Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН | ЖАСТАР

Ата-анаң өмірден өткенде...

Ата-анаң өмірден өткенде...

ҚИЫНДЫҚ

Дэми деген қыз алты жасында әкесінен айырылды. Әкесі ми қан тамырының қалталанып кеңіп кетуінен (медицинада аневризма) көз жұмған еді. Дериктің әкесі жүрек ақауынан қайтыс болғанда, ол тоғыз жаста болған. Дженнидің анасы аналық без қатерлі ісігіне шалдығып, бір жыл ауырған соң дүниеден өтті *.

Бұл жастардың үшеуі де аяулы адамдарынан ерте айырылды. Сенің де басыңнан осындай жағдай өткен бе? Олай болса, бұл мақаладағы ойлар жаныңа жұбаныш болады деп үміттенеміз *. Алдымен, қайғыру, құса болуға қатысты бірнеше жайтты анықтап алайық.

МҰНЫ БІЛГЕН ЖӨН

Қайғырудың жолдары бөлек. Әркім әртүрлі қайғыруы мүмкін. Жасөспірімдер жайлы бір еңбекте: “Жақын адам қайтыс болғанда қайғырудың белгілі бір үлгісі не ережесі жоқ”,— делінген (“Helping Teens Cope With Death”). Мұндай жағдайда ескеретін басты жайт — іштегі қасіретті тежемеу керек. Неге? Өйткені...

Қайғыны іште сақтау — зиян. Жоғарыда аты аталған Дженни былай дейді: “Кішкентай сіңлім үшін мен мықты болуым керек деп, сезімдерімді үнемі басып отырдым. Тіпті қазір де жаным ауырғанда, еш білдіртпей жүремін. Ал бұның зияны болмаса, келер пайдасы жоқ”.

Бұнымен мамандар да толықтай келіседі. Қайғы басқан жасөспірімдер жайлы бір кітапта: “Іштен шықпай, көміле берген сезім күндердің күнінде күтпеген жерден атылып шығады: адам я эмоциялық күйзеліске түседі я денсаулығы сыр береді”,— делінген (“The Grieving Teen”). Алқымына тығылған өксік пен қайғыны басамын деп, адам тіпті ішімдікке, есірткіге әуестеніп кетуі әбден мүмкін.

Қайғы түрлі сезімдер тудырады. Біреулері дүниеден өткен адамға “тастап кетті” деп ашуланса, басқалары Құдайды жазғырып жатады. Тағы басқалары кезінде марқұмға айтқан ағат сөздері, істеген істері үшін өкініп, өздерін жей бастайды.

Не керек, қайғының жолы — оңай жол емес. Соған қарамастан, жанымызды жұбатып, әрі қарай өмір сүруге болады екен. Қалай?

СЕН НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫҢ?

Біреумен сөйлес. Қабырғаң қайысқан бұл шақта адамдардан оқшаулануға бейім боларсың. Алайда туысыңа не досыңа шер тарқатып алсаң, жеңілдеп қалып, қайғының еңсеңді басып тастауына жол бермейсің (Киелі кітаптың кеңесі: Нақыл сөздер 18:24).

Күнделік арна. Дүниеден озған ата-анаң жайлы жаз: Онымен өткізген қандай сәттер сен үшін аса бағалы? Оның қандай ерекше қасиеттері болған? Солардың қайсысын сен де танытқың келеді?

Сені жағымсыз ойлар мазалап жүрсе ше? Марқұм ата-анаңа айтқан дөрекі сөздерің үшін қиналып жүрсең, не сезінетініңді және не үшін бұлай сезінетініңді дәптеріңе түсір. Мысалы, “әкемнің өлерінен бір күн бұрын онымен ұрсысып қалғаныма өзімді кінәлі сезінемін” деп жазып қойсаң болады.

Ал енді қателігіңді салмақтап көр. Жоғарыда аталған еңбекте былай делінген: “Сен жасаған ағаттығың үшін кешірім сұрайтын мүмкіндіктің болмайтынын білмедің ғой. Сондықтан бұл үшін өзіңді кінәлай алмайсың. Ертеңгі күні ешкімнің алдына кешірім сұрап бармайтындай мінсіз жүру — мүмкін емес нәрсе” (Киелі кітаптың кеңесі: Әйүп 10:1).

Өзіңді күт. Жеткілікті тынығып, жаттығу жасап, нәрлі тамақтан. Асқа тәбетің болмаса, тәбетің қалпына келгенше, күніне бірнеше рет пайдалы, жеңіл тамақтан жесең болады. Ішкі дертіңді пайдасыз тағаммен не ішімдікпен жеңемін деп ойлама. Бұлар жағдайды өршітпесе, еш түзетпейді.

Құдайға дұға ет. Киелі жазбаларда: “Бар ауыртпалығыңды Ехобаға арт, ол сені демейді”,— делінген (Зәбүр 55:22). Дұға айту — ішіңді ақтарып, жеңілдеу үшін табылған жай ғана амал емес. Ол — “қиындық көрген кездің бәрінде жұбататын” тірі Құдаймен тілдесу (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4).

Құдай қайғы жұтқан жандарды өзінің Сөзі Киелі кітап арқылы да жұбатады. Сол кітаптан марқұмдардың шын мәнінде қайда баратыны, қандай күйде екені және олардың қайта тірілетіні жайлы білгің келе ме? * (Киелі кітаптың кеңесі: Зәбүр 94:19).

^ 4-абзац Дэми, Дерик пен Дженни жайлы келесі мақаладан толығырақ оқи аласың.

^ 5-абзац Бұл мақалада ата-анадан айырылуға баса назар аударылғанмен, берілген кеңестердің бауыр не досың қайтыс болған жағдайда да көмегі тиеді.

^ 19-абзац Бұл үшін “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” (орысша) кітабының 1-томындағы 16-тарауды қара. Оны www.jw.org/ru сайтында БАСЫЛЫМДАР деген жерден тегін жүктеп алуға болады.