НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ЖҮРЕКТІ СЫЗДАТҚАН ҚАЙҒЫ-МҰҢ
Қайғы зілін жеңілдетудің жолдары
Бүгінде қайғырып жүргендердің жан жарасын емдеуге қатысты кеңестер жетіп артылады. Алайда олардың бәрі бірдей пайдалы емес. Мысалы, кейбіреулер сізге жылай берме, сезімдеріңді басқаларға көрсетпе деуі мүмкін. Ал өзге біреулер жұрттың алдында көз жасыңа ерік беріп, қайғыңды көрсетуің керек деп жатады. Ал Киелі жазбалар бұған қатысты байсалды көзқарас ұстануға шақырады. Соның растығын бүгінгі зерттеу жұмыстары да дәлелдеп отыр.
Кейбір жерлерде ер адамның жылағанын әлсіздік деп санайды. Бірақ жұрттың көзінше көз жасын төгу шынында да ұят нәрсе ме? Психолог мамандардың айтуынша, адамның қайғырғанда жылауы — кәдімгі нәрсе. Кей жағдайда бұл тірі жанға тіршілігін жасауға көмектеседі. Қайғыны іште сақтағанның пайдасынан гөрі зияны көп. Ер адамның жылағаны дұрыс емес не ол әлсіздікке жатады деген сөзді Киелі кітап еш құптамайды. Мысалы, Иса пайғамбарды алайық. Елазар есімді досы қайтыс болғанда, оны тірілте алатынын білсе де, ол жұрттың көзінше егіле жылаған (Жохан 11:33—35).
Жақыны көз жұмғанда, әсіресе бұл күтпеген жерден орын алса, адамды ашу кернеуі мүмкін. Бұл да — адамның қайғы-наласы. Жақынын жоғалтқан адамның бұндай сезімге жол беруінің себебі әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, сыйлы адамдардың ойланбай сөйлегені және шындыққа жанаспайтын сөздер айтқаны жанға батады. Оңтүстік Африка Республикасында тұратын Майк деген кісі былай дейді: “Әкем қайтқанда, жасым небәрі 14-те болатын. Жерлеу рәсіміне келген діни қызметкер маған: —Құдайға да жақсы адамдар керек және сондай адамдарды ол ерте алады,— деді *. Бұл сөздер мені қатты ызаландырды. Өйткені әкеміз бізге де керек еді ғой! Содан бері 63 жыл өтсе де, жүрегімдегі сол жара әлі жазылар емес”.
Ал егер адам жақынының өліміне өзін кінәлайтын болса ше? Иә, жақыны күтпеген жерден қайтыс болса, “егер мен бүйткенімде немесе сөйткенімде, бұл жағдай болмас еді” деген ойлар адамға маза бермеуі мүмкін. Әсіресе жақынының өлерінен алдын бір-бірімен ренжісіп қалған болса, адам өзін жегідей жеп, қоярға жер таппайды.
Егер сіз де өзіңізді кінәлі сезінсеңіз немесе бойыңызды ашу кернесе, мұндай сезімдерді іште сақтамаған жөн. Оның орнына, өзіңізді тыңдай білетін әрі мұндай сезімдердің кәдімгі нәрсе екеніне сендіре білетін досыңызға шер тарқатыңыз. Киелі кітапта былай делінген: “Нағыз дос әрқашан жақсы көрер, ол — бауырың қиын шақта арқа сүйер” (Нақыл сөздер 17:17).
Жақынын жоғалтқан адамға ең жақсы дос Жаратушымыз Ехоба * Құдай бола алады. Дұға етіп, оған ағыңыздан жарылыңыз. Өйткені ол қамымызды ойлайды (Петірдің 1-хаты 5:7). Егер оған бар уайымымызды айтсақ, ол “адам ақылынан асқан тыныштық”, яғни жантыныштығын беремін деп уәде етеді (Філіпіліктерге 4:6, 7). Сондай-ақ егер оған мұрсат берсеңіз, ол өз Сөзі Киелі кітап арқылы жан жараңызды сауықтырады. Жұбаныш беретін тармақтардың тізімін жасап алыңыз. (Төмендегі қоршауды қараңыз.) Тіпті бірнешеуін жаттап алыңыз. Әсіресе үйде жалғыз қалып, ұйықтай алмай жатқанда, сол жазбаларды еске түсіріп, сол жайлы ойлансаңыз, мұның тиер пайдасы көп (Ишая 57:15).
Жуырда 40 жасар Жақсылық * есімді кісінің аяулы жары қатерлі ісіктен көз жұмды. Ол кейде қатты жалғызсырайтынын айтады. Бірақ Жақсылық дұғаның көп пайдасын көріп жүр. Ол былай дейді: “Ехобаға дұға еткенімде, өзімді жалғыз сезінбеймін. Түн ортасында оянып кетіп, мазасызданып ұйықтай алмайтын кездерім жиі болады. Сондай кездері Киелі жазбалардың жұбаныш беретін тұстарын оқып, сол жайлы ойланамын. Сосын көңілімдегінің бәрін ақтарып дұға етемін. Бұдан жеңілдік сезініп, санам мен жүрегіме тыныштық ұялайды. Содан алаңсыз ұйықтап кетемін”.
Ванесса есімді қыздың да анасы ауырып қайтыс болған. Ол да дұғаның зор күшін сезінген. “Қатты қиналған шақтарымда жай ғана Құдайдың есімін айтып, жылай беретінмін. Сонда Ехоба үніме құлақ асып, маған қажетті күш дарытатын”,— дейді Ванесса.
Психологтар қайғымен күресіп жүргендерге өз уақыттарын өзгелерге көмек беру үшін жұмсауға не қоғамдық жұмыстарға ерікті түрде қатысуға шақырады. Осындай істерге атсалысқаныңыз сізді қуанышқа бөлейді әрі қайғының зілі де жеңілдейді (Елшілердің істері 20:35). Көптеген мәсіхшілер өзгелерге көмектесуден зор жұбаныш тапқан (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4).
^ 5-абзац Бұл ұғым Киелі кітапқа қайшы. Онда адамдардың неге өлетінінің үш себебі келтірілген (Уағыздаушы 9:11; Жохан 8:44; Римдіктерге 5:12).
^ 8-абзац Ехоба — Киелі кітапта жазылған Құдайдың есімі.
^ 9-абзац Есімі өзгертілген.