Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Тіпті ұрық күйімді көздерің көрді” (ЗӘБҮР 139:16).

Құдай сізді түсіне ме?

Құдай сізді түсіне ме?

ЖАРАТЫЛЫСТАРДАН БІЛЕРІМІЗ

Дүниеде бір-біріне ең жақын адамдар — егіздер. Олардың арасындағы байланыс өте ерекше. Егіздерді зерттеу орталығының меңгерушісі әрі егіздің сыңары Нэнси Сегалдың айтуынша, кейбір егіздер тіпті бір-бірін жарты ауыз сөзден-ақ түсініп қояды. Егіз сыңары бар басқа бір әйел: “Біз бір-біріміз жайлы бәрін білеміз”,— деген.

Мұндай өзара түсінушіліктің сыры неде? Зерттеулерге сүйенсек, егіздерге өскен ортасы мен тәрбиесі әсер еткенмен, олардың генетикалық жүйесінің бірдей болғаны көбірек рөл атқарады.

ОЙЛАНЫП КӨРІҢІЗ. Адамның тамаша генетикалық жүйесін жаратқан Құдайдың әрқайсысымызды ерекше жақсы білетіні еш шүбәсіз. Тіпті Дәуіт пайғамбар Құдайға: “Ана құрсағында мені тоқып қалыптастырдың. Құпия жерде жаратылғанымда, Сүйектерім сенен жасырын болмады. Тіпті ұрық күйімді көздерің көрді”,— деген (Зәбүр 139:13 сілтеме, 15, 16). Құдай біздің генетикалық жүйемізді ғана емес, қалыптасуымызға қандай жағдайлар әсер еткенін де өте жақсы біледі. Құдайдың бізді және генетикамызды бәрінен де жақсы білетіні оның жағдайымызды бүге-шігесіне дейін түсінетінін дәлелдейді.

КИЕЛІ КІТАПТАН БІЛЕРІМІЗ

Киелі кітапта Дәуіт пайғамбар Құдайға: “Уа, Ехоба, сен мені мұқият тексердің, мені жақсы білесің. Отырғаным да, тұрғаным да өзіңе аян. Ойларымды да алыстан ұғасың. Аузымнан сөз шықпай жатып-ақ, Уа, Ехоба, сен оны білесің”,— деген (Зәбүр 139:1, 2, 4). Бұған қоса, онда Ехоба Құдайға жүрек түкпіріндегі сезімдеріміз бен “ой-ниетіміздің бәрі аян” екені айтылған (Шежірелер 1-жазба 28:9; Самуилдің 1-жазбасы 16:6, 7). Киелі кітаптағы бұл сөздерден Құдай туралы не білеміз?

Жаратушымыз біздің не істегенімізді ғана емес, сол істерімізге түрткі болған ойларымыз бен сезімдерімізді де жақсы түсінеді. Ал біз кейде бұл ойларымыз бен сезімдерімізді сөзбен айтып жеткізе алмайтын да шығармыз. Сондай-ақ істегіміз келген жақсылықты жасауға шамамыз келмеген кезде де, Құдай ниетіміздің жақсы болғанын түсінеді. Иә, Құдай бойымызға сүйіспеншілікті ең басты қасиет етіп дарытқандықтан, ол біздің сүйіспеншілікке толы ой-ниетімізді байқайды әрі көруге асық (Жоханның 1-хаты 4:7—10).

Құдайдың көзінен еш нәрсе де таса қалмайды. Ол басқаларға қарағанда қиындықтарымызды біледі әрі түсінеді

Киелі кітаптың айтары...

  • “Ехобаның көзі әділдерде, құлағы олардың жалбарынған үнінде” (ПЕТІРДІҢ 1-ХАТЫ 3:12).

  • Құдай былай деп уәде етеді: “Мен саған түсінік сыйлаймын, жүруің керек жолды көрсетемін. Сені көзімнен таса қылмай, ақыл-кеңес беремін” (ЗӘБҮР 32:8).

ҚҰДАЙ ӨТЕ ЖАНАШЫР

Құдайдың жағдайымызды түсінетінін білгеніміз қиындықтарды жеңуге көмектесе ала ма? Нигерияда тұратын Аннаның жағдайын алайық. Ол былай дейді: “Қиындықтардан шарасыз күй кешіп, тіпті өмір сүргім келмей кетті. Жалғыз болғаным былай тұрсын, қызым гидроцефалиямен (бас сүйек қуысында ми-жұлын сұйықтығының көбеюі) ауырып, ауруханада жатты. Ал өзім сүт безі қатерлі ісігіне шалдығып, маған ота жасалды, химиотерапия мен радиотерапия қабылдадым. Қызым ауырып жатқан уақытта өзімнің де ауруханаға түсіп қалғаным өмірімді одан сайын қиындатып жіберді”.

Осы қиын жағдайда Аннаға не көмектесті? “Мен Киелі кітаптағы: “Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүректерің мен ой-саналарыңды сақтайды”,— деген сөздер жайлы ойландым (Філіпіліктерге 4:6, 7). Осы сөздер ойыма келген сайын Ехоба Құдайдың маған қаншалықты жақын екенін және оның мені өзіме қарағанда жақсырақ түсінетінін сезіндім. Ехоба куәгерлерінің қауымындағы бауырластар да жігер беріп, мені қолдады”,— дейді Анна.

Сөзін жалғап ол тағы былай дейді: “Ауруыммен әлі де күресіп жүрсем де, қызымыз екеуіміздің жағдайымыз бұрынғыдай жаман емес. Ехоба үнемі жанымыздан табылғандықтан, қиындық кезінде жағымсыз ойларға бой алдырмайтын болдық. Киелі кітапта Жақып 5:11-де: “Біз қиындықтарға төзгендерді бақытты деп айтамыз. Сендер Әйүптің төзімділігі жайлы естігенсіңдер, соңында Ехобаның оған қалай батасын бергенін де білесіңдер. Бұдан Ехобаның өте жанашыр әрі мейірімді екенін көрдіңдер”,— делінген”. Ехоба Әйүп пайғамбардың нендей жағдайларды бастан кешкенін толық түсінген. Сондықтан қандай қиындыққа кезікпейік, ол бізді жақсы түсінетініне сенімді бола аламыз.