Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Алланы асқақтатқан адал пайғамбарлар

Алланы асқақтатқан адал пайғамбарлар

Ежелгі уақытта Құдай пайғамбарлары арқылы адамзатқа арнап маңызды хабарын жеткізіп отырған. Сол хабарларда Алланың шапағатына бөлену үшін не істеу керектігі жазылған ба? Иә. Олай болса, үш пайғамбардың айтқандарына тоқталып өтейік.

ИБРАҺИМ ПАЙҒАМБАР

Алла үшін барлық адамдар бірдей, сондықтан ол барлығын бірдей жарылқағысы келеді.

Алла Тағала Ибраһим пайғамбарға “жер бетіндегі барлық халықтар сен арқылы жарылқанады” деп уәде еткен (Мұсаның 1-жазбасы 12:3).

Не білеміз? Алла Тағала күллі адамзатты сүйеді, сондықтан оған мойнын иген барлық адамға — ер адам болсын, әйел, бала-шаға болсын — бәріне мейір-шапағатын міндетті түрде төгеді.

МҰСА ПАЙҒАМБАР

Алла Тағала аса мейірімді, сондықтан оны танимын деп талпынған жанға оның төгер батасы мол.

Алла Тағаланың шексіз құдіретімен Мұса пайғамбар ұлы кереметтер жасаған. Түрлі кереметтер жасаса да, Мұса пайғамбар Құдайдан: “Сені танып-білуім және әрі қарай да ықыласыңа бөлене беруім үшін маған жолдарыңды білдіре көрші”,— деп тіленген (Мұсаның 2-жазбасы 33:13). Мұсаның бұл тілегі Алланың құлағына шалынып, ол пайғамбарына өзі туралы, жолдары, қасиеттері туралы мол білім дарытты. Пайғамбарының тілегіне сүйсінген Алла оған өзінің қандай Құдай екенін және көркем қасиеттерін кеңінен ашты. Осының арқасында Мұса пайғамбар Жаратқанның мейірімді де жанашыр екенін білді (Мұсаның 2-жазбасы 34:6, 7).

Не білеміз? Алла Тағала оны жақыннан тануға талпынған әрбір жанға нұрын төгеді, оның ішінде ер адамдар да, әйелдер мен балалар да бар. Ол Қасиетті жазбаларда қалай оған дұрыс ғибадат қылу керектігін және ол бізді ықыласына бөлеп, шапағатын төгуге асық екендігін айтты.

ҒАЙСА ПАЙҒАМБАР

Жанашыр Ғайса пайғамбар әртүрлі ауруларды сауықтырған

Алланың мәңгілік шапағатына бөлену үшін Ғайса пайғамбардың өзін, сөзін және өмірін білуіміз керек.

Алланың сөзінде Ғайсаның (яки Ғиса, Иса, Айса) өмірі мен ғибратты тәлімдері жөнінде көп жазылған. Алла Тағала құдірет дарытып, Ғайса көп керемет жасады: ол соқырдың көзін, саңыраудың құлағын ашты, ақсақты еліктей секіртті, ол тіпті өлген адамға қайта жан бітірді. Ғайса пайғамбар жасаған осы кереметтер болашақта Алла Тағала күллі адамзат үшін қандай кереметтер жасайтынын көрсетті. Алла Тағала ауру-сырқау атаулының бәрін алып тастап, гүлденген әсем жер бетіне марқұмдарды тірілтеді. Алла бізді осындай шапағатқа мәңгілік бөлеу үшін не істеуіміз керектігін Ғайса пайғамбар былай түсіндірді: “Мәңгілік өмірге ие болу үшін сені, жалғыз шынайы Құдайды, және өзің жіберген Иса Мәсіхті танып-білу керек” (Жохан 17:3).

Ғайса пайғамбар өзгелердің сезімін жақсы түсінетін, жанашыр, мейірімді жан болған. Оның “менен үйреніңдер, өйткені мен жұмсақ әрі кішіпейілмін, сонда жандарың сергиді” деген жылы сөздерінен кейін, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін, ерлер де, әйелдер де оған ағылып келетін (Матай 11:29). Әйел заты төмен етек саналған сол заманда Ғайса олардың қадір-қасиетін түсірмей, оларға мейірбан болған.

Не білеміз? Ғайса пайғамбар адамдарды шексіз сүйді әрі біз бір-бірімізге дос-бауыр деп қарауымыз керектігін үйретті.

ҒАЙСА — ҚҰДАЙ ЕМЕС

Киелі жазбалар барлығын жаратқан жалғыз Құдай бар деп және Ғайса оның мойынсұнғыш хабаршысы болған деп үйретеді (Қорынттықтарға 1-хат 8:6). Ғайса пайғамбардың өзі де Алла Тағаланың ұлық екенін, ал өзі оның бұйрығымен жерге келген хабаршысы екенін анық та қанық айтқан (Жохан 11:41, 42; 14:28) *.

^ 17-абзац Иса Мәсіх жайында толығырақ білу үшін jw.org сайтындағы “Шынайы сенім — бақыттың кілті” деген кітапшаның 8, 9-тарауларын қараңыз.