Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ата-аналар, балаларыңыздың бойына сенім ұялатыңыздар

Ата-аналар, балаларыңыздың бойына сенім ұялатыңыздар

“Жас жігіттер мен пәк қыздар... Ехобаның есімін мадақтасын” (ЗӘБҮР 148:12, 13).

ӘНДЕР: 88, 115

1, 2. а) Неге ата-ана үшін баланың жүрегіне сенім ұялату оңай емес және бұған қол жеткізудің жалғыз жолы қандай? ә) Қандай төрт жайтты қарастырамыз?

“БІЗ Ехобаға сенсек, бұл балаларымыз да міндетті түрде оған сенеді дегенді білдірмейді. Сенім — атадан балаға берілетін қасиет емес. Бала оған бірте-бірте ие болады”,— дейді Францияда тұратын бір ата-ана. Ал австралиялық бір әке болса былай деп жазды: “Баланың жүрегіне сенім ұялату, сірә, ата-ана үшін өмірдегі ең қиын белес шығар. Баланың сұрағына қанағаттанарлық жауап бердім деп ойлайсың. Бірақ ол сол сұрақты кейін қайтадан қояды! Бүгін берген жауабыңа көңілі толғанмен, ертеңгі күні бұны азсынуы мүмкін”. Көп ата-аналар бала есейген сайын, оған кейбір тақырыптарды қайтадан қозғап, толығырақ түсіндіру керектігін байқаған. Сондай-ақ балаға Ехобаны жақсы көруді үйрету үшін әрқилы тәсілдерге жүгіну керектігін түсінген.

2 Балаңыз бар болса, оны Ехобаны жақсы көретін әрі сенімі берік етіп тәрбиелеу қолымнан келе ме деп уайымдайтын шығарсыз. Иә, шындығына келгенде, ешқайсысымыз да бұған өз күшімізбен қол жеткізе алмаймыз (Еремия 10:23). Сол себептен Ехобаның көмегіне жүгінуіміз қажет. Ол ата-аналарға көп ақыл-кеңес береді. Ендеше, баланың сенімін дамытуыңызға көмектесетін төрт жайтқа назар аударайық: 1) балаңызды жақсы біліңіз; 2) өз жүрегіңіздегіні баланың бойына ұялатыңыз; 3) мысалдар келтіріңіз; 4) сабырлы болыңыз, сенім танытыңыз және дұға етіңіз.

БАЛАҢЫЗДЫ ЖАҚСЫ БІЛІҢІЗ

3. Тәлім беру жағынан қалай ата-аналар Исаға еліктей алады?

3 Иса шәкірттерінен неге сенетіні жайлы жиі сұрап отырған (Матай 16:13—15). Осы жағынан ата-ана Исадан үлгі алса болады. Бір іспен айналысып жатқанда не жай әңгімелесіп отырғанда, балаңызға сұрақтар қойып, ой-сезімін ашық білдіруге талпындырыңыз. Оның көкейінде қандай да бір күмән бар шығар. Австралиядағы 15 жасар ер бауырлас былай деді: “Әкем жиі менімен сенімім жайлы сөйлесіп, ой жүгіртуге көмектеседі. Ол: “Киелі кітапта не делінген? Сен оған сенесің бе? Сенсең, не үшін сенесің?”— деп сұрайды. Ол өзінің не анамның айтқанын қайталап қоя салмай, өз сөзіммен айтқанымды қалайды. Өсе келе, ол менен толығырақ жауап беруімді күтті”.

4. Неге баланың сұрақтарына жеңіл-желпі қарамау керек? Мысал келтіріңіз.

4 Егер балаңыз Киелі кітаптағы қандай да бір ілімге бірден сене қоймаса, бұған күйіп-піспей, сабыр сақтаңыз. Сұрақтарына жауап табуға көмектесіңіз. Бір әке былай деп ой бөлісті: “Балаңыздың сұрақтарына жеңіл-желпі қарамаңыз. Оларды болмашы сұрақтар деп елемей қоймаңыз, я болмаса өзіңізді ыңғайсыз сезінетіндіктен, белгілі бір тақырыпқа сөйлесуден қашқақтамаңыз”. Балаңыздың сұрақ қойғаны тіптен жақсы, демек, ол бір нәрсені ұққысы келеді. 12 жаста болса да, Иса салмақты сұрақтар қойған (Лұқа 2:46 оқыңыз). Данияда тұратын 15 жасар жасөспірім былай деді: “Бірде ата-анама шынайы дінді ұстанып жүргенімізге күмәнім бар екенін айттым. Сол кезде олар мені уайымдаған да шығар, бірақ бұған сабырмен қарады. Кейін барлық сұрағыма Киелі кітаптан жауап берді”.

Балаңызбен бірге күнделікті істермен айналысқанда, рухани тақырыпта әңгімелесіңіз

5. Балаңыз Ехобаға сенетіндей көрінсе де, не істеуіңіз қажет?

5 Балаңызды жақсы біліп алыңыз: оның не ойлап, не сезінетінін, оны не мазалайтынын анықтауға тырысыңыз. Оның тек уағызға шығып, қауымға барып жүргеніне қарап, Ехобаға сенеді деп пайымдамаңыз. Ол Ехоба жайлы шын мәнінде не ойлайды? Киелі кітап туралы ше? Сенімін сынға алған кез келген жайтты білуге тырысып, онымен күресуге көмектесіңіз. Балаңызбен бірге күнделікті істермен айналысқанда, рухани тақырыпта әңгімелесіңіз. Балаңыз үшін оның өзімен бірге және жеке дұға етіңіз.

ӨЗ ЖҮРЕГІҢІЗДЕГІНІ БАЛАНЫҢ БОЙЫНА ҰЯЛАТЫҢЫЗ

6. Ехоба туралы біле түскені ата-анаға балаларына жақсырақ тәлім беруге қалай көмектеседі?

6 Ұлы ұстаз болған Иса Ехобаны, Жазбаларды және адамдарды жақсы көрген. Сондықтан жұрт оны зейін қойып тыңдаған (Лұқа 24:32; Жохан 7:46). Тура сол сияқты, сіздің Ехобаны жақсы көретініңізді көрсе, балаңыз да оны жақсы көруге талпынады (Мұсаның 5-жазбасы 6:5—8; Лұқа 6:45 оқыңыз). Олай болса, Киелі кітапты тиянақты зерттеп, басылымдарды жүйелі түрде оқи беріңіз. Ехобаның жаратылыстарына көңіл қойыңыз, сондай-ақ олар жайлы әдебиеттерімізден оқыңыз (Матай 6:26, 28). Ехоба туралы неғұрлым көп білсеңіз, балаңызға да ол туралы соғұрлым көп үйрете аласыз (Лұқа 6:40).

Ехоба жайында білгендеріңізді балаларыңызбен бөлісіңіз

7, 8. Ехоба жайында бір нәрсе білсеңіз, не істесеңіз болады? Мысалдар келтіріңіз.

7 Ехоба жайында бір нәрсе білсеңіз, оны балаңызбен бөлісіңіз. Тек қауым кездесуіне дайындалғанда не отбасылық ғибадатта ғана емес, кез келген уақытта осылай етіңіз. Мұндай әңгіме еш мәжбүрлеусіз, өздігінен не аяқастынан болғаны жақсы. Құрама Штаттарда тұратын бір ата-ана осылай істейді екен. Олар табиғаттағы әдемі бір жаратылысты көргенде не дәмді тағам жегенде, Ехоба жайлы сөз етеді. “Біз балаларымызға Ехобаның қамтамасыз етіп отырған әрбір нәрсесінен бізді жақсы көретіні әрі бәрін жақсылап ойластырып қойғаны анық көрінетінін айтып отырамыз”,— деді олар. Оңтүстік Африкадағы бір ерлі-зайыпты екі қызымен бақта жұмыс істегенде, табиғат жайлы сөйлескенді ұнатады. Мысалы, оларға тұқымнан өсімдік өсіп шығатыны нағыз керемет екенін айтады. Бұл ата-ана былай дейді: “Біз қыздарымыздың бойында өмірге және оның ғажайып күрделілігіне деген қастерлі сезім оятуға тырысамыз”.

8 Ал Австралияда тұратын бір ер бауырлас 10 жасқа таяған ұлымен бірде мұражайға барады. Ол осы мүмкіндікті пайдаланып, Ехобаның Жаратушы екеніне дәлел келтіріп, баласының сенімін нығайтқысы келеді. “Біз мұражайда байырғы теңіз жануарларын — аммониттерді (ұлу тәріздес басаяқтыларды) және трилобиттерді (буынаяқтыларды) көрдік. Бізді қайран қалдырған жайт: жойылып кеткен осы жануарлардың әдемілігі, күрделілігі мен толық жетілгендігі сонша — қазіргі таңдағы жануарлардан кем түспейді. Егер тіршілік эволюция жолымен қарапайым түрден күрделі түрге өткен болса, сол ежелгі жануарлардың күрделілігін қалай түсіндіруге болады? Бұл маған қатты әсер етті, әрі осы жайлы ұлыммен бөлістім”.

МЫСАЛДАР КЕЛТІРІҢІЗ

9. Неге мысалдар келтірген тиімді және бір ана ұлдарына қандай мысал келтірген?

9 Иса мысалдарды жиі қолданған. Ол жұртқа қандай да бір оқиға не мысал айтып, маңызды сабақтарды түйіп алуға көмектескен (Матай 13:34, 35). Мысалдарды қолдансаңыз, балаңызға елестету қабілетін іске қосуға мүмкіндік бересіз. Сонда ол үйретіп жатқан тәліміңіз жайлы ойланады, оны жақсы түсініп, есте сақтайды. Балалар әдетте үйренуге құмар келеді. Мысалы, Жапонияда тұратын бір ана екі ұлына Ехобаның жер атмосферасын қалай жасағанынан оның қаншалықты қамқор екенін түсіндірмек болады. Ұлдарының бірі сегізде, екіншісі он жаста еді. Сондықтан анасы мысалды олардың жасына сай таңдайды. Ол балаларына кофе, сүт және қант беріп, өзіне кофе дайындап беруді тапсырады. “Олар бұған жан сала кірісті,— дейді аналары.— Неге сонша мұқияттылықпен істеп жатқандарын сұрағанымда, кофенің дәл маған ұнайтындай болғанын қалайтындарын айтты. Сонда мен оларға Құдай да атмосферадағы газдарды тура бізге керегінше араластырғанын түсіндірдім”. Бұл сабақ балаларға қатты ұнады, әрі естерінде жақсы сақталды!

Жаратушының бар екенін түсіндіру үшін қарапайым мысалдарды қолдансаңыз болады (10-абзацты қараңыз)

10, 11. а) Жаратушының бар екенін түсіндіру үшін қандай мысал келтірсеңіз болады? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.) ә) Ал сіз қандай мысал қолданасыз?

10 Балаңызға Жаратушының бар екенін көрсету үшін қандай мысал келтіре аласыз? Мысалы, арнайы рецептіге қарап, балаңызбен бәліш пісіріп көріңіз. Оған бәлішті неге тура рецепт бойынша пісіру маңызды екенін түсіндіріңіз. Сосын балаңызға бір жемісті, мысалы алманы ұстатып: “Мына алманың да рецептісі бар екенін білесің бе?”— деп сұраңыз. Сөйтіп, алманы екіге бөліп, бір түйір тұқымын балаңызға беріңіз. Кейін осы тұқымның рецептіге ұқсайтынын айтыңыз. Оның ішінде алма қалай жасалатыны туралы нұсқаулар жазылғанын, бірақ ол кәдімгі бәліштің рецептісінен әлдеқайда күрделі екенін түсіндіріңіз. Сосын: “Бәліштің рецептісін біреу жасаған ғой. Ендеше, алманың рецептісін кім жасаған?”— деп сұрап көріңіз. Ал балаңыз үлкендеу жаста болса, осы алманы, тіпті бүкіл алма ағашын өсіріп шығаруға арналған нұсқаулықтар тұқымның ішіндегі ДНҚ-да жазылғанын айтыңыз. Балаңызға “Тіршіліктің бастауы. Бес маңызды сұрақ” деген кітапшаның 10—20 беттеріндегі суреттер мен мысалдарды да көрсетсеңіз болады.

11 Көп ата-ана балаларымен “Ояныңдар!” журналындағы “Жаратылыс ғажайыптары” айдарын оқығанды ұнатады. Балалары әлі кішкентай болса, ата-ана ондағы мәліметті қарапайым етіп түсіндіріп берсе болады. Мәселен, Даниядағы бір ерлі-зайыпты ұшақты құспен салыстырған. Олар былай дейді: “Ұшақ құсқа қатты ұқсайды. Бірақ ұшақтар жұмыртқа басып, кішкентай балапан ұшақтар шығара ма? Құстарға жерге қону үшін арнайы алаңдар қажет пе? Ұшақтың гүрілдеген даусы қандай, ал құстың сайраған үні ше? Олай болса, кім ақылдырақ: ұшақты жасаған адам ба, әлде құсты жаратқан Құдай ма?” Балаларыңызбен осылай ой жүгіртіп, сұрақтар қойсаңыз, оларға ой-санасын дамытуға және Құдайға деген сенімін нығайтуға көмектесесіз (Нақыл сөздер 2:10—12).

12. Балаңызға Киелі кітаптың туралығын көрсету үшін қандай мысалдар қолдансаңыз болады?

12 Баланың Киелі кітаптың туралығына деген сенімін арттыру үшін де тиімді мысалдарды қолдануға болады. Мысалы, Әйүп 26:7-ні (оқыңыз) қарастырайық. Бұл сөздер Құдай рухының жетелеуімен жазылғанын қалай көрсете аласыз? Бұл үшін жай деректерді айтып қоя салмай, баланың елестету қабілетін іске қосуға тырысыңыз. Әйүптің заманында телескоптар мен ғарыш кемелері болмағанын айтып өтіңіз. Ал балаңызға сол заманда кейбіреулерге Жер шары сияқты үлкен нәрсенің ауада ілініп тұрғанына сену неге қиын болғанын көрсетуді тапсырыңыз. Ол мысал ретінде допты не тасты қолданып, салмағы бар заттардың бәрі бір нәрсенің үстінде жататынын көрсетсе болады. Осылайша тәлім берудің нәтижесінде бала мына жайтты түсінеді: Киелі кітап баяғыда жазылса да, онда жазылғандардың бәрі тура, өйткені ол — Ехобадан келген кітап (Нехемия 9:6).

КИЕЛІ КІТАП ПРИНЦИПТЕРІНІҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫН КӨРСЕТІҢІЗ

13, 14. Ата-аналар балаларына Киелі кітап принциптеріне мойынсұнуды қалай үйрете алады?

13 Балаңызға Киелі кітап принциптеріне мойынсұнудың пайдалы екенін түсіндіру де өте маңызды (Зәбүр 1:1—3 оқыңыз). Мысалы, ол шалғайдағы бір аралға барып тұрайын деп жатқанын елестетіп көрсін. Ол өзімен бірге кімді ертіп алатынын таңдаса болады. Одан: “Барлығы бір-бірімен тату-тәтті тұру үшін қандай адамдарды таңдар едің? Олардың қандай қасиеттері болу керек?”— деп сұрап көріңіз. Соңында Ғалаттықтарға 5:19—23 тармақтарды оқып, Ехоба жаңа дүниеде қандай адамдардың өмір сүргенін қалайтынын түсіндіріңіз.

14 Осы мысалдың көмегімен балаңызға маңызды екі жайтты үйрете аласыз. Біріншіден, Құдайдың принциптері нағыз татулық пен бірлікке үйретеді. Екіншіден, Ехоба қазірдің өзінде бізді үйретіп, жаңа дүниедегі өмірге дайындап жатыр (Ишая 54:13; Жохан 17:3). Киелі кітап бауырластарға қалай көмектесіп жатқанын да көрсетіңіз. Бұл үшін басылымдардағы, мысалы “Күзет мұнарасындағы” “Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді” айдарынан өмірбаяндарды, қарастырсаңыз болады. Я болмаса Ехобаға ұнамды болу үшін өмірінде үлкен өзгеріс жасаған қауымдағы бір бауырласты шақырып, өзі жайлы айтып беруін сұраңыз. Мұндай мысалдар Киелі кітап принциптеріне жан бітіреді! (Еврейлерге 4:12).

15. Балаларыңызға тәлім беруге сізге не көмектеседі?

15 Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні — балаларыңызға қызықты да көңілді етіп тәлім беру үшін, тапқыр болып, қиялыңызды іске қосуға тырысыңыз. Балалардың жасын ескере отырып, оларды ойлануға талпындырыңыз. Ехоба туралы біліп, оған жақындай түсулеріне көмектесу үшін, сан қилы әдістерді ойластырыңыз. “Бұрын қарастырған тақырыптарды түсіндірудің жаңа жолдарын іздеуден еш талмаңыз”,— деп ой бөлісті бір әке.

САБЫРЛЫ БОЛЫҢЫЗ, СЕНІМ ТАНЫТЫҢЫЗ ЖӘНЕ ДҰҒА ЕТІҢІЗ

16. Балаларға тәлім бергенде, неліктен сабырлы болу маңызды? Мысал келтіріңіз.

16 Балаларыңыздың сенімін Ехобаның киелі рухының көмегімен нығайта аласыз (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Әрине, сенімдері қатайып жетілемін дегенше уақыт керек. Сол себептен сабырлы болып, оларға тәлім беруден еш жалықпаңыз. Бір қыз, бір ұлы бар Жапонияда тұратын әке былай дейді: “Әйелім екеуміз бар болғаны балаларымызға көп көңіл бөлдік. Мен кіп-кішкентай кездерінен бастап оларға қауым болатын күндерді санамағанда, күн сайын 15 минуттан рухани тәлім бердім. Он бес минут біз үшін де, олар үшін де қиын болған жоқ”. Ал бір аудандық бақылаушы былай деп жазды: “Жасөспірім кезімде көкейімде ешкімге ашып айтпаған көптеген сұрақтарым мен күмәнім болатын. Уақыт өте қауым кездесулерінде, отбасылық ғибадат не жеке зерттеу кезінде сол сұрақтарымның көбісіне жауап таптым. Міне, сол үшін де ата-аналардың тәлім беруді ешқашан доғармағандары маңызды”.

Жақсы тәлімгер болу үшін, Құдай Сөзін алдымен өзіңіз жақсы көруіңіз керек (17-абзацты қараңыз)

17. Неліктен ата-аналарға өз сенімдерін нығайтқандары маңызды және бұл жағынан бір ата-ана қалай қыздарына үлгі көрсеткен?

17 Әрине, сіздің Ехобаға деген берік сеніміңізді көргенде, балаларыңыз көп нәрсеге үйренеді. Олар сіздің не істеп, не қоятыныңызды үнемі бақылап жүреді. Сондықтан өз сеніміңізді бекемдей түсіңіз. Ехобаның сіз үшін тірі тұлға екенін балаларыңыз көре алсын. Мысалы, Бермуд аралдарында тұратын бір ата-ана өздерін бір нәрсе мазалай бастаса, қыздарымен бірге дұға етіп, Ехобадан басшылық сұрайды екен. Сондай-ақ балаларын да жеке дұға етуге талпындырады. “Біз үлкен қызымызға: “Ехобаға толық сенім арт, Патшалық ісінде белсенді бол және тым көп уайымдама”,— деп отырамыз. Нәтижесін көргенде, қызымыз Ехобаның өзі бізге жар екенін көреді. Бұл оның Құдайға және Киелі кітапқа деген сеніміне қатты әсер етті”,— деді олар.

18. Ата-аналар нені естен шығармау керек?

18 Ата-аналар, мынаны есте ұстаңыздар: баланың бойына Құдайға деген сенімді күштеп ұялату мүмкін емес. Сіздер егіп, суарасыздар, ал өсіретін — тек Ехоба (Қорынттықтарға 1-хат 3:6). Сондықтан киелі рух сұрап дұға етіңіздер, алтындай ұл-қыздарыңызға тәлім беру үшін аянбай тер төге беріңіздер. Сонда Ехоба сіздерге батасын жаудырады (Ефестіктерге 6:4).