Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Табандылықтарың толығымен көрсетілсін”

“Табандылықтарың толығымен көрсетілсін”

“Табандылықтарың толығымен көрсетілсін, сонда барлық жағынан кемелді де толысқан, еш кемшіліксіз боласыңдар” (ЖАҚЫП 1:4).

ӘНДЕР: 24, 139

1, 2. а) Гедеон мен оның 300 сарбазының табандылығынан неге үйренеміз? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.) ә) Лұқа 21:19-ға сай, табандылық таныту неліктен аса маңызды?

ҚИЯН-КЕСКІ шайқас жүріп жатты. Исраил биі Гедеон бастаған сарбаздар жаумен арпалысып, әбден қажыды. Олар мадияндықтар мен олардың одақтастарын түні бойы өкшелей қуып, 32 шақырымдай жолды артта қалдырған еді! Сосын не болғанын Киелі кітап былай деп суреттейді: “Бұдан кейін Гедеон қасындағы 300 адаммен Иорданға келіп, одан өтті. Олар шаршағандарына қарамай, жауларын қуа берді”. Олар әлі жеңіске жетпеген еді, өйткені жаудың тағы 15 000 сарбазы қалған болатын. Жаулары жылдар бойы қанап келгендіктен, исраилдіктердің берілмек ойы жоқ еді. Сол себептен Гедеон мен оның сарбаздары жауларын талмай қуып, ақырында бәрін сұлатып салды (Билер 7:22; 8:4, 10, 28).

2 Біз де бүгінде қиян-кескі, қажытарлық шайқас жүргізудеміз. Біздің жауларымыз — Шайтан, оның дүниесі және өзіміздің кемелсіздігіміз. Кейбіріміз бұл жаулармен жылдар бойы күресіп келеміз. Ехобаның көмегімен көптеген шайқастарды жеңдік. Алайда біз әлі толық жеңіске жеткен жоқпыз. Кейде күресе-күресе шаршаймыз, кейде осы зұлым дүниенің соңын күте-күте шаршаймыз. Кезінде Иса соңғы күндері ауыр сынақтар мен қатты қуғынға кезігетінімізді ескертіп кеткен. Алайда ол табандылық танытсақ қана жеңіске жететінімізді де айтқан (Лұқа 21:19 оқыңыз). Сонда табандылық деген не? Табанды болуға бізге не көмектеседі? Осы қасиетті танытқандардан не нәрсеге үйренеміз? Қалайша “табандылығымызды толығымен көрсете” аламыз? (Жақып 1:4).

ТАБАНДЫЛЫҚ ДЕГЕН НЕ?

3. Табандылық деген не?

3 Киелі кітапқа сай, табандылық деген қиын жағдайға шыдап не төзіп қоя салуды білдірмейді. Бұған қиындықтарға қалай қарайтынымыз да кіреді. Табандылық қасиеті бізге батыл, адал әрі шыдамды болуға көмектеседі. Бір анықтамалыққа сай, табандылық “ауыртпалыққа көнбістікпен ғана емес, сөнбес үмітпен төзе білетін ішкі күйді білдіреді. Бұл — желге қарсы тұрған адамға аяғында нық тұруға көмектесетін қасиет. Бұл — ең ауыр деген сынақтың өзін жеңіске айналдыратын ізгі қасиет, өйткені осындай қасиеті бар адам назарын шегіп жатқан қасіретіне емес, оның артында тұрған мақсатына тігеді”.

4. Неге табандылық танытуға сүйіспеншілік талпындырады дей аламыз?

4 Бізді табанды болуға сүйіспеншілік талпындырады (Қорынттықтарға 1-хат 13:4, 7 оқыңыз). Мысалы, Ехобаға деген сүйіспеншілік бізді ол жол берген кез келген жағдайға төтеп беруге талпындырады (Лұқа 22:41, 42). Ал бауырластарға деген сүйіспеншілік бізге олардың кемелсіздіктеріне шыдауға көмектеседі (Петірдің 1-хаты 4:8). Жұбайына деген сүйіспеншілігі ерлі-зайыптыларға тіпті бақытты отбасында болып тұратын қиындықтарға төзіп, некелерін берік етуге ықпал етеді (Қорынттықтарға 1-хат 7:28).

ТАБАНДЫ БОЛУҒА БІЗГЕ НЕ КӨМЕКТЕСЕДІ?

5. Неліктен табанды болуға қатысты ең жақсы көмекті Ехоба береді дей аламыз?

5 Ехобадан күш сұрайық. Ехоба — “табандылық пен жұбаныш беретін Құдай” (Римдіктерге 15:5). Тек Ехоба ғана біздің жағдайымыз бен сезімдерімізді және шыққан ортамыздың бізге қалай әсер ететінін толық түсінеді. Сондықтан ол табанды болуымыз үшін бізге не қажет екенін жақсы біледі. Киелі кітапта: “Ол өзінен қорқатындардың тілегін орындайды, Көмек сұраған үндерін естіп, аман сақтайды”,— делінген (Зәбүр 145:19). Табанды болу үшін күш сұрағанымызда, Құдай қалай жауап береді?

Ехоба бізді толық түсінетіндіктен, табанды болуымыз үшін бізге не қажет екенін жақсы біледі

6. Киелі кітапта уәде етілгендей, қалай Ехоба бізге қиындықтан “шығудың жолын көрсетеді”?

6 Ехобадан қиындыққа төтеп беруге көмектесуін сұрағанда, ол бізге “одан шығудың жолын көрсетеді” (Қорынттықтарға 1-хат 10:13 оқыңыз). Сонда ол мұны қалай істейді? Кейде ол қиындығымызды шешіп беруі мүмкін. Бірақ көп жағдайда “шыдамдылықпен және қуанышпен төзе” алуымыз үшін бізге күш береді (Қолостықтарға 1:11). Ехоба тәніміз бен ой-санамыздың, эмоциялық күшіміздің шама-шарқын өте жақсы білгендіктен, жағдайымызды оған адалдық сақтау мүмкін болмайтындай дәрежеге жеткізбейді.

7. Табанды болу үшін неліктен рухани ас-су қажет екенін мысалмен түсіндіріңіз.

7 Рухани ас-су арқылы сенімімізді нығайтайық. Рухани ас-суды қабылдау неліктен аса маңызды? Мысалы, Эверест тауына шығу үшін адамға күніне шамамен 6000 калория қажет. Бұл әдетте адамға қажет мөлшерден әлдеқайда көп. Альпинист табандылықпен жоғары көтеріліп, діттеген мақсатына жету үшін мүмкіндігінше көп калориясы бар тамақ жеу керек. Тура сол сияқты, біз де өмір жолында табанды болып, мақсатымызға жете алуымыз үшін рухани ас-суды молынан қабылдауымыз қажет. Біз жеке зерттеу мен қауым кездесулеріне жүйелі түрде уақыт бөлуге тиіспіз. Өйткені мұндай рухани істер сенімімізге нәр беріп, оны нығайтуға көмектеседі (Жохан 6:27).

8, 9. а) Әйүп 2:4, 5-ке сай, сынақ кезінде қандай даулы мәселе көлденең тұрады? ә) Қиындыққа кезіккенде, қандай жағдайды елестетсеңіз болады?

8 Мінсіздігімізге қатысты даулы мәселені ұмытпайық. Қиындыққа кезіккенде біз азап шегіп қана қоймаймыз. Сол кезде Құдайға деген мінсіздігіміз де сыналады. Сынақтарға қалай қарайтынымыздан Ехобаны Әлемнің Әміршісі деп мойындаймыз ба, жоқ па — сол көрінеді. Кезінде Құдайдың билігіне қарсы шыққан Шайтан Ехобаны қорлап, оған: “Адам өз өмірін сақтап қалу үшін қолындағының бәрін береді”,— деген. Ал сосын Әйүп жайлы: “Қолыңды созып, сүйегі мен етіне тигізсең ғой, ол көз алдыңда саған лағынет айтар еді”,— деген (Әйүп 2:4, 5). Осылайша ол адамдар Құдайға өз пайдасы үшін ғана қызмет етеді дегенге меңзеген. Содан бері Шайтан өзгерді ме? Еш өзгерген жоқ. Көп ғасырлар өте жерге лақтырылған соң да Шайтан “Құдайымыздың алдында бауырластарымызға күндіз-түні жала жауып жүрген айыптаушы” деп аталды (Аян 12:10). Бүгінде ол адамдар Құдайға тек қара басының мүддесі үшін ғана қызмет етеді деген жаласын әлі де алға тартуда. Ол біздің Құдайдың бүкіләлемдік билігін қолдаудан бас тартып, оған қызмет етуді доғарғанымызды жан-тәнімен қалайды.

9 Қиындық жағадан алып, азап шегіп жүргеніңізде, көзге көрінбес әлемде орын алатын мына жайтты көз алдыңызға елестетіңіз: Бір жақта Шайтан мен оның жын-перілері тұр. Олар қиындықта сіздің не істеп, не қоятыныңызды бақылап, сол қиындығыңыздың алдында тізе бүгіп, беріле салады дейді. Ал екінші жақта Ехоба, Патшамыз Иса Мәсіх, қайта тірілген майланғандар мен сан мыңдаған періштелер тұр. Олар да сіздің күресіп жатқаныңызды көріп тұр. Сіздің күнде табандылық танытып, Ехобаның билігін қолдап жүргеніңізді көріп, олардың жүзі бал-бұл жанады! Сосын Ехобаның: “Ақылды бол, балам, жүрегімді қуант, Сонда өзімді қорлағанға жауап бере аламын”,— дегенін естисіз (Нақыл сөздер 27:11).

Иса табандылығы үшін алатын сыйына назар тіккен

10. Қалайша Исаға еліктеп, табандылық үшін алатын сыйыңызға назар тіге аласыз?

10 Табандылығымыз үшін алатын сыйымызға назар тігейік. Сіз саяхаттап жүргенде, бір ұзын туннельге кірдіңіз делік. Қайда қарасаңыз да, тас қараңғы. Бірақ әрі қарай жүре берсеңіз қайтадан жарыққа шығатыныңызды білесіз. Өмірді де сондай саяхатпен теңеуге болады. Кейде өмірдің ауыр кезеңдерінен өткенде, қиындықтар еңсеңізді жаншып тастауы мүмкін. Тіпті кезінде Иса да өзін осылай сезінген болар. Ол азап бағанасына ілініп, қорлық көріп, қатты қасірет шекті. Бұл оның өміріндегі тас түнектей тұмсарған ең ауыр кез болса керек! Мұндай қасіретке төзуге оған не көмектесті? Киелі кітапта ол “өзін күтіп тұрған қуанышқа” назар тіккені айтылған (Еврейлерге 12:2, 3). Иса табандылығы үшін алатын сыйы жайлы, әсіресе Құдай есімінің қастерленуі мен бүкіләлемдік билігін ақтауға үлес қоса алатыны жайлы ойлаған. Ол шеккен азабының уақытша екенін, ал көкте алатын сыйының мәңгілік екенін білді. Бүгінде сіз кезігіп жүрген қиындықтар да еңсеңізді жаншып, жаныңызға зілдей бататын шығар, бірақ олардың уақытша екенін ұмытпағайсыз.

“ҚИЫНДЫҚТАРҒА ТӨЗГЕНДЕР”

11. “Қиындыққа төзгендердің” мысалын қарастырғанымыз несімен пайдалы?

11 Қиындыққа кезігіп жүрген жалғыз біз емес. Елші Петір ертедегі мәсіхшілерді Шайтаннан келген қиыншылықтарға төтеп беруге талпындырып, былай деген: “Сендер сенімде берік болып, оған қарсы тұрыңдар! Дүниежүзіндегі барлық бауырластарың да осылай қасірет шегіп жүргенін білесіңдер ғой” (Петірдің 1-хаты 5:9). Бұрын “қиындыққа төзгендердің” мысалдары бізге қалай табандылық танытуға болатынын үйретеді, сынақта жеңіп шыға алатынымызға сенімділік береді және адалдығымыз сөзсіз жарылқанатынын есімізге салады (Жақып 5:11). Қазір сол мысалдардың бірнешеуіне тоқталып өтейік [1] (14-беттегі сілтемені қараңыз).

12. Едем бағын күзеткен керубтердің мысалынан неге үйренеміз?

12 Керубтер. Бұл — жоғары дәрежелі періштелер. Адам ата мен Хауа ана күнә жасағаннан кейін, Ехоба керубтердің кейбіріне жер бетінде жаңа тапсырма берді. Бұл тапсырма олардың көктегі қызметтерінен мүлдем өзгеше еді. Олардың үлгісі бізге қиын тапсырма берілгенде, оны табандылықпен атқаруға көмектеседі. Ехоба Құдай “өмір сыйлайтын ағашқа апаратын жолды күзету үшін, Едем бағының шығыс жағына керуб деген періштелер мен жүзінен от жалындап, айналып тұрған семсер қойды” (Мұсаның 1-жазбасы 3:24) [2]. (14-беттегі сілтемені қараңыз.) Бірақ Киелі кітапта сол керубтердің наразылық білдіргені, я болмаса өздерін аса маңызды санап, жаңа тапсырмаларын менсінбегені жайлы ештеңе айтылмаған. Олар бұл тапсырмадан жалығып, оны атқармай тастап кеткен жоқ. Қайта, осы міндеттерін соңына дейін атқарып, Топан су басқанша, 1600 жылдан аса уақыт бойы тұрса керек!

13. Әйүпке қиындықтарға төтеп беруге не көмектесті?

13 Адал кісі Әйүп. Кейде досымыздың не отбасымыздағы біреудің айтқан сөзі жанымызды жаралайтын шығар. Я болмаса ауыр дертке шалдыққан болармыз, не жақындарымыздың өлімінен қабырғамыз қайысып жүрген шығар. Басымызға қандай қиындық түспесін, Әйүптің үлгісі біз үшін зор жұбаныш бола алады (Әйүп 1:18, 19; 2:7, 9; 19:1—3). Қайғы-қасіреттің аяқастынан басына үйіп-төгілуінің себебін білмесе де, Әйүп еш берілмеді. Оған табанды болуға не көмектесті? Ең алдымен, ол Ехобаны жақсы көрді әрі оған ұнамайтын нәрсені істеуден қорықты (Әйүп 1:1). Ол Құдайға жақсы жағдайда да, жаман жағдайда да ұнамды болғысы келді. Оның үстіне, Ехоба оған ғажайып жаратылыстары жайлы айтып, өзінің қаншалықты құдіретті екенін көрсетті. Бұл өз уақыты келгенде Құдай қиындықтарынан арылтатынына Әйүптің көзін жеткізе түсті (Әйүп 42:1, 2). Ақырында солай болды да! “Ехоба оны бақытсыздығынан арылтып, жағдайын қалпына келтірді. Ехоба оның иелігін бұрынғысынан екі есе көбейтті”. Сөйтіп, Әйүп “ұзақ та қанағаттандырарлық өмір кешті” (Әйүп 42:10, 17).

14. Қорынттықтарға 2-хат 1:6-ға сәйкес, Пауылдың табандылығы өзгелерге қалай көмектесті?

14 Елші Пауыл. Сіз қандай да бір қарсылық не тіпті қуғын-сүргін көріп жүрсіз бе? Бәлкім, ауыр жауапкершіліктерден бас көтере алмай жүрген қауым ақсақалы я аудандық бақылаушы шығарсыз? Олай болса, Пауылдың үлгісі жайлы ойланып көріңіз. Ол аяусыз қудалауға ұшыраған, сондай-ақ күн сайын қауымдарды ойлап уайымдаған (Қорынттықтарға 2-хат 11:23—29). Соған қарамастан ол еш берілмей, табандылық танытты. Оның мұндай үлгісі өзгелерге медет берді (Қорынттықтарға 2-хат 1:6 оқыңыз). Сіздің де қиындықтарда табандылық танытқаныңыз өзгелерді солай етуге талпындыруы мүмкін.

ТАБАНДЫЛЫҒЫМЫЗДЫ “ТОЛЫҒЫМЕН КӨРСЕТЕМІЗ” БЕ?

15, 16. а) Қалайша табандылықты “толығымен көрсете” аламыз? ә) Қандай жағдайларда “табандылығымызды толығымен көрсете” аламыз?

15 Шәкірт Жақып киелі рухтың қозғау салуымен: “Табандылықтарың толығымен көрсетілсін, сонда барлық жағынан кемелді де толысқан, еш кемшіліксіз боласыңдар”,— деп жазған (Жақып 1:4). Біз қалайша табандылықты “толығымен көрсете” аламыз? Қиындықтар кезінде жөндеуіміз керек осал тұстарымыз байқалып жатады. Ал сол қиындықтарға төтеп берсек, мәсіхші ретінде болмысымыз жақсара түседі. Мысалы, анағұрлым шыдамды, ризашыл әрі жанашыр бола түсеміз.

Қиындықтарға төтеп бергенде, мәсіхшілік болмысымыз жақсара түседі (15, 16-абзацты қараңыз)

16 Табандылық мәсіхші ретінде жақсаруымызға көмектесетіндіктен, қиындықтан тез құтылу үшін Ехобаның принциптерін аттап кетпейміз. Мәселен, сіз азғын ойлармен күресіп жүрсіз бе? Онда азғыруға бой алдырмай, қайта, Ехобадан жаман ойлардан арылуға көмектесуін сұраңыз. Мүмкін, отбасыңыздың тарапынан қарсылық көріп жүрген шығарсыз? Мұндай жағдайда еш берілмеңіз! Ехобаға қызмет етемін деген шешіміңізден еш айнымаңыз. Сонда Ехобаға деген сеніміңіз қатая түседі. Мына жайтты естен шығармаңыз: Құдайдың ықыласына ие болу үшін бізге табанды болу қажет (Римдіктерге 5:3—5; Жақып 1:12).

17, 18. а) Соңына дейін табандылық танытудың маңыздылығын мысалмен түсіндіріңіз. ә) Осы дүниенің соңы жақындап келе жатқандықтан, біз не нәрсеге сенімді бола аламыз?

17 Біз белгілі бір уақыт аралығында ғана емес, соңына дейін табанды болуымыз керек. Көз алдыңызға суға батып бара жатқан кемені елестетіп көріңізші. Аман қалу үшін ондағы адамдар жағаға дейін жүзіп бару қажет. Кішкене жүзіп, беріліп қалған адам да, жағаға сәл-ақ қалғанда жүзуін тоқтатып, беріле салған адам да суға кетеді. Біз де жаңа дүниеге жеткіміз келеді. Сондықтан еш берілмей, соңына дейін табандылық танытуымыз керек, сонда ғана өмірімізді сақтап қаламыз. Олай болса, елші Пауылдікіндей көзқарас танытайық. Ол: “Біз еш талмаймыз”,— деген (Қорынттықтарға 2-хат 4:1, 16).

18 Пауыл сияқты, біз де Ехобаның соңына дейін табанды болуымызға көмектесетініне толықтай сенімдіміз. Ол былай деген: “Бізді сүйгеннің арқасында барлық жағдайда да жеңіске жетудеміз. Мен мынаған нық сенемін: өлім де, өмір де, періштелер де, үкімет те, қазіргі не болашақтағы нәрселер де, ешбір күш те, биіктік те, тереңдік те, ешқандай жаратылыс та бізді Құдайдың Иеміз Мәсіх Иса арқылы танытып отырған сүйіспеншілігінен айыра алмайды!” (Римдіктерге 8:37—39). Рас, кейде шаршап-шалдығамыз. Бірақ сондай кездері Гедеон мен оның сарбаздарына еліктейік. Олар шаршағандарына қарамай, еш берілместен “жауларын қуа берді” (Билер 8:4).

^ [1] (11-абзац) Бүгінгі таңда да табандылық танытып жүрген Құдайдың қызметшілері бар. Мысалы, 1992, 1999 және 2008 жылғы “Жылнамадан” Эфиопия, Малави және Ресейдегі бауырластардың жігерлендірерлік оқиғаларын оқи аласыз.

^ [2] (12-абзац) Киелі кітапта бұл тапсырманы қанша періште атқарғаны жайлы ештеңе айтылмаған.