Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ӨМІР МЕН ӨЛІМ — ӨМІРШЕҢ ТАҚЫРЫП

Киелі кітаптағы өмір мен өлім тақырыбы

Киелі кітаптағы өмір мен өлім тақырыбы

Киелі кітаптағы дүниенің жаратылуы туралы оқиғада Құдай Адам атаға келесідей сөздерді айтқан: “Бақтағы жеміс ағаштарының бәрінен тойғанша жеуіңе болады. Бірақ жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жеме! Өйткені одан жеген күні өлесің” (Мұсаның 1-жазбасы 2:16, 17). Демек, Адам ата Құдайдың бұйрығына мойынсұнған жағдайда, өлмей, Едем бағында мәңгі өмір сүре берер еді.

Адам ата Құдайға мойынсұнып, мәңгі өмір сүруді таңдаудың орнына оның бұйрығына құлақ аспауды шешті. Ол Хауа ана берген тыйым салынған жемісті жеді (Мұсаның 1-жазбасы 3:1—6). Біз оның мойынсұнбағанының салдарын әлі де көріп жатырмыз. Бұл жағдайды елші Пауыл былай түсіндірді: “Бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді, осылайша адамдардың бәрі өлетін болды, себебі бәрі күнә жасады” (Римдіктерге 5:12). Мұндағы “бір адам” дегеніміз — Адам ата. Ал күнә деп не айтылып тұр және қалайша ол өлімге алып келді?

Адамның Құдайдың заңына біле тұра мойынсұнбағаны күнә болды (Жоханның 1-хаты 3:4). Құдай ескерткендей, күнә жасағаны үшін ол өлімге кесілді. Адам Құдайға мойынсұнып жүргенде, өзі де, оның болашақ ұрпақтары да күнәға батпай, өлімнің ащы дәмін татпас еді. Иә, о баста адам баласы өлу үшін емес, мәңгі өмір сүру үшін жаратылды.

Адам күнә жасағаннан кейін адамдардың бәрі өлетін болды. Бірақ өлгеннен кейін біздің жанымыз не рухымыз өмір сүре бере ме? Көбісі “иә, жан ешқашан өлмейді” дейді. Бірақ бұл Құдайдың Адам атаға айтқан ескертуі өтірік деумен парапар. Өйткені өлген соң адамның жаны басқа ортада өмір сүруін жалғастыра берсе, онда Құдай айтқандай өлімнің күнә үшін жаза болмағаны. Ал Киелі кітапта: “Құдайдың өтірік айтуы мүмкін емес”,— делінген (Еврейлерге 6:18). Нағыз өтірікші — Шайтан. Ол Хауаға: “Жоқ, өлмейсіңдер”,— деп жалған айтқан (Мұсаның 1-жазбасы 3:4).

Адамның тәні өлсе де, жаны өлмейді деген ілім жалған дейік, онда өлгеннен кейін адаммен шын мәнінде не болады?

ТУРАСЫН АЙТАР КІТАП

Киелі кітаптың алғашқы беттерінде мынандай сөздер жазылған: “Ехоба Құдай жердің топырағынан адамды жаратып, мұрнына тіршілік лебін үрледі. Сонда адам тірі жан болып шыға келді”. Бұл жердегі “тірі жан” деген тіркес еврейдің “нефеш” деген сөзінің баламасы. Бұл сөзбе-сөз “тыныс алатын жаратылыс” дегенді білдіреді (Мұсаның 1-жазбасы 2:7, сілтеме).

Құдайдың Сөзінде адамдардың мәңгі өлмейтін жаны бар деп айтылмаған. Керісінше, онда әр адамның өзі жан болып жаратылғаны жазылған. Киелі кітапты қолға алып оқитын болсаңыз, бұған сіз де көз жеткізе аласыз.

Киелі кітап адамның мәңгі жасайтын жаны бар деп үйретпесе, онда көптеген діндер бұл ілімді қайдан алған? Жауабын білу үшін ежелгі Мысыр тарихына үңілейік.

ПҰТҚА ТАБЫНУШЫЛАР ІЛІМІ

Б. з. б. V ғасырда өмір сүрген грек тарихшысы Геродоттың айтуынша, “жан мәңгі өлмейді” деген ілімді ұстанған ең бірінші халық мысырлықтар болған екен. Ежелгі халықтардың бірі — бабылдықтар да осы ілімді қолдаған. Ал б. з. б. 332 жылы ұлы Ескендір Зұлқарнайын Таяу Шығысты бағындырған шақта грек философтары өлмес жан ілімін үгіттей бастады. Көп ұзамай бұл ілім бүкіл Грек империясына тарап кетті.

Киелі кітапта мәңгі өлмейтін жан деген тіркес кездеспейді

Б. з. І ғасырында яһудилердің ессейлер және парызшылдар деп аталған екі үлкен діни ағымы “тән өлген соң, жан тіршілік ете береді” деп үйретті. Бұл жайында “Иудей энциклопедиясы” былай дейді: “Өлмес жан туралы ілім яһуди халқына гректер арқылы, әсіресе Платонның философиясы арқылы енді”. І ғасырда өмір сүрген яһуди тарихшысы Иосиф Флавий де бұл ілімнің Киелі жазбалардан емес, “грек ұлдарының нанымдарынан” бастау алғанын жазған. Ал бұларды Флавий мырза аңыз-әңгімелер жиынтығы деп қарастырған.

Грек мәдениетімен бірге пұтқа табынушылардың ілімі де тарай бастап, бұл ілім христиан дініне өтті. Йона Лендеринг есімді тарихшының айтуынша, Платонның “рухымыз бір кездері жақсы ортада өмір сүрген, қазір құлдыраған жерде тіршілік етуде” деген ілімі оның философиясы мен христиан дінін араластырып жіберді. Осылайша пұтқа табынушылардың өлмес жан туралы нанымы христиан шіркеуіне еніп, оның негізгі ілімдеріне айналды.

“ШЫНДЫҚ СЕНДЕРДІ АЗАТ ЕТЕДІ”

Б. з. I ғасырында елші Пауыл келесідей ескерту айтқан: “Құдай рухы мынаны анық айтады: кейбіреулер Құдайдан келгендей көрінетін алдамшы сөздерге және жындардың ілімдеріне ден қойып, сенімнен тайып кететін кез келеді” (Тімөтеге 1-хат 4:1). Не деген дәл айтылған сөздер десеңізші! Өлмес жан туралы ілім “жындардың іліміне” жатады. Бұл ілімді Киелі кітап құптамайды. Өйткені ол өзінің бастауын ежелгі пұтқа табынушылықтан және философиядан алады.

Бақытымызға орай, Иса былай деген: “Шындықты біле түсесіңдер, ал шындық сендерді азат етеді” (Жохан 8:32). Киелі кітаптан тура білім алсақ, Құдайды қаралайтын ілімдерден, көптеген діндегі ырым-жоралардан азат бола аламыз. Киелі кітаптағы шындық бізді өлген адамдармен байланысты салт-жоралар мен ырымдардың құрсауынан босатады (“ Марқұмдар қазір қайда?” деген қоршауды қараңыз.)

Жаратушымыз біздің жер бетінде 70-80 жыл ғана жасап, кейін басқа дүниеде мәңгі өмір сүргенімізді қалаған жоқ. Ол алғашқы жұптың да, олардың ұрпақтарының да өзіне мойынсұнып, жер бетінде мәңгі өмір кешкендерін мақсат еткен-ді. Бұдан оның адамзатқа деген зор сүйіспеншілігін көреміз. Құдайдың осы мақсатқа жетуіне еш нәрсе кедергі бола алмайды (Малахи 3:6). Зәбүр жыршысы Жаратушының қозғау салуымен: “Әділдер жерді мұра етеді, онда мәңгі бақи өмір сүреді”,— деп жазған (Зәбүр 37:29).