды естіп өскен бала шыншыл болады деп күту қисынды ма?

“Жұрт “менің істегенімді емес, дегенімді істе” деп жатады. Бірақ мұндай тәсіл бала тәрбиесінде іске аспайды. Балалар сорғыш сияқты біздің не айтып, не қойғанымыздың бәрін бойларына “сіңіріп” алады. Ісіміз үйреткенімізге сай келмей жатса, олар мұны бірден байқайды” (Давид).

КИЕЛІ КІТАП КЕҢЕСІ: “Ұрлама” деп уағыздай тұра, неге өзің ұрлайсың?” (Римдіктерге 2:21).

НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?

Балаларға, тіпті жасөспірімдерге ата-анадан артық ықпал ететін ешкім жоқ, құрдастары да оларға соншалықты әсер ете алмайды. Демек, балаларды дұрыс жолмен жетелеуде басты ұстаз — ата-ананың өзі. Әрине, бұл үшін ата-ананың сөзі мен ісі бір жерден шығу керек.

“Баланың бізді тыңдап тұрғанына күмәнданып, бірдеңені жүз рет айтуымыз мүмкін. Бірақ өзіміз бір рет айтқанымызға сай істемей қалсақ, бала мұны бетімізге басады. Біз байқамайды деп ойласақ та, балалар әрбір ісімізді бақылап отырады” (Нурила).

КИЕЛІ КІТАП КЕҢЕСІ: “Көктен келген даналық... екіжүзді емес” (Жақып 3:17).

НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ?

Қандай екеніңізді саралаңыз. “Бала — ата-ананың айнасы” деп жатады, сондықтан мына жайттар туралы ойланып көріңіз: сіз қандай көңіл-көтеру түрін таңдайсыз? Жұбайыңыз бен балаларыңызға қалай қарайсыз? Достарыңыз қандай? Өзгелердің қамын ойлайсыз ба? Қысқасын айтқанда, балаңыздың өскенде дәл өзіңіз сияқты болғанын қалар ма едіңіз?

“Күйеуім де, мен де өзіміз істемейтін нәрсені балалардан талап етпейміз” (Кристина).

Қателіктеріңізді мойындаңыз. Балаларыңыз сіздің мінсіз емес екеніңізді біледі. Сондықтан қателік жасағанда жарыңыздан және балаларыңыздан кешірім сұрасаңыз, шыншылдық пен кішіпейілділіктің керемет үлгісін көрсетесіз.

“Біз қателіктерімізді мойындап, кешірім сұрағанымызды балаларымыз естіп өссе жақсы. Сонда олар да жасаған қателіктерін мойнына алуды үйренеді” (Робин).

“Перзент үшін ықпалы ең зор адам — ата-ана, біздің үлгі-өнегеміз қолымызда бар ең күшті құралымыз, өйткені күндіз-түні олардың көз алдындамыз. Біздің жүріс-тұрысымыз олар үшін өнеге аларлық ашық кітап іспетті” (Уильям).