Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаның адал қызметшілерінен үйренейік

Ехобаның адал қызметшілерінен үйренейік

“Ехоба сенен нені талап етеді? Әділ әрекет еткеніңді, адалдықты жоғары бағалағаныңды, Құдайыңның жолында қарапайым болып жүргеніңді ғана емес пе?!” (МИХА 6:8).

ӘНДЕР: 63, 43

1, 2. Дәуіт Құдайға адал екенін қалай көрсетті? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

САУЛ мен оның 3000 сарбазы Дәуітті өлтіру үшін, оны Яһуда шөлінде іздеп жүрді. Бір күні түнде Дәуіт пен қасындағы жігіттері Саул мен сарбаздары қос тіккен жерге келді. Олардың бәрі шырт ұйқыда жатқанда, Дәуіт пен Әбісай білдірмей араларынан өтіп, Саулды тауып алды. Сонда Әбісай Дәуітке сыбырлап: “Рұқсат етсең, найзамен бір-ақ ұрып, оны жерге қадай салайын. Мен екі рет ұрып жатпаймын!”— деді. Алайда Дәуіт оған Саулды өлтіруге жол бермеді. “Оны өлтіруші болма! Ехобаның тағайындаған патшасына қол көтерген адам айыпсыз қалмас”,— деді. Артынан: “Ехоба тағайындаған патшаға қалай ғана қол көтеремін?! Ехоба бұның бетін аулақ қылсын”,— деп қосты (Самуилдің 1-жазбасы 26:8—12).

2 Дәуіт Ехобаға адал болудың нені білдіретінін жақсы түсінген. Ол Саулды құрметтеуі керектігін білген, сондықтан оған қастандық жасауды ойына да алмаған. Өйткені Саулды Исраилдің патшасы етіп таңдаған Құдайдың өзі еді. Бүгінде де Ехоба қызметшілерінен өзіне адал болуды, сондай-ақ өзі тағайындаған адамдарға құрмет көрсетуді талап етеді (Миха 6:8 оқыңыз).

3. Қалай Әбісай Дәуітке адалдық танытты?

3 Әбісай Дәуітті қадірлеп-сыйлады, өйткені Құдай оны патша етіп таңдағанын білетін. Алайда Дәуіт патша болғаннан кейін ауыр күнәлар жасады. Ол Барсабиямен азғындыққа барып, кейін Жоғабқа оның күйеуі Ұрияны шайқас алаңында өлімге қалдыруды тапсырды (Самуилдің 2-жазбасы 11:2—4, 14, 15; Шежірелер 1-жазба 2:16). Жоғаб Әбісайдың ағасы болғандықтан, Әбісай Дәуіттің бұл ісі жайлы естісе керек. Соған қарамастан ол Дәуітке деген құрметін жоғалтпады. Оның үстіне, Әбісай қолбасшы болатын. Ол осы билігін пайдаланып, өзін Дәуіттің орнына патша етуіне болар еді. Бірақ Әбісай мұндайға барған жоқ. Керісінше, ол Дәуітке қызмет етіп, оны жауларынан қорғап жүрді (Самуилдің 2-жазбасы 10:10; 20:6; 21:15—17).

4. a) Құдайға адал болуға қатысты Дәуіт қандай үлгі қалдырды? ә) Тағы кімдердің мысалын қарастырамыз?

4 Дәуіт Ехобаға өмір бақи адал болып өтті. Жас кезінде ол Ехобаны және Исраил жасағына тіл тигізген алып Ғолиятты өлтірді (Самуилдің 1-жазбасы 17:23, 26, 48—51). Дәуіт патша болып, кейін күнә жасағанда, Ехобаның пайғамбары Натан келіп, оны түзетті. Сонда Дәуіт күнәсін бірден мойындап, шын жүректен өкінді (Самуилдің 2-жазбасы 12:1—5, 13). Ал қартайған шағында ол Ехобаның ғибадатханасын соғуға қажетті бағалы сый-тартулар даярлады (Шежірелер 1-жазба 29:1—5). Иә, Дәуіт үлкен қателіктер жіберсе де, Ехобаға адал болып қалды (Зәбүр 51:4, 10; 86:2). Бұл мақалада Дәуіт пен оның замандастарының мысалын қарастырып, қалай бірінші кезекте Ехобаға адал бола алатынымызды көреміз. Сондай-ақ адал болуға көмектесетін басқа да қасиеттерге назар аударамыз.

БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ ЕХОБАҒА АДАЛ БОЛАЙЫҚ

5. Әбісайдың қателігінен қандай сабақ аламыз?

5 Әбісай Саулды өлтірмек болғанда, ол Дәуітке адалдық танытқысы келген. Бірақ “Ехобаның тағайындаған патшасына” қиянат жасау дұрыс емес екенін білген Дәуіт Әбісайды тоқтатты (Самуилдің 1-жазбасы 26:8—11). Бұдан маңызды сабақ аламыз: бірінші кезекте кімге адал болуымыз керектігін білмей дал болғанда, біздің жағдайымызда қандай принциптер көмек болатыны жайлы ойлануымыз керек.

Біз бірінші кезекте Ехобаға адал болуға тиіспіз

6. Отбасымыз бен достарымызға адал болу кәдімгі жайт болғанымен, неге абай болуымыз керек?

6 Өзіміз жақсы көретін адамдарға, мысалы досымызға не отбасы мүшесіне, адал болғымыз келгені — кәдімгі жайт. Алайда кемелсіз болғандықтан, сезіміміз бізді адастыруы мүмкін (Еремия 17:9). Сондықтан жақын тұтатын адамдарымыздың бірі шалыс қадам жасап, шындықтан кетіп жатса, мынаны қаперімізде ұстағанымыз жөн: біз бірінші кезекте Ехобаға адал болуға тиіспіз (Матай 22:37 оқыңыз).

7. Бір бауырластың Құдайға деген адалдығы қалай сыналды?

7 Егер отбасында біреу қауымнан шығарылса, Ехобаға адал екенімізді қалай көрсете аламыз? Анна бауырластың мысалын көрейік. Бірде қауымнан шығарылған анасы оған телефон соғып, көріскісі келетінін айтады [1] (25-беттегі сілтемені қараңыз). Ол отбасындағылардың өзімен сөйлеспей қойғаны жанына қатты батып жүргенін айтып, мұңын шағады. Бұған көңілі түскен Анна жауабын хат арқылы беремін деп уәде етеді. Алайда хат жазбас бұрын, Анна Киелі кітаптағы кейбір принциптер жайлы ой жүгіртеді (Қорынттықтарға 1-хат 5:11; Жоханның 2-хаты 9—11). Кейін ол хатында жасаған күнәсіна өкінбей, отбасынан кеткен анасының өзі екенін мейіріммен түсіндіреді. Сондай-ақ қайтадан қуанышқа кенелудің жалғыз жолы — Ехобаға оралу екенін айтады (Жақып 4:8).

8. Құдайға адал болып қалуға қандай қасиеттер көмектеседі?

8 Дәуіттің заманындағы Құдайдың адал қызметшілері кішіпейілділік, мейірімділік және батылдық танытқан. Қазір осы қасиеттердің Ехобаға адал болуымызға қалай көмектесетінін қарастырайық.

АДАЛ БОЛУ ҮШІН КІШІПЕЙІЛДІЛІК ҚАЖЕТ

9. Әбінер неге Дәуітті өлтіргісі келген?

9 Саулдың ұлы Жонатан мен Исраил жасағының қолбасшысы Әбінер екеуі Дәуіттің Саул патшаға Ғолияттың басын әкелгенін көрген. Жонатан Дәуітпен дос болып, оған адалдық сақтады (Самуилдің 1-жазбасы 17:57—18:3). Ал Әбінер олай етпеді. Ол тіпті кейін Дәуітті өлтіргісі келген Саулға көмектесіп жүрді (Самуилдің 1-жазбасы 26:1—5; Зәбүр 54:3). Жонатан да, Әбінер де Исраилдің келесі патшасы етіп Құдай Дәуітті таңдағанын білетін. Бірақ Саул қайтыс болған соң да, Әбінер Дәуіттің жағына шықпады. Ол Саулдың ұлы Ишбошетті патша етуге тырысып бақты. Кейін Саул патшаның әйелдерінің бірімен жақындасқанына қарағанда, ол тіпті өзі патша болғысы келгенге ұқсайды (Самуилдің 2-жазбасы 2:8—10; 3:6—11). Неге Жонатан мен Әбінердің Дәуітке деген көзқарасы екі түрлі болды? Өйткені Жонатан кішіпейіл еді, сондықтан Ехобаға адал болды, ал Әбінер ондай болған жоқ.

10. Абессалом неге Құдайға адал болмады?

10 Дәуіт патшаның ұлы Абессалом да Құдайға адал болмады, себебі ол да кішіпейіл емес еді. Ол әкесінің орнына патша болғысы келді. Сөйтіп, “Абессалом өзіне арба мен оған жегілетін аттар алды. Алдында жүгіріп жүретін 50 адамы да болды” (Самуилдің 2-жазбасы 15:1). Сондай-ақ ол исраилдіктердің көбісін өзіне адал болуға иландырды. Тіпті Исраилдің патшасы етіп Ехоба Дәуітті тағайындағанын білсе де, әкесін өлтірмек болды (Самуилдің 2-жазбасы 15:13, 14; 17:1—4).

11. Әбінер, Абессалом мен Барухтың жағдайынан не нәрсеге үйрене аламыз?

11 Егер адам кішіпейіл болмай, көбірек билік қаласа, Құдайға адал болуы қиындай түседі. Әрине, біз Ехобаны жақсы көреміз, сондықтан өзімшіл әрі зұлым болған Әбінер мен Абессаломға ұқсағымыз келмейді. Десе де сақ болғанымыз жөн, өйткені ақша мен мансапты көксеп, соның әсерінен өзімізді маңызды санап кетуіміз мүмкін. Бұл Ехобамен қарым-қатынасымызға сызат түсіреді. Мысалы, Еремияның хатшысы Барух өзінде жоқ нәрсені қалап, Құдайға қызмет ету оған қуаныш сыйлаудан қалды. Сонда Ехоба Барухқа былай деді: “Міне, тұрғызғанымды қиратамын, еккенімді тамырымен жұламын. Бүкіл елге осылай істеймін. Өзің үшін ұлы нәрселерге қол жеткізуге ұмтылудасың. Бұлай етуді доғар” (Еремия 45:4, 5). Барух Ехобаның кеңесіне құлақ асты. Біз де Барухқа еліктеп, Ехобаның айтқандарын орындауымыз керек. Өйткені ол жақында осы зұлым дүниенің күлін көкке ұшырады.

Бауырласқа ақсақалдардан көмек сұрау керектігін айтқанда, оған мейірімділік көрсетеміз, ал Ехобаға адалдық танытамыз

12. Тек қара басын ойлайтын адамға Ехобаға адал болу қиын екені қандай мысалдан көрінеді?

12 Мексикада тұратын Даниил есімді бауырлас кімге адал болатынына қатысты шешім алдында тұрды. Ол Ехобаға қызмет етпейтін бір қызға үйленгісі келді. Даниил: “Мен тіпті ізашар болғаннан кейін де ол қызға хат жазып жүрдім”,— деді. Бірақ ол көп ұзамай қара басын ойлап, өз қалауының жетегінде жүргенін түсінді. Бұл кездері Ехобаға адалдық сақтау оған қиынға соғып жүрді. Бірақ ол кішіпейілділік танытып, осы қыз жайлы бір ақсақалға айтып берді. Даниил былай деді: “Ақсақал маған Ехобаға адал болғым келсе, әлгі қызға хат жазуды тоқтатуым керектігін айтты. Талай дұға айтып, талай көз жас төккеннен кейін, мен ол қызға хат жазуды доғардым. Көп ұзамай, қызметтен көбірек қуаныш ала бастадым”. Қазір Даниилдің Ехобаны жақсы көретін аяулы жары бар. Ол аудандық бақылаушы болып қызмет етіп жүр.

АДАЛ БОЛУ ҮШІН МЕЙІРІМДІЛІК ҚАЖЕТ

Досыңның ауыр күнә жасағанын білсең, оны ақсақалдардан көмек сұрауға талпындырасың ба? (14-абзацты қараңыз)

13. Дәуіт күнә жасаған кезде, Натан қалай Ехобаға да, Дәуітке де адалдық танытты?

13 Егер Ехобаға адал болсақ, өзгелерге де адал болып, оларға қолымыздан келгенше көмектесеміз. Мысалы, Натан пайғамбар Ехобаға да, Дәуітке де бірдей адалдық танытты. Дәуіт Ұрияның әйелін сарайына алдыртып, кейін күйеуін өлтірткен кезде, Ехоба оған Натанды жіберді. Натан Ехобаға мойынсұнып, батылдықпен әрекет етті. Бірақ ол даналық танытып, Дәуітке мейіріммен сөйледі. Оның қаншалықты ауыр күнәлар жасағанын түсінсе екен деді. Сондықтан оған кедейдің жалғыз қозысын тартып алған бір бай туралы әңгіме айтып берді. Дәуіт мұны естігенде, бай кісіге қатты ашуы келді. Сонда Натан оған: “Сол адам сенсің!”— деді. Ехобаның алдында күнә жасағанын Дәуіт сол кезде түсінді (Самуилдің 2-жазбасы 12:1—7, 13).

14. Ехобаға да, достарымыз бен туыстарымызға да қалай адал бола аламыз?

14 Мейірімділік қасиеті ең алдымен Ехобаға, сосын өзгелерге адалдық танытуымызға көмектеседі. Айталық, бір бауырластың қандай да бір ауыр күнә жасағанын нақты білдік. Әрине, егер ол жақын досымыз не отбасымыздағы біреу болса, оған адал болғымыз келетіні анық. Алайда біз ең алдымен Ехобаға адал болуымыз керектігін де түсінеміз. Мұндай кездері Натаннан үлгі алып, Ехобаға мойынсұнамыз, бірақ бауырласымызға да мейірімділік танытамыз. Оған күнәсі жайлы жуық арада ақсақалдарға айтып, олардан көмек сұрау керектігін айтуымыз қажет. Егер ол құлақ аспаса, ақсақалдарға өзіміз баруымыз керек. Осылайша Ехобаға адалдық танытамыз. Сондай-ақ бауырласқа да мейірімділік көрсетеміз, өйткені ақсақалдар оған Ехобамен қайтадан жақсы қарым-қатынаста болуға көмектесе алады. Олар бауырласты жұмсақтықпен түзетуге тырысады (Мұсаның 3-жазбасы 5:1; Ғалаттықтарға 6:1 оқыңыз).

АДАЛ БОЛУ ҮШІН БАТЫЛДЫҚ ҚАЖЕТ

15, 16. Құдайға адал болу үшін неге Хушайға батылдық қажет болды?

15 Хушай Дәуіттің адал достарының бірі болған. Халық Абессаломды патша етпекші болғанда, Дәуітке және Құдайға адал болып қалу үшін оған батылдық қажет болды. Ол Абессаломның өз сарбаздарымен Иерусалимге келіп, ал Дәуіттің қашып кеткенін білді (Самуилдің 2-жазбасы 15:13; 16:15). Хушай не істеді? Дәуітті тастап, Абессаломның жағына шығып кетті ме? Жоқ. Дәуіттің егде тартқанына және көп адамның оны өлтіргісі келгеніне қарамастан, Хушай оған адал болып қалды. Өйткені ол Дәуітті патша етіп тағайындаған Ехоба екенін білетін. Сондықтан Хушай Дәуітке жолығу үшін Зәйтүн тауына барды (Самуилдің 2-жазбасы 15:30, 32).

16 Дәуіт Хушайға Иерусалимге оралып, Ахитопелдің жақсы кеңесін іске асыртпау үшін, Абессаломға дос болғансып, сеніміне кіруді тапсырды. Хушай батылдық танытып, Дәуіттің айтқанын істеу үшін және Ехобаға адал болып қалу үшін өз басын қатерге тікті. Дәуіт Ехобаға дұға етіп, Хушайға көмектесуін сұрады. Құдай оның дұғасына жауап беріп, Абессалом Ахитопелдің емес, Хушайдың кеңесіне құлақ асты (Самуилдің 2-жазбасы 15:31; 17:14).

17. Адал болу үшін неге бізге батылдық қажет?

17 Ехобаға адал болу үшін бізге де батылдық қажет. Көбіміз отбасымыздың, әріптестеріміз не билік иелерінің қысымына төтеп беріп, батылдық танытып келеміз. Мысалы, Жапонияда тұратын Таро кішкентай кезінен ата-анасының көңілінен шығуға барынша тырысты. Оларға адал болып, тілін алып жүрді. Мұны ол парыз санағандықтан емес, оларды жақсы көргендіктен істеді. Алайда Таро Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастағанда, ата-анасы қарсы болды. Бұған қатты көңілі түскен Тароға қауым кездесулеріне баруды ұйғарғанын ата-анасына айту қиынға соқты. Ол былай дейді: “Олардың маған ашуы келгені сонша — үйге келуіме тыйым салды. Сондықтан біраз жылдар бойы оларды көрмедім. Мен шешімімнен таймау үшін Құдайдан батылдық сұрадым. Қазір олардың жүрегі жібіді, енді оларға үнемі барып тұрамын” (Нақыл сөздер 29:25 оқыңыз).

18. Бұл мақаланың сіз үшін қандай пайдасы болды?

18 Дәуіт, Жонатан, Натан және Хушай сияқты Ехобаға адал болсақ, біз де зор қанағат сезінеміз. Біз Ехобаға адалдық танытпаған Әбінер мен Абессаломға ұқсамайық! Рас, кемелсіз болғандықтан қателіктер жасап жатамыз. Соған қарамастан өмірімізде бірінші кезекте Ехобаға адал болғымыз келетінін көрсете берейік!

^ [1] (7-абзац) Кейбір есімдер өзгертілген.