Жан саулығы сау болмай тұр
“Мен үнемі бір нәрсені уайымдап жатамын, тіпті уайымдайтын еш нәрсе жоқ болса да, сол сезімнен арыла алмаймын”.
“Өзімді бір күшті сезінген кезде қорқа бастаймын. Өйткені білемін, менің әдетте қуанышты күйім артынан мұңға ұласып жатады”.
“Мен бір ғана күннің уайымымен жүріп, соны шешкім келеді. Бірақ уайым менің қалауыма бағынбайды ғой, әттең!”
Сізге бұл адамдардың күйі таныс па? Бұл адамдардың жан саулықтары сыр берген. Мүмкін, өзіңіз емес, жақыныңыз осындай күй кешіп жүрген болар?
Ендеше, сіз жалғыз емессіз. Бүгінде көптеген адам өздері, ал өздері болмаса да, жақындары осындай күйде жүр.
Қазір біз “ерекше қиын уақытта” өмір сүріп жатқанымыз соқырға таяқ ұстатқандай ап-анық. Соның кесірінен адамдардың қиындықтары да сан түрлі (Тімөтеге 2-хат 3:1). Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, жержүзі бойынша әр сегізінші адамның жан саулығында кінәраты бар көрінеді. COVID-19 пандемиясының кесірінен 2020 жылы 2019 жылға қарағанда, мазасыз күйден қиналғандар мен қатты депрессияға ұшырағандардың саны шамамен 78 миллионға көбейген.
Бұл сандар бәрімізге ой салады. Біздің психикалық денсаулығымыз өте маңызды. Сондықтан өзіміздің және жақындарымыздың жан саулығына көңіл бөлген жөн.
Жан саулығы деген не?
Жан саулығында кінәраты болмаса, адам өзін жақсы сезінеді және толыққанды өмір сүреді. Стресті көтере алады, өнімді еңбек ете алады және өмірден қанағат ала алады.
Психикалық бұзылыстар
-
БҰЛ адамның әлсіз мінезінен туындамайды.
-
ОЛ — кәдімгі аурудың түрі. Адамның жан дүниесі қиналады, дұрыс ойлана алмайды, сезімдерін, жүріс-тұрысын басқара алмайды.
-
Адамдармен араласу, күнделікті істерімен айналысу қиындай түседі.
-
Адамның жасы, мәдениеті, ұлты, діні, білімі және табатын ақшасы қандай болса да, бұл ауруға душар болуы мүмкін.
Көңілі сынық жандарға жәрдем
Өзіңізден я жақыныңыздан мынадай анық белгілер байқасаңыз — мінез-құлқының өзгеруі, ұйқы мен тәбеттің бұзылуы, ұзақ уақыт уайымдап, мұңға салыну — онда міндетті түрде кәсіби маманның көмегі керек. Ол сізге осы белгілердің себептерін және шешімін айтып бере алады.
Дүниедегі ең дана кісі Иса пайғамбар былай деген болатын: “Дәрігер денсаулығы жақсы адамдарға емес, ауруларға қажет” (Матай 9:12). Денсаулықпен күресіп жүрген жандар дұрыс ем қабылдап, дәрі ішетін болса, онда аурудың белгілерін кәдімгідей қайтара алады. Дұрыс ем мұндай адамдарға толыққанды және бақытты өмір кешуге көмектеседі. Аурудың белгілері асқынып я ұзаққа созылып жатса, онда ем алуды артқа шегіндірмеген дұрыс болар еді a.
Киелі жазбалар медициналық анықтамалық емес. Бірақ онда жазылғандар сынық көңілімізді қош ете алады. Сондықтан біз сізді келесі мақалаларды оқып шығуға шақырамыз.
a “Күзет мұнарасы” ешбір ем түрін алға тартпайды. Әр адам өзі салмақтап-саралап шешім қабылдау керек.