Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Шыдамдылық — үміті үзілмес қасиет

Шыдамдылық — үміті үзілмес қасиет

ОСЫ “соңғы күндері” өмір қатты қиындап кеткендіктен, бізге бұрынғыдан бетер шыдамды болу керек (Тімөтеге 2-хат 3:1—5). Қазір адамдардың көбісі шыдамсыз болып барады. Олар өзімшіл, жанжалқұмар әрі ұстамсыз. Сол себепті былай деп ойлануымыз қажет: мен айналамдағы адамдар сияқты шыдамсыз болып кеткен жоқпын ба? Нағыз шыдамдылық деген не? Шыдамдылық болмысыма тән болуы үшін не істей аламын?

ШЫДАМДЫЛЫҚ ДЕГЕН НЕ?

Киелі кітаптағы “шыдамдылық” деген сөздің мағынасы қандай? Бұл жай ғана қиыншылықтарға көніп жүре беруді білдірмейді. Шыдамды адам жағдай жақсарады деген үмітпен төзімділік танытады. Ондай адам тек өзін ғана емес, өзгелерді де ойлайды. Тіпті қитығына тиген я өзіне дөрекілік танытқан адамдардың да сезімін ескереді. Ол қарым-қатынастарының жақсаратынынан үміт үзбейді. Сондықтан да Киелі кітапта шыдамдылық сүйіспеншіліктен * туындайтыны айтылған (Қорынттықтарға 1-хат 13:4). Сонымен қатар шыдамдылық — “киелі рух жемісінің” бір бөлігі (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Олай болса, нағыз шыдамды адам болу үшін не істеуіміз керек?

ҚАЛАЙ ШЫДАМДЫ БОЛУҒА БОЛАДЫ?

Шыдамды болуымыз үшін Ехобадан киелі рух сұрап, дұға етуіміз керек. Ол киелі рухты өзіне сенім артқан адамдарға береді (Лұқа 11:13). Киелі рухтың әсері зор, әрине. Бірақ біз де өз тарапымыздан дұғамызға сай әрекет етуіміз қажет (Зәбүр 86:10, 11). Бұл үшін біз күн сайын шыдамдылық танытуға барынша тырысуымыз керек және оны болмыс-бітіміміздің бір бөлігі етуіміз қажет. Бірақ кейде шыдамсыздыққа бой беріп қоямыз. Бізге не көмек болады?

Бұл үшін біз Исаның өмірін зерттеп, оның кемелді үлгісіне еліктеуіміз керек. Құрамына шыдамдылық та кіретін “жаңа болмыс” жайлы айта келе, елші Пауыл: “Жүректеріңде Мәсіхтің тыныштығы билік етсін”,— деген (Қолостықтарға 3:10, 12, 15). Жүрегімізде “Мәсіхтің тыныштығы билік ету” үшін Исаның үлгісіне еліктеуіміз және Құдайдың мәселені өз уақытында түзететініне толықтай сенім артуымыз қажет. Бізде осындай сенімділік болса, айналамызда қандай жағдай болмасын, сабыр сақтаймыз (Жохан 14:27; 16:33).

Бәріміз де жаңа дүние тезірек орнаса екен дейміз. Бірақ Ехобаның бізге қалай шыдамдылық танытқаны туралы ойланатын болсақ, шыдамдырақ болуды үйренеміз. Киелі кітапта былай делінген: “Кейбіреулер ойлағандай, Ехоба уәдесін орындауды баяулатып жатқан жоқ, қайта, сендерге шыдамдылық танытып отыр, өйткені ол бірде-бір адамның жойылмай, бәрінің өкінгенін қалайды” (Петірдің 2-хаты 3:9). Сонымен, Ехобаның бізге деген шыдамдылығы жайлы ойлансақ, біз де өзгелерге шыдамдырақ бола түсеміз (Римдіктерге 2:4). Ал енді осы қасиетті талап ететін жағдайларды қарастырайық.

ШЫДАМДЫЛЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕТІН ЖАҒДАЙЛАР

Күнделікті өмірде біздің шыдамдылығымызды сынға алатын жағдайлар өте көп. Мысалы, айтатын сөзіміз біз үшін маңызды болып тұрса, өзгелердің сөзін бөлмеу үшін шыдамдылық қажет (Жақып 1:19). Біреу ашуымызға тисе де, шыдамдылық керек. Сондай кезде бірден қызбалыққа салынғанша, Ехоба мен Иса біздің әлсіз жақтарымызға қалай қарайтынын есте ұстағанымыз жақсы. Олар біздің көптеген майда-шүйде қателіктерімізге қадалып қалмайды. Қайта, жақсы қасиеттерімізге назар аударады, әрі жөнделуімізге шыдамдылықпен уақыт береді (Тімөтеге 1-хат 1:16; Петірдің 1-хаты 3:12).

Сондай-ақ әлдебіреу біздің айтқан сөзімізді я істеген ісімізді сынға алғанда, шыдамдылықты қажет етеміз. Бәлкім, бұндай кезде бірден ренжіп, ақтала бастайтын шығармыз. Алайда Құдай Сөзі мүлдем басқаша әрекет етуге кеңес береді. Онда былай делінген: “Тәкаппар болғаннан гөрі, сабырлы болған артық. Ренжуге асықпа, себебі реніш ақымақтықтың белгісі” (Уағыздаушы 7:8, 9, сілтеме). Тіпті бізге тағылған кінә еш негізсіз болса да, жауап бермес бұрын, шыдамды болып, ойланып алғанымыз жөн. Өзгелер жалған айып таққанда, Иса да дәл солай әрекет еткен (Матай 11:19).

Ата-аналар балаларының көзқарасын түзегенде немесе оларға жаман қалаулармен күресуге көмектескенде, шыдамдылықты екі есе танытулары керек. Скандинавия филиалында қызмет ететін Маттиастың мысалын қарастырайық. Мектепте оқып жүргенде, сыныптастары оны сенімі үшін келеке-мазақ еткен екен. Алғашында бұл жайлы ата-анасы бейхабар болады. Бірақ кейін олар ұлдарының бойына күмән ұялағанын байқай бастайды. Әкесі Гиллистің айтуынша, әйелі екеуіне өте шыдамды болу керек болды. Маттиас мынадай сұрақтар қоя бастапты: “Құдай деген кім? Киелі кітап Құдайдан болмаса ше? Біздің істеп жүргеніміздің бәрі бекер болса ше?” Сұрақтары бұнымен шектелмеген екен. Ол әкесіне: “Егер сендер сенген нәрсеге мен де сенбесем, менің не кінәм бар?”— деп сұраған екен.

Гиллис былай деп әңгімелейді: “Баламыз кейде сұрақтарын наразылықпен қоятын. Ол бізге емес, шындыққа наразы еді. Оған шындық өмірін қиындатып жібергендей көрінді”. Гиллис баласына қалай көмектесті екен? Ол былай дейді: “Ұлым екеуміз сағаттап сөйлесетінбіз. Оны көп тыңдайтынмын, сезімі мен көзқарасын жақсырақ түсіну үшін, әңгіменің арасында сұрақтар қойып отыратынмын. Кейде бір жайтты түсіндіргеннен кейін: “Осы туралы асықпай ойланып көрші, келесіде соны талқылаймыз”,— дейтінмін. Ал кейде мен оның айтқан пікіріне қатысты бірер күн ойлануым керек деп айтатынмын. Осылай үнемі әңгімелесіп тұрғанның арқасында Маттиас бірте-бірте төлемнің мәнін, Ехобаның сүйіспеншілігін және оның билік етуге құқылы екенін түсіне бастады. Әрине, бұған біраз уақыт кетті, біраз қиналдық та. Бірақ ол жайлап-жайлап Ехобаны жақсы көре бастады. Қазір әйелім екеуміз баламызға жасөспірім кезінде шыдамдылықпен көмектескеніміз өз жемісін бергеніне қатты қуанамыз”.

Гиллис пен әйелі ұлдарына шыдамдылықпен көмектесе жүріп, өздері Ехобаның көмегіне сенім артты. Гиллис былай дейді: “Мен Маттиасқа: “Анаң екеуміз сені қатты жақсы көреміз, сондықтан біз Ехобаға дұға етіп, саған түсінуге көмектессінші деп жалбарына сұраймыз”,— деп жиі айтып отыратынмын”. Маттиастың ата-анасы шыдамды болып, еш берілмегендеріне қатты қуанады!

Егер созылмалы ауруға шалдыққан туысымызға не досымызға күтім жасап жүрсек, бұл оңайға соқпайды. Бұл да шыдамдылықты талап ететін жағдай. Осы орайда Скандинавияда тұратын басқа бір бауырластың мысалын қарастырайық. Оның есімі — Эллен *.

Осыдан сегіз жылдай бұрын, Элленнің күйеуі екі бірдей инсультке шалдығып, миы қатты зақымданады. Соның кесірінен ол қуанышты, қайғыны, аяушылықты сезіне алмайтын болып қалды. Бұл Элленге қатты соққы болып тиді. Ол былай дейді: “Менің жағдайымда зор шыдамдылық қажет. Көп дұға айтамын. Маған жұбаныш беретін сүйікті тармағым — Філіпіліктерге 4:13. Онда: “Маған күш-қуат берушінің арқасында бәрін де істей аламын”,— делінген”. Ехобаның құдіреті мен қолдауының арқасында Эллен шыдамдылық таныта отырып, өз қиындығымен күресіп жүр (Зәбүр 62:5, 6).

ЕХОБАНЫҢ ШЫДАМДЫЛЫҒЫН ҮЛГІ ЕТІҢІЗ

Шыдамдылықтың ең жақсы үлгісі — Ехобаның өзі (Петірдің 2-хаты 3:15). Киелі кітапта оның зор шыдамдылығы жайлы көп айтылған (Нехемия 9:30; Ишая 30:18). Мысалы, Ехоба Содомды жоямын деп шешкенде, Ыбырайымның оған бірнеше сұрақ қойғаны есіңізде ме? Ехоба соған қалай қараған еді? Ол Ыбырайымның сөзін бөлмей, әрбір сұрағы мен уайымын шыдамдылықпен тыңдады. Ал сосын оның уайымын тыңдағанын білдіріп, Содомда он әділ адам табылса, қаланы жоймайтынына сендірді (Мұсаның 1-жазбасы 18:22—33). Ехоба әрдайым адамды шыдамдылықпен тыңдайды. Ол ешқашан қызбалыққа салынбайды.

Шыдамдылық — жаңа болмыстың маңызды бөлігі. Ал жаңа болмысқа барлық мәсіхшілер ие болуы керек. Нағыз шыдамдылыққа ие болу үшін барымызды салсақ, қамқор да шыдамды Әкеміз Ехобаны құрметке бөлейміз, әрі “сенімі мен шыдамдылығының арқасында уәделерді мұра еткендердің” қатарында боламыз! (Еврейлерге 6:10—12).

^ 4-абзац Сүйіспеншілік қасиеті киелі рух жемісі тақырыбындағы бірқатар тоғыз мақаланың алғашқысында қарастырылған болатын.

^ 15-абзац Есімі өзгертілген.