Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Қуаныш — Құдайдан келетін қасиет

Қуаныш — Құдайдан келетін қасиет

БАРЛЫҒЫ да бақытты болғысы келеді. Алайда соңғы күндері өмір сүріп жатқандықтан, әркімнің “ерекше қиын” проблемалары бар (Тімөтеге 2-хат 3:1). Кейбір адамдар әділетсіздікке кезіккендіктен не ауруға шалдыққандықтан, кейбірі жұмыстан шығарылғандықтан не сүйікті адамынан айырылғандықтан қуанудан қалған. Басқалары болса уайымға батыратын не еңсені түсіретін өзге бір жағдайлардың кесірінен қуаныш сезінбейді. Тіпті Ехобаның қызметшілері де ұнжырғалары түсуі әрі бірте-бірте қуаныштарынан айырылуы мүмкін. Сіздің жағдайыңызда осылай болса, қуанышыңызды қайта жандандыру үшін не істей аласыз?

Бұл сұраққа жауап алу үшін, алдымен шынайы қуаныштың не екенін, сондай-ақ кейбір адамдардың қиындықтарға қарамастан қалай қуаныштарынан айырылмағанын түсінуіміз керек. Сосын қалай біз қуанышымызды сақтап қана қоймай, оны арттыра алатынымызды білеміз.

ҚУАНЫШ ДЕГЕН НЕ?

Қуанышты болу жай ғана көңіл күйдің көтеріңкі болып жүруін білдірмейді. Мына жайлы ойлап көрейікші: ішімдікке масайып қалған адам көп күле беретін шығар. Бірақ мастығы тарқағанда, оның күлкісі сап тыйылып, қиындығы баз баяғыдай көп екенін түсінуі мүмкін. Оның көңіл күйі шамалы уақытқа ғана көтерілгенмен, бұл шынайы қуаныш емес (Нақыл сөздер 14:13).

Қуаныш дегеніміз — бір жақсы нәрсеге қол жеткізгенде не оны күткенде туындайтын ішкі терең сезім. Ол жағдайымыз жақсы не жаман болғанына қарамастан, бақытты сезінуді білдіреді (Салоникалықтарға 1-хат 1:6). Сайып келгенде, біздің қандай да бір жағдайға байланысты көңіл күйіміз түсуі мүмкін, десе де іштей қуаныш сезіне береміз. Мысалы, елшілерді Иса жайлы уағыздағандары үшін ұрып-соққан болатын. Әйтсе де “Жоғарғы кеңестен шыққан елшілер оның аты үшін қорлық көруге лайық саналғандарына қуанды” (Елшілердің істері 5:41). Олар дүре соғылғандарына емес, Құдайға адал болып қала алғандарына қуанған болатын.

Қуаныш туа бітетін не өздігінен пайда болатын қасиет емес. Неге олай дейміз? Себебі шынайы қуаныш — киелі рух жемісінің бір бөлігі. Құдайдың рухы бізге қуанышты қамтитын “жаңа болмысқа” ие болуға көмектеседі (Ефестіктерге 4:24; Ғалаттықтарға 5:22). Ал бойымызда қуаныш болса, қиындықтармен күресу оңайырақ болады.

ЕЛІКТЕГІМІЗ КЕЛЕТІН ТҰЛҒАЛАР

Ехоба жер бетінде бүгінде біз көріп жүрген жаман істердің емес, жақсы нәрселердің орын алғанын қалаған. Бірақ адамдар зұлым істер жасап жатса да, ол қуанышын еш жоғалтпайды. Киелі кітапта: “Күш пен шаттық [оның] киелі тұрағында”,— делінген (Шежірелер 1-жазба 16:27). Бұған қоса, қызметшілері де игі істерімен оның жүрегін қуантып жүр (Нақыл сөздер 27:11).

Жағдай біз күткендей болмай қалса да, қуанышымыздан айнымасақ, Ехобаға еліктейтінімізді көрсетеміз. Уайымдаудың орнына, қолымызда бар жақсы нәрселер жайлы ойланайық әрі болашақта әлдеқайда жақсы жайттардың болатынын шыдамдылықпен күтейік *.

Киелі кітапта қиындықтары көп болғанына қарамастан қуаныштарын сақтап қалған адамдардың мысалдары көп. Ыбырайым өміріне қауіп төніп тұрса да және басқалардың кесірінен қиындықтарға душар болса да, қуанышын сақтап қалған (Мұсаның 1-жазбасы 12:10—20; 14:8—16; 16:4, 5; 20:1—18; 21:8, 9). Ненің арқасында? Ол Мәсіх билік жүргізетін жаңа дүниеде өмір сүру үміті жайлы ойлаған (Мұсаның 1-жазбасы 22:15—18; Еврейлерге 11:10). Иса: “Ыбырайым менің күнімді көремін деп, қатты қуанды”,— деген (Жохан 8:56). Біз де болашақта сезінетін қуанышымыз жайлы үнемі ойланып жүретін болсақ, Ыбырайымның үлгісіне еліктейміз (Римдіктерге 8:21).

Пауыл мен Сыйлас та бастарынан өткерген көп қиындықтарға қарамастан, сенімдерін берік сақтаған әрі қуаныштарынан айнымаған. Мысалы, екеуін оңдырмай сабап, түрмеге тастағанда, олар “дұға етіп, Құдайды әнмен мадақтады” (Елшілердің істері 16:23—25). Құдайдың болашаққа қатысты уәделері жайлы үнемі ойлағандықтан, олар қиындықтарына төзе алды. Сондай-ақ Мәсіхтің ізбасары болғандары үшін азап шегіп жатқандарын білгендері оларға қуаныш сыйлады. Біз Құдайға адал қызмет етудің әкелер жақсы жемістері жайлы ойлағанда, Пауыл мен Сыйласқа еліктейміз (Філіпіліктерге 1:12—14).

Біздің күндерімізде де өмірдің тауқыметіне қарамастан қуаныштарын сақтап қалған бауырластар көптеп табылады. Мысалы, Филиппинде 2013 жылдың қарашасында орын алған Хайян атты сұрапыл дауылдан 1000-нан аса Куәгер отбасы үйсіз-күйсіз қалды. Таклобан қаласының тұрғыны Джорджтың үйінің күл-талқаны шыққан. Ол былай дейді: “Бастарына түскен жағдайға қарамастан, бауырластар өте қуанышты. Бұл сезімімізді сөзбен айтып жеткізу қиын”. Ехобаның бізге жасаған жақсылығын санамызда ұстап, ризашылық білдіріп отырсақ, қандай ауыр жағдайлар болмасын, қуанышымызды сақтап қаламыз. Ехоба қуануымызға негіз беретін тағы қандай сыйлар беріп жатыр?

ҚУАНУҒА СЕБЕП КӨП

Қуанышты болуымыздың ең басты себебі — Ехобамен қарым-қатынасымыз. Біз бүкіл ғаламның Патшасын білеміз. Ол — біздің Әкеміз, Құдайымыз әрі Досымыз! (Зәбүр 71:17, 18).

Бұдан бөлек, Ехобаның бізге өмір бергеніне және соның қызығын көре алатындай етіп жаратқанына алғысымыз шексіз (Уағыздаушы 3:12, 13). Бізді өзіне жақындатып тартқандықтан, оның бізге қатысты еркін түсіне аламыз, қалай өмір кешу керектігін де білеміз (Қолостықтарға 1:9, 10). Алайда басым көпшілік өмірдің мәнін түсінбейді. Осы айырмашылыққа назар аударып Пауыл былай деген: “Құдай өзін сүйетіндерге көз көріп, құлақ естімеген, адам ойына ешқашан келмеген нәрселерді дайындап қойған. Бұны Құдай бізге өз рухы арқылы ашты” (Қорынттықтарға 1-хат 2:9, 10). Ехобаның еркі мен ниетін түсінгеніміз бізге қуаныш сыйлайды.

Ехоба бұдан да көп жақсылық жасады. Күнәларымыздың кешірілуіне қам жасады (Жоханның 1-хаты 2:12). Жақын арада орнайтын жаңа дүниеде өмір сүру үмітін берді (Римдіктерге 12:12). Қазірдің өзінде біз Ехобаның арқасында оған бірге ғибадат ететін көптеген достар таптық (Зәбүр 133:1). Ол бізді Шайтан мен жын-перілерден де қорғайды (Зәбүр 91:11). Ехобаның осы тамаша баталары жайында үнемі ойланып жүретін болсақ, қуанышымыз арта түспек (Філіпіліктерге 4:4).

ҚАЛАЙ ҚУАНЫШЫМЫЗҒА ҚУАНЫШ ҚОСА АЛАМЫЗ?

Қуанышты болып жүрген мәсіхші одан сайын қуанышты бола ала ма? “Бұларды менің қуанышым сендерде де болсын, әрі қуаныштарың толық болсын деп айттым”,— деді Иса (Жохан 15:11). Демек, біз қашанда қуанышымызды арттыра аламыз. Қуанышты отқа теңесек болады. Оттың жалынын күшейткіміз келсе, көбірек отын салу керек. Қуанышқа ие болуымызға көмектесетін киелі рух екенін есте сақтайық. Ендеше, қуанышты арттыру үшін дұғада Құдайдан киелі рух сұрай беруіміз қажет. Сонымен қатар киелі рухтың жетелеуімен жазылған Құдай Сөзінен оқығандарымыз жайлы ой жүгірте беруіміз керек (Зәбүр 1:1, 2; Лұқа 11:13).

Қуанышымызды арттыратын тағы бір жайт — Ехобаны қуантатын істерде белсенді болу (Зәбүр 35:27; 112:1). Неге бұлай? Біздің қандай мақсатпен жаратылғанымыз жайлы Киелі кітапта былай делінген: “Құдайдан қорқып, бұйрықтарын орында, себебі адам баласының бар парызы — осы” (Уағыздаушы 12:13). Біз Құдай еркін орындау үшін жаралғанбыз. Демек, Ехобаға қызмет ететін болсақ, өмірдің нағыз рақатын көреміз *.

ҚУАНЫШТЫҢ ТИГІЗЕР ПАЙДАСЫ

Қуанышымызды арттыра жүріп, біз мұның көптеген игілігін көреміз. Мәселен, қиындықтарымызға қарамай, әрі қарай да қуанышпен қызмет етіп жүргенде, Ехобаға одан бетер ұнамды бола түсеміз (Мұсаның 5-жазбасы 16:15; Салоникалықтарға 1-хат 5:16—18). Сондай-ақ шынайы қуанышқа ие болғандықтан, дүние-мүлік жинауды өмірдегі басты мұрат деп санамаймыз. Қайта, Құдай Патшалығының мүддесі үшін бұрынғыдан да көп құрбандықтарға баруға тырысамыз (Матай 13:44). Ехобаға көбірек берудің игі жемісін көргенде, қуанышымызға қуаныш қосылады, өз-өзімізге көңіліміз толады және басқаларға да қуаныш сыйлайтын боламыз (Елшілердің істері 20:35; Філіпіліктерге 1:3—5).

Оған қоса, қуанышымыз артқан үстіне арта берсе, денсаулығымыз да жақсара түсуі мүмкін. Киелі кітапта: “Қуанышты жүрек жақсы шипа болар”,— делінген (Нақыл сөздер 17:22). Құрама Штаттардағы Небраска университетінде денсаулық жайлы ізденіс жүргізген зерттеуші Киелі кітапты құптайтын сөз айтты. Ол былай дейді: “Қазір бақыт пен қанағат сезінетін болсаңыз, алдағы уақытта денсаулығыңыз анағұрлым жақсы болатыны сөзсіз”.

Қорытындылайтын болсақ, ерекше қиын уақытта өмір сүріп жатсақ та, шынайы қуанышқа ие бола аламыз. Ол үшін дұға ету, оқып-зерттеу және Құдай Сөзінен оқығандарымызды ой елегінен өткізу арқылы киелі рухқа кенеле беруіміз керек. Сондай-ақ Ехобаның жасап жатқан жақсылығы жайлы ойлану, өзгелердің сеніміне еліктеу және Құдай еркін орындауға күш салу арқылы қуанышымызға қуаныш қосамыз. Сонда біз: “Әділ жан Ехобаны ойлап қуанады әрі одан пана табады”,— деген сөздердің растығына өзіміз көз жеткіземіз (Зәбүр 64:10).

^ 10-абзац “Киелі рухтың жемісі” тақырыбындағы бірқатар мақаланың кейінгі санында шыдамдылық қасиетін қарастыратын боламыз.

^ 20-абзац Көбірек қуаныш сезінудің тағы қандай тәсілдері бар екенін  “Қуанышты арттырудың қосымша жолдары” деген қоршаудан біле аласыз.